«ҚАРА АЛТЫН» ҚҰНСЫЗДАНДЫ

«ҚАРА АЛТЫН» ҚҰНСЫЗДАНДЫ

«ҚАРА АЛТЫН» ҚҰНСЫЗДАНДЫ
ашық дереккөзі
145

Әлемдiк нарықтағы мұнай бағасы арзандады. Бұл америкалық экономиканың шырғалаңы, еуропалық елдер экономикасының рецессияға тап болу мүмкiндiгi, нарықты шатқаяқтатқан дауылдар мен шиелiнiскен саяси ойындардың кесiрiнен. Қазақстанда мұнай өндiру көлемi 2015 жылы 10 млн. тоннаға жетпек, бiрақ Үкiмет басқа салаларды дамытуға баса назар аудару керек дейдi. Министрлер кабинетi “әдеттегiдей” құр сөзбен шектелмесе жақсы.

Дүйсенбi күнi Нью-Йорктегi тауарлық биржада (NYMEX) WII маркалы мұнайдың қарашаға белгiленген фьючерлiк келiсiмдегi бағасы 3,75 долларға бiр-ақ төмендедi. Бiр баррель “қара алтынның” құны 103,14 долларға тең. Сауда барысында мұнай 102,56 долларға арзандаған болатын. Сарапшылар пiкiрiнше, мұнай мен жанар-жағар майға әлемдiк қаржылық дағдарыстың салқыны тидi. Жер шарындағы экономикалық алпауыт — АҚШ-та бүгiнде жанар-жағар майға деген сұраныс тәулiгiне 19,5 млн. баррельге тең. Мұндай төмен көрсеткiш соңғы рет 2003 жылы болыпты. Қаржылық дағдарыстың ықпалынан халықаралық биржадағы мұнай бағасы қазақ шенеунiктерiн бей-жай қалдырмады. Үкiметтiк отырыста iшкi нарықтағы жанар-жағар май мен отын бағасы экспорттық бағадан арзан болуы керектiгiн айтқан премьер Мәсiмов “МаңғыстауМұнайГаз” АҚ-мен арадағы келiссөздiң аяқталғанын, ұлттық мұнай кәсiпорыны — “ҚазМұнайГаздың” Павлодар, Атырау мен Шымкенттегi ең iрi үш мұнай өңдеушi зауыттар акциясының 50 және одан да көп бөлiгiн иемденгенiн, сондықтан iшкi нарықтағы жанар-жағар май бағасына Үкiметтiң ықпал етуге мүмкiндiгi барлығын көлденең тартты. Осы себептi, 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексiне сәйкес, отандық нарықтағы мұнай шикiзаты арзан болмақ. Мәсiмов ҚР Энергетика және табиғи ресурстар министрi Сауат Мыңбаевқа қазақстандық тұтынушыларды жанар-жағар маймен қамтамасыз ету барысы туралы жүйелi түрде есеп берiп отыруды тапсырды.

Өткенде “қара алтынның” бағасына қатысты мәселенi мәжiлiсмендер де қозғаған. Олар “үшжылдық бюджетте мұнайдың бiр баррелi бұрынғыдай 60 доллар емес, 80 доллар деп көрсетiлуi тиiс, осы арқылы мемлекеттiк бюджет шығынын төмендете аламыз” деген пiкiрде. Алайда, кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, бұл жаңсақ пiкiр. Шикiзаттық салаға баса назар аударылғанмен, кейбiр салық көрсеткiштерiнiң өзгеруiне байланысты жаңа үшжылдық бюджетте белгiлi бiр деңгейде шығын болады. Әсiресе, корпоративтiк қосымша құн салығы, табиғи байлықты өндiрушiлерге салынатын төлемдер көлемiнiң өсуi, экспорттық кедендiк төлемнiң алынып тасталынуы т.б. Ресми деректерге сүйенсек, 2009 жылы бюджет тапшылығы 539,32 млрд. теңге (болжанған жалпы iшкi өнiмнiң 3 пайызына тең), 2010 жылы — 625,4 млрд. теңге, 2011 жылы — 482,6 млрд. теңге (ЖIӨ-нiң 2 пайызы) болады. Мамандар: “Шыққан шығынның орнын Ұлттық қордағы қаржының есебiнен жабу керек” дейдi. Ұлттық қордың көлемi келесi жылы 1452,1 млрд. теңгеге (ЖIӨ-нiң 8,1 пайызы) жетпек. Бұл бiр баррель “қара алтынның” құнын 60 долларға бағалай отырып, есептегендегi орташа көрсеткiш. Егер мұнай бағасын өсiрер болсақ, Ұлттық қордағы қаражат едәуiр көбейедi. Оның үстiне, жаңа бюджеттiк жобада инвестиция көлемi мен өндiрiс қарқыны бiрнеше есеге төмендетiлген. Өйткенi, әлемдiк қаржылық дағдарыстың кесiрi қазақстандық экономиканы айналып өтпедi. ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов алдағы 3 жылда экономиканың өсу қарқыны 5-7 пайыз шеңберiнде болатынын мәлiмдедi. Министр елiмiздiң мұнайдан түсетiн пайдаға иек артудан арылып, өзге салаларды дамытуға ден қою керектiгiн, қажет болған жағдайда өндiрiстiк және басқа да салаларды дамыту үшiн Ұлттық қордан қаржы бөлiнетiндiгiн көлденең тартады. Үкiметтiк болжамдарға сүйенсек, келесi жылы бюджетке түсетiн кiрiс 3,16 трлн. теңге болса, 2010 жылы бұл көрсеткiш 262 млдр. теңгеге, ал 2011 жылы 339 млрд. теңгеге өспек. Есесiне, мемелкеттiк шығынның бюджетi 2009 жылы 3,69 мрлн. теңге болмақ. Шығын 2010 жылы 15,4 пайызға өссе, 2011 жылы 4,7 пайызға жетедi. Сұлтанов мұнай бағасы жайлы сөз қозғалғанда экономикалық тұрғыда емес, саяси немесе алыпсатарлық астардың белең алатынына қынжылады. Министр үшжылдық бюджеттегi мұнай шикiзатының бiр баррелiн 60 долларға өзгертусiз қалдырылуы халықаралық сарапшылардың кесiмдi әрi ортақ пiкiрге келе алмауымен және әлемдiк нарықта сан құбылған көрсеткiштермен, сондай-ақ, дүниежүзiлiк экономиканың рецессияға тап болу мүмкiндiгiмен байланыстырған. Бiрақ Бақыт Сұлтанов: “Мұнайдан пайда табуға деген құлшынысты азайту керек” десе, ҚР Энергетика және минералдық ресурстар жөнiндегi министрi Сауат Мыңбаев 2015 жылға қарай елiмiзде мұнай өндiру көлемi 100 млн. тоннаға дейiн өсiрiлетiнiн мәлiмдеп отыр. Былтыр Қазақстанда 67 млн. тонна мұнай өндiрiлген. Аталған көрсеткiш 2006 жылмен салыстырғанда, 4 пайызға артық. Биыл “қара алтынды” өндiру қарқыны 70 млн. тонна болса, 2015 жылға қарай 100 млн. тоннаға жетпек. Оның басым бөлiгi экспортқа бағытталмақ. Бұл туралы Мыңбаев III Еуразиялық энергетикалық форумда мәлiмдедi. Сонымен қатар 2012 жылы 32,9 млн. тонна мұнай тасымалдайтын Каспийлiк құбыр консорциумын (КТК) мүмкiндiктерiн 67 млн. тоннаға дейiн өсiру көзделуде. Ал табиғи газға келсек, 2010 жылы 42 млрд. текше метр “көгiлдiр отын” өндiрiлсе, 2015 жылы 62 млрд. текше метрге көтерiледi. Жалпы қоры 3,3 трлн. текше метрге бағаланған қазақтың “көгiлдiр отыны” әлемдiк энергоқордың 1,7 пайызына тең. Қордың негiзгi бөлiгi Теңiз, Қашаған, Қарашығанақ, Жаңа жол т.б. кен орындарына шоғырланған. Бүгiнде Ресейден тасымалданатын табиғи газбен күнелтiп отырған Қазақстанның солтүстiк бөлiгi мен Өзбекстаннан келетiн газды қолданатын оңтүстiк бөлiк те осы мол энергоқордың есебiнен қамтамасыз етiлмек.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары