КЕДЕРГIЛЕРМЕН КҮРЕСЕДI

КЕДЕРГIЛЕРМЕН КҮРЕСЕДI

КЕДЕРГIЛЕРМЕН КҮРЕСЕДI
ашық дереккөзі
130
КЕДЕРГIЛЕРМЕН КҮРЕСЕДI
 

Үкiметтiң дүйсенбiлiк кеңесiнде елiмiздегi шағын және орта кәсiпкерлiкке жасалатын әкiмшiлiк кедергiлердi жою және кәсiпкерлiкпен айналысуға жағдай жасау жөнiндегi комиссияның отырысы өттi.

Жуырда, Дүниежүзiлiк банктiң 180 мемлекеттi сарапқа салған зерттеуiнде кәсiпкерлiкпен айналысуға жасалған жағдай (Doing Bussiness) бойынша, Қазақстан 71-орынды иемденген. Бұл көрсеткiшке көңiлi толмаған Министрлер кабинетiнiң жетекшiсi ҚР Үкiметiнiң жанынан құрылған Әкiмшiлiк кедергiлердi жою және кәсiпкерлiкпен айналысуға жағдай жасау жөнiндегi комиссияға елдегi бизнеске қатысты қолдан жасалынатын кедергiлер мен кемшiлiктердi жоюға нұсқау бердi. Мемлекет пен кәсiпкерлiк қауымдастық арасында ықпалдастық орнатуға және кәсiпкерлiктiң дамуына керi әсер ететiн әкiмшiлiк кедергiлермен кәсiпкерлермен бiрлесiп күресуге шақырған Мәсiмов саны көп те, сапасы аз мемлекеттiк бақылаушы органдардың тiзiмiн қысқарту, шағын және орта кәсiпкерлiктiң жұмысын тексеретiн мекемелердiң қызметiн жақсарту, “Жекеменшiк кәсiпкерлiк туралы” заң жобасына және Қазақстандағы кәсiпкерлiктi дамытуға ықпал ететiн бiрқатар заңдық құжаттарға енгiзiлуi тиiс толықтырулар мен өзгертулердi көпшiлiк талқысына салуға тапсырма бердi.
НЬЮ-ЙОРКТЕГI КЕЗДЕСУ
 

Нью-Йоркте АҚШ Мемлекеттiк хатшысы Кондолиза Райс пен Түркiменстанның сыртқы iстер министрi Рашид Мередовпен кездескен ҚР Сыртқы iстер министрi Марат Тәжин Орталық Азияның саяси және экономикалық ахуалын сөз еттi.

Қазақстанның Азиядағы геосаяси ахуал үшiн маңызды рөл атқаратынын айтқан Райс елiмiздiң Орталық Азиядағы ынтымақтастықта ең сенiмдi серiктес екендiгiн көлденең тартты. Қазақстан мен АҚШ арасындағы екiжақты қатынасты тұрақтылығына тоқталған Тәжин қарым-қатынасты нақтылауды ұсынды. Ауғанстандағы экономикалық көрсеткiштердi жақсарту, ауғандардың қалыпты өмiр сүруiн қамтамасыз ету мәселелерiн талқылау барысында қазақ министрi америкалық шенеунiктi ҚР Үкiметi қабылдаған Ауғанстанға көмек көрсету жоспарымен таныстырып, ондағы жағдайдың түзелуiне қазақтардың мүдделi екендiгiн айтты. Қазақстанның Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуiн Вашингтонның толық қолдайтынын жеткiзген Райс ҚР Президентi Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауында айтылған “Батысқа бастар жолға” оң баға бердi. Түркiменстандық әрiптесiмен кездесуде Тәжин қазiргi екiжақты қарым-қатынасты талқыға салумен бiрге келешекте басымдық берiлетiн бағыттарды талқылады. Шетелдiк шенеунiктер қазақ айында Астанада өткiзiлетiн “Ортақ әлем: саналуандық арқылы даму” атты халықаралық конференцияға шақырту алды.
САЛЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
 

Сейсенбi күнi ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң Қаржы және бюджет комитетi кеңейтiлген отырыс өткiздi. Мәжiлiстiң баспасөз қызметi хабарлағандай, отырыста бюджетке қатысты бiрқатар заң жобалары мен кодекстер талқыға салынды.

Гүлжан Қарағұсова жетекшiлiк еткен осы алқалы жиында Қазақстандағы бюджет процесiн, бюджет жүйесiн қамтитын әртүрлi деңгейдегi қарым-қатынастар мен рәмiздердi реттеуге бағытталған Бюджет кодексiнiң жобасы мен “ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне бюджет процесiн жетiлдiру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы” заң жобасы, сондай-ақ, “Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы” (ҚР Салық кодексiнiң жобасы) және “Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы” Қазақстан Республикасының Кодексiн (Салық кодексiн) қолданысқа енгiзу туралы” заң жобалары қаралды. Отырыс соңында комитет мүшелерi аталған заң жобаларын Мәжiлiстiң жалпы отырысында талқыға салуға шешiм шығарды.
“НАН ҚЫМБАТТАМАСЫН”
 

ҚР Премьер-министрi К.Мәсiмов ҚР Ауыл шаруашылығы министрi А.Күрiшбаевқа нан бағасын өсiрмеудiң алдын алу шараларын қарастыруды тапсырды.

“Нан бағасын өсiрмеуге сiз жауаптысыз. Сiздерде ақша бар, iске асыру жолдары бар – халық қыс пен күзде бағаның өсуiне қатысты қиындықтарға тап болмасын. Нан барлық жерде, қазiргi бағамен сатылуы тиiс”. Мәсiмов министрге осылайша нұсқау бердi. Ал Күрiшбаев бүгiнде мемлекеттiк қор мен тұрақтандыру қорына деп астық жиналып жатқанын, жалпы көлемi 1 млн. тонна бидай сатып алынатындығын мәлiмдедi. 1 млн. тонна — iшкi тұтынушылық сұраныстың 30 пайызы. Дәндi-дақылдың қоры 2009 жылы қыста, яғни, нан бағасы мен астық құны өсiрiлген кезде сауда шығарылатын көрiнедi. Күрiшбаев азық-түлiк бағасының қымбаттауына қарсы тұартын шаралардың қабылданғанын да көлденең тартты: “Өсiмдiк майы, күрiш, қант пен көкөнiстiң қоры жиналуда. Қазiр қоймаларда 42 мың тонна май, 70 мың тонна қант, 2 млн. тонна көкөнiс, оның iшiнде, 1,7 млн. тонна картоп бар”.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары