МҰҒАЛIМНIҢ БЕДЕЛI НЕМЕН ӨЛШЕНЕДI?

МҰҒАЛIМНIҢ БЕДЕЛI НЕМЕН ӨЛШЕНЕДI?

МҰҒАЛIМНIҢ БЕДЕЛI НЕМЕН ӨЛШЕНЕДI?
ашық дереккөзі
411

Жаңа оқу жылының басталғанына айдың жүзi болса да, бiлiм саласында күрмеуi шешiлмеген мәселе шашетектен. Оның негiзгiсi – жауырды жаба тоқыған елiмiздiң елдiмекендерiнде бiлiм ұялары мен балабақшаның жетiспеушiлiгi болса, ендiгi бiрi – оқулықтың тапшылығы.

ОРЫНБАСАРЛАРҒА ТӨНГЕН ҚАУIП

Экономикалық әлеуетiмiз едәуiр жақсарғанмен, әлеуметтiк-рухани бет-әлпетiмiз жұпыны көрiнiстердiң тасасында қалып жатқан сияқты. Қанша жерден қаржылық қорымызды айтып, мақтан тұтсақ та, күштi құрал болып табылатын – бiлiм, ғылым саласына өркениеттi елдер сынды көз қырын салмасақ тағы да бос әурешiлiк. Кез келген мемлекет әуелi қарапайым қоғамға, жалпы адам жанына қажеттi оқу-ағарту мәселесiн шеше алмаса, экономикалық дағдарысты түбегейлi ретке келтiруi екiталай. Неге десеңiз, шалғай ауылдағы қара баланың қамын ойламағанның өзiнде, “iрi қаржы орталығы” деген атқа лайық – Алматы қаласының өзiнде бiлiм мекемелерi, мектеп пен балабақшаның жетiспеушiлiгi күн сайын алдымыздан көсе көлденең шығып жүргенi шындық. Кейбiр бiлiм ұялары күрделi жөндеу жұмыстарын межелi уақытында бiте алмай, жаңа оқу жылына дайын болмай шықса, кейбiрi әлi күнге дейiн үш ауысыммен бiлiм берiп келедi. Мәселен, “Қалқаман” ықшам ауданындағы №157 аралас орта мектеп бiз бiлгелi үш ауысымда, 1000-1200 орынға арналған бiлiм ұясында аз дегенде 2000 бала оқып жатыр. Бiр бұл ғана емес, қала мектептерiнiң көбi осы таз кепештен арыла алмауда. Ал мектепке дейiнгi мекемеге бiр Алматының өзiнде 10 мың бала кезекте тұрса, Таразда 8 мың бала тiзiмге алынған. Мұнда 1991 жылға дейiн мектепге дейiнгi 120 мекеме болса, қазiр 29-ы ғана жұмыс iстейтiн көрiнедi.

Естерiңiзге сала кетсек, Үкiмет елiмiзде дәл осы үш ауысыммен оқытатын бiлiм ұяларын жоюды мақсат етiп, арнайы 100 мектеп салу бағдарламасын қабылдаған-тұғын. Алайда, халық тығыз шоғырланған облыс, қала аймақтарынан тез арада салынуы тиiс мектеп құрылысы жұмысының аяғы сиырқұйымшақтанып кеткендiгi анықталу үстiнде. Мәселен, жақында Сенат депутаты Евгений Аман облыстарда “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттiк бағдарламасының қаржысын игеру кешеуiлдеп жатыр деген депутаттық сауал жасады. “Мектептер мен ауруханаларды салу үшiн типтiк жобалар бар деп межеленсе де, олай болмай шықты. Соның салдарынан өңiрлер жобалық-сметалық құжаттамаларды жасауды өз бетiмен қаржыландыра бастаған. Бұл немкеттiлiк бағдарламаны жүзеге асыру мерзiмiн кешеуiлдетуге әкеп соқты” – деген-дi депутат. Қысқасы, биылғы жылы бағдарлама аясында елiмiзде 78 мектеп пайдалануға берiлуi тиiс болса, оның тек 56-сы ғана тапсырылуы мүмкiн деген болжам бар. Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев мектептердiң құрылысына мемлекет тарапынан қаражат жеткiлiктi деңгейде берiлгенiн, алайда оның игерiлуi мен құрылыс жұмыстарында олқылықтардың бар екендiгiн жасырмады. Кейбiр аймақтарда жергiлiктi әкiмдiктер тарапынан бiлiм беру нысандарының құрылысын жүзеге асыру және қадағалау шаралары тиiстi деңгейде жүргiзiлмей отырғандығына налыды. Атап айтқанда, бөлiнген бюджеттiк қаржының игерiлмеуi, құрылыс жұмыстары сапасының төмен болуы, сондай-ақ нысандардың бекiтiлген мерзiмнен кешiгiп тапсырылуы, кей мектептердiң құрылысында сапасыз құрылыс материалдарын пайдалану, сейсмикалық талаптардың сақталмауы секiлдi деректер орын алған. Әсiресе, Оңтүстiк Қазақстан облысына қатты шүйлiккен министр 576 бiлiм беру нысанының 332-сi саз балшықтан салынғандығын ашына айтты. Демек, бұл мектептер сейсмикалық жағынан аса қауiптi деген сөз. Мiне, осындай тiзбектелген кемшiлiктер мен олқылықтарды тыңдай отырып, көңiлiне түйген Премьер-министр “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасының орындалуын өзi жiтi қадағалайтын болды. Ол жұмысты кiдiрткен облыстардың басшыларына жазалау шараларын қолдануды тапсырып, осы iстiң барысын қадағалаумен шұғылданатын арнайы комиссия құратындығын бiлдiрдi. Нәтижесiнде Оңтүстiк Қазақстан мен Жамбыл облыстарының әкiмдерiне “100 мектеп және 100 аурухана” бағдарламасын жүзеге асыруға жауапты орынбасарларына қатаң сөгiс жариялауды тапсырып, егер бұдан кейiн жағдай түзелмесе орынбасарларды қызметiнен босату мәселесi төтесiнен қойылатындығын ескерттi.

МЕКТЕП БЕТIН КӨРМЕГЕН ОҚУШЫЛАР БАР

Оқу жылы басталып кеткенiне бiраз болса да, баласын мектепке бере алмай жүрген ата-аналар да баршылық. Өйткенi, мектепте бала саны көп, бiр сыныпта кемiнде 26 оқушыдан, ал қабылдайын десе, мұғалiмге салмақ түседi. Ал оқушы жанының психологы – мұғалiм таң атқаннан кеш батқанға дейiн бiлiм нәрiн берем деп тер төгiп, тыраштанып еңбек етсе де, жалақысы мардымсыз. Мұны елеп-ескермейтiн мектеп басшылығы бар ауыртпалықты айналып келгенде, тағы да мұғалiмге жүктеп қояды. 20-30 мың теңге жалақы үшiн бойындағы күш-қуатын сарп еткен ұлағатты ұстаздың жағдайы неге ойлантпайды?! Еңбегi еш, тұзы сор мұғалiмнiң әлеуметтiк жағдайы оңалмаса, көңiл-күйi болмаса, бар ынты-шынтысымен бiлiм бере ала ма?

Жақында теледидардан құқық қорғау органдары мен қалалық бiлiм беру бөлiмi қызметкерлерiнiң бiрлесiп жүргiзген тексеруi барысында Қызылорда облысы, Махамбет ауылында әлi күнге мектепке бармаған кәмелетке толмаған жасөспiрiм қыздардың бар екендiгiн көрiп, таң қалдым. Бiлiм алғысы, оқығысы келетiн апалы-сiңлi қызбаланың арманы қой бағудан әрi аспай қалғандығы кiм-кiмдi болса да, тебiрентей қоймайды. Әлi күнге әрiп танып, жаза алмайтын бұл қыздарға тағылған бар кiнәрат құжаттарының жоқтығы екен.

ОҚУЛЫҚ IЗДЕП ШАРҚ ҰРҒАН, АТА-АНА КӨП САНДАЛҒАН

Жылдағы жағдай. Оқу жылының басында оқулық iздеп, кiтап дүкендерi мен базарды аралаған ата-анадан көз сүрiнедi. Тiптi, кейбiр ата-ана жыл сайын енгiзiлетiн өзгерiске етi үйренiп алғандықтан, жаңа оқу жылының басында құлағын түрiп жүредi. Ал ендiгi бiрi ерте қамданып, оқулықты алдын-ала сатып алып қойса да, мектеп басшылығы басқа баспаның оқулығын ұсынуына байланысты қайтадан оқулық iздеуге мәжбүр болады. Мәселен, биыл Алматы қаласының бiлiм ұялары бiрiншi сынып оқушыларына “Алматыкiтап” баспасының оқулығын пайдалануды жөн деп тауыпты. Өйткенi, бұл баспа Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң тендерiн ұтып алған. Алайда, “Алматыкiтап” баспасының 1-сыныпқа арналған оқулықтары оқушыға тегiн берiлгенi былай тұрсын, сатып алайын десең де, тапшылық тудырып отыр. Ал баспа дүкенiнiң сатушылары: “Оқулық өзiмiзде де жоқ, жетпей жатыр, сұраныс көп, тағы да қайталап басатын шығар” деген сылтаумен шығарып салуда. Сонда қалай?! Баспа арнайы тендердi жеңiп алады да, оқулықпен қамтамасыз етуге келгенде тартыншақтай ма?

Мектеп болса әдеттегiдей оқулықпен тек жағдайы төмен отбасы балаларын ғана қамтамасыз етуде. Ата-аналар “Бұл дұрыс емес. Балаларды кедей мен байға бөлуге болмайды” деген наразылықтарын бiлдiрiп, яғни, орта бiлiм тегiн берiлетiн елде оқулық та ақысыз болу тиiс десе, министрлiк “заң бойынша жетiмдерге, жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға тегiн таратылады. Барлығына бiрдей тегiн таратылуы керек деген нұсқау жоқ” деген уәж айтады. Бiрақ “Бiлiм туралы” заңда “оқулық ақылы болу керек” деген бап та жоқ екенi белгiлi.

СОТ, МАИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРIНIҢ ЖАЛАҚЫСЫ ӨСТI, МҰҒАЛIМНIҢ ШЕ?

Кез келген зайырлы мемлекет әуелi ұстаз бiлiктiлiгiн жоғары бағалап, жалақысын өсiрiп жатады. “Бiлiм туралы” Заңды қайта қарағанда мұғалiмнiң бiлiктiлiгiн арттыруға байланысты бап енгiзiлдi. Егер осыны нақты жүзеге асырсақ, бiлiм ұяларында оқу сапасы жақсаруы әбден мүмкiн. Аталмыш заң аясында мемлекет қоғамдағы педагогикалық қызметкерлердiң ерекше мәртебесiн таниды және кәсiптiк қызметiн көтеру үшiн жағдай жасайды делiнген. Алайда, мұғалiмнiң мәртебесi немен өлшенедi? Бүгiнде бiлiм ұяларында ұстаздық етiп жүрген мамандардың жағдайы нешiк? 25-30 мың теңге үшiн оқушыға бар бiлгенiн сiңдiретiн мұғалiмнiң беделiн көтерiп жүрмiз бе, әлде…

Шыны керек, бүгiнде мұғалiмдiк қызметтi атқарып жүрген мамандардың денi – жастар. Жаңадан еңбек жолын бастап жатқан жас мұғалiмдердiң 25-30 мың теңге үшiн ұстаз болуы да екiталай. Сондықтан да мұғалiмнiң беделiн, бiлiктiлiгiн арттырғымыз келсе, оның әлеуметтiк жағдайын, жалақысын өсiруiмiз керек. Естерiңiзде болса, биылғы ұлттық бiрыңғай тестiлеу қорытындысы бiлiм сапасының төмендеп кеткендiгiн бетке басты. Ең сорақысы, “Алтын белгiге” үмiткер оқушылардың көбi межелiк 40 баллды да жинай алмады. Бұған себеп не? Әрине, бiлiм сапасының төмендеп кетуi айналып келгенде мұғалiмге деген жағдайдың толыққанды жасалмай жатқандығын аңғартады. Егер де басқа елдер секiлдi, алдыңғы орынға бiлiмдi қойған болсақ, бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң қатарынан ертерек көрiнетiн едiк!

Айтпақшы, келесi жылдан бастап жергiлiктi соттар судьяларының лауазымдық жалақылары 60 пайызға көбейсе, МАИ қызметкерлерiнiң еңбекақысы да едәуiр өспек. “Жергiлiктi соттар судьяларының материалдық жағдайларын жақсарту туралы бұған дейiн бiрнеше рет көтерген бiздердiң бастамамыз қолдау тапты” деген Жоғарғы соттың төрағасы Қ.Мәми ағынан жарылғанда, аң-таң қалғанымыз бар. Әрине, өсiре берсiн ғой. Бiрақ нағыз адал терiмен еңбек еткен мұғалiмдердiң жағдайын, сот, МАИ қызметкерлерiнiң әл-ауқатымен салыстыруға бола ма?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары