ТӘЖИН ӘРIПТЕСТЕРIН ЕЛОРДАҒА ШАҚЫРДЫ

ТӘЖИН ӘРIПТЕСТЕРIН ЕЛОРДАҒА ШАҚЫРДЫ

ТӘЖИН ӘРIПТЕСТЕРIН ЕЛОРДАҒА ШАҚЫРДЫ
ашық дереккөзі
408

ҚР Сыртқы iстер министрi Марат Тәжин Нью-Йоркте Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 63-шi сессиясының жұмысы аясында бiрнеше кездесу өткiздi. Марат Тәжин алдымен АҚШ-тың Мемлекеттiк хатшысы Кондолиза Райспен жолығып, негiзiнен екi ел арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастарды нығайта түсу мәселелерiн талқыға салды.

Ол өз әңгiмесiн АҚШ-тың Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына деген қадамын қолдағанына алғыс бiлдiрумен бастады. Бұдан соң Сыртқы iстер министрi елiмiздiң Ауғанстанға ықпал ету жөнiнде жасаған үш жылдық бағыт-бағдарымен, сондай-ақ, “Еуропаға жол” ұлттық жобасымен бөлiсiп, Қазақстанның Ауғанстанға салатын инвестициясына АҚШ-тың әркез ықпал жасайтындығына сенiм бiлдiрдi. Ал АҚШ-тың Мемлекеттiк хатшысы К.Райс Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлiне қанағаттанатындығын айтып, “Қазақстанды АҚШ-тың өңiрдегi ең сенiмдi әрiптесi ретiнде танимын” дедi. Сол сияқты бүкiл әлем елдерiне әсерiн тигiзiп жатқан Ауғанстанның болашағына қатысты мәселеге қолдан келгенше көмек қолын созатындығын жеткiзген Кондолиза Райс: “Еларалық, аймақтық жағдайды тұрақтандыру басты мiндетiмiзге жатады” деп қайырды.

Бұдан кейiн ҚР Сыртқы iстер министрi Марат Тәжин БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесу барысында: “Әлемдегi басты халықаралық ұйыммен ынтымақтастық бiздiң мемлекетiмiздiң сыртқы саясатындағы басымдықтарының бiрi болып қала бередi. Әлемдiк беделге, әмбебап мазмұнға және бiрегей тәжiрибеге ие БҰҰ бұрынғысынша барлық әлемдiк iстерде маңызды реттеушi рөл атқарып келедi” дедi. Сондай-ақ, iшкi тәжiрибесiнде ұлтаралық келiсiмдi сақтау және нығайту үлгiсiн пайдалана отырып, Қазақстанның Шығыс пен Батыстың арасындағы әмбебап “көпiрдiң” рөлiн ойнауға талпынып отырғанын атап көрсеткен министр БҰҰ Бас хатшысын 2009 жылдың қыркүйек айында өтетiн әлемдiк және дәстүрлi дiндер басшыларының II съезiне қатысуға шақырды. Сонымен қатар, мұсылман әлемi мен Батыс елдерiнiң сыртқы iстер министрлерiнiң алдағы қазан айында өтетiн “Ортақ әлем: саналуандық арқылы даму” халықаралық форумы туралы әңгiмелеп бердi. Жер-жиһанды алаңдатқан мәселелер — лаңкестiк, азық-түлiк дағдарысы, жаппай қырып жою әрекеттердi болдырмауға күш салу, тағысын тағы – басқосудың өзектi тақырыбына айналды.

Ал Қазақстан экономикасының дамуына жоғары баға берiп өткен БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун азық-түлiк дағдарысын еңсерудегi бiздiң елiмiздiң маңызды рөлiн, сондай-ақ Қазақстан Президентiнiң құрлықтағы және жаһандағы қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталған заманауи халықаралық қарым-қатынастар тетiгi ретiндегi Азиядағы өзара iс-қимыл және сенiм шаралары кеңесiне қатысты бастамасының болашағын атап өтiп қоймай, зор үмiт күтетiндiгiне қолдау бiлдiрдi.

Нью-Йоркте өткен Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 63-шi сессиясында Марат Тәжин өркениеттердi жақындастыру идеясын одан әрi тәжiрибелiк дамыту мақсатында “Ортақ әлем: саналуандық арқылы даму” атты министрлер конференциясын ұйымдастыруға бастама көтерiп, әлемнiң түрлi өңiрлерiнен сыртқы iстер министрлерi шақырылған алғашқы кездесу Астанада қазан айында өтетiндiгiн мәлiм еттi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары