Каспий, Жайық және Аралда су экожүйесінің мониторингін күшейту қажет – экологиялық кеңес мүшелері

Каспий, Жайық және Аралда су экожүйесінің мониторингін күшейту қажет – экологиялық кеңес мүшелері

Еліміздегі Каспий, Жайық және Арал сынды ірі су айдындарының экожүйесін қорғау және орнықты дамыту – жағалау аймағының экологиялық тұрақтылығын, биоалуандығы мен әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын сақтау жұмысында стратегиялық маңызға ие. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бауржан Смағұлов «AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңес отырысында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кеңеске Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ су ресурстарын қалпына келтіру жобаларына белсенді қатысып жүрген сарапшылар қатысты.

Қатысушылар Каспий теңізінің тартылуы, Жайық өзені арнасының тозуы және Солтүстік Аралды қалпына келтіру қажеттілігі мәселесіне баса назар аударды. Бүгінде еліміздің су экожүйесі климаттың өзгеруі мен шаруашылық жұмыс салдарынан айтарлықтай қысымға ұшырап отыр. Бұл жағдай ұлттық және халықаралық деңгейде келісілген іс-қимыл мен жүйелі шешім қабылдауды талап етеді.

«Қазгидрометтің» дерегі бойынша, биыл қыркүйекте Каспий теңізінің деңгейі 29,44 метрге төмен екенін белгілі болды. Бұл – орташа көпжылдық мәннен бір метрге төмен. Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев жағымсыз жағдайға қарсы тұру үшін Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі мәселесін шешу жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары әзірленгенін мәлімдеді. Аталған жоспар Каспий теңізінің жағалауындағы елдермен келісілді. Қазақстан мұнаймен ластануды болдырмау бойынша бірлескен шаралар қабылдауды көздейтін Теңіз ортасын қорғау туралы Тегеран конвенциясына Ақтау хаттамасын жүзеге асыру жұмысына белсенді қатысуда.

Каспий теңізінің қазақстандық ғылыми-зерттеу институтын құру мәселесіне ерекше назар аударылуда. Аталған институт су ресурстарын тұрақты басқару мақсатында мониторинг жүргізу, деректерді жинау және ұсынымдар әзірлеу жұмысымен айналысады.

2021 жылдан бері Орман мелиорациясы бағдарламасы аясында Арал теңізінің құрғап қалған түбіне 48,7 млн. түп сексеуіл көшеті егілді. Ал орындалған жұмыстың жалпы аумағы 792 мың гектарды құрады. Қуаттылығы жылына үш миллион көшет өсіруге мүмкіндік беретін питомник құрылысы қолға алынды. Сондай-ақ теңіздің құрғап қалған аймағында дәл осындай екінші питомник салуға дайындық жүргізілуде. Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, 2005 жылы салынған бөгетті қайта құруды қамтитын Солтүстік Аралды қалпына келтіру жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Мемлекеттік сараптама жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов басым бағыттардың бірі – Жайық өзенінің экожүйесін қалпына келтіру екенін атап өтті. Жұмыс трансшекаралық су нысандары жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясы шеңберінде жүргізілуде. «Қазгидрометтің» дерегі бойынша, Жайық бассейніндегі су сапасы жақсарып келеді. Мәселен, 2023 жылы ол «ластанған» санатында болса, 2025 жылғы үшінші тоқсанда – «орташа ластанған» санатына жатқызылды. Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында Жайық және Қиғаш өзендерінің жағалауын тазарту, түбін тереңдету және нығайту жобалары жүзеге асырылуда. 2021-2024 жылдар аралығында өзен ағынының көлемі бес есе – 8,25 текше шақырымға дейін ұлғайды.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев су түбін тереңдету жұмысы кезінде қолданылатын техниканы жаңғырту және су үнемдеу технологияларын енгізу қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, су үнемдеу және қайта пайдалану қадамдары мемлекеттің су саясатының негізгі қағидаттарына айналуға тиіс.

Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы табиғатты қорғау басқармаларының басшылары қазіргі және жоспардағы іс-шаралар туралы есеп берді. Маңғыстау облысында су айдыны және Баутино шығанағы батып кеткен кемелер мен мұнай өнімдерінен тазартылды, ені екі шақырымға дейінгі су қорғау аймақтары орнатылды, жағалау бойында «жасыл белдеу» құрыла бастады. Каспий теңізі институтын жарақтандыруға өңір 518 миллион теңге бөлді. Батыс Қазақстан облысында Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмысы жүргізілуде және кәсіпорындарда суды айналыммен пайдалану жүйесі енгізілуде. Бұл қадам су алу жұмысын үш есе қысқартуға мүмкіндік берді. Атырау облысында ұзындығы 151,7 шақырымды құрайтын Жайық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету бойынша ірі жоба жүзеге асырылуда, гидротехникалық құрылыстар салынуда және реконструкциялануда, ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу технологиялары енгізілуде.

Отырыс жұмысын қорытындылай келе, Экологиялық кеңес төрағасы Бауржан Смағұлов Қазақстанның экологиялық тұрақтылығы мен су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүйелі тәсіл және биліктің барлық деңгейінің іс-қимылын тығыз үйлестіру керек екенін атап өтті.

«Отырыс қорытындысы бойынша, Каспий, Жайық және Аралда су экожүйесінің мониторингін күшейту, су ресурстарын басқарудың бірыңғай ұлттық платформасын құру, трансшекаралық су айдындарын қалпына келтіру және қорғау жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты жалғастыру керек. Сонымен қатар шағын өзендер мен салаларды қалпына келтіру жұмысын жандандыру, экологиялық ағарту мен жастарды тарту қадамдарын дамыту, сондай-ақ бизнесті су үнемдеу және тазарту жұмыстарын енгізуге ынталандыру қажет деп санаймын», – деді Бауыржан Смағұлов.

Оның айтуынша, «AMANAT» партиясы экология және суды ұтымды пайдалану саласындағы тиімді шешімдерді ілгерілету, тапсырмалардың орындалуын қадағалау жұмысын жалғастыра береді.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары