СПОРТ ШОЛУШЫЛАРЫ САЯЗДЫҚТАРЫНЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?
СПОРТ ШОЛУШЫЛАРЫ САЯЗДЫҚТАРЫНЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?
"Тойдың болғанынан, боладысы қызық". Биылғы жаз түгелдей дерлiк екi үлкен, әлемдiк деңгейдегi аса маңызды тойдың асқақ ұраны, әмбеге сауын айтылуымен сырғып өте шықты қызыққұмар көпшiлiк үшiн. Бiрi – 15 млн. қазақстандықтарды шат-шадыман қуанышқа бөлеуге тиiстi болған Астананың 10 жылдық ұлы-жiңгiр мерейтойы. Жаһанның тоғыздан бiр бөлiгiн алып жатқан Қазақстандағы осы салтанат әлемдiк қауымдастықтың санасында азғантай болса да iз қалдырды ма, жоқ па, ол – басқа келелi әңгiменiң арқауы болуға лайықты жай.
Ал елiмiздегi кейбiр мансапқұмар, сәл нәрсенi сиырдай етiп көрсетуге әбден машықтанған мыңдаған шенеунiктердiң көктен тiлегенi жерден берiлгенi рас. Бiрсыпырасы жатпай-тұрмай үмiт етiп, iштей аңсап- армандағандарына мiнәйi себеппен қолы жетiп, ұшпаққа шығып, кеуделерiне алтын медаль тақты. Базбiреулер тойды ұйымдастырушыларға мүлдем өкпелi күйде бүк түскен. Қазақтың той-думаны әманда осылай, бiреулер күтпеген марапат, мадақтауға ие болады, екiншiлерiнiң бiр атым насыбайдан қалатын көңiлiн қара тұман қаптайды. Бұл – қазақ өмiрiнiң бұзылмайтын заңы, бұлжымайтын қағидасы. Екiншi үлкен салтанат – әлем жұртшылығы, миллиардтаған спорт десе iшкен асын жерге қоятын жанкүйерлер қауымы, ең бастысы, осындайда әлемдегi барлық саяси, мемлекет қайраткерлерiн кейiнгi қатарға сырғытып қоятын саңлақ спортшылар, жаттықтырушылар, спорт функционерлерi мен сан мыңдаған шенеунiктер төрт жыл бойы зарыға күткен Пекиндегi ХХIХ жаздық олимпиада. Бұл екi дүбiрлi оқиғаға неге айрықша назар аударып отыр және оның нәтижелерiн неге салыстыруға тиiспiз?
Өткен жаздың басқа айларын былай қоялық, ал тамыз түгелiмен олимпиада ойындары алауының жарқын сәулесi астында жалт етiп өте шықты десек қателеспеймiз. Аталмыш осы екi салтанат, дүбiрлi тойдың негiзгi астары, басты мақсаты – ұлттық құндылықтар, рухани игiлiктерiн, ең бастысы, тұтас ұлттың рухын таныту десек онша қателесе қоймасымыз аян. Ұлттық сананы асқақтату, жаңа сапалық деңгейге көтерудiң аса тиiмдi жолы. Бiрақ, ең бастысы, Астананың 10 жылдық мерейтойына арналып елiмiзде айта қаларлықтай спорт жарыстарының ұйымдастырылмауы Қазақстан спорт шенеунiктерiнiң дәрменсiздiгiнiң нақты көрiнiсi. Тiптi, спортты науқандық мәселе ретiнде қарайтындықтарының сорақы мысалы.
Дүбiрлi тойлардың қызығы iшiлiп-желiнген тамақ, ас та төк дастарқан, лауазымды шенеунiктердiң қуыс кеуделерiне тағылған алтын белгiлер немесе ортаңқол әншiлер мен музыканттардың күндiз-түнi бiр тынбайтын концертiмен ғана шектелмейтiнiн әлгi Пекин олимпадасы толығымен дәлелдедi. Қытай елiнде алғаш рет өткен дүбiрлi спорт тойында әлемнiң ең таңдаулы саңлақтары өзара бәйгеге түскен спорттық жарыстар ғана сансыз адамдардың жүрегiнде өшпестей iз қалдырып өткен жоқ, әлемге қытай халқының тарихы, бай өнерi, еңбекқорлығы мен барша мәселенi сарапқа сала бiлетiн ұйымдастырушылық қабiлеттерi, бiр сөзбен айтқанда, осыған дейiн көпшiлiкке жұмбақтау, таңсық болып келген тұтас мәдениетi паш етiлген. Тiптi, қарапайым отшашулардың өзiн олар қайталанбайтын мәдени құбылысқа айналдыра бiлдi.
Пекиндегi спорттық жарыстардың ұмытылмайтын қызығын, басқаларға берген сабағын былай қоялық, олимпиаданың ашылу және жабылу салтанатын бiр рет көрген адамның өзi мыңдаған жылдық Қытай тарихы, өнерi мен ерекше мәдениетiнен өмiрлiк үлгi, ешқашан ұмытылмайтын ұлағатты дәрiс алды.
Иә, мұндай тойлар мен салтанаттар керек, бiрақ, iшiп-жеу, бiрiн-бiрi марапаттау үшiн ғана емес, әлемге өз елiн, ең бастысы, әр елдiң қайталанбас мәдениетiн кеңiнен таныту үшiн және тұтас мемлекеттiң халқын ортақ мақсат-мүдде, жасампаз идея аясында жаппай жұмылдыру үшiн аса қажет.
Көршiлес екi елдiң жаңа заманғы тарихында елеулi iз қалдыруға тиiс болған екi тойдың арасы жер мен көктей. Кейбiр ұқсастықтарын былай қойғанда, нәтижелерi мүлдем бөлек. Кең байтақ Қытайдың өзiнде небары 56 ұлт пен ұлыс барына әлемдiк қауымдастық алғаш рет куә болса, Қазақстандағы жыл сайын реттiк саны ұлғайып отырған этникалық топтардың санынан жаңылды.
Осы тұста басты мәселенi ұмытпауымыз керек, деңгейлерiнiң әртүрлi екендiгiне қарамастан, барша тойдың бәрi ысырапқа, қаржы шашуға негiзделген.
Астана тойына да түрлi көздерден, елiмiздегi кәсiпкерлер мен компаниялардың қалтасынан қомақты қаржы жұмсалды. Бұл – анық! Есесiне, Астана тойына қол ұшын бергендер, жаңғырған қаланың жаңа тарихына титтей де қатысы барлар жапатармағай марапатталып, жатқан iннен ерiксiз шығаратын, құлаққа майдай жағатын жылы-жылы сөздер естiдi.
Ал Пекиндегi олимпиада тұрақ-мекенiн – шала орысшамызға сүйеп айтсақ, атақты деревнясын салуға жұмсалған қаржыны есептей келiп, осы кешендердiң құрылысын жүргiзген Гонконг фирмаларымен жұмыс барысында, тендер өткiзуде коррупциялық әрекеттерге жол берiп, мемлекет қаржысын елеулi көлемде талан-таражға салған 24 қытайлық азамат еш тергеу, сотсыз өлiм жазасына кесiлдi. 24 биiк лауазымды, аса мәртебелi шенеунiктер! Әлемнiң бұқаралық ақпарат құралдары осылай хабар таратты.
Жазда өткен Астана тойының жаңғырығы Қазақстан экономикасы, қаржылық жағдайына алда да бiршама уақыт айтарлықтай әсерiн тигiзетiнi аян. Ол әсердiң қандай деңгейде екендiгiн кәнiгi экономистердiң еншiсiнде қалдыра тұралық, бiрақ елiмiздiң экономикасына игi ықпалы тидi, Қазақстан қоржынына қомақты пайда құйылды деген ақпар, есептердi ести қойғанымыз жоқ. Олимпиадалық ойындар да Қытай экономикасына ерекше әсерiн тигiзгенiн барша зерттеушiлер мен сарапшылар бiрауыздан мойындап отыр. Және бұл әсер өте жағымды, жақсы жағынан ықпал еткен, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылып, елдегi туризм саласы күрт дамыған. Бiр сөзбен айтсақ, олимпиада жарыстары өткен қысқа ғана уақытта мемлекет қоржынына қомақты қаржы құйылған.
Бiр қуанарлығы, Қазақстан осынау жаһандық спорт жарыстарында жүнi жығылып, жер сипалап қалған жоқ.Осыған дейiн олимпиадаларға мұншама саңлақ спортшыларымыз қатысып көрген емес. 140-қа таяу қазақ спортшылары "Алашым!" деп айбармен ұрандап барып, абыройлары асқақтап оралды. Көтерiлген көк туымыз жығылмағаны дәтке қуат. Олимпиаданың 2 алтын, 4 күмiс, 7 қола алқасы тәуелсiз елiмiздiң тарихында алғаш рет қоржынымзға түстi. Әрине, жанкүйер ретiнде көңiлге жақпаған жайттар, iштей қынжылған, көкiректi ыза кернеген сәттер де аз болмағаны белгiлi. Мейлi, өткенге салауат, бiрақ кейбiр спортшыларымыздың осыған дейiн де, олимпиада күндерiнде де допинг пайдаланғандары үшiн жарыстан шеттетiлгендерi елдiгiмiзге сын. Веложарыстардан, триатлон жарыстарынан шеттетiлiп қалуымыз дәл сол спортшылардың кесiрi. Және олар тәуелсiз мемлекетiмiзге онша көңiлi көнши бермейтiн, шын мәнiнде, кеңестiк кезеңнен жеткен ересек спортшылар болуы да тегiн емес. Отыздан асқандар, орда бұзатын жастан кеткендер мен ұлт-ұлысы басқалар. Яғни, жақсы спортшының өзi жақсы патриот болуы сирек. Олардың бар тигiзген "пайдасы"- Қазақстан спортының жаман атын жаһанға жайды.
Осы олимпиада күндерiнде жанкүйерлердiң әсiресе өкпе-ренiшiн, тiптi, ашу-ызасын туғызғандар – Алматыда отырып, олимпиада жарыстарын жүргiзген бiрсыпыра спорт коментаторлары екенiн айтпай кетуге болмайды.
Әлгiлер қазақ боксы туралы айтса болды, әңгiменi кеңестiк кезеңнiң жаттықтырушыларына, сол кездегi бокс мектебiне апарып тiрейдi. Куба боксы туралы ауыз ашса да кеңестiк жаттықтырушылардың еңбегi ретiнде бағалауға әуес. Бiр сөзбен айтқанда, кеңес жаттықтырушылары болмаса қазақ боксының дамуы болмай қалатындай сөз саптайды сабаздар.
Бiрiншiден, әлгi жас коментаторлар елесiн ғана көрген кеңестiк кезеңде де қазақ боксы өз жолымен, өз дәстүрiмен дамыды. Ең бастысы, кеңестiк деп тұспалдап отырған орыс жаттықтырушыларының ұстанымдарына кереғар, қарсы дамыды. Тарихты көп "бiлгiшсiнетiн" әлгi шолушылар жүздеген қазақ боксшыларының КСРО жарыстарында жеңiп тұрғанына қарамай, жеңiс қарсыластарына берiлгенi туралы бiр ауыз жақ ашпайды. Ондаған әлем чемпионы болуға дайын қазақ жiгiттерi шетқақпай қалғанына көзiн жұмып отырғандары қынжылтады. Тiптi, Серiк Қонақбаевтың өзi Мәскеу олимпиадасының алтын жүлдесiне нелiктен қол жеткiзе алмады? Атақты боксшымыз да саяси ойындардың бейкүнә құрбандығына айналғаны жасырын емес. Мәскеу олимпиадасына әлемдiк қауымдастық бойкот жариялаған болатын ол кезде. Кеңес әскерлерiнiң Ауғанстанға басып кiруiне бүкiл әлем қарсы болған. Ал Серiктiң финалдық жекпе-жектегi қарсыласы Патрисио Олива Италия үкiметi жариялаған бойкотқа қарамай, өз бетiмен Мәскеуге келген спортшы едi және "КСРО-да, Мәскеу олимпиадасында спорттық әдiлдiк болды" дегендi көрсету, әйгiлеу үшiн ғана оған алтын жүлде бұйырғаны жасырын емес. Егер осы жекпе-жекте Серiктiң орнында әлдеқандай орыс боксшысы болғанда, жеңiстiң кiмге бұйырары әлi күнге күмәндi. Көпшiлiгi жиырмадан жаңа асқан, тiптi, алды жиырма беске ендi келе бастаған қазақ боксшыларын "кеңестiк бокс мектебiнiң үлгiсiн көрдi" деу сорақылық. Ащырақ айтсақ, санасыздық! Кеңес одағы тарқап кеткенде олар әлi жаттығу залдарының есiгiн де ашпаған құйтақандай қарадомалақтар едi. Коментаторлар аузынан тастамайтын, тастай алмай жүрген КСРО сонау қайта құру тұсында, 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде бiржола күйреген. Идея, идеология ретiнде күлталқан болған. Ал 90-шы жылдарға дейiн созылған ақтық агониясы кез келген отарлаушы империялардың басынан өтуге тиiс нәрсе.
Ал Куба боксшыларын бiр кездерi КСРО-дан барған бiрнеше жаттықтырушы тәрбиеледi дегенге келсек, бұл да Мәскеудiң ойдан шығарған аңызы. Сонау ХХ ғасырдың 60-жылдарының аяғында санаулы жаттықтырушы Кубаға барғаны рас. Н.С.Хрущев тұсында әлемдi үшiншi Дүниежүзiлiк соғыстың табалдырығына әкелiп тiрей жаздаған Кариб теңiзi аймағындағы трагедияға толы оқиғалардың орын алғаны белгiлi. Жағдайдың бұлай шиеленiсуiне Кремль тiкелей кiнәлi болатын және осы айптарын жуып-шаюға, әлемдiк қауымдастық алдында жақсы көрiнбекке тырысқан. КСРО Кубаға аты-жөнiн ешкiм бiлмейтiн, осыған дейiн көзге түспеген бiрнеше бокс жаттықтырушыларын жұмсады. Олар спортшылар дайындады ма, әлде, көңiл көтерiп қана жүрдi ме, бұл жағы белгiсiз, бiрақ Мәскеу Куба боксшыларының барша жетiстiктерiн өз есебiне жатқызуға әбден машықтанып алған.
Әйтпесе, арада қырық-елу жыл, жарты ғасырға жуық уақыт өткенде Куба боксының бүгiнгi қал-жағдайына әлгiлердiң еш қатысы жоқ екенi есi бүтiн адамға айқын. Үндi киносы мен спорты, боксының бүгiнгi жағдайына бiр кездерi осы елдi отарлап алған Ұлыбританияның еш қатысы жоқтығы секiлдi, бүгiнгi қазақ боксына Кремльдiң, оты әлдеқашан өшкен Кеңес одағының әлдеқандай қатысы барлығы туралы айтудың өзi азаматтардың тайыздығын танытатын сөздер ғана.
Жаңабек ШАҒАТАЙ