205
ҰЛЫ ЖIБЕК ЖОЛЫНЫҢ IЗIМЕН
ҰЛЫ ЖIБЕК ЖОЛЫНЫҢ IЗIМЕН
Кеше Астанада VII "ТрансЕуразия-2008" халықаралық форумы өз жұмысын бастады. Аталған шараға бiрнеше елдiң өкiлдерi қатысты.
ҚР Премьерi К.Мәсiмов, көлiк және коммуникация министрi С.Ахметов, Иранның жолдар мен көлiк министрi Х.Бекмаханимен бiрге Тәжiкстан, Литва, Латвия, Румыния, Пәкстан, Ресей, Ауғанстан, Монғолия т.б. елдерiнiң өкiлдерi қатысты. Халықаралық шарада баяндама жасаған С.Ахметов былтыр Қазақстанның Ұлы Жiбек жолын қайта қалпына келтiру жұмыстарына сәйкес, Батыс Еуропа-Батыс Қытай трансконтинентальды дәлiзiн салуды қолға алынғанын мәлiмдедi. 8445 шақырымға созылатын дәлiздiң 2787 шақырымы қазақ жерi арқылы өтедi. "Еуропа-Ресей-Қазақстан-Қытай" бағыты Еуропа мен Қытайды жалғастыратын ең қысқа жол болып табылатындықтан, оратаға қосылатын елдердiң тiзiмi де қысқа. Жобаға сәйкес, халықаралық деңгейдегi 5 көлiктiк-логистикалық орталықтар құру, қазiргi заманға сай орталықтар мен спутниктiк технология жаңалықтарын енгiзу, республикалық бюджетпен бiрге жеке кәсiпкерлiктен, халықаралық қаржылық құрылымдардан қарыз алу, көлiк дәлiзiнiң халықаралық мәртебесiн анықтау мәселелерi қарастырылуда.Апта басындағы үкiметтiк отырыста "ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне азық-түлiк қауiпсiздiгi мәселелерi бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы" заң жобасы мақұлданды.
Аталған құжатқа байланысты баяндама әзiрлеген ҚР Ауыл шаруашылығы министрi қолданыстағы азық-түлiк қауiпсiздiгiн реттеуге қатысты жекелеген заңнамалар iшкi нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған шараларды толық қамтуға дәрменсiз екендiгiн айтты. Ресми мәлiметтерге сүйенсек, соңғы 5 жылдың iшiнде ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң экспорт көлемi екi есеге өсiп, 2,3 млрд. долларға жетiптi. Алайда, бұл саланың бәсекелестiкке төтеп беру қауқары көңiл көншiтпейдi. Ауыл шаруашылығындағы материалдық-техникалық база қазiргi заман талаптарына сай емес, өндiрiс пен өнiм сапасы төмен, өңдеу саласында жiберiлетiн "әттеген-айлар" мен кемшiлiктер көп. Осының кесiрiнен iшкi нарықтағы шетелдiк өнiмдердiң үлес салмағы басым. Биыл мемлекеттiк бюджеттен бөлiнген қаржы 174,4 млрд. теңге. Алдағы 4 жылда сырттан келетiн өсiмдiк майы, қант пен ерте пiсетiн жемiс-жидек, көкөнiстен арылуға ден қойылмақ. Осы мақсатта 4 iрi және орташа, сондай-ақ, аумағы 9 гектардан асатын жерге 43 шағын жылыжай салу жоспарлануда.Бұрнағы күнi ҚР Парламентi Мәжiлiсiнде "Темекi бойынша салық саясаты – Қазақстанда темекi шегудiң алдын алу құралы" деген тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылып, iшiмдiк пен шылымға салынатын салық салмағын арттыру туралы мәселе талқыланды.
Дөңгелек үстелге қатысқан ҚР Денсаулық сақтау министрiнiң орынбасары Қадыр Омаров қазiргi кезде темекi өндiрiсiнiң қарқынды жұмыс iстеп жатқанын, шет мемлекеттерде, Қазақстанда шылым тартатындар саны уақыт өткен сайын көбейiп келе жатқанын тiлге тиек еттi. Вице-министрдiң айтуынша, 2025 жылға қарай 10 млн. адам никотиннiң құрбанына айналмақ. Бүгiнде ҚР азаматтарының 4 млн.-ға жуығы темекi тартады. Олардың 120 мыңы – 13-15 жас аралығындағы жасөспiрiмдер, 450 мыңы – қыз-келiншектер. Жыл сайын 4 мың адам өкпенiң қатерлi iсiгiне шалдығады екен.Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ