ӨРКЕНИЕТТIҢ ТАБАЛДЫРЫҒЫН ТАСТАНДЫ БАЛА ДА АТТАЙДЫ

ӨРКЕНИЕТТIҢ ТАБАЛДЫРЫҒЫН ТАСТАНДЫ БАЛА ДА АТТАЙДЫ

ӨРКЕНИЕТТIҢ ТАБАЛДЫРЫҒЫН ТАСТАНДЫ БАЛА ДА АТТАЙДЫ
ашық дереккөзі
223

Бала — қоғамның бiр мүшесi. Оның да өз құқықтары бар. Оның құқығы риясыз күлкi мен уайымсыз балалық шақ. Ата-ананың ыстық ықыласы мен жүрек жылуынан артық балаға не қажет дейсiз?! Бүгiнгi нарық қоғамында баланың бәрi ыстық алақанның жылуын сезiнiп жүр ме? Өзге елдердi қайдам, қазақ қоғамында балалардың бәрi шат-шадыман, уайым-қайғысыз өмiр кешiп жатыр десек, өзiмiздi өзiмiз алдағанымыз болар. Егер өркениеттiң есiгiнен қайыршылар мен тастанды бала да табалдырық аттады десек, сiз оған қалай қарайсыз?! Бейiмбеттiң "Күлпәш" әңгiмесiндегi Мақтымы мен бейшара баласына бiр үзiм нан iздеп кеткен Күлпаштың қайта оралғандағы көрген көрiнiсiн көз алдыңызға келтiрiп көрiңiзшi. Дәл сол көрiнiстi бүгiнгi қазақ қоғамынан да кездестiресiз десек, қателеспейтiн шығармыз.

Екi күн бойы Seimar Social Fund мен БҰҰ балалар қоры ұйымдастырған семинар бүгiнгi қоғамда тастанды балалардың тағдыры мен ерiктiлердiң қызметiне тiкелей арналды. Бiз қазақ қоғамында етек алып бара жатқан тастанды балалардың тағдырымен тағы бiр рет таныстық. Күнделiктi көз алдымызда өтiп жатқан кейбiр оқиғаларды ара-тұра естiгенiмiзде, iштей аяушылық сезiмiмiз оянып, қиналатынбыз да қоятынбыз. Ал олардың қаншалықты көбейiп, қаншалықты қиындықтармен күнелтiп жатқанына ешбiр мән бермеген екенбiз. Өйткенi, бiз бақытты қоғамның бақытты адамдарын ғана насихаттаумен шектелемiз. Сол бақытты адамдардың бақытты ғұмырын ғана өзiмiзге үлгi қыламыз. Ал, қоғамда қиындықпен күн кешiп жатқан қаншама тағдырлардың барлығы есiмiзден шығып кете бередi.

Ендеше, өзiңiз қараңызшы, бүгiнгi өркениеттi заманда мыңдаған бала ата-ананың қарауынсыз қалыпты. Ал оның 14103-iнiң әке-шешесi тiрi, тастанды балалар. Кейбiрiнiң әке-шешесi ата-аналық құқығынан айрылған. Олардың арасында араққа салынып, алқаш болып кеткендерi де, түрмеге түсiп, қылмыскер атанғандары да жетерлiк.

Семинар кезiнде бiздiң көзiмiз жеткен тағы бiр дүние, балалар үйiнде тәрбиеленiп жатқан балалардың көпшiлiгiнiң денсаулықтарының нашарлығы. Денсаулығы нашар балаға ата-ананың жаны ауырмаса, өзге бiреудiң жаны ашиды дегенге сене қояр ма екенсiз. Өмiрге келген сәбиiнiң қол-аяғы бүтiн, он екi мүшесiнiң сау болғанын қаламайтын жан бар ма? Бүгiнгi қоғамдағы үлкен трагедияның бiрi де осы – ауру баланың өмiрге көптеп келуi. Жүректерiнде саңылау тесiктерi бар, аяқ қолы жарымжан, мүгедек, ақыл есi түзу емес баланы ауруханаға тастап кеткеннен кейiнгi тағдыры не болушы едi? Оларды балалар үйiне апарғаннан басқа амал жоқ. Ауру баланың жөнi бiр басқа, қол-аяғы бүтiн, денi сау ұрпағын көше бойына, ауруханалардың алдына, дәретханаларға тастап кетiп жатқандар қаншама?!

АНАСЫ БАЛАСЫНА ТЕЛЕФОН СЫЙЛАПТЫ

Семинар аясында бiз ұйымдастырушылар алқасымен бiрге Балалар үйiне барып қайттық. Алғашқы бас сұққанымыз Алматы қалалық № 1 балалар үйi. Мұнда үш жастан он сегiз жасқа дейiнгi балалар тәрбиеленуде. "Балалар үйi" деген аты қалай суық естiлетiн болса, аулаға кiрген кездегi көрiнiстер де көңiлiмiзге ауыр тидi. Балалардың ұйықтап жатқан уақы¬тына сәйкес келгенбiз бе, көбi, әсiресе кiшiректерi ұйқыда екен. Бiздi аулада аталмыш үйдiң (Балалар үйiнiң) директоры Зияда Нағашыбайқызы Қыстаубаева қарсы алды. Бүгiнде бұл үйде 214 бала тәрбиеленiп жатыр.

Зияда Нағашыбайқызы кезегiмен балалар үйiн таныстыруға кiрiстi. Арамызда БҰҰ балалар қоры өкiлдерi, қалалық балаларды қорғау департаментi өкiлдерi, бiр топ журналистер бәрiмiз бiрге асықпай балалардың бөлмелерiн аралап шықтық. Iшке кiргенiмiзде көзге түскенi, қабырғаларға iлiнген суреттер мен нақыл сөздер болды. Көңiлiмiздi жұбатқаны да сол сөздер. Ұлы Абайдан бастап, қазақтың игi жақсыларының өлеңдерiнен, нақыл сөздерiнен алынған қанатты сөздер қабырғаларда көптеп кездеседi. Әр бөлменiң сыртындағы жазулар да қазақ тiлiнде. Демалыс орындары, жатын бөлмелер, әртүрлi үйiрмелердiң сыртында да қазақша жазылған.

Зияда апай балалардың бiрқатарымен бiздi таныстырып шықты. "Балалардың бәрi жаман емес. Бәрiмiз бiр-бiрiмiзбен доспыз", — дейдi Зияда апай. Мұнда үш жастан он сегiз жасқа дейiнгi балалар тұрады екен.

– Балаларды жиi асырап алып жата ма? – деп сұрадық Зияда апайдан.

– Асырап алып кететiндер де бар. Бiрақ, олардың көпшiлiгi үш-төрт жасқа дейiнгi балаларды сұрайды.

– Iштерiнде аналары келiп тұратындары бар ма?

– Анасымен кездесетiн де балалар бар.

– Анасын көргеннен кейiн балаға қиын болмай ма?

– Әрине, қиын болады. Анасымен кеткiсi келмейтiн бала болушы ма едi. Бәрiнiң де өз үйiнде тұрғысы келедi. Жақсы болсын, жаман болсын, анасы ғой. Кез келген бала анасын күтедi. Бiрақ, бiрiншi анасы баланың тағдырына алаңдауы қажет емес пе? Баласын көрiп, баласымен кездесiп тұрған сәтте ана екендiгiн сезiнбесе, баласына деген жүрек жылуы болмаса, ондай анадан не күтесiз? Анасы келедi, кетедi, ал бала қалады. Сол сәттегi баланың көңiл-күйiн сөзбен жеткiзу мүмкiн емес.

– Сiз олардың анасына осы туралы айтып көрдiңiз бе?

– Олардың не айтатыны белгiлi ғой. "Пәтерiм жоқ, баланы асырауға мүмкiндiгiм жоқ" дейдi.

– Ал, бұл жерден бала асырап алғандардың iшiнде баланы қайтадан қайтарғандары болды ма?

– Осында жұмысқа келген алғашқы жылдардың бiрiнде бiз бiр баланы өзiмiз қайтарып алдық. Әуелде ол баланы тәрбиелi отбасы асырап алады. Кейiн күйеуi мен әйелi ажырасып кетедi де, кейiнiрек әйелi Барахолкада жұмыс iстейтiн бiр адаммен көңiл қосып, баланы қартайған шешесiне тастап кетiптi. Қарияның баланы асырауға жағдайы жетпейтiн болған соң, Марлендi қайтарып алуға тура келдi. Қазiр ол бала арнайы интернатта оқып жатыр.

– Соңғы кездерi бала асырап алғысы келетiн шетелдiктердiң көбейгенi белгiлi. Сiздерде де ондай жағдайлар кездесе ме?

– Үш жылдай болды, шетелдiктер ешқандай бала асырап алған жоқ. Қазiр осыған байланысты заң жүйесi қатал.

– Оған дейiн бала асырап алып кеткендер болды ғой.

– Болды.

– Олардың жағдайларын бiлiп тұрасыз ба?

– Ондай сұрақтардың бәрiмен арнайы бөлiмдер айналысады.

– Мұндағы балалар әртүрлi ұлттардан жинақталған шығар?

– Иә, әртүрлi ұлттардың өкiлдерi бар

– Арасында қазақ балалары көп пе?

– Жетедi.

– Балалар қай тiлде бiлiм алады?

– Екi тiлде. Соңғы кездерi өзге ұлттардың балалары да қазақ тiлiнде бiлiм алуда.

– Осындағы балалардың көбi тастанды деп жатырсыздар. Олардың аналарын iздеп көрдiңiздер ме?

– Екеуiнiң анасын тапқанбыз. Ұл баланың анасы баласын көргiсi келген жоқ. Ал Әйгерiм деген қызымыз қазiр анасымен бiрге тұрып жатыр.

– Уақыт өте келе, өзiнiң кiнәсiн сезiнiп, баласын қайта алып кететiндей жағдайлар жиi кездесе ме?

– Жоқ, мұндай жағдайлар сирек. Тiптi, осындағы бiр баланың анасы баласын алып кетудiң орнына телефон сыйлапты. «Балаға телефон не үшiн қажет?» десек, "сөйлесiп тұрамыз" дейдi. Телефонмен сөйлескен ананың ыстық ықыласы болып санала ма, балаға телефоннан гөрi, отбасының жылуы қажет емес пе?

"БАЛАСЫН ТАСТАҒАН АНАҒА АЛИМЕНТ ТӨЛЕТУ КЕРЕК"

Бұдан кейiн бiз қазақ балаларының, яғни қазақ тiлiнде оқитын балалардың бөлмесiне кiрдiк. "Жанұя" деп аталатын бөлмеде әр жастағы қыздар мен ұлдар сабаққа дайындалып отыр екен. Бiздi көре салысымен, олар орындарынан тұрып, амандасып жатты. Балалардың жас ерекшелiктерiне қарамай, бiрге дайындалуын, үлкендерiнiң кiшiлерге көмектесетiндiгiмен түсiндiрдi тәрбиешiлерi. Алдыңғы қатарда отырған Гүлнәр мен Аиданың жастары сегiз-тоғыздарда. Бiрi – математикасын, бiрi – жазу сабағын қарап отыр. Жүзiн төменшiктетiп алған қараторы қыздан есiмiн сұрағанымызда, көзiн төмен салған күйiнде "Гулнара" деп жауап қайырды. Үн-түнсiз қолындағы қаламымен қағаз бетiн шимайлап қояды.

– Сабағың қалай, Гүлнәр? – деген сауалымды да жауапсыз қалдырды. Аида болса, өзiнiң екiншi сыныпта оқитынын айтты. "Беске оқисың ба?" деп едiм, "Иә" деп жауап қайырды.

Мұнда тастанды балаларды да, жетiмдердi де, көшеде қаңғып қалған жерiнен келгендердi де кездестiруге болады. "Қаншама қиын болса да, тәрбиелеуге тырысамыз" дейдi Шәрипа апай. Ол кiсiнiң Балалар үйiнде жұмыс iстеп келе жатқанына жиырма жылға жуықтапты. Осы уақыт iшiнде қаншама тағдырлармен кездескенiн айтады.

– Әр бала өзiнiң отбасымен бiрге болғанын қаламайды дейсiң бе? Осы балалар отбасын жоқтамасын деп, қолымыздан келгенiмiзше мейiрiмiмiздi төгуге тырысамыз. Өзiмнiң балаларым бар. Бұларды сол балаларымнан кем көрмеймiн. Бауыр басып кеткенiм сонша, кейде, екi-үш күн көрмесем, сағынып тұрам.

– Аналарын жиi iздей ме?

– Көбiсi сұрамайды. Өздерi де iштей сезетiн сияқты…

"Қолөнер бөлмесi" деп аталатын бөлмеге кiргенiмiзде, қабырғалардың бәрi балалардың қолынан шыққан дүниелермен көмкерiлген. Ине мен жiптi қолдарына ұстаған үш-төрт бала бiзге назар салмастан алдарындағы тоқымаларымен әуре болып жатты. Өзiнен әлдеқайда үлкен тоқыманы қолына алып, ынта-шынтасымен iс тiгiп отырған баланың жанына жақындадым. Баланың жасы тоғыз-ондар шамасында-ау, деп жобалағам. Расында да он бiр жаста болып шықты.

Есiмiн "Әлiшер" деп атаған қара торы баланың жүзiнен өз iсiне деген сүйiспеншiлiгiн аңғаруға болады.

– Әлiшер, мұны тоқып бiтiрген соң, не iстейсiң? – дегенiмде,

– Сатуға жiберемiз, – деп жауап қайырды.

– Бұдан басқа қолыңнан тағы не келедi?

– Домбыра тартамын.

– Ән айтасың ба?

– Жоқ, күй тартамын. Сурет те саламын.

Әлiшер түрлi байқауларға да қатысыпты. Кiп-кiшкентай баланың өнерге деген құлшынысы бiздi де сүйсiнтiп тастады.

Балалар үйiндегi балалардың жиырма бес пайызы ғана ата-анасы жоқ тұл жетiмдер болса, қалған жетпiс пайызы тастанды балалар. Олардың көбiнiң әке шешелерi ата-аналық құқықтан айрылған. Ата-ана құқығынан айрылса да, өмiрге бала әкелiп, оның жауапкершiлiгiн сезiнгiсi келмейтiндер де бар көрiнедi. Тiптi, бiр ана өмiрге төрт сәби әкелiп, оның төртеуiн де Балалар үйiне өткiзiптi. Төртеуiн төрт әкеден тапқан «көкек ана» өмiрге келген баласына аналық махаббатын берудi мүлдем ойламайды да екен. Осындай жағдайлар сөз болып жатқанда, "Қазақстан дағдарыс орталығы ұйымының" меңгерушiсi Зулфия Байсакова балаларын тастап кетiп жатқан ата-аналарға, әсiресе, аналарға алимент төлету қажеттiгi идеясын айтты. Мүмкiн, ана сонда ғана өз жауапкершiлiгiн сезiнетiн шығар.

"ҚАЗАҚША СӨЗДЕРДI ЕСТIДIМ, БIРАҚ ТҮСIНЕ АЛМАДЫМ"

Семинардың екiншi күнiнде БҰҰ балалар қорымен бiрге ерiктiлер ұйымы да бiзге ерiктiлер туралы дәрiс оқыды. Олардың арасында италияндық Симона Галлеза да бар. Ерiктiлердiң мақсаты, әлемде адам тағдырына жанашырлық таныту екендiгi бесенеден белгiлi. Бiрақ бiздi қызықтырған, италияндық қыздың қазақтар туралы ой пiкiрi едi.

– Қазақстанға қай кезде келдiңiз?

– Осы жылдың ақпан айында.

– Сiзге мұнда ұнады ма?

– Әуелде түк те ұнаған жоқ. Ал қазiр ұнайды.

– Әуелде неге ұнамады?

– Мұнда келгенге дейiн посткеңестiк елдердiң мәдениетi, тыныс-тiршiлiгi туралы естiп, көрiп те бiлмегем. Сондықтан, әуелi өзiмдi қалай ұстарымды бiлмедiм. Жан-жағымды толықтай бiлу үшiн уақыт қажет болды. Қалаларды көрдiм, адамдармен жақынырақ араласа бастадым. Сөйтiп, қазақтарға да бауыр баса бастадым.

– Бұған дейiн Қазақстан туралы, қазақтар туралы естiп пе едiңiз?

– Жоқ. Мен әлемнiң тоғыз мемлекетiнде болдым. Бiрақ бұған дейiн бұл ел туралы естiген емеспiн.

– Қазақстанға дейiн қай мемлекеттерде болдыңыз?

– Еуропада, Африканың кейбiр елдерiнде, Оңтүстiк Америкада қызмет атқардым.

– Посткеңестiк елдердiң арасында ше?

– Қазақстанда ғана.

– Неге Қазақстанды таңдадыңыз?

– Италияның Сыртқы iстер министрлiгiнен осында қызмет атқаруға жолдама алдым. Онда бiзге қай мемлекеттi таңдау мүмкiндiгi болмайды, қай жерге жiбередi, сол жерге барамыз.

– Қазақтың ұлттық тағамдарын жеп көрдiңiз бе?

– Кәуап, манты жедiм.

– Мұнда қай уақытқа дейiн боласыз?

– Бiр жылдай.

– Қазақ тiлiнде естiп, сөйлеп көрдiңiз бе? (Симонамен әңгiмемiз орыс тiлiнде жүрдi. Г.Б.)

– Естiдiм, бiрақ, түсiну қиын екен.

– Қазақша үйренгiңiз келмей ме?

– Үйретсе, үйренер едiм.

БҰҰ ерiктiлер бағдарламасының қоғам¬мен байланыс бөлiмiнде ассистентiк қызмет атқарып жүрген Симонаны таң қалдырған тағы бiр нәрсе – Астананың суығы көрiнедi. Астанамен салыстырғанда, Алматы жылырақ екен дейдi. Екi-үш күнде Астанаға қайтатынын ойлағанда, суықты тағы бiр еске түсiрiп қойды. Қысы жылы Еуропа жерiнен келген қыздың есiнде Астананың суығынан басқа ешнәрсенiң қалмайтыны өкiнiштi-ақ. Италияндық қыздың қазақтың тiлiнде сөйлеп, қазақтың салт-дәстүрiн көрмегенi өзегiмiздi өртейдi. Ертең төрт-бес айдан кейiн Италиясына қайтадан Симона қазақтарды қандай ұлт деп бағамдап қайтар екен.

P.S. Балалардың, әсiресе тастанды балалардың тағдыры бiр мақаламен шешiле қояр ма екен. Кез келген баланың ата-ананың жылуымен, ыстық алақанның мейiрiмiмен өскенiн қалайтын болсақ, тастанды балалардың тағдырына алаңдауымыз қажет. Денi сау бала өмiрге келсiн десек, денi сау ұрпақ өсiп жетiлсiн десек, қазақ қоғамында белең алып бара жатқан бұл мәселенiң түйiнiн шешкенiмiз абзал. Тастанды балалардың арасында қаракөздердiң жыл сайын көбейiп бара жатқаны да жүректi қынжылтады. Ендеше, қара баланың тағдырына немқұрайлы қарамайық десек, әуелi соларды болдырмаудың жолын шешейiк. Үй-жайсыз, арнайы интернаттарда тәрбиеленiп жатқан қарадомалақтар өркениеттiң табалдырығын сiзбен бiрге аттап келе жатқандығын да естен шығармаған жөн.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары