ЕЛIМIЗДЕ НЕГЕ ӨЗГЕ МЕМЛЕКЕТКЕ БАҒЫНЫШТЫ ӘСКЕР БОЛУЫ КЕРЕК?
ЕЛIМIЗДЕ НЕГЕ ӨЗГЕ МЕМЛЕКЕТКЕ БАҒЫНЫШТЫ ӘСКЕР БОЛУЫ КЕРЕК?
Кавказдағы бүгiнгi болып жатқан жағдай – iрi державалардың стратегиялық бағыты мен саяси ұстанымының айқын көрiнiсi. Өкiнiшке орай, оның әсерi отаршыл империяның күйреуi салдарынан пайда болған тәуелсiз мемлекеттердiң саяси өмiрiне де өз ықпалын тигiзiп отыр. Державалардың саяси ойындарындағы ұстанымдарының қайшылықтарынан аз санды халықтар ойыншыққа айналып, зардап шегуде.
Ресей мен Грузия арасындағы қақтығыс – бұрынғы империялық саясат жүргiзiп келген этнос өкiлдерiнiң өткен, өздерiнiң үстемдiк құрған замандарын аңсайтындықтарын анық дәлелдеуде. Олай деуiмiзге "Лад" славяндар қозғалысы мен Қазақстандағы казактар бiрлестiктерiнiң Қазақстан үкiметiн Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның тәуелсiздiгiн қолдауға ықпал жасап, итермелеуi себеп болып отыр. Өздерi Қазақстан азаматы бола тұра Ресейдiң сыртқы саясатының мүддесiн қорғауы – олардың жақында жасаған мәлiмдемелердiң мазмұнынан анық көрiнiп тұр. Елiмiздiң заңы мен мүддесi негiзiнде, Қазақстан патриотизмi мен елiмiздiң мүддесiн негiз ете отырып жұмыс iстеу – республикадағы әрбiр азаматтың қасиеттi борышы болуы шарт. Қазақ жерiнде тұрып, өздерiн Қазақстан азаматымыз дейтiн славян этносы өкiлдерiнiң басым көпшiлiгi бұлардың бағыттарын қолдайтындығына үлкен күмәнiмiз бар. Жоғарыдағы ұйымдардың басқа державаның қолдаушысы болып, Ресей империясының келмеске кеткен отарлық дәуiрiн аңсауы – бiздiң ашу-ызамызды тудырады. Бұл әрекеттерiнiң салдары Қазақстандағы ұлтаралық қатынастарға зиян келтiрiп, теке-тiрестiк пен сеператизм идеясын туғызып, елiмiздiң тәуелсiздiгi мен бiртұтастығына қауiп төндiретiндiгi де белгiлi.
Бiздi Ресейдегi "Большой кругiне" бағынышты, елi¬мiзде әскери құрам ретiнде ресми қызмет жасап отырған казактар бiрлестiктерiнiң көзқарастары қатты алаңдатуда. "Казачествоның" ешқандай этностық нышаны болмаса да, Ресей империясының патша әскерiнiң құрамында Қазақстан, Орта Азия және Сiбiр халықтарын отарлау мен жазалаудағы рөлiн бiле отырып, олардың ресми түрде тiркелiп, ашықтан ашық жұмыстарын жасап, iс-әрекеттерiн жүргiзу – Конституция мен Қазақстан Республикасының "Қоғамдық бiрлестiк туралы" Заңының 5-бабының 3-тармағына қайшы келедi және тәуелсiз ұлттық мемлекет құрып жатқан қазақ халқының тарихына жасалған қиянат деп бiлемiз. Қазақстан егемендi ел болғаннан берi қарай Орал және Өскемен қалаларында, Алматы облысында казак ұйымдарының арандатуға бағытталған iс-әрекеттерi өз кезiнде үкiмет пен құқық қорғау орындарының назарынан тыс қалғаны белгiлi. Сондықтан, егемендi Қазақстан аумағында өзге елдердегi орталыққа бағынатын әскери құрамның болуының заңдылығына күмән келтiретiн уақыт жеттi. Бiздi "Ресей және шетелдегi казактар әскерi Одағы" атаманының Қазақстан аумағындағы өкiлдерiне, Қазақстан үкiметiн Грузияның құрамындағы Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның тәуелсiздiгiн мойындатуға бағытталған жұмыстар жасау туралы бұйрығы да таңғалдырып отыр. Бұл егемендi Қазақ мемлекетiнiң iшкi iсiне өрескелдiкпен қол сұғу ғана болып табылмайды, сонымен қатар, келешекте ұлтаралық кикiлжiңдердiң тууына да жол ашады. Бiздер қазақ пен орыс халықтарының тарихи қалыптасқан достығының сақталуын – мемлекетiмiздiң тәуелсiздiгiнiң кепiлi екенiн ескере отырып, өте нәзiк ұлттық сезiмдi кейбiр топтар өздерiнiң саяси мүдделерiне пайдаланбауын қалаймыз.
Республикалық "Ұлт тағдыры" қозғалысы Қазақстан Республикасының Бас прокурорынан, егемендi Қазақстан аумағында Ресейдiң казактар әскери құрамындағы казачества ұйымдарының мемлекеттiк ресми тiркеуде болуының заңдылығын қарауды өтiнемiз.
Республикалық "Ұлт тағдыры" Қоғамдық Бiрлестiгi