ЖЕРДIҢ ДАУЫ — ЕЛДIҢ ДАУЫ
ЖЕРДIҢ ДАУЫ — ЕЛДIҢ ДАУЫ
Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстары бойынша өңiраралық жер инспекциясы өз құрылымын жаңадан бастаса да мемлекет мүддесiне орай бiрқатар шаруаларды атқарып жатыр. Бұл мекеме қызметкерлерi саябақтар мен жалпы пайдаланудағы жерлердегi заңсыздықтарды жою барысында табанды күрес жүргiзiп, нақты кiнәлiлерге айыппұлдар салып, бюджетке қомақты қаржы түсiрiп келедi. Осы орайда әртүрлi заң бұзушылыққа жол берген азаматтар өз кiнәсiн мойындаудың орнына әртүрлi айла-шарғыға барады. Өтiрiк пен өсекке құрылған арыз-шағымдар ұйымдастырып, кейбiр басылымдар арқылы қоғамдық терiс пiкiрлер тудырып, бар кiнәнi Жер инспекциясы мекемесiнен iздегiсi келедi. Бұл дұрыс қадам емес.
Дегенмен, Оңтүстiк Қазақстан облысында жер дауының ушығуында ең алдымен жер бөлетiн атқарушы билiктiң, тiкелей ел басқаратын әкiмдердiң кiнәсi барын прокуратура нақты құжаттармен айғақтап отыр. Оңтүстiк Қазақстан облысының прокуратурасы " . . . Алайда әкiмдер мен жергiлiктi атқарушы органдардың лауазым иелерi бұл талаптарды өрескел бұза отырып, Шымкент қаласындағы саябақтар мен басқа да жалпы пайдаланыстағы жерлерге түрлi нысандардың заңсыз салынуына жол берген" дей келе, бұрынғы билiктегi әкiмдердiң көптеген заңсыз тiрлiктерiн атап өткен.
Осыдан-ақ жер бөлуде кейбiр заңсыз шешiмдер мен қаулыларға әкiмдер қол қойып, заңсыз тiрлiктер жасағанын аңғаруға болады. ҚР Жер Кодексiнiң 43-бабына сәйкес жер бөлу бұрынғы жер ресурстарын басқару жөнiндегi басқарманың да, қазiргi өңiраралық Жер инспекциясының да құзырына жатпайтыны белгiлi.
Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстары бойынша өңiраралық Жер инспекциясының бастығы Бақтыбек Нақыпбековтың пiкiрiне құлақ ассақ, жер инспекция мекемесiнiң жетiстiктерi мен проблемалары да бар көрiнедi. Осы мәселелер туралы ол былай дейдi: "Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстары бойынша өңiраралық жер инспекциясы 2007 жылдың басында құрылды. Әйтсе де, бұл бұрын мұндай бақылаушы орган болмаған дегендi бiлдiрмейдi. Бұған дейiн де жердi қорғау мен тиiмдi пайдалану жұмыстарын қадағалау жұмыстары әр облыста жүргiзiлiп келген болатын. Мекеменiң негiзгi орталығы осы Шымкентте орналасқан. Кадастрлық және мониторингтiк бөлiмдерiмiз жұмыс iстейдi. Бiзге бекiтiлiп берiлген штат саны — 39. Жамбыл, Қызылорда облыстары бойынша Тараз бен Қызылордада бөлiмдерiмiз ашылған, әрқайсысында 10 адамнан бар. Менiңше, бұл — өте аз. Мәселен, Оңтүстiк Қазақстан облысының өзiнде жер иеленушi мен пайдаланушылар жарты миллионнан да көп. Ал мұндағы жер инспекторымыздың саны 10-нан аспайды. Орта есеппен алғанда бiр инспекторға 50-70 мыңдай жер пайдаланушыны қадағалауына тура келедi. Бұл өте қиын шаруа. Бiзде жұмыс былай қалыптасқан. Бiр жылдық жоспар жасап аламыз. Қай жерде қандай объектi бар, қай жерде заң бұзушылықтар орын алып жатыр, алдымен соны бiлiп алуға тырысамыз. Әрине, бұл iсте жергiлiктi жер қатынастарын реттеу басқармасының көмегiне сүйенуiне тура келедi. Солармен ақылдасып, қай уақытта қайда тексеру жұмыстарын жүргiзетiнiмiздi белгiлеп алып, прокуратураға тiркеуге жiберемiз. Жұмыстың заңдылығы солай. Сосын оны жоспарымызға енгiземiз. Кейде жылдық жоспардың өзi жұмыс барысына қарай өзгерiстерге ұшырап отырады. Одан басқа халықтан келiп түсетiн арыз-шағымдар бар. Оларды да қанағаттандыру керек. Бiрақ, бәрiбiр, бәрiн толық қамти алмай жатырмыз. Өйткенi, қазiргiдей жағдай "қой үстiнде бозторғай жұмыртқалады" дейтiн КСРО кезiнде де болған емес. Дәл бүгiнгiдей жер қатынастары дамымаған едi. Жер иеленушi мен пайдаланушы көбейген сайын дау да, келiспеушiлiк те, заң бұзушылық та аз болмайды. Мәселен, бiз айына 53 мәрте тексеру жұмыстарын жүргiзген болсақ, соның 51-iнде заң бұзушылықтар тiркелген. 2008 жылдың 4 айында үш облыстың аумағында 262 тексеру жұмыстары жүргiзiлсе, соның 232-сiнде заң бұзушылық орын алған. ҚР Жер заңнамаларын бұзу фактiлерi бойынша әкiмшiлiк iстер қозғалып, бiреуiне ескерту берiлiп, 231 тұлғаға айыппұл салынды. Оның жалпы сомасы 11 млн. 45730 теңгенi құрайды. Айыппұлдың 2 млн. 369 740 теңгесi өз еркiмен төленсе, 3 млн. 262 440 теңгенi сот арқылы өндiрiп алуға тура келдi. Сонымен барлығы — 5 млн. 632180 теңге, яғни айыппұлдың 51 пайызы мемлекет бюджетiне өндiрiлдi. Бұл процес одан әрi жалғаса да бередi. Мәселе бұл жерде айыппұл өндiрiп алуда емес, заң бұзушылықтар азаймай тұрғандығында болып тұр. Оның бәрiне бiздегiдей штатпен үлгеру өте қиын. Пайдалануға берiлген жерде не болып жатқанын инспекторлар өз көздерiмен көрiп, тексерiп шығады. Ал, кемшiлiктердi бiз барғанға дейiн түзетiп жатса, онда оны қолдау керек. Бiздiң мақсат кемшiлiктер мен жiберiлген қателiктердi тiзiп алып, жазалай беру емес, уақтысынан кешiктiрмей түзету, бастысы — жердi қорғау. Заң бұзушылықтар орын алып жатса, түземесе, онда бiз олардың тiзiмiн жергiлiктi әкiмдерге жолдаймыз. Сосын олар соған тиiстi жаза қолдану туралы шешiм шығарады. Егер оны да орындамайтын болса, iстi сотқа өткiзуге мәжбүр боламыз. Көбiнде айыппұл төлетумен шектелемiз. Қанша дүниесi асып-тасығанымен кiмнiң қайта-қайта айыппұл төлей бергiсi келсiн. Ауырып ем iздегенше, ауырмаудың жолын қарастыру керектiгi секiлдi, заң бұздырмаудың бiрден-бiр амалы — оның не үшiн орын алатынын iс жүзiнде зерттеп бiлу. Өкiнiшке орай, бiздiң ойлағанымызды жүзеге асыратындай мүмкiншiлiгiмiз аз. Аудан, ауылдарды араламасақ та жұмыс кестесiне сәйкес аптаның үш күнiнде облыс орталықтарында жер мәселесiнде халықты қабылдауға мүмкiншiлiгiмiз бар. Арыз-шағымымен келетiндер аз емес. Әр қайсысы әр ауылдан, шалғайдан келуi мүмкiн. Қабылдауға үлгере алмай жататындар да бар. Сондықтан мекеменiң кiре берiсiне арнайы жәшiк орнатып қойдық. Кез келген азамат өзiнiң ой-пiкiрiн, шағымын жазбаша түрде сонда қалдыра алады. Жәшiкке келiп түскен хаттардың бәрiмен де танысып шығамыз. Онда көбiнде жер қатынастарын реттеу басқармасы мен халық арасындағы келiспеушiлiктер баяндалады. "Әкiм рұқсат қағазына қол қойған. Жер қатынастарын реттеу бөлiмi шешiмдi орындамай жатыр…" деген секiлдi. Осыдан-ақ ауыл әкiмдерiнiң жер үлестiруде жиi заң бұзушылықтарға баратынын байқауға болады.
Жәшiк орнату немесе бiр ғимаратта отырып қоғамдық қабылдау жұмыстарын жүргiзу, теориялық зерттеу ғана. Алдағы уақытта штатымыз кеңейiп, мүмкiншiлiгiмiз артып жатса, мiндеттi түрде практикалық зерттеулер жасайтын боламыз. Бұл жерде тағы бiр үлкен мәселе бар. Ол — елдi мекендердiң барлығының дерлiк бас жоспары жоқ. Ал оны күтiп отыра берейiн десе, ауыл халқы өсiп барады немесе өндiрiс ошақтарын ашқысы келетiн шағын және орта бизнес иелерi күтiп тұра бермейдi. Олай етпейiн десе өндiрiсi, жұмысы жоқ ауылдардың тұрғындары қалаларға, аудан орталықтарына көшiп кетiп жатыр. Әкiм не iстейдi? Өндiрiстi дамытып, ауылды одан әрi көркейту мақсатында жер бөлу үшiн бас жоспардың керек екенiн ауыл әкiмi бiлмейдi емес. Оны жасайтын архитекторлар қомақты қаржы талап етедi. Оған арнайы бюджеттен қарастырылған қаражат тағы жоқ. Мiне, заң бұзушылық осындайлардан кейiн пайда болады. Сосын бәрiмiз ауыл әкiмдерiн жерден алып, жерге саламыз. Ол облыс әкiмi не қала басшысы сияқты Жер кодексiнде көрсетiлгендей инфрақұрылымдық жағдай толық жасалынбайынша жер берiлмейдi деп отыра алмайды.
Екiншi бiр мәселе, жердi иеленушiлер мен пайдаланушылардың арасында өздерiнiң заңды бұзып жатқандығын бiлмейтiндер де бар. Сосын қанша ауыз ауыртып айтқаныңмен, сенi қолдаушылар қанша көп болғанымен бәрiбiр айтылған сөздер сол жерде қалып қойып жатыр. Дәл бiздiң саламызда бақылаудың күшейтiлу керектiгiн екiнiң бiрi айтады. Бiрақ, нақты iске келгенде жергiлiктi атқамiнерлер бұған селқос қарайды. "Құрылысыңды жүргiзе бер, кейiнiрек құжаттарын реттейсiң" деп ақыл-кеңес беретiндер де бар. Аңғал адамдар алданады. Құжат жасатқанға дейiн iстеген iсiнiң заңсыз екенiне, жалпы оның құжаты болатын-болмайтынына да бас ауыртпайды. Бұл бiзде тәуелсiздiк алғанға дейiн-ақ қалыптасып кеткен әдет. Соның соңғы үлгiлерiн Шымкенттегi орман шаруашылығының территориясына 50 үй салып тастағандар көрсеттi. Мұны өз бетiнше басып алу дейдi. Сол үйлердi бұздырғанымызда, тiптi оның арасында сұраушысы жоқтары да болды. Өйткенi құжаты жоқ, кейiн жасап алам деп ойлаған да. Заңсыз екенiн өздерi де бiледi. Өкiнiшке орай, инспекция құрылғалы ондай мәселелерден шеткерi қалып келе жатырмыз. Мәселен, құрылыс жүргiзу үшiн рұқсат беретiн қаланың өз комиссиясы бар. Оның құрамында Жер қатынастарын реттеу басқармасы, архитектура, экология, т.б. мекемелер бар. Соның iшiнде Жер инспекциясы жоқ. Егер де комиссияның құрамында болсақ, сол сәтте-ақ заң бұзушылықтардың өтiп кетпеуiне ықпал жасайтын едiк, ойымызды ашып айтар едiк. Ал бiзден өзгелерi неге айтпайды? Себебi олардың бәрi әкiмшiлiктiң қарамағындағы мекемелер. Солай жер бөлiнiп, заңдастырылып берiлгеннен кейiн барып бiз тексеремiз. Мемлекеттiк акт алынып, әдiлет басқармасына тiркелiп қойғаннан кейiн шешiмдi өзгерту оңай болмайды. Тiптi, өзгерiссiз қалатындар да бар. Мiне, байбалам осы жерден басталады. Ал бiз өзiмiздiң емес, мемлекеттiң мүддесiн, мүлкiн қорғайтын мекемемiз, оны ұмытуға болмайды."
Жер инспекциясы өзiне жүктелген мiндеттердi абыроймен атқарып келедi. Тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту барлық дәрежедегi атқарушы органдардың бiрiншi кезектегi мiндетi болып отыр. Бюджеттiң нәтижелiгiн арттыру, тұрғындардың әлеуметтiк әл-ауқатын арттыруға арналмаған барлық шығындарды қысқарту көзделген.
Елбасының халыққа Жолдауында жер телiмдерiн бөлу мәселесiне ерекше тоқталып, ондағы жасырын жер бөлу әрекеттерiнiң тоқтатылып, ашық аукциондар арқылы бөлiнуге тиiс екендiгi аталған.
Астана қаласы мен облыс орталықтары маңындағы жер телiмдерiнiң заңды немесе жеке тұлғаларға сатылып, соңынан олардың көпшiлiгi нарықтық бағамен басқа жер иеленушiлерге ешқандай шығын шығармай-ақ сатылып, мемлекет есебiнен баюға жағдай жасалғаны атап көрсетiлдi.
Осы ретте Қазақстан Республикасының премьер Министрi Кәрiм Мәсiмовтiң 2008 жылғы 15 ақпандағы №37 өкiмiмен құрылған жұмыс тобының берген тапрсымасына сай Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстары бойынша өңiраралық Жер инспекциясы Шымкент, Тараз және Қызылорда қалалары маңынан берiлген жер мәселелерi бойынша сараптама жүргiзiлiп,анықтама дайындалды. Оның нәтижесi бойынша облыс орталықтарында осы мәселеге қатысты барлық органдардың қатысуымен мәжiлiс өткiзiлiп нақты шешiмдермен, хаттамалар қабылданды.
Қазiргi жағдайда қабылданған хаттамалар негiзiнде жергiлiктi атқарушы органдар, Салық комитетi, Әдiлет министрлiгiнiң облыстың аумақтық органдары және облыстық прокуратурамен бiрлесiп облыстық маңызы бар қалалар маңындағы 10 км. шеңберге кiретiн жер аумағында жер учаскелерiн берген кезде жер заңнамасының сақталуына талдау жүргiзу әрi қарай жалғасуда.
Жергiлiктi атқарушы органдармен мемлекеттiк объектiлердi орналастыру үшiн қажеттi жер учаскелерiн толықтыру, орналасқан жер иелерi мен жер пайдаланушылармен келiссөздер жүргiзу және басқа да анықталған мәселелер өз жалғасын табуда.
Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстары бойынша өңiраралық жер инспекциясының негiзгi жұмысы жердi пайдалану мен қорғауға мемлекеттiк бақылау жұмыстарын жүргiзу барысында 2008 жылдың iс-шаралар жоспарына сәйкес 2008 жылдың 4 айында жер заңдылықтарының сақталуын бақылау жасау мақсатында Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстары бойынша облыстық маңызы бар қалалар аумағындағы кәсiпкерлермен жер пайдалануы, мемлекеттiк жер кадастрының дұрыс жүргiзiлуi, жерге орналастыру жұмыстарының орындалуы, жер учакесiн сәйкестендiру құжаттарының болуы, пайдалы қазба байлықтарын өндiруде және жергiлiктi атқарушы органдар шешiмдерiнiң Қазақстан Республикасы жер заңдарына сәйкестiлiгiне тексеру жүргiзiлдi.
2008 жылдың 4 ай көлемiнде барлығы 262 тексеру жүргiзiп, осы тексерулер бойынша 232 заң бұзушылық анықталды.
Тексерулер нәтижесiнде анықталған Қазақстан Республикасы жер заңнамаларын бұзу фактiлерi бойынша әкiмшiлiк iстерi қозғалып, заң бұзушылық жiберген тұлғалардың 231 айыппұл салынып, 1-не ескерту берiлдi, мұнда салынған айыппұлдың жалпы сомасы 11 млн. 045 730 тенге. Осы салынған айыппұлдың 2 млн. 369 740 тенге өз еркiнмен төленiп, 3 млн. 262 440 тенге сот арқылы өндiрiлiп, барлығы 5 млн. 632 180 тенге жалпы салынған айыппұлдың 51%-ы мемлекеттiк бюджетке өндiрiлдi
Айыппұл түрiнде шара көрiлген жеке немесе заңды тұлғалар 40 күн мерзiмде өз еркiмен төлемеген жағдайда, инспекция оны әкiмшiлiк сот арқылы мәжбүрлеп өндiрумен айналасуда.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2007 жылдың 15 қарашада Қауiпсiздiк Кеңесiнiң отырысында берген тапсырмасына сай жер қойнауы пайдалы қазба байлықтарын өндiрумен айналысатын тұлғалар елдiмекендер құрылысы, ерекше қорғалатын аумақтар, су белдеулерi және азаматтардың көпшiлiк демалыс орындарында жер заңдылықтарының сақталуын тексеру арқылы, анықталған кемшiлiктердi жою мен мемлекетке келтiрiлген зиянды қайтару мәселелерi жөнiнде жұмыс атқарылуда. Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстары көлемiнде жер пайдалы қазба байлықтарын өндiрумен айналысатын барлығы 103 тұлғалар бойынша сараптама жасалынып, оның iшiнен жер заңдылығын бұзушылыққа жол берген 75 тұлғалар бойынша әкiмшiлiк iстер қозғалып, нәтижесiнде 3 млн.3200 тенге айыппұл салынды, одан әрi анықталған заң бұзушылықты жою жөнiнде нұсқамалар берiлдi.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2008 жылғы 21ақпандағы №178 қаулысына сәйкес орта және кiшi кәсiпкерлерге тексеру жұмыстарын 2008 жылдың 31 желтоқсанға дейiн жүргiзуге мараторий жарияланып тоқтату белгiленген, сондықтан инспекция өзiнiң 2008 жылғы жұмыс жоспарын негiзiнен мемлекеттiк мекемелердi тексеруге арнады, мұнда негiзiнен жергiлiктi атқарушы органдар шешiмдерiнiң Қазақстан Республикасы жер заңдарына сәйкестiгiн анықтау үшiн 2008 жылы 71 әкiмшiлiк тексерiлiп, 26 заң бұзушылық анықталды.
Анықталған Қазақстан Республикасы заңнамалары бұзу фактiлерi бойынша әкiмшiлiк iстер қозғалып, 804800 мың теңге көлемiнде айыппұл салынды,мұндай кемшiлiктердi алдағы уақытта болдырмау мақсатында тиiстi нұсқамалар, ұсыныстар берiлдi. Ұсыныс негiзiнде 46 ауыл әкiмдерiнiң шешiмдерiнiң күшi жойылып, заң бұзушылық фактiлерi тоқтатылып жойылды.
Сонымен қатар жерге орналыстыру құжаттамаларын дайындауда заң бұзушылыққа жол берген атқарушы органдардың жер қатынастары бөлiмдерiнiң қызметкерлерi мен Мемлекеттiк Ғылыми өндiрiстiк орталығы еншiлес кәсiпорнының кадастр бюролары қызметкерлерiне тиiстi әкiмшiлiк шара көрсетiлген және оны алдағы уақытта болдырмау мақсатында тиiстi ұсыныстар жасалды.
Жерге орналастыру жобасын дайындау, нақты орналастыру мен пайдалануға, иеленуге құқық беретiн құжаттарды дайындауда өрескел кемшiлiктер жасаудың салдарынан жер даулары азаймай отыр. Мұнда, әсiресе, жерге нақты орналастыруда қателiктер жасау нәтижесiнде қабаттастырып жер бөлу, электронды карта мен кезекшi картаны бiрыңғай жүргiзбеу, әсiресе мүлiкке рақымшылық жасау кезеңiнен кейiн заң бұзушылық бiрқатар өрiс алды.
Елдiмекен жерлерiнде және тұрғын үй құрылысы мен жеке қосалқы шаруашылықтарына жер бөлу барысында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы қабылдаған № 726 қаулысының талаптары сақталмай келедi.
Елдiмекеннiң бас жоспары бекiтiлместен, тиiстi инфроқұрылым жасалмай, бұрын ауылшаруашылығында пайдаланып келген бағалы жер телiмдерi елдiмекен шегiне енгiзiлiп, стихиялы түрде оны тарату орын алуда.
Осы кемшiлiктерге қатысы бар қызметкерлерге инспекция тарапынан көрсетiлген әкiмшiлiк шара мен ұсыныстар негiзiнде Мемлекеттiк Ғылыми өндiрiстiк орталығы мен арнайы лицензиясы бар заңды тұлғалар 9 қызметкерiн жұмыстан босатты, 8 қызметкерге сөгiс берiп, 4 қызметкерге ескерту бердi.
Сонымен қатар, облыс орталықтарында саябақтармен қатар жалпы пайдаланудағы скверлермен қатар қала құрылысын жүргiзудегi "Қызыл сызықтың" сақталуы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су күзету аймақтары мен су объектiлерi жерiнiң пайдалануында заңдылықтардың сақталуын қадағалауды күшейту болып отыр. Осы бағытта атқарылған жұмыстарда заң бұзушылықтарға айыппұл немесе нұсқама берумен шектелмей, заң бұзушылықты түпкiлiктi жоюға тиянақты түрде жұмыс жүргiзудi мiндеттеп отырмыз.
Нәтижесiнде соңғы бiр жарым жыл көлемiнде түрлi сот органдарына жоғарыда аталған бағыттарда 73 талап арыз берiлiп, 43 шешiм Жер инспекциясының пайдасына шешiлдi.
Оңтүстiкте жер дауына қатысты мәселелер өз ретiмен заң жолымен шешiлiп келедi.
Бiздiң қолымыздағы ресми деректерге сүйенсек, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстары бойынша өңiраралық жер инспекциясының жұмыстарына оң баға беруге болады. Өйткенi, Республика бойынша бұл Жер инспекциясы өздерiнiң жақсы, тиянақты жұмыстарымен алдыңғы қатарда келедi. Ел үшiн еңбек етiп жатқан бұл ұжымға әрдайым сәттiлiк тiлейiк.
Балтабек ТYЙЕТАЕВ