МӘСКЕУ КЕҢЕС ОДАҒЫН АҢСАЙТЫНДАЙ

МӘСКЕУ КЕҢЕС ОДАҒЫН АҢСАЙТЫНДАЙ

МӘСКЕУ КЕҢЕС ОДАҒЫН АҢСАЙТЫНДАЙ
ашық дереккөзі
218

Ресей мен Грузия арасындағы шиеленiстiң соңы бiтер емес. Күн өткен сайын жаңа бiр қырлары ашыла түсуде. Ал, Ресей өзiне одақ iздеп шарқ ұрды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының да (ШЫҰ), Ұжымдық қауiпсiздiк жөнiндегi кеңестiң де саммитiн өткiзiп, бұрынғы Кеңес Одағы мемлекеттерiн өзiнiң сөзiн сөйлеуге үгiттеудей-ақ үгiттедi. ШЫҰ-да оған мүше мемлекеттердi белгiлi бiр деңгейде өз дегенiне көндiрген сыңайлы болған Медведев бәрiбiр ең басты мәселеге — Абхазия мен Грузияның тәуелсiздiгiн тануға қол жеткiзе алмады.

Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесi ұйымының саммитiнде де солай. Стратегиялық әрiптестер әзiрге Грузияның тұтастығына нұқсан келтiрер мәлiмдеменi жасауға асықпай отыр. Грузияны агрессор ретiнде айыптап, Ресейдiң Кавказ аймағында бейбiтшiлiк орнату мақсатын қолдаудан аса алмады. Бiрақ, осының өзi Ресей президентiн қанағаттандырды. Дмитрий Медведев Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесiнiң саммитiнен кейiн журналистерге өткiзген брифингте: "Мен посткеңестiк елдерден бұдан өзгенi күткен жоқпын. Ұжымдық қауiпсiздiк ұйымына мүше мемлекеттердiң әрқайсысы өзiнiң ұлттық мүддесiне орай, Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның тәуелсiздiгiн қабылдау қабылдамау жайлы шешiм қабылдай алады. Сондықтан, стратегиялық әрiптестерiмнiң сақтығын түсiнемiн" деген екен.

Алайда, Ресей стратегиялық әрiптестерiн немесе кеше қол астында болған мемлекеттердi экономикалық тәуелдiлiкте мықтап шегелеуге кiрiстi. Түркiмен мен Өзбекстанның газы, Қазақстанның мұнайы, т.б. да энергоресурстар Ресей территориясы арқылы тасымалданады. Ресейдi айналып өтетiн құбырлардың дүниеге келуiне Ресей мүдделi емес, әрi оның жолын бөгеуге тырысып бағуда. Өзбекстан мен Түркiменстанға арнайы сапардың мақсаты осы. Демек, осы арқылы Ресей посткеңестiк мемлекеттердiң аяқ-қолын мықтап матауға кiрiстi. Экономикасы тәуелдi мемлекеттiң сыртқы саясатта белгiлi бiр ұстанымға келуi, өзiндiк көзқарасын танытуы екiталай. Егер, Батыс Ресейге қарсы санкция қабылдауда батыл шешiмге келе алмай отырса, Ресей бұл тұрғыдан өзiндегi көзiрлерiн ешбiр қиналыссыз пайдаланатындығы қақ. Бiз оны Ресейдiң тоқпағына көнбей бұлқынған Украина мен Грузия сабағынан көре аламыз.

Ал, өткен аптаның соңында Кавказ аймағы мен Украинаға арнайы сапармен келген АҚШ-тың вице-президентi Ричард Чейни Ресейдi "КСРО кезiндегi ықпалын қайта орнатуға күш салып жүр" деп айыптады. Италияның Амброзетти қаласында Еуропаның бiрнеше елiнiң басшыларымен кездескен Ричард Чейни Мәскеудi Оңтүстiк Осетия мен Грузия шекарасында бейбiтшiлiк орнатуға бағытталған француз президентiнiң делдал болуы нәтижесiнде қабылданған келiсiмдi бұзып, Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның тәуелсiздiгiн мойындағаны үшiн, энергетикалық ресурстарды Орталық Азия мен Кавказ аймағына саяси қысым көрсету құралы ретiнде пайдаланғаны үшiн, Украина мен Грузияның НАТО-ға енуiне қарсылық танытқаны үшiн айыптады. Оның ойынша "Ресейдiң мақсаты — КСРО кезiндегi билiгiн қайта орнату. Алайда, КСРО адамзат бостандығына қауiп төндiретiн қатер болғаны белгiлi". Дәл осы айыптаудан кейiн Ресей премьер-министрi Путин "Ресей ешқандай елдiң алдында кешiрiм өтiнбейдi" деген мәлiмдеме жасады.

9-қыркүйекте Мәскеуге Николя Саркозидiң басқаруымен арнайы сапармен келген Еуроодақ комиссиясы Ресейдi Грузиядағы бiтiмгершiлiк iсiн аяқтауға үгiттедi. Ресей мен Франция президенттерiнiң кездесуiнен кейiн, мәлiмдеме жасаған Ресей сыртқы iстер министрi Сергей Лавров Кавказдағы бейбiтшiлiкке ендi Еуропа жауап беретiндiгiн айтты. Оның айтуынша, шиеленiс аймағына халықаралық бақылаушылар жiберiлiп, Ресей әскерилерi Оңтүстiк Осетия мен Абхазия аумағының маңайынан шығарылатын болған. Бұл туралы Ресейдiң "утро.ру" интернет газетi мәлiмдеп отыр.

Ресей әскерилерi 15 қазанға дейiн Грузия территориясынан шығарылып, бұрынғы орындарына жайғасатын болады. Ал, халықаралық бiтiмгершiлiк күшi бұл аймаққа 1-қазаннан бастап келедi. Сондай-ақ, Ресей бұл келiсiмде 15-қазанда Женевада өтетiн Кавказ аймағындағы жағдайды реттеу туралы жиынға Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның өкiлдерiн қатыстыруды талап еттi. "Бұл пiкiрталастың қатысушылары құжатта айқындалмаған. Бiрақ бiз Оңтүстiк Осетия мен Абхазия бұндай пiкiрталаста өз орнын алуы тиiс екенiн ескерттiк" дейдi Лавров.

Саркози бұл келiссөздерге қол жеткiзгеннен кейiн Грузияға аттанды. Франция лидерiмен арадағы әңгiмеден кейiн Грузия президентi М. Саакашвили Франция және Ресей басшыларының Кавказ аймағындағы бейбiтшiлiктi реттеу жөнiндегi жоспарымен келiсетiндiгiн мәлiмдедi. "Мен Ресей әскерилерiн халықаралық күштер алмастырады дегенi үшiн бұл құжатқа қол қойдым. Ресей әскерилерiн Грузия аумағынан шығару келiсiмiне қол жеткiзудiң өзi бұл iстiң алға қадам басқанының белгiсi" дедi ол. Саакашвили, сонымен қатар, "Грузия өз егемендiгiнен, өз елiнiң бөлшегiнен ешуақытта бас тартпайды. Тбилиси елдiң бiрлiгi үшiнгi бейбiт күресiн жалғастыра беретiн болады" дегендi айтты.

Сондай-ақ, 9-қыркүйек күнi Ресей Оңтүстiк Осетиямен ресми дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Бұл күнi Оңтүстiк Осетия мен Ресей бiр-бiрiне ресми нота жiберiп, дипломатиялық қарым-қатынастың орнағаны туралы мәлiмдедi. Әрi достық туралы, бiр-бiрiне көмек және әрiптестiк қарым-қатынас жөнiнде келiссөздер дайындауға келiстi.

Сөйтiп, 70 мың тұрғыны бар шағын аумақтың жеке ел ретiнде өмiр сүруiне Ресей алғашқы алғышарттарды жасап бердi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары