ӨЗ ЕЛIНДЕ ӨГЕЙСIНГЕН ҚАЗАҚТАР

ӨЗ ЕЛIНДЕ ӨГЕЙСIНГЕН ҚАЗАҚТАР

ӨЗ ЕЛIНДЕ ӨГЕЙСIНГЕН ҚАЗАҚТАР
ашық дереккөзі
268

— Бiз кеше "жетiмбұрыштан" пәтерде бiрге тұратын қыз таптық.

— "Жетiмбұрышы" несi, аты қандай жаман едi?!

…Құрбым шошып кеттi.

"Жетiмбұрыш" — ауылдан келген, баспана тақсiретiн тартқан барша қазаққа таныс, әрi жарты ғұмыры осымен тығыз байланысты. "Қазаққа ғана таныс" деп отырғанымыздың да жөнi бар. Өйткенi, елiмiздегi өзге ұлт өкiлдерi "жетiмбұрыштың" орысша атауын әлi ойлап тапқан жоқ. Таппайды да. Олар қазақтар секiлдi өз елiнде жетiмнiң күйiн кешiп, баспана iздемейдi де. Оларда адамның әлеуметтiк проблемасының шешiлу тетiктерiнiң бәрi бар: жұмыс, баспана…

Мақатаев пен Қонаев көшесiндегi "Жетiмбұрыш" базарының жуық арада тарқайтын түрi жоқ. Алып қала Алматыға ағылған қазақтар бұл базардың саудасын қыздыруда. Оларды төмендегi топтарға бөлiп қарастыруға болады: студент қазақтар, қара жұмыс күшiнiң ауыр артеллериясын алға жылжытушы қазақтар және жас отбасылар мен жас мамандар. Қаласа да, қаламаса да бәрiнiң басы "жетiмбұрышта" түйiседi. Себебi, басты проблема ортақ — баспана!

Көкiректегi намысқа қанжар сұғып, "жетiмбұрышты" бiз де жағаладық. Пәтерде бiрге тұратын құрбыма: "Ауылдағылар бiздi Алматыда әдемi өмiр сүредi деп ойлайды ғой", — деп iштей ызаға булығып, мұңымды шағып келем. Оның Алматыда менен бұрын тұрған бiр жылдық тәжiрибесi бар емес пе, бәрiне салқынқандылықпен селқос қарайды. Адамдардың ығы-жығы ортада теңселiп жүрген тұсына келгенiмiзде:

— Мiне, осы жерден "жетiмбұрыш" басталады, — дедi. Негiзгi мақсатымыз — пәтерде бiрге тұратын серiктес қыз табу. Алайда, "жетiмбұрышқа" не үшiн келгенiмдi ұмытып қалдым. Бүйiрiңнен түртiп, қолыңнан тартып, әрқайсысы әр тұстан жамырай жөнелдi. "Мына ауданда мынадай бағада пәтер бар" деген сөздерден құлақ тұнды. Әйтеуiр құрбымның соңынан адасып қалмайын деп, iзбе-iз iлесудемiн. Ол: "Әлгiлерге көңiл аударма, олар маклерлер"— дедi. Баспасөзде жазып жүрген соңғы үлгiдегi кәсiптiң бiрi — маклер дегенiңiз осы екенiн санама бiрден түйiп алдым. Маклер болу үшiн де етiң тiрi, сөзiң өтiмдi болу керек екен-ау.

"Жетiмбұрышта" пәтер iздеушiлердiң тоқсан бес пайызы қазақтар. Ал, жалға берушiлер аралас. Бiр басында кемiнде екi-үш үйi бар олар аядай бiр бөлме үшiн, кем дегенде айына 40-50 мың теңге ақшаны тер төкпей-ақ шытырлатып санап алады. Оңынан да, солынан да құдай бере салған "батпан құйрық" деп осыны айтыңыз.

— Бiр күнге жалға берем, вечеринкаға, — деп жасы егде тартқан қазақ әйелi пәтерiн жарнамалауда. Бұған әлгiнде ғана жанымызда тұрған жас жiгiттер бұрылып:

— Тәте, неше болады?— дедi.

— Алтау.

— Қымбат емес пе?

— Менiкi орталықта…

Шамасы студенттер болды. Ауылдан келген бетте өздерiнше "бастаңғы" жасамақ.

Статистикалық мәлiметтерге сүйенсек, елiмiзде 1,5 миллион тұрғынға баспана жетiспеушiлiгi айқын сезiледi екен. 15 миллионнан сәл асар-аспас халқы бар Қазақстанға бұл аз көрсеткiш емес. Егер, шетелдiктер баспана кезегiнде тұрған қазақтарды көрсе, онда Қазақстанды көп ұлтты емес, бiр ұлтты мемлекет деп таныр едi.

Қазақ өнерiне, әдебиетiне еңбегi сiңген азаматтар да баспана iздеп, "жетiмбұрышты" паналағаны белгiлi. Тiптi қазақ поэзиясында баспана мәселесi хақында жазылған өлеңдерден көлемдi антологиялық кiтап құрастыруға болады. Мысалы, Серiк Томановтың қазақтың қиын тағдырының жүгiн арқалаған өлеңi былайша өрiледi:

Жолықтым қалай мен ғарiп күнге,

Жоққа да, барға да мақұлмын.

Жалғыз бөлменi жалға алып, мiне,

Жамбас пұл төлеп жатырмын.

Көкейдегi ойды көп қозғамайын,

Қозғасам болды қаңғырдым.

Көргенде менi көккөз қожайын,

Көргендей болар мал-мүлкiн.

Мұңы емес бұл мұң соқа басымның,

Сонда да қайтем, шыдадым.

Отымен кiрiп отағасының,

Күлiмен қайта шығамын.

Сол боп тұр бүгiн қамқор жан маған,

Өйткенi үйiн жалға алдым.

Талтаңдап келiп қағады арқамнан,

Қалтамды қағып алған күн.

Осылай мiне, он жыл шыдадым,

Мұң бар ма менiң мұңымдай?!

Қожайын айтса, қол қусырамын,

Берiлген адал құлындай.

Тозақы өмiрге төзгенiмменен

Талайды келiп бүрген мұң.

Өгей боп, мiне, өз елiмде мен,

Өз жерiме өзiм кiрмемiн.

Дәл осы өгейлiктi әр қазақ басынан кешiрдi, кешiп те жүр. Бұл ауылдан қалаға келген қазақтардың бiтпейтiн трагедиясына айналды. Қазақ әдебиетiндегi "Алтынкөпiрлiктерден" бастап баспанасыздық үлкен, әрi жанды тақырыпқа айналды. Әлiбек Шегебай "Бiздiң жiгiттер" атты өлеңiнде ащы шындықты айта келiп, қазақ жiгiттерiн "Иманғали беретiн бiр-бiр үйден үмiткер" демеушi ме едi? Ақын заман шындығын жеткiзушi, өлең замана келбетi. Десек те, жас таланттарымыз мемлекет тарапынан берiлетiн үйдi дер кезiнде алып жатыр деп айта алмаймыз. Оларға жағдай үлкен қаланың салқын санасына әбден жегiлген кезде жасалады. Керiсiнше, "темiрдi қызғанда соқ" деген, ауылдан ендi ғана келiп жатқан жас талант иелерiн тегiн жатақханамен қамтамасыз ету керек секiлдi. Сол жерде шығармашылықпен еркiн айналысып, қанаттарын кеңге жаяр жағдай туар едi.

"Жетiмбұрышты" жағалаған қазақтар күн өткен сайын көбеймесе, азаяр емес. Оның негiзгi екi себебi бар. Бiрiншiсi — жұмыссыздық ауылдықтарды жаппай қалаға қарай жетелесе, екiншiсi — қазақ та бiлiм алып, жiберiлген есесiн қайтару керек. Бұдан бiз "жетiмбұрыштағы" қазақтардың жандарының сiрi, рухтарының тiрi екенiн аңғарамыз. Алайда, өгейлiктiң қамыты қашан шешiледi?

Жадыра НАРМАХАНОВА

Серіктес жаңалықтары