ЖЕТI БАСТЫҚҚА — БIР ЖҰМЫСШЫ

ЖЕТI БАСТЫҚҚА — БIР ЖҰМЫСШЫ

ЖЕТI БАСТЫҚҚА — БIР ЖҰМЫСШЫ
ашық дереккөзі
225

— Өткен аптада Қостанай облысы Рудный қаласында өткен халықаралық еңбек форумында Елбасы Н. Назарбаев: «— Үкiмет, мемлекеттiк органдар мен әкiмшiлiктер бизнес құрылымдарымен өзара тиiмдi қатынас формасын жасауы қажет. Сонда ғана кәсiптiк-техникалық бiлiм беру мәселелерiнде мемлекет пен жеке кәсiпкердiң әрiптестiк одағының келешегi жарқын болатынын ашып айтты», — дедi Бiлiм және ғылым министрi Ж. Түймебаев мырза, осы форум жөнiнде сұрағанымызда.

Шiлде айында ғана Бiлiм және ғылым, Еңбек және әлеуметтiк қорғау, Бюджеттi жоспарлау министрлiктерiмен және кәсiптiк-техникалық бiлiм беру ұйымдарының басшыларымен өткiзiлген кеңесте ҚР Премьер-министрi К. Мәсiмов мырза: «Жастардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасау арқылы Қазақстан қоғамының әлеуметтiк тұрақтылығын сақтай аламыз», — деген болатын.

Елбасы 2004 жылдан берi әрбiр жолдауында кәсiптiк техникалық бiлiм беру жөнiнде үнемi айтып келедi. 2006 жылы желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев Президент жанындағы "шетелдiк инвесторлар кеңесiн" өткiзгенде кәсiби техникалых бiлiмдi және жоғары бiлiмдi бiлiктi ұлттық мамандарды даярлаудағы проблемаларға арнап, тез арада бағдарлама жасауға нұсқау бердi.

Соған орай ҚР Бiлiм және ғылым министрiлiгi 2007 жылы қазан айында "Қазақстан республикасындағы кәсiптiк-техникалық бiлiм беру жүйесiн дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын" жасап ұсынды. 2008 жылы 1 шiлде күнi Елбасы қол қойды.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары болған экномикалық қиыншылық бiлiм саласын ойсыратып кеттi. 2000 жылдың басына қарай кәсiптiк мектептерде оқушылар контигентi 2,5 есеге, колледждерде 2 есеге азайды, ауылдық кәсiптiк мектептерде оқушылар контигентi күрт азайып кеттi. Республиканың бiрқатар аудандарында техникалық және кәсiптiк бiлiм беретiн оқу орындары мен жатақханалары жекешелендiрiлдi немесе жабылып қалды, мұның өзi әсiресе ауыл жастары үшiн техникалық және кәсiптiк бiлiм алуға қолжетiмдiлiктi елеулi түрде төмендеттi.

Республикада 2007 жылғы 1 қаңтарға 830 оқу орны, соның iшiнде 320 кәсiптiк мектеп (оның 289-ы — мемлекеттiк, 31 — жекеше), 510 колледж (оның 201-i — мемлекеттiк, 309-ы жекеше) және 1,0 мыңнан астам түрлi оқу курстары, орталықтары жұмыс iстедi.

Iс жүзiнде барлық техникалық және кәсiптiк бiлiм беретiн оқу орындары жұмыс iстегенде моральдық және табиғи тұрғыдан тозған жабдықтарды пайдаланады. Қазiргi уақытта кәсiптiк мектептердiң (лицейлердiң) 122 ғимараты (45 %-i) — күрделi, 115 ғимараты (42,1 %-i) ағымдағы жөндеудi қажет етедi, кәсiптiк циклдiң — 153, жалпы бiлiм беретiн циклдiң — 146 кабинетiн, 108 оқу зертханасын, 78 оқу шеберханасын қазiргi заманғы жабдықтармен жарақтандыру қажет.

Сонымен қатар iс жүзiнде барлық өңiрлерде де жастар арасын¬дағы жұмыссыздық деңгейi жоғары деңгейде қалып отыр; неғұрлым келеңсiз көрсеткiштер Алматы (26%) және Астана (16,4%) қалаларында, Маңғыстау облысында (13,8%), Қостанай облысында (13,6%), Жамбыл облысында (12,7%) байқалады. Республиканың жұмыспен қамтылмаған жастарының елеулi бөлiгiн қазiрдiң өзiнде-ақ мектеп бiтiрген және оқу орындарында оқымайтын еңбек нарығында қажет, жеткiлiктi көлемде практикалық жұмыс тәжiрибесi жоқ 16-19 жастағы жас адамдар құрайды. Еңбек министрлiгiнiң мәлiметi бойынша, техникалық және қызмет көрсету еңбегi мамандарына сұраныс 2010 жылы 560 мың адамнан асады.

Сонымен бiрге кәсiптiк бiлiм сатысы бойынша кадрларды даярлауда сәйкессiздiк орын алып тұр. Кәсiптiк лицейлердегi 1 бiлiм алушыға жоғары оқу орнының 7 студентi келедi. Яғни жетi бастыққа — бiр жұмысшы келедi деген сөз.

Жаңа бағдарлама бойынша:

— еңбек нарығының талаптарына сәйкес бiлiм беру бағдарламалары және халықаралық стандарттары енгiзiлiп, белсендi, интерактивтi оқу технологияларымен жаңартылады.

— инженер-педагог қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн көтерiп, шетелдерде стажировкадан өткiзiп, адам ресурстарын дамыту бойынша ұлттық және салалық кеңестер құрылады.

— 1 оқушыға жұмсалатын шығыстар нормативтерiн анықтау арқылы қаражыландыру жүйесiн енгiзiлiп, материалдық-техникалық базасының инфрақұрылымын дамытып, қайта құрамыз.

Бағдарламаны жүзеге асыруға 58 млрд. 178 млн. 900 мың теңге қарастырылған, соның iшiнде: — республикалық бюджеттiң есебiнен — 40 млрд. 749 млн. 800 мың теңге, жергiлiктi бюджеттiң есебiнен— 17 млрд. 429 млн.100 мың тенге қажет. Бағдарламаны қаржыландыру көздерiне келсек, бюджет қаражаттары, түрлi мүдделi тараптардың үлестiк қатысуымен тiкелей инвестициялар, қорлар мен халықаралық ұйымдардың қаражаттары арқылы iске асады.

Бiрiншi кезекте оқу орны жоқ 24 ауданда салынады. 46 кәсiптiк-техникалық бiлiм ордасы, 41 жатақхана салынып, 4 өңiраралық оқу орталығы ашылып, 54 оқу орындары интерактивтi тақталармен жабдықталып, 6 млрд. теңгеге шеберханалар мен зертхана құрал-жабдықтары алынады, — дедi министр сенiммен.

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары