АВТОБУСТАРДЫҢ АЯҚ АЛЫСЫ АЛАҢДАТАДЫ

АВТОБУСТАРДЫҢ АЯҚ АЛЫСЫ АЛАҢДАТАДЫ

АВТОБУСТАРДЫҢ АЯҚ АЛЫСЫ АЛАҢДАТАДЫ
ашық дереккөзі

Таңертеңгi сағат он. Жұмысқа шыққан бетiм. Аялдамада автобус күтiп аз-маз тұрып қалдым. Жұмысқа асыққандар да автобустың кешiккенiне көңiлдерi толмай ашулана бастады. Шаңдатып келiп тоқтаған 118-шi маршрут лезде адамға лық толды. Ойыма "Мен қызыма қонаққа барам, қалғандарың қайда барасыңдар?" деген мысқыл әңгiме түстi де, сәл жымиып алдым.

"Поднимаемся, поднимаемся" деп бiрiнiң үстiне бiрiн ығыстырып, жүк тиегендей сығылыстырды кеп. Шала сауатты бола тұра, орысша араластырып аялдама аттарын, көше қиылыстарын атап жатқан тексерушi керек жол ақысын алдын-ала жинап алып жатыр. Сөйлеу мәдениетiнен жұрдай жастарымыз ақша жасаудың жолы осы екен деп көргенсiздiк көрсетуде. Жолынан адасқан жолаушыға жол сiлтеудiң орнына жекiп қояды. "Екi аялдама төмен түссеңiз тауып аласыз",— деп, кейбiрiн айдаладан қалдырып кетуде. Бiр-бiрiмен жол бойына жарысып келген автобустар "клиенттi" осылай жинайды екен. Бiр кезде аяқ астынан айқай-шу шыға бастасын. Даудың басы — ұялы телефон. Қалтасындағы дүниесiн алдырып алған ағай қасындағылардың жағасына жармасты. Қылмыс жасаған жарамдылар қулыққа көшiп, түсiп қалуды жөн көрдi де ашық тұрған есiктен сыртқа атылды. Телефон егесi де iле-шала арттарынан iлестi. Күннiң ыстығынан ауасы тарылған автобустардың көпшiлiгi есiктерiн ашық қалдыруды дұрыс деп те санайтын көрiнедi. Уақыттарынан қалып бара жатқан автобус жүргiзушiсiнiң мiнiп-түсушiлерде жұмысы жоқ. Бiраздан соң бүйiр тұсынан келiп қысқан 92-шi автобус 118-шi автобустың айнасын шағумен қоймай, алдын орап тұра қалды. Ойда жоқта басылған тежегiштiң кесiрi көпшiлiктi бiр сiлкiп өттi. Сонымен қатар жасы үлкендерге орын беру деген мүлдем ұмыт болғандай. Не керек, Гагарин аялдамасына келгенде бiзде ығыса, сығылыса түсiп үлгердiк. Әйтеуiр, жеттiк-ау жұмыс орынымызға. Таңертеңгiсiн осындай, кешке жұмыстан шаршап қайтатындарды тағы қандай оқиғалар күтiп тұр екен десеңiзшi? Алайда бұл бiр күндiк оқиға ғана. Алда жаңбырлы күз, боранды қыс бар дегендей, ондағы жағдайымыз не болады?

Ал көлiк жүргiзушiсi болса:

— Бiрiншiден, бiздiң күнделiктi жоспарымыз жоғарғы сомада, ақтамасаң тағы болмайды. Бiр Абай көшесiнiң бойымен бiрнеше автобус жүретiнiн өздерiңiз де бiлесiздер. Сондықтан да үлкен жылдамдықпен жүруге тура келедi. Жанармайдың да бағасы күннен — күнге көтерiлiп жатыр, – деген сияқты сылтауларды желеу етедi. Бiрақ бұл асығыс айдап, аңдамай сөйлеп, көпшiлiктiң обалына қалу емес шығар. "Сақтансаң сақтаймын" деген, бүгiнгi күнгi ерiншектiгiмiз ертеңгi күнi өзегiмiздi өртемесе игi едi.

Манар ӘЛИЕВА