БАСЫНА БҰЛТ ҮЙIРIЛГЕН БАСЫЛЫМ

БАСЫНА БҰЛТ ҮЙIРIЛГЕН БАСЫЛЫМ

БАСЫНА БҰЛТ ҮЙIРIЛГЕН БАСЫЛЫМ
ашық дереккөзі
197

Спорт айдыны" газетiнiң шықпай қалғанына 3 айдан асты

Алып империя тоқпағының астында жүрiп те халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ұлтының бiртуар перзенттерiнiң жеңiстерiне жүрекжара сүйiншi сұрап, насихаттап, балғын спортшыларға сәт сапар тiлеп жарты ғасыр ғұмыр кешкен кешегi "Спорт" газетiнiң басына қара бұлт үйiрiледi деп кiм ойлаған?!

Тәуелсiздiктiң алғашқы қиын жылдарының өзiнде ауыртпашылыққа төзiп, оқырманмен үздiксiз сырласып келген басылым – күпшегi қаңсыған арбадай, айдың-күннiң аманында қиралаң ете қалды. Мұның өзi қай кезеңде?! Бұл — Тәуелсiздiк алғанына 17 жыл болған мемлекетте! Бұл — дамыған 50 мемлекеттiң қатарына қосыламыз деп ұмтылған елде! Барыстай қуатты, айбатты мемлекет боламыз деп отырғанда! Тура Пекин Олимпиадасының алдында! Бұдан өткен сорақылық бола ма?! Республикада қазақ тiлiнде шығатын жалғыз газетке Үкiмет жағдай жасай алмай отыр. Ал осы әңгiме қайдан қоздады, соған құлақ түрiңiз.

Жақында Алматыдағы ұлттық баспасөз клубында журналистердi елең еткiзген өзгеше жиын өттi. Талайды көрiп, талайды естiп жүрген журналистер неге таңқалды? Тура Олимпиада жылы, тура Олимпиада алдында маңдайға басқан жалғыз спорт газетi — "Спорт айдыны" шықпай қалды. Кiм кiнәлi?

Бұл баспасөз мәслихатын өткiзуге ұйытқы болған да осы басылымның қызметкерлерi. Газеттiң шықпай қалғанына 3 ай болыпты. Жарты ғасырлық тарихы бар "Спорт" газетi кейiнгi жылдары "SPORT&ks" деген атпен оқырманмен қауышқаны қалың жұртқа белгiлi. Ал жаңа жылдан бастап бұрын екi тiлде жарық көрiп келген басылым жеке-жеке тарай бастады. Осылайша "Спорт айдыны" жеке отау тiгiп, дүниеге келдi. Бiр кездегi мемлекеттiк-қазыналық кәсiпорын, кейiнгi жылдары жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк болып қайта құрылған екен. Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт министрлiктерiнен тендер арқылы ақша алып, күн көрiптi. "Спорт айдынында" жазатын екi-ақ журналист бар. Бiрi — бас редактордың орынбасары Шалқар Естен, екiншiсi — шолушы Гүлстан Қанат. Творчестволық топ осы! Жаңа жылдан берi орысша және қазақша шығатын спорт газеттерiне бас редактор — Бигелдi Ғабдуллин. Ғабдуллиннiң өзi басшылық жасайтын "Central Asia Monitor" атты негiзгi газетi бар, ол сол басылымның кеңсесiнде отырады. Ал ана тiлiндегi спорт газетi неге шықпай жатыр? Қаржының жоқтығын көлденең тартады екен. Жанкештi екi журналисiн екi рет еңбекақысыз демалысқа жiберiптi. Тiптi болмаған соң, газет шығарамыз деген өлермен екеуiн ақысыз еңбек демалысына жiберген. Олар ақшасыз еңбек демалысына да барып келдi. Тағы да сол “әләуләй”. Барлық жағдайға қаныққан "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы, белгiлi саясаттанушы Дос Көшiм, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейiтқазы Матаев бастаған азаматтар баспасөз мәслихатында бiрден қолдау көрсеттi. Дос Көшiм Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовке хат жолдады.

Не болып барамыз, осы?! Намыс қайда?! Күмпиемiз келiп, күмпiлдеймiз келiп… Бай елмiз деймiз, ТМД-да топ жардық деймiз, мұрын шүйiрiп. Ысқырығымыз — анау… түрiмiз — мынау. Қайда, сол байлық? Кiм көрiп жатыр, сол байлықтың қызы¬ғын?! Жарты ғасырлық тарихы бар жалғыз спорт газетiн шығаратын қаржы жоқ. Туризм және спорт министрi Темiрхан Досмұхамбетов неге үнсiз, неге әрекетсiз отыр? Спорт газетiнiң тағдырына өзгеше жаны ауыратын да осы министрлiк болуы керек. Сол министрлiктiң атқарып жатқан бүкiл жұмысын ана тiлiнде насихаттап отырған осы басылым емес пе?! Бұл газеттi дереу түрде Мәдениет және ақпарат ми¬нистрлiгi немесе Туризм және спорт министр¬лiгi тiкелей қамқорлығына алып, жағдай жасауы керек. “Ұлт!” десе өзегi өртенетiн азамат қорған болуға тиiс. Газетке редактор емес, ие керек. Газеттiң иесi болмаса, тiлдiң киесi бар. Газеттi көлденең көк аттыға өңгертiп жiберуге болмайды. Қазақ тiлiнде шығатын басылымға жасаған қысастық — қазаққа жасаған қиянат. Ал қиянатқа төзуге болмайды.

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары