Оңтүстiктегi медицина: ЖАҒДАЙ ОҢАЛЫП КЕЛЕДI
Оңтүстiктегi медицина: ЖАҒДАЙ ОҢАЛЫП КЕЛЕДI
Бүгiнгi таңда Оңтүстiк Қазақстан облысында сәбилердiң ВИЧ iндетiне шалдығуына байланысты жағдай қалпына түсiп келедi. Екi облыс әкiмi мен департамент басшысын ауыстырып үлгерген облыстың осы саладағы бүгiнгi ахуалы қалай? Бұл туралы таяуда оңтүстiктiң денсаулық сақтау департаментiнiң басшылығына келген Әнуарбек Әбдiбекұлы Маймақовтан сұрадық.
Департамент басшысының келтiрген деректерiн таратып айтар болсақ, биыл оңтүстiктiң денсаулық сақтау саласында атқарылатын жауапкершiлiгi мол қарқынды жұмыстар жеткiлiктi екен. Үкiметтiң бекiткен бағдарламасы аясында облыстағы денсаулық сақтау нысандарының базасын жаңарту, жақсарту басты назарда, әрi маңызды күйiнде қалып отырғанға ұқсайды. Осы орайда, медицина нысандарын күрделi жөндеуден өткiзуде сапалы жұмыс жасайтын "Қаз Ойл Сервис" ЖШС-i сияқты құрылыс компаниялардың еңбегiн ерекше айтып өтсек те болады дейдi ол. Мәселен, жақында Сарыағаш аудандық ауруханасының негiзгi бiр корпусын жөндеуден өткiзген жоғарыда аталған ЖШС құрылыс жұмыстары бiткеннен кейiн де 2 жыл бойына тегiн жөндеудi қоса мойнына алыпты. Бас дәрiгер бұдан былай қызметiн сапалы әрi нақты атқара алатын құрылыс компаниялармен ғана жұмыс iстейтiнiн қадап айтты.
Жалпы, облыста күрделi жөндеу жұмыстарына 3 млрд. теңге бөлiнген. Соның iшiнде, бiрiншi кезекте, былтыр күрделi жөндеу жұмыстары басталған 6 нысанның құрылысын маусым айынан бастап екi айдың iшiнде толығымен тапсыру межеленген. Қазiргi таңда әкiмшiлiк, қаржы полициясы, мәслихаттан құралған комиссияның қатысуымен тендердi ашық та жариялы түрде өткiзу мәселесiмен департамент директорының орынбасары Талғат Мейiрханов айналысуда.
Осы орайда ерекше атап өтерлiк жайт, облыстың бас дәрiгерi Түркiстан қаласы мен Отырар ауданында басталған Туберкулезге қарсы диспансерлердiң құрылысын аяғына жеткiзу мақсатында департамент министрлiкке жиi шығып жатқандығын құлағдар еттi. Ал биыл Араб эмираттарынан келген шейхтың көмегiмен перзентхана және де облыстық балалар ауруханасы пайдалануға берiлмек. Бұл ретте Елбасының Жолдауында көрсетiлген 100 аурухананың қосар үлесiн қоса есептеңiз.
Бiр-бiрiмен бiте қайнасып, тығыз байланысып жатқан саланың ақсамауына дәнекер болатын тағы бiр жайт — мамандардың бiлiктiлiгi. Көбiне көп дәрiгерлердiң бiлiмсiздiгi мен тәжiрибесiздiгiне кiнә артып жататын азаматтарымыздың көңiл түкпiрiнде жүрген осы күдiктi сауалға бас дәрiгердiң берген жауабы былайша өрбiдi:
– Былтыр облыс әкiмiнiң қолдауымен дәрiгерлердiң бiлiктiлiгiн арттыру үшiн 70-80 маманды Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Қазан секiлдi қалаларға жiберiлiп, олардың барлығы тәжiрибе алмасып қайтқан болатын. Әрине, Израйльге де жiберуге болатын едi, бiрақ бұл жерде ағылшын тiлi маманының да тапшылығы сезiледi. Сондықтан, алдағы уақытта мамандардың тiл бiлiмiне де жоғары талап қойылатын кез келе жатыр. Ал биылғы жылы, 200-ге жуық аса тапшы педиатор, реаниматолог, ересектер мен балалар гинекологтарының бiлiктiлiгiн көтеруге 150 млн. теңге бөлiнiп отыр. Қайта құру кезiнде ақшаның жетiмсiздiгiнен әртүрлi кәсiптiң басын ұстап кеткен дәрiгерлердi сабасына түсiрiп, өз қызметiне адал болуды талап етудемiз. Бүгiнде олардың табанақы, маңдайтерiмен тапқан жалақысы уақытылы берiлуде.
Шынтуайтына келсек, бұндайда қазақтың "жақсы сөз – жарым ырыс" деген сөзi тiл ұшына орала кетедi. Бiр ауыз жылы сөзiмен жан жадыратар дәрiгерлердiң мейiрiмдi болуы, алдына келген науқасқа шынайы ықыласпен ем-дом жасауы кей кездерi техникалық базаның да, дәрi-дәрмектiң де жетiмсiздiгiнiң орнын басады. Осы ретте "Ауыл жылдарынан" кейiн қолға алына бастаған жас мамандарды ауылға тарту, яғни базасы ауданнан әлдеқайда жоғары облыстан алшақ тұратын ауылдарда денсаулық сақтау саласын көтерудi көздеген кадр саясаты жайлы тоқталмай кетпеске тағы болмайды.
Бiрден айтайық, кадр жетiспеушiлiгi сезiлген ауылдарға мамандарды даярлап жiберу өз нәтижесiн бермей қоймады. Мәселен, былтыр ауылға бет түзеген 113 маманның 108-i ауылда тұрақтаған. Ал биыл медицина мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындары, атап айтқанда, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе қалаларындағы Медицина академиялары мен департамент арасында жүргiзiлiп жатқан келiсiм-шарттың негiзiнде ауылдарға 250-ге жуық маман тағы да жiберiлмек. Бас дәрiгердiң топшылауынша, осы аталған 250 маманның 220-сы тұрақтаса, денсаулық сақтау саласының жүгi жеңiлдеп, ең бастысы – сенiмiне селкеу түскен халықтың да еңсесiн тiктеген болар едiк.
Кадр саясаты өз жемiсiн беретiнiндей-ақ бар. Себебi, дұрыс қаржыландырылған қай саланың болмасын жұмысы iлгерi басады. Бұл тұрғыдан келгенде әзiрге мамандардың қаражат тапшылығын қанағаттандыруға 40 млн. теңге бөлiнiптi. Мәселен, ауылда медициналық қызмет көрсетуге ниет бiлдiрген дәрiгердiң "Жилстройбанкте" 3 жылға дейiн 500 мың теңгесi сақтаулы тұрады. Бұл қаражат болашақта маманның ауылда отбасын құрып, тұрғын үй салып, тұрақтап қалуына өз септiгiн тигiзедi.
Көбiне жедел жәрдем көрсету – тұрғындардың шағымын тудырып жататыны жасырын емес. Оны күнделiктi өмiрдiң өзiнен көрiп жүрмiз. Ә.Маймақовтың пайымдауынша, 600 мың тұрғынға кемiнде 60 бригада қызмет етуi тиiс. Өкiнiшке қарай, бүгiнде бұл бригадалардың қызмет етуi 21-25 пайыздан аса алмай келедi. Сол себептi департамент Шымкент қалалық әкiмиятынан алғашқы көмек көрсету ауруханасын екiге бөлудi және қаладан шеткейде орналасқан "Қайтпас" секiлдi шағын мөлтекаудандарда медпунктердi ашуды немесе бос мекемелердi бөлiп берудi, мемлекеттiк бағдарлама бойынша халқы тығыз қоныстанған аудандарға қосымша аурухана пунктерiн салуды, штат кестесiн бекiтудi ұсынып отыр. Сондай-ақ, таяу мерзiмде Германиядан "МерседесБэнс" маркалы су жаңа арнайы жабдықтандырылған 46 жедел жәрдем машиналары қызмет көрсететiн болады.
Аудандардағы медицинаның проблемаларын көтеруде де келелi мәселелердiң оңтайлы шешiлуiне мұрындық болып, ұйымдастыруда бiлiктiлiк танытты. Бiз мұның бәрiн көктен алып отырған жоқпыз. Бұл – жергiлiктi халықтың пiкiрi. Бұдан шығатын қорытынды – тек қана облыс орталығы емес, бүкiл аудандардың жағдайын бес саусақтай бiлетiн маманның бiлгiрлiгiн көрсету мүмкiндiгi әлi алда деп бiлемiз.
Бiр кездерi дәрi-дәрмек тапшылығы күн тәртiбiнен түспей тұрған едi. Ал қазiр жағдай мүлдем 180 градусқа өзгердi деп айта аламыз. Бұлай деуiмiзге негiз де жоқ емес. Мәселенки, осы уақытқа дейiн Үкiметтен бөлiнген дәрi-дәрмекке халықтың қолы жетуi үшiн тендер жарияланатын, оның соңы дау-дамайға ұласып, соңында халықтың ренiшi туып жататын. Ә.Маймақов басшылыққа келгендегi бiрiншi жасаған өзгерiсi – тендерге қатысты көтерiлетiн дау-дамайлардың алдын алуды мақсат тұтты. Ендi тегiн дәрi-дәрмек "делдалсыз" халықтың пайдалануына берiлiп отыр.
– Тек аса қымбат және мемлекеттен бөлiнбегенi болмаса, дәл қазiргi уақытта халықты дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету 100 пайыз қолға алынды, – дейдi Әнуарбек Әбдiбекұлы бiзге берген сұхбатында.
Тағы бiр алып-қосарымыз, iшкi тәртiптегi талай келеңсiз жағдайларды реттеуге ықпал жасаған "Сенiм телефонының" iске қосылуы да Әбдiбекұлының жасаған оң қадамы болып есептеледi. Кез-келген науқас немесе облыс тұрғыны қазiргi кезде 56-01-36 телефонына қоңырау шалу арқылы өзiнiң талап-тiлегiн, арыз-шағымын тiкелей ашық жеткiзе алатын жағдайға жеттi.
"Құныққаннан дәнiккен жаман" дегендей, бұған дейiн тегiн дәрi-дәрмектi сатуды да бизнес көзiне айналдырып әдеттенген кейбiр дәрiгер-мамандар қызметiмен қош айтысуда екен. Бұл орайда бас дәрiгердiң бетке ұстанған позициясы – дәрiгер халыққа тегiн, адал қызмет етуi тиiс деген көзқарасты қалыптастыруда.
P.S. Жергiлiктi халықтың бiр бөлiгi, "қалтасы көтеретiндер" шекара асып көршi Өзбекстанның астанасы Ташкент¬тен ем қабылдағанды дұрыс көрiп жатады. Мұны қарапайым халық географиялық жағдайы дұрыс, яғни Астана мен Алматы секiлдi үлкен қалалардан жақын әрi қызмет көрсетуiмен байланыстырады. Алайда, Ташкент асып емделiп жүрген қандастарымыз бұдан былай Шымкенттен шетке шықпайтын болар. Себебi, жақын арада облыстық ауруханада Ташкенттегiден кем түспейтiн томографиялық орталық iске қосылмақ. Бұл қалтасынан қағылып, жан ұшыра ем iздеген талай дерттiлердiң жағдайын түзеуге сөзсiз мол үлес қоса алады және әр қазақтың қаржысы ысырап болмай, өз қалтасында қалады.
Қуанышбек БОТАБЕКОВ, Оңтүстiк Қазақстан облысы