ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ ҚАТЫСЫ
ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ ҚАТЫСЫ
"Терминологиялық жүйенi мемлекеттiк тiлдiң жонарқасы" (Ә. Қайдар) ретiнде әңгiмелеудiң жөнi бар. Тiлдердiң өрелi бiр биiкке көтерiлген, дамыған сәтiнде бой көрсететiн лексикалық қабаттардың тақылетi өте күрделi де қызық. Мұнысыз ешбiр тiлдiң бүгiнгi болмысын, болашағын болжау мүмкiн емес. Әсiресе, ғылым, бiлiм, мәдениетке қатысты салалрдың қай-қайсысында да, термин сөзге мұқтаждық қатты сезiлiп отыр.
ХVIII ғас. Француз Сенан де Мейанның "Өзге тiлде сөйлейтiн ұлт бiртiндеп өзiнiң төл болмысын жоғалтады" деген сөзi бар.
П.А. Симон дейтiн тағы бiр француз "Тiлi – әрбiр ұлттың өзiндiк төл болмысын бiлдiретiн, тарихтағы орнын анықтайтын, өмiрлiк және шығармашылық қайталанбастығын паш ететiн құрал, тiл – сол елдiң тағдыры" дептi.
Бiр кезде орыстың ұлы ойшылы Л. Н. Толстой "… бiздiң сөз сөйлеуiмiз бен жазуымыз орысша болмай барады" деп күйiнгiн екен. Соның керi бiзге де келгелi қашан. Мұның бастамасын сонау 20-30 — жылдардағы рухани, мәдени талас-тартыстардан iздеу керек. Араб жазуын латынға, латын жазуын кириллицаға алмастыруда тiлдiң табиғи даму желiсiне орасан зор зиян келгенiн ендi-ендi байқай бастадық. Кезiнде бiздiң бұл әрекеттер тiл дамуына қаншалықты нұқсан келтiретiнiн айтқан Ахмет Байтұрсынұлы сынды көрегендер пiкiрiне соңғы елу-алпыс жыл бойы құлақ аспай келдiк емес пе?
Бұл, әсiресе қазақ тiлiн ғылым тiлiне айналдыру барасындағы әрекеттерден айқынырақ аңғарылды.
Бiз дiттеп отырған мәселелер туралы негiзгi ойымызға көшпес бұрын мемлекеттiк тiл мен термин және терминология деген ұйымдарға сәл тоқтап, түсiнiктеме бере кеткен жөн. Неге десеңiз терминдiк ұғымдар қауызына ненi сыйғызып, ненi жатқызудың мәнiсiн бiле бермейтiн және мемлекеттiк тiлдiң қызметi қандай болу керек дегеннен хабары шамалы жандар бар.
Мемлекеттiк тiл туралы әңгiме жай ерiккендiктен шыққан нәрсе емес. Ол әбден шегiне жетiп, шиыршық ата, ендi болмаса жарылғалы тұрған мәселе болатын. Бұл, ең алдымен, әбден тынысы тарылып, құрып бiткелi тұрған тiлдi аман сақтап қалудың амалы едi. Қазақстан сияқты алып елдiң ұйтқы-тiрегi болып отырған негiзгi ұлттың тiлiн мемлекет қамқорлығына алып, оның өзiнiң заңды даму арналарын айқындап беру дегендiк болатын. Яғни, қазақ тiлiнiң өмiрге қажеттiлiгiн ең алдымен өзiмiзге өзiмiз дәлелдеуiмiз керек болды.
Бiрақ, ешбiр талас тудырмауға тиiстi осы мәселенiң төңiрегiнде күнi бүгiнге дейiн қаншама дау-дамайлар өрбiтiлiп, сөзбұйдаға салынып келедi.
Мемлекеттiк тiл деген ұғым туралы энциклопедиялық сөздiктерде (Сов. Энц. Словарь М., 1980) мынадай анықтама берiледi. Түпнұсқаны дәл жеткiзу үшiн орысшасын келтiрейiн: "Государственный язык буржуазно-национальный государственный язык, объявленный обязательным для ведения документации в госучреждениях, преподавания в школах и т.п.". Мұнда айтылмай ұғынылатын мәселелер тағы сол сияқтының iшiне енгiзiлген болу керек. Сол себеппен бұған бiз ғылым тiлi деген бiр тармақты арнайы қосар едiк. Өйткенi мемлекеттiк тiл ауқымының бұл т.б. қатарында емес, оның негiзгi көрсеткiштерiнiң бiрi ретiнде өз алдына дербес сала болып енуге тиiс. Осыдан келiп шығатын бiр түйiн, тiлдi мемлекеттiк деп жариялағанымен, ол тiлде ғылыми iзденiстер жүргiзiлмейтiн болса, ол ғылым тiлi ретiнде қалыптаса қоймаған болса, онда оның әлi мемлекеттiк тiл болып жарытпағаны.
Белгiлi бiр тiлде жүйенi қалыптастыру тiптi де оңай шаруа емес. Әсiресе ғылыми әлемi әрiдегi жалғастығынан үзiлiп қалып, соңғы 70 жыл бойы өзге iрi тiлдiң ықпалында болып келе жатқан қазақ тiлi сияқты тiлдiң терминологиялық қабатын қатарға қосу тiптi қиын болды.
Егемендiк еркiндiк бергелi тiлiмiздiң осы бiр орасан зор арнасында алапат әрекеттер болып жатыр. Орны толмас олқылықтар есесiн қайтсек қайырамыз деп қаламын оңды-солды сiлтеп, жаңа сөздер мен жаңа қолданыстарды бұрқыратып жатқан қазақ журналистерiнiң тегеурiндi әрекетiне үрке қараушылар көп. Бiр ғасырға таяу уақыт бойы өз тiлiмiздiң өзегiн қуалап, онын iске жарата алсақ өлшеусiз мол мүмкiндiгi мен байлығын жарыққа шығарудың орнына оны тұмшалап, тұншықтырып, ұмыттырып, интертерминдер мен руссизмге емiне ұмтыла дағдыланып, қасаңдана қалыптасып қалған ағайынның көбiне кеш те болса көрiнiс бере бастаған терминжасам процесiндегi әлгiндей әрекеттер оғаш көрiнетiнi хақ.
Өзiң терминолог болған соң, бұл жөнiндегi пiкiрталастан қалыс қала алмайсың. Жұрт қалыс қалдырмайды да. Олай дейтiнiм, осы жақында ғана болған бiр сәткi әңгiме естен шықпай қойды. Тау жақтағы үйден түскi үзiлiстен соң қызметке кетiп бара жатқан бетiм едi. Аялдамада бiр топ адам арасында тұрған ақ шашты ағаны көзiм шалып қалды да көлiгiмдi тежедiм, тоқтадым. Бұл кiсi бiр кезде бiзге дәрiс оқыған адам едi. Сауатты, бiлiмдi ұстаз болатын. Арбаға отырғаны сол, амандықтан соң "тiлдi неге бүлдiрiп жатырсыңдар, интерминде не шаруаларың бар. Бұл сұмдық қой. Әбден қалыптасып, сiңiп кеткен атауларды қайта көңiрсiтiп, қайдағы жоқ бiрдеңелердi тықпалаумен қазақ тiлiн көгертпеймiз, қойыңдар мұндай көтензорлықты!" деп екiленiп, бастырмалатып әкетпесi бар ма. Бар "пәлеге" жауапкер мендей-ақ, менiң бiр нәрсе деп жауаптасуыма мүмкiндiк берген жоқ. Сол "өзiмдiкi дұрыс" деген күйi бiр шаруаны қатырдым дегендей боп дiттеген жерiнен түстi де қалды. Ештеңе деп пiкiрталасына кiре алмадым. Тiптi тыңдағысы келген ол кiсi жоқ. Сонымен өз ойыммен өзiм әлек боп, кете бардым. Ал бұл шынында көптеген ой-пiкiрдiң саралануын тiлейтiн өте өзектi проблеманың бiрi.
Осыдан көп ұзамай-ақ Алматы санаторийiне келiп жайғастық. Мұнда бұрынғысы, қазiргiсi бар қазақтың көзi ашық, көңiлi сара жайсаңдары жиналатын әдетi, сондай бiр сыйлы азамат ағамызбен шүйiркелесiп, аман-есендiк сұрасып, жаңалық атаулының бiразын айтып өттiк. Бiр мезет, әлгi кiсi "осы сендердiң "Ана тiлдерiң" (газеттi айтып тұр) ылғи бiр жаңа атауларды берiп, елдiң басын қатырып барады. Онысы несi, дұрыс емес қой. Тоқтатпайсыңдар ма? Мұндай әрекеттерiңмен жұртты тiлден безiндiресiңдер ғой, әсiресе әлгi 40% деп жүрген өз қандастарымызды. Әбден етене боп сiңiсiп өзiмiздiкi боп кеткен сөздердi сол күйiнде қалдырған жөн…" т.б. ойларын топ адамның iшiнде, дәрiгерге кезекте тұрғанда бастырмалатып жiбергенi. Өзi сыйлас, жасы үлкен аға ойындағысын айтты да тастады. Жөпелдемде, ат жалы, атан қомында ем-дом кезiнде тұрғанда не айтып үлгересiң.
Ал, жалпы айтып тұрғаны елдiң бәрiн алаңдатып отырған өте күрделi мәселе.
Мұндай пiкiрдегi адамдар қатары баршылық. Бұларды түсiнуге әбден болады. Тiлге, елге, жерге жаны ауырып, солардың жағдайы қайтсе жақсарар деп жүрген жандар бұлар. Әйтсе де, бала күнiмiзде қариялардан естiген "оқу өтiп кеткен" дейтiн сөз осындайда ерiксiз ойға оралады. Неге десеңiз, әлгi ел қадiрлейтiн ағалардың өмiр бойғы алған тағылым-тәрбиесi, өмiрлiк тәрбиесi қазақ тiлiнiң әлемдегi ұлы тiлдер қатарын толықтыратын орасан зор байлығы, жаратылмай жатқан iшкi қуаты бөлек тiл екенiне бейiл қойып қарауға мұршасы болмаған. Мiне, сол дерт сүтпен бiрге сүйекке де сiңе жаздаған кеңестiк iлiм түсiнiгi әлi күнге өз тiлiне перзенттiк сүйiспеншiлiкпен үңiлуге жiбермей тұр. Тәрбиенiң өтiп кеткендiгi соншама, орайы, жөнi, қисыны дөп келiп тұрған қазақы баламалардың (құжат, жарғы, бағдарлама, ұшақ т.б.) өзiн құбыжық көрiп, тiптi, мұны әлемдiк мәдениеттен алшақтау деп түсiндiргiсi келетiндер де жоқ емес. Қазiр тiл қолданыста жүрiп жатқан әр алуан құбылыстар мен процестерге өз әлiмiзше саралап, талдамас бұрын бiр нәрсенiң басы ашық екенiн айту лазым. Ол – қоғамдық өмiрде болып жатқан ұлан-асыр оқиғалар болмысына орай, тiлiмiзде де күрделi құбылыстардың болып жатқаны. Бұл ақиқат. Ендi шама-шарқымызша осыларға талдау жасап көрелiк. Мәселе түсiнiктi бола түсу үшiн ептеп тарихқа да, сондай-ақ термин дегендi қалай түсiну керек, терминжасам принциптерi туралы әңгiмеге де барған жөн тәрiздi.
Жалпы қай ел, қай халық тарихын сүзсеңiз де бiр нәрсенiң басы ашық екенiне көз жетедi. Өзiн құрмет тұтатын ұлт қашанда өз тiлi қызметiнiң жан-жақты болуын қамдастырады екен. Әсiресе, Еуропа елдерi бұл мәселеге өте мұқият.
Бiр кезде А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев тәрiздi қазақ зиялыларының бәрi де сөз жасамның әр алуан түрлерiне мән берген. Ретi келгенде өздерi де түрлi ұғымдардың баламасын iздеп, үлгiлерiн ұсынып отырған. Мысалы, С. Сейфуллиннiң "ат ойын үйi" (цирк), I. Жансүгiровтың "Думан жүрiс" (демонстрация), "табантемiр" (рельс), Ғ. Мүсiреповтың "Құлақша қағазы" (этикетка), М. Мағауиннiң "оятар" (будильник), Ә. Кекiлбаевтың "Қар ханшайым" (снегурочка), Қ. Қараманұлының "Күнпарағы" (настольный календарь), О. Сәрсенбаевтың "тесiккөзi" (глазок в дверьях), Қ. Ысқақовтың "түнемелқабы" (спальный мешок), Ә. Таразидың "күналқысы" (беседка) т.б. осының айғағы.
Жаңа сөз дегенiмiз не? Осы ұғымның өзiн анықтап алу керек. Әдетте анау пәлен жаңа сөз жасады, мынау түген деген тәрiздi пiкiр ерсiлi-қарсылы айтылып жатады. Ал шындығына келсек, жаңадан сөз жасау дегенiңiз шартты ұғым. Сөздер жаңадан жасалмайды. Ол өзгеше өң алып, өзiне қосымша мағына жүктеп, жаңаша қолданысқа түсуi мүмкiн, немесе өзге тiлден кiрме сөз ретiнде енуi, қабылдануы мүмкiн. Негiзiнде әлгi ұғым осыған орай туған. Бұл тұста әрбiр қаламгердiң сөз жарату қабiлет-қарымына қарай бiрiнде бар, бiрiнде аз, бiрiнде көп кездесе бередi. Жалпы жаңалық дейтiннiң бәрi көктен түсетiн нәрсе емес. Оның бәрi бұрыннан тiлде бар сөздер негiзiнде жасалады. Ғалымдардың (Ә. Қайдар) айтуынша, бұлар бұрын бар сөздер негiзiнде жасалатын лексика-семантикалық және аналитикалық комбинациялар, б.а. "жаңа қолданыстар". Солардың кейбiр үлгiлерiн, яғни модельдерiн көрсетелiк. Мысалы, қазақ тiлiнде ежелден қолданып келе жатқан қаһарман, атарман, шабарман, өлермен деген сөздер бар. Мiне, осылардың негiзiнде көрермен, оқырман, тыңдарман (слушатель) пайда болды. Сонда бұл жерде бiр кезде өнiмсiздеу қосымшалардың қатарында аталатын ман, мен сөз жасам процесiнде қайта жандана бастағанын көремiз.
Сондай-ақ,
-ым, -iм: басыл-ым, қойыл-ым, айнал-ым, сұран-ымдар,
жайылым, кешiрiм, келiсiм, шешiм, тұжырым
-дама, -деме: бағдарлама, тұжырымдама негiзiнде мақсатнама, мұратнама баяндама, мазмұндама, мiнездеме, кепiлдеме, хабарлама негiзiнде, ал -ыс, -iс: айналыс, көрiнiс, берiлiс, сұраныс, тапсырыс, байланыс, жеңiс, жиналыс, жарылыс негiзiнде жасалып отыр.
Сөзжасамның тағы бiр түрi – қолданыстағы сөздерге қосымша, үстеме қызмет беруден байқалды. Мұны семантикалық жүктеме деуге де болады. Мәселен, кейiнгi кезде жиi қолданыла бастаған "зейнеткер", "зейнетақы" деген сөздер қайдан шықты. Бұл пенсионер, пенсия деген терминдердiң баламасы ретiнде алынған, өзiмiзге ертеден етене таныс, тiптi "бейнет, бейнет түбi – зейнет" деген мақалға да сiңген байырғы сөздер. Мұның түп-төркiнiн iздейтiн болсақ, әрiге араб, парсы тiлдерiне тереңдеймiз. Н. Оңдасынов, Бекмаханбетов, Л. Рүстемов сөздiктерiне үңiлсек зейнет сөзiнiң мағынасы рахат (наслаждение, блаженство) дегендi бiлдiредi екен. Ал "қарiп-қасерлерге берiлетiн жәрдем, төлем" деген мағынаны беретiн латын сөзi – пенсия әрине рахаттан алшақтау. Алайда еңбек етiп бейнеттенген адамның зейнетiн көруi ақиқат екенi жұртқа аян. Пенсияға дөп келетiн балама iздеу барысында зейнеттiң осы бiр мағынасын қатты ұстанып, зейнетақы (жәрдемақы ғой бiр қарағанда) деген нақты термин жасалған. Осындай iзденiстер мен әрекеттер нәтижесiнде талай сөздерiмiз терминдiк мәнге көшкенi мәлiм.
Терминжасам мәселесiнде қазақ тiлiнiң мүмкiндiгiн пайдаланудың тағы бiр жолы – калькалау тәсiлiнен көрiнедi. Мұның ғылыми әлемде төрт түрi белгiлi. Бiздiң материалымызда да сол қалыптасқан қағидаға итермелейдi. Соны еске алсақ:
1) Лексикалық калька, немесе мұны кейде балама-калькалар деп жүрмiз: екiпiндi-ударник, кеңес-совет, жарыс-соревнование, шарт -договор;
2) Мағыналық калька, яғни түп сөздiң негiзгi мағынасын беру: қызыл бұрыш – красный уголок, еңбеккүн – трудодень, қайта құру, маскүнем елесi – белая горячка, денеқызуы – температура.
3) Морфологиялық калька: таптастыру – классификация, келiсiм – соглашение, қарынша- желудочек.
4) Аналитикалық калька: бейнежазба – видеозапись, агроөнеркәсiп – агропромышленность, радиоқабылдағыш – радиоприемник, бейнетаспа – видеолента, шағынаудан – микрорайон. Мұның бәрi терминденуге бейiм тұрған өз байлығымызды сарқа пайдалану принципiне жатады.
Әңгiме терминжасам принципiне ойысқан соң мына мәселелердi деқаузай кетуге тура келедi.
Мәселен, туыс түркi тiлдерiнен сөз алу принципi жөнiнде. Бұл күнi бүгiнге дейiн еленбей, ескерiлмей келе жатқан туыс тiлдер үшiн аса қажет принциптердiң бiрi. Ойлап қарасақ өзара туыс отыз шақты түркi тiлi, егер бiр-бiрiмен қатынасын үзбей, бiрiнiң сөздiк қорына екiншiсi үңiлiп отырған болса, әсiресе терминологиялық жүйенi түзер тұста, өзiнде жоқтың көбiн өздi-өзiнен тапқан болар едi. Бiздiң бiлетiнiмiз, осылайша жақындаса түсудiң орнына, алшақтай берген, алыстай берген. Бұл ненiң салдары екенi зиялы қауымға аян.
Түркi тiлдерi үшiн мұндай жатбауырлық тарихи қасiретке айналып кете жаздағаны мәлiм. Бiрiнде жоқты бiрiнен алып өзара байи, сөйтiп бiртiндеп жақындаса, жанаса түсудiң орнына туыстығы әлдеқайда алшақ тiлдерден интернационалдық терминдердi еншiлеумен өзiнiң табиғи болмысынан айырылып қала жаздады емес пе?!
Әу бастан-ақ терминологиялық жүйе осы ыңғайда қалыптасқанда, туыс тiлдер үшiн ортақ принциптердi айқындауға болатын едi деп ойлаймыз. Сонда да терминологияда ортақтық сипат бар деп есептеледi. Бiрақ бұл ортақтықтың бұл тiлдердiң iшкi табиғатынан емес, сырттан келтiрiлген ортақтық. Яғни терминологиялық принциптер тек орыс және интернационалдық терминдерден байқалады. Сөйтiп орыс тiлi арқылы таралған термин сөздердi әр тiл өзiнше алып жатты. Ал ұлттық, туыстық негiздегi ортақ принцип жөнiнде ешкiмнiң жұмысы болған жоқ.
Әйтсе де ғылым тiлiн қалыптастыру мәселесiнде туыс тiлдер ғалымдарының аракiдiк бас қосып, ой-пiкiрiн ортаға салып отыруына болар едi. Мұндай әрекеттер болды да. Бiрақ, бiр өкiнiштiсi, мұндай жиындар болуын болғанмен пiкiр шындығы ылғи да белең ала қоймаған. Көбiнiң батылы бармаған, барғандарының басы кеткен, қалғандары бұғып қалған. Құдайға шүкiр, ендi бұрынғымыздың бәрiн дерлiк әдiлеттiң көзiмен биiк саналылық, бiлiктiлiк тұрғысынан қарастырар, қайта қарар күн туды.
Өзара тәжiрибе алмасу, тiл байлығымызға үңiлудiң пайдадан басқа зияны жоқ. Әсiресе терминология саласында ортақтасар ойлар жеткiлiктi.
Түркi тiлдерi қаншама жеке дара дамып келдi десек те, байырғы ортақ түбiрлер (Ә. Қайдар) сақталып қалған. Бұлар бәрiне бiрдей ортақ байлық. Мiне, осы негiздiң өзi-ақ терминологтарға мол материал бермей ме?! Сонымен бiрге жазуы ертерек дамыған тiлдерде терминдiк жүйенiң де ертерек қалыптасқаны мәлiм. Бiздiң бұл заңдылықпен де есептеспеуге хақымыз жоқ. Тағы бiр ескеретiн нәрсе мынау. Түркi тiлдерi бұрынғы Одақтың барлық тiлдерi сияқты едәуiр дамыды. Осы жеке-жеке даму, өзiнше өрiс табу барысында, өзiнше тәжiрибе арттырды. Бұл процестiң жүруiнде бiрiнен бiрi артық-кем түсiп жататын тұстары болады. Мiне, сондықтан да бұл туыс тiлдердiң бiр-бiрiне үнемi үңiлiп, тәжiрибе алмасып отыру қажет. Даму дегенiңiздiң де (яғни, iлгерiлеу), ортақтастық дегенiңiздiң де бiр сыры сонда ашылады.
Мысалы, қазақ тiлiнен де, басқа тiлдерден де алынар үлгi жоқ емес. Тағдырлас, елдер тiлдерi тарихи орналасу тағдырына орай әр қилы заңдылықтармен дамиды. Қазақстан жағдайында бiздiң тiлiмiзге әуелгi кезде көптеген орыс интернационалдық терминдер ендi. Осы жағдайды бiр кезде Қытай қазақтары да қабылдап, тiлге ендiрген едi. Ал қазiр олар керiсiнше әлгi терминдердiң көбiн аластап, оның орнына қытай (ханзу) тiлiнен сөз алу принципiне көше бастаған сыңайлы. Сонымен бiрге олар барлық терминдi аударып алып отырған қытай тiлiнiң үлгiсiмен, көптеген терминдердi калькалау жолымен аударып алған. Мысалы үналғы (видеомагнитофон), сыналғы (видеокамера), мұзсандық (морозильник), шаңалғы (пылесос). Бұл терминжасамның өнiмдi тәсiлiне айналған тәрiздi. Мұндай үлгiнi қабылдауға болады. Мұндай әрекеттер бiзде де белең ала бастады.
Орыс тiлiнiң ықпалына ешқашан душар болмаған Түркия түрiктерiнiң сөзжасам тәжiрибелерiнде де үлгi алар үрдiс бар. Бұлар қайсыбiр терминдердi жасау, қабылдауда бiрен-саран (лагеркамп, ракета-фишек, жәрмеңке-фуар, щетка-фирча) Еуропа тiлдерiнiң элементтерi кездескенмен, негiзiнен өз тiлiнiң байлығын қамтуға қатты көңiл бөлiнетiн тәрiздi. Мысалы, түрiктер аэропортты хавааланы, самолеттi учақ, спонсорды сөзжу, магнитофонды касетсалар, компьютердi бiлгiсалар, Президенттi жумхурбақаны, премьер-министрдi башбақан, парламенттi мәжiлiс, мороженыйды дондурма, автомашинаны араба, транспортты ұластырма, студенттi өргенчi, масштабты өлчу деп алған.
Қазақ тiлiнде университет, экономика, факультет, теория, спорт, кадр, музей, физика деп қабылданған интертерминдер, түрiкше де ауызекi тiлдегi айтылу ыңғайы сақталып, ықшамданып алынған екен: факульте, университе, теории, економи, спор, физик, музе, кадро т.б. Ал аударылып алынған мәдениет, дүкен деген тәрiздiлер түрiкше аударылмай, әлгiндегiдей ықшамды түрге көшкен (култур, магаза). Ал көптеген интертерминдер екi тiлде екi түрлi аударылған. Мысалы, выставка; түр. сергi, қаз. көрме, верховный совет: түр. даныштай, қаз. Жоғарғы Кеңес, Верховный суд: түр. ярғытай, қаз. Жоғары сот, независимость: түр. бақымсыздық, каз. тәуелсiздiк, космос: түр. озай, қаз. ғарыш, промышленность: түр. iслетме, қаз. кәсiпорын т.б.
Екi ел арасындағы қарым-қатынастың жиiлеуiне орай тiлдiк те ауыс-түйiс басталғандай түрi бар. Бұл жақсылықтың нышаны. Жақсы үлгiнi қабылдаудың бiр мысалы ретiнде "Егемен Қазақстан" мен "Ана тiлi" газетiнiң беттерi арқылы жиi көрiне келе ұшақ (самолет-учақ) және әуеалаңы (аэропорт-хавалалаңы) термин ретiнде қалыптасты.
Қысқасы туыс тiлдер тәжiрибесiне үңiлу терминжасам мәселесiнде нәтижелi пайдасын тигiзедi деп ойлаймыз. Бұл принциптi саналы, сауатты ұстану қажет. Өзiңде жоқты өзгеден, оның iшiнде түбiрi бiр туыс тiлдерден iздеп тауып жатсаң оның несi айып. Қайта көп жылдар бойы жабылып қалған табиғи даму заңдылықтарының көзi ашылады.
Келесi бiр кеңесетiн мәселе – бiзде баламасы жоқ интернационалдық сөздердi алу, қабылдау принципi. Мұндай терминдердiң бәрi де күнi бүгiнге дейiн сол түпнұсқада қалай айтылып, жазылса солай алу керек деген принциптi қатаң ұстап, тiлiмiздi шетел сөздерiмен әбден сiрестiрiп шұбарлап келдiк. Қазақ тiлiнiң өз заңдылығына түбiрiмен қайшы принциптi зорлықпен тықпалап келдiк. Ендi бұл турасында тiлiмiздiң терминжасам тәжiрибесi не бердi дегенге келейiк. Жалпы қазақ тiлiнде ежелден қалыптасқан сөзжасам тәжiрибесiне үңiлер болсақ, бiз шет тiлден (араб, парсы) енген сөздердiң бәрiн өзiне қарай икемдеп, айтылу, жазылу қисынын қазақшаға ыңғайлап отырған екен. Ендеше бiз сол принциптi негiзге неге сүйенбеймiз? Бiржағынан интернационалдық терминдердi iштен орын бермей, берсек те сүйкiмсiз қонақ сияқты сол жат кейпiн сақтап қолдану тiптi де орынсыз. Қабылдап тiлiмiзге сiңiрдiк деген терминдерiмiздiң әлi күнге өз лексикалық байлығымыздың қатарына ене алмай интернационалдық боп үрпиiсiп тұруының сыры осында ма деп ойлаймыз.
Қазақтың ғасырлар әлетiнен сұрыпталып шыққан төл сөздерiнiң қатарында әскери форма киген адам сияқты әсер ететiн мұндай сөздердiң тағдырын қамти қарастыратын мезгiл жеттi. Солай жасала да бастады. Оларды негiзiнен өз тiлiмiздiң заңдылығына икемдеп, ыңғайлап алу – мiне ендiгi жерде ұстанатын негiзгi принцип осы болуы керек. Мәселен, өнер, бiлiм, мектеп, тәрбие, ғалым, ғылым, мұғалiм, кiтап тәрiздi әу бастағы араб, парсы төркiндес сөздердi, сондай-ақ мынадай орыс сөздерiн: жәшiк, бөтелке, бәтiңке, самаурын, порым, жандарал, болыс, ояз деп еншiлегенiмiздей еркiн әрекетке баруымыз керек. Яғни келгiншiге ыңғайланып, соған қарай икемделе бермей, өз болмыс, шын табиғатымызға сай бейiмдей қабылдау ләзiм. Интернационалдық терминдердi өз тiлiмiздiң заңдылығына сай бейiмдеп алуды сөз аластау деп түсiнбеу керек. Мұндай тiлдер қабылдаушы тiлдiң талабына көнбесе, сол өгей қалпы түбегейлi кiрiге алмай, өзiне орын таппай жырақ тұратын болады. Күнi бүгiнге дейiн қолданылып келген терминдердiң бiразы дәл осылай күй кешiп келедi.
Жалпы бұл туралы сөз қозғамастан бұрын интернационалдық термин дегенiмiз не, осыны дұрыс түсiнiп алғанымыз жөн. Әдетте әлде неше тiлде бiрдей қолданылып, ортақ қазынаға айналған сөздердi – интертермин деймiз. Бiрақ екiншi тiлге енген мұндай сөздердiң бәрi бiрдей интертермин дәрежесiн ала алмайды. Дүниежүзiлiк деңгейге танымал болған терминдер мен атаулар ғана интернационалдық деген мәртебеге ие бола алады. Ал осыдан келiп интернационалдық терминдердi басқа тiлдерге аударуға болмайды деген принциптi күнi бүгiнге дейiн қатып ұстанып келуiмiз қалай? Шындығында өзге тiлдiң байлығын, мүмкiндiгiнше есепке алмайтын бұл не қылған принцип. Бұл турасын айтқанда, басқа тiлдердiң даму жолдарын тұмшалау дегенмен бара бар екенiн ойлана бермегендеймiз. Әуелде осы принциптi қабылдағанда бiз өз тiлiмiздiң мүмкiндiгiмен iсiмiз болмаған тәрiздi. Тiлдер арасындағы әдiлетсiздiкке ең алдымен өзiмiз жол берiп отыратын сияқтымыз.
Ғылым мен техника жүгiн көтеретiн тiлдер бар, көтере алмайтын тiлдер бар деген пиғылды жылдар бойы дәлелдеп келгендеймiз. Қазақ тiлiнiң әлi толық iске жегiлмей жатқан сан алуан қатпарларына тереңдеген сайын, әлемдiк деңгейдегi сан алуан ұғымды да толық жеткiзе аларлық қауқарының барлығына көзiмiз толық жетiп отыр. Сонда тiл табиғатына жат "дайын" нәрселерге бас шұлғи бергенше өз байлығымызды iске қосудың жолдарын қарастырған абзал емес пе?! Кейiнгi жылдар тәжiрибесi осыны толық дәлелдеп отыр. Осы тұрғыдан келгенде, туыс түркi тiлдерiнiң ортақ қазынасы әлi жеткiлiктi дәрежеде қозғалысқа түскен жоқ. Бiрiнен бiрi нәр алып, бiрiн-бiрi байыта түсудiң орнына, алшақтай алыстай берген. Мұның түп негiзi ең алдымен жазу алшақтығына байланысты деп ойлаймыз.
Қазақ халқы небәрi 15-20 жылдың iшiнде үш түрлi жазуды бастан кешiрдi. Мiне, осы бiр жазудан екiншi жазуға көшу әлегiнде өзге туыс тiлдердегi ортақ қазынаға үңiлмек түгiлi, таза өз байлығымыздың қадiрiне жетуден де қалып қоя жаздаған жоқпыз ба?! Бұл, әрине өз алдына өрбiтудi керек ететiн күрделi сала. Жалпы интертерминдер төркiнiне бойлаған сайын олардың белгiлi бiр ұғымға негiзделiп, нақты мағыналық жүк арқалап тұратынын көремiз. Ал ендi осыны берерлiк сөздердi қазақ тiлiнен iздегенде көп ретте жазығымыз табылып жатады. Дәл қазiр тiлiмiзде осы iздеу, iздену процесi жүрiп жатыр. Көп жоқтың орны толып жатыр.
Осы уақытқа дейiн тiлдерде интернационализмдер болмаса, не аз болса ол тiлдiң қауқарсыздығы, дамымай қалғандығы деген түсiнiк басым болып келедi. Шынында тiлдiң дамуы ондағы интернационалдық сөздердiң көп-аздығына қарап өлшенбесе керек. Егерде әңгiме таралған барлық терминдердi сол қалпында қабылдап, оларды өз тiлiмiз арқылы меңгерсек, интертерминдер шапқыншылығына тап келгендей болар едiк. Онсыз да дендеп бара жатқан шетел сөздерi қаптай беретiн болса, ана тiлiмiзге қатер төндi дей берiңiз. Интертерминдерге тәуелдi болмай-ақ, өз тiлiнiң байлығын iске жаратқан жапон мен қытай халқының тәжiрибесiн алыңыз. Олар ғылым мен техника жетiстiктерiн өз тiлi негiзiнде меңгерiп, дамытып отыр. Тексере келсек, жапон тiлi кеше ғана, яғни 1945 жылдан былай қарай ғана өзiндiк қуатқа ие болған екен.
Интертерминдерге тиюге болмайды дейтiн түсiнiк бұларды шынында да құран сөздерiндей етiп жiбердi. Содан барып бұлар да баста белгiлi бiр тiл iшiнде туындап, терминдiк мәндi жүре келе жүктеген қарапайым сөздер екенiн елемейтiн де болдық. "Тиiспе", "аударма" деуден бұрын бұл сөздер ненi бiлдiрiп тұр, қандай мағынаны арқалап тұр дегенге зер салу керек қой. Мiне қазiр интернационалдық терминдерге осылайша қарау ағымы пайда болды. Бұл тiл дамуының өзiндiк даму табиғатына тән құбылыс.
Терминдер төркiнiне үңiлгенде, олардың да шығу, жасалу, пайда болу тегi, тiлдiк мекен жайы болатынын байқаймыз. Мысалы, медициналық терминдер әуелде латын тiлiнде пайда болған екен. Олар кейiн барлық тiлдерге енiп, сол күйiнде қалыптасып кеттi. Бұларды аударып әуре болудың қажетi шамалы. Ал кеше ғана ғарышты игеруге орай пайда болған спутниктi, октябрь революциясына орай туған совет, большевиктердi көптеген тiлдер өз мүмкiндiктерi негiзiнде қабылдап алды.
Термин аудару, жасау, қалыптастыру мәселесiнде ғылым саласын саралап қарастыру қажет. Мәселен, техника, физика, математика, механика, тәрiздi дәл ғылымдардың, химия, биология, медицина сияқты табиғаттану ғылымдары терминдерiн бiр қатарға қойып қарауға болмайды. Бұлардың терминдерiн аударуға келгенде барынша ыждағаттылық, бiлiктiлiк қажет. Кейбiр тiлдер компьютердi аударып қолданып жатыр. Мәселен, түрiктер мұны белгi саяр ("санай бiлетiн") деп алған екен.
Ал қоғамдық ғылымдар саласына келер болсақ, әңгiме басқаша. Бiр қарағанда бұл ғылымдар қоғамдық өмiрдiң айнасы iспеттес қой. Саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтiк, оқу-тәжiрибелiк, өнер-бiлiмге байланысты ұғымдардың бәрiн жинақтап, олардың аударуға тиiстiлерi қайсы, тiлiмiзге бейiмдеп алуға болмайтыны қайсы, сол қалпында қалдырылатындары қайсы дегендердi саралау керек. Оларды аударудың принциптерi мен тәсiлдерi айқындалуға тиiс. Онысыз терминологияда жүйелiлiк болмайды.
Терминологияның бұл мәселелерi қазақ тiлi түгiлi орыс тiлiнде әлi түбегейлi қарастырылған жоқ. Интернационалдық термин атауларының төркiнiне тереңдемей, олардың әуелгi лексикалық мағынасын тексермей-ақ, терминдiк тұлғада мәнiн ғана аударып қателесiп жүрмiз. Шынында бұлар да әу баста кәдiмгi қарапайым сөздер ретiнде дүниеге келгенiн аудармашылар ескерiп отыруға тиiс. Сөйтiп әлгi атаулар келе-келе шарттылық пен дәстүрлi қолданысқа көшкен. Мiне мәселенiң осы жағына қатты мән берiп отыруға тура келедi.
70 жыл бойындағы терминологиялық процестi қадағалап отырсақ, тiлiмiзге енiп, ендiрiлiп жатқан термин мен атауларды "орыс, совет және интернационалдық" деп жiктеп келген екенбiз.
Профессор Ә. Қайдар бұларды осылайша үш топқа бөледi де, әр қайсысының ара салмағын, санын ойша топшылап таңдайды, оның ойынша орыс терминдерiнiң 70% мағынасы түсiнiктi болғандықтан қазақшаға аударылған да, 30% сол қалпында қабылданған. Осылардың арасынан ғалым советизмдердi бөлiп алады да, оны 20% шамасында деп есептейдi. Бұлардың бiр тобы таза орыс (славян) (совет, большевик, листовка, самолет, вертолет, пулемет, паровоз, станок, завод, почта, ведомство, сот, паром т.т.) де, екiншiлерi орыс, еуропа және шығыс элементтерi аралас (колхоз, партбилет, профсоюз т.б.) термин сөздер.
Бұл жерде әсiресе терминологиялық жүйенi қалыптастыру, реттеу, жасау жайына келгенде әр бiр тiлдiң өз табиғатына тән ерекшелiгiн қатты ескерiп отыру керек. Мәселен орыс тiлi мен қазақ тiлi жағдайын алайық. Орыс тiлiнiң ғылым мен техника саласындағы терминологиялық қоры негiзiнен еуропа мен шығыс елдерi элементтерiнен тұратыны байқалды. Осыны үлгi тұтқан қайсыбiр қаламгерлер, орыс-интертерминдерден неге қашамыз дегендi айтқысы келедi. Сөйтiп қазақ тiлiн қатар қойғысы келедi. Орыс тiлiнде термин қалыптастыру iсi XVII ғасырдан басталған.
Ал қазақ тiлiнiң терминдермен жабдықталуы небары 60-70 жылдың аржақ-бержағы. Мұны есепке алмай қарабайыр салыстырудың мәнi жоқ. Ненi болса да жұтып, сiңiрiп жiберетiн алып тiлдiң термин қалыптастыру жайы бiр басқа да, күш-қуаты бойында, өз мүмкiндiгiн әлi барынша жарқырата ашып iске жарата қоймаған қазақ тiлiнiң жайы екiншi басқа. Орыс тiлi шет тiлi элементтерiн қанша болса да көтерiп кете алады. Одан оның беделi төмендеп, мәнi көмескiлене қоймайды. Ал қазақ тiлiне бет қаратпай тыс элементтердi қабылдай берсек еңсенi басып тастауы мүмкiн, әлденудiң орнына әлсiреуi, баюдың орнына құнсыздануы мүмкiн. Сондықтан қазақ тiлiне сөз қабылдаудың ана тiлге зиянын тигiзбей, заңды принциптерiн барынша сауаттылықпен, қатаң сақтау керек.
Игi әсер, игi ықпал деген ұғым көп айтылып келдi. Осының байыбына барып, парқын бiлiп дәйектi пiкiр қозғаушылар аз. Ұлы орыс тiлi қазақ тiлiн, сондай-ақ басқа тiлдердi де осылайша ықпал ету нәтижесiнде керемет байытты деген жалаң түсiнiк етек алған.
Жалпы баю деген не өзi? Мұны баз бiреулер сөздiк қордың молдығына саяды. Яғни тiрi тiлде қанша сөз болса, ол соншалықты бай тiл деп ұғынушылар бар. Тiл байлығы мұнымен ғана айқындалмайды. Әрине сөздер мен сөз тiркестерiнiң, сөз түрлендiргiш қосымшалардың молдығы да белгiлi дәрежеде тiл байлығының көрсеткiшi бола алады. Әйтсе де тiлдiң оралымдылығы, икемдiлiгi, мағына туындатқыштығы негiзгi фактор болуы керек. Егер орыс тiлi қазақ тiлiнiң iшкi мүмкiндiктерiнiң артыла түсуiне септiгiн тигiзiп жатса, мұны игi әсер қатарына жатқызуға болар.
Ал тiл табиғатына жат әлгiндей сiрескен бөтен тұлғалардың қаптауы баю емес, басылумен барабар құбылыс. Мұндай сөздер қатары, әсiресе Кеңес өкiметi тұсында көбейе түскенi мәлiм.
Тiлiмiздiң өз мүмкiндiгiн, яғни сөзжасам түрлерiн жетiлдiре, түрлендiре түсудiң орнына, iзденiп тер төгудiң орнына осындай дайын қабаттарды қаптатуды тiл баюына жатқызуға болмайды. Осының бәрiнен тiлдердiң өзара игi әсерiнен гөрi, бiр тiлдiң екiншi тiлге үстемдiгiн, бұл жерде орыс тiлiнiң қазақ тiлiне жасап отырған өктемдiгiн көремiз. Бұлар терезесi тең дәрежедегi дамыған тiлдер емес. Бiрi – бағынышты, бiрi – басыңқы үстемдiк рөл атқарған тiлдер. Соған қарамастан қазақ тiлiнiң терминологиялық лексикасының бiршама қалыптаса түскенiн мойындау керек. Мұны саралай келсек, сала-салаға жiктеп, өзiндiк және өзгелiк деп бөлiп қарастыруға болады. Сонда шамамен 100 мыңға тарта деп есептелiп жүрген терминдердiң өзiндiгiнен гөрi, өзгелiгi әлдеқайда басым жататынын байқаймыз. Мұны кез келген екi тiлдi терминологиялық сөздiктi мысалға ала отырып дәлелдеуге болады. Осының бәрiнде, қанша дегенмен бұйығы жатқан тiлдiң байырғы лексикалық қазынасына қозғау салғаны да мәлiм. Терминологиялық iзденiстер там-тұмдап болса да тiлiмiздiң iшкi мүмкiншiлiгiн сарапқа салуға жетектедi. Ғылымның әр саласындағы терминге мұқтаждықты зиялы қауым iзденiмпаздықпен өтеуге тырысып отырғанын байқаймыз. Бұл жерде орыс тiлiнiң игi әсерiн көруге болады. Осы бағытты ұстанып, оның тиiмдi үлгiлерiн жан-жақты дамытудың орнына орыстың мундирi мен кокардасын киген терминдердi қаптатып жiбердiк. Аударуға келмейтiн, баламасы табылмаған орыс интертерминдердi қабылдау принципiнде өрескел қателiктер жiберiлдi. Олардың қазақ тiлiнiң сөз қабылдау заңдылығына сәйкес қисынын келтiрiп сiңдiрудiң орнына, орыс тiлiнiң өз нормасымен алып қалшиттық та қойдық. Бұл түпнұсқа тiлiнiң жазба әдеби нормасын сақтау орыс рухын сақтау болып шықты. Мұның ар жағында таза "орыстандыру" саясаты менмұндалап тұрды. Ал бiз болсақ, мұны асқан мәдениетке жетудiң төте жолы деп қабылдап, жарыса мадақтап жаттық. Бұл төңкерiстен кейiн болған құбылыс. Бұл әсiресе жазумен, алфавитпен байланысты күшiне ене түстi. 42 әрiптен тұратын орыс алфавитiн, кириллицаны қалай қабылдадық, солай тiлiмiз өз табиғатынан алшақтай бастады. Бұл алфавит күшiне ене келе жазу ғана емес, тiптi ауызекi сөйлеу тiлiмiзге де керi әсерiн тигiзе бастады.
Жалпы шет сөздердi қабылдау жөнiнен ежелден қалыптасқан дәстүрiмiздi тастап, Кеңес кезiнде неге ғана құбыла қалғанымыздың түп себебi "орыстандыру" саясатында жатқанын ескерткен едiк. Бiр қызығы орыс тiлiнде қаптап жүрген шет тiл терминдерiнiң ешқайсысы өзiнiң түп негiзi, яғни заңдылығы сақталып алынған емес. Жазу мен терминдердi реттеуде орасан зор еңбек еткен зиялыларымыз осыны неге ескермейдi екен деген ойға қаласың.
Өмiрзақ АЙТБАЙҰЛЫ, Филология ғылымдарының докторы,
профессор, академик