АҚЫТЫМ АСҚАР БЕЛ ЕДI
АҚЫТЫМ АСҚАР БЕЛ ЕДI
Ақыт Қажы ХIХ-ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Қытай қазақтары iшiнен шыққан ғұлама, тарихшы, ақын тәрбиешi, жаңашыл ойшыл, қоғам қайраткерi. Оның шығармалары бiр ғасыр бойы Алтай қазақтары iшiнде құндылығын сақтады. Ал, ХХI ғасырдың табалдырығынан аттап отырған осы тұста да, Ақыт Қажының шығармаларының мәнiн жоғалтпағаны, тiптi арта түскенiн айтсақ, асырғандық болмас едi.
Бүгiнгi таңда жан-жақты даму үстiндегi Қазақстанның бетпе-бет келiп отырған көкейкестi мәселелерiнiң бiрiнiң дiни салада болып отырғаны анық. Өйткенi тәуелсiздiктен алдыңғы 70 жылдық кеңестiк кезеңде атеистiк негiздегi кеңестiк идеологияның салдарынан қазақ халқы өзiнiң ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан Исламдық негiздегi дiни түсiнiк пен нанымдарында үзiлiске тап болды.
Кеңестiк саясаттың әсiре дiни ғұламаларды қырып-жоюы, тәуелсiздiк кезеңiнде Қазақстанда дiни бағытта күңгiрт жағдайдың тууына әкелiп соқтырды. Мұның салдарынан өзге дiн өкiлдерi жат дiндердi таратуда қазақтарды қолайлы орта деп тапты. Екiншi жақтан қазақ халқының өзiнiң дәстүрлi Исламдық түсiнiгiнiң орнын кейбiр экстремистiк дiни ағымдар толтыруға әрекеттендi. Атап айтқанда, Уахаббизм, "Хизб-ут-Тахрир" секiлдi қазақтың исламдық дiни сенiм-көзқарасына жат экстремистiк бағыттағы дiни топтар өздерiне қолдаушылар таба бiлдi.
Мұндай әсiре дiни ағымдарға қарсы қолданы¬латын шаралардың бiрi — қазақ халқы кеңестiк кезеңде тамырларынан көз жазып қалған дәстүрлi дiни мұраларды қайта жаңғырту екенi анық. Мiне, бұл тұрғыдан алып қарағанда 1868-1940 жылдар арасында Моңғолия мен Кытайда өмiр сүрген Ақыт Үлiмжiұлының дiни шығармалары маңызы аса жоғары болмақ.
Шығармалары Қожа Ахмет Ясауи, Абай және Шәкәрiм шығармаларымен сабақтасатын Ақыт Үлiмжiұлы 1868 жылы, Алтай аймағының Көктоғай ауданына қарасты Қайырты деген жерде дүниеге келдi. Әкесi Қарымсақұлы Үлiмжi, шешесi жәнтекей руынан Бәкежанқызы Жiбек болған Ақыт алғашқы тәлiм тәрбиесiн ауылдағы моллалардан алды. Өзiнiң немере ағасы Садық Жибен ұлы мен Кұсман Молладан сауат ашты. Осы моллалардан әлiббидi жаңа меңгерiп қолы ендi жазу бiлдi деген шақта, өлеңдерiн кiтап шетiне жаза бастайды. Мысалы, ол алғашқы иман шартының шетiне мынадай өлең жазған екен:
Үлiмжi — бiздiң атамыз,
Құдайға көп тұр хатамыз.
Ғылым нұрын бiр көрмей
Қараңғы қайтып жатамыз.
Кейiн Бұхардан келген Махбұболла деген ғұламадан оқуын одан әрi жалғастырады. Ауылдағы 60 бала мен бiрге Ақыт осы ғұламадан сабақ алды. Ақыт өзiнiң осы оқу күндерiн бiр өлеңiнде былай деп суреттейдi:
Пақыр Ақыт сөйлейдi әрбiр тұстан,
Жастан түркi танытты молла Ғұсман.
Садық аға үйреттi әлiп би деп,
Танытты хат-қағазды асығыстан
Ержетiп дамолладан алдым сабақ,
Есiмiдұр Махбұболла асыл талап.
Бұһардың ақ сүйегi дәл өзiнен
Шығады демi сайын ғылым тарап. (Ғазез Ақытұлы, "Ақыт Атаны Еске Алғанда", Ғахылия (Құрастырушы Шынай Рахметұлы), Баян-Өлгей, 1994, б. 5-7).
Оқуда, балалар iшiнде, Ақыт, зеректiгi және оқуға бейiмдiлiгiмен айрықша көзге түстi. Балалардың алды болды. Сөйтiп Ақыт ерекше ықыласына ие болған молданың қолынан алған "Ыстамбұл" және "Қазан" баспаларынан шыққан кiтаптарды оқып, бiлiмiн арттырды және араб тiлiн үйрендi.
Көзi ашық бiлiмi молайған Ақыт жiгiт болған шақта, Жуанған үкiрдайдың (болыстың) көзiне түстi. Бiр жергiлiктi үкiмет қызметкерi, болыстан почта таситын сауатты екi пысық жiгiт сұрағанда, Ақыт пен оның құрдасы Қобдабайды шығарып бердi. 1890 жылы Ақыт осы қызметiне жүрерде, әкесi Үлiмжi ақсарбасын сойып ақсақалдардан бата сұрайды. Екi жас жiгiт Алтай мен Қобда арасындағы почта бекетiнде қызмет iстедi. Сөйтiп, Қытайдың Еженханы мен орыстың патшасы арасында болған почта тасымалдауын реттедi.
Осы қызметте жүрiп жас Ақыт көптеген адамдармен танысты. Олар арқылы Қазанда басылған дiни, тарихи жане әдеби кiтаптарды алғызып оқып жүрдi. Сөйтiп почта қызметiндегi Ақыттың бiлiмi одан әрi тереңдей түстi. Сонымен қабат, оқыған кiтаптарынан шабыт алған Ақыт өзi де тынбай жазды. Сондай кiтаптарының бiрiн "Жиһаншаһ" деп айдарлап, "жараса бассын" деп, Қазандағы баспагерлерге жiбердi. Баспагерлерге өлеңдер ұнайды да, баспадан шығарып бередi. Сөйтiп Ақыттың және Алтай қазақтарының тұңғыш кiтабы "Жиһаншаһ" 1897 жылы баспадан жарық көрдi. Мұның өзiн Ақыттың қазақ халқының жазба әдебиетiне қосқан ерең үлестерiнiң бiрi деп бағалауға болады. Өйткенi, Ресей патшалығы тұсында Қазан, Орынбор, Уфа және Астрахан сияқты қалаларда қазақ тiлiнде алғаш кiтаптың жарық көрген 1831 жылынан 1917 жылғы Қазан Төңкерiсiне дейiнгi мезгiлде 509 қазақша кiтап жарық көрген екен. Ал бұл турасындағы зерттеулерге қарағанда, Ақыт Қажының тұңғыш кiтабы жарық көрген 1897 жылына дейiн қазақ тiлiнде 90 кiтап жарық көрген екен (Әбрар Кәримуллин, "Казакь Телендәгы Басмалар", Китап Дөньясына Сәяхәт (Татар басма сүзенең сәхифәләреннән), Қазан, Татарстан Китап Нәшрияты, 1979, с. 102-129). Басқаша сөзбен айтқанда, "Жиһаншаһ" қазақ халқының басылым тарихындағы алғашқы тоқсан кiтаптың iшiнде орын алып отыр.
Бұл арада айтқан өлеңдерi мен әңгiмелерi арқылы, Ақыттың бiлiмi терең молла екенi жөнiнде атақ-даңқын ел iшiнде шығарады. Ауылдың балалары үшiн молла iздеп жүрген Қобдадағы Ботақара руының үкiрдайы (болыстары) Бардам мен Лайық Ақытты шақырады. Сөйтiп Ақыт, бала оқыта бастайды. Сол ауылда мектеп-медресе ашады. Мешiт салады.
1908 жылы Ақыт Алтай, Қобда жане Жайырдан 60 адаммен бiрге қажыға аттанды. Сонда Ақыт 39 жаста екен. Мұны бiз оның мына шумақтарынан бiлiп отырмыз:
Иллаһи, саған жылап қалам алдым,
Тәуекел бар iсiмдi саған салдым.
Жарандар атым Ақыт — молла Тайиф,
Жасымда отыз тоғыз Мекке бардым. (Бұл жерде тайиф — жағымды деген сөз. Қажылық сапарында бадауилар оған солай ат қойған екен).
Қажылық ғибадатын орындағаннан кейiн Ақыт, жолдастарымен бiрге елге қайтпайды да, бiлiмiн одан әрi толықтыру үшiн Араб елдерiнде қалады. Ол Мәдине және Шам шаһарларын аралап кiтапханаларынан бiлiм iздедi. Араб тiлiн толықтырды.
Бұл арада Ақыттың үй iшi одан көп уақыт хабар ала алмаған соң, күдер үзiп оны өлдiге санайды. Осыған байланысты қызық бiр жағдай пайда болады. Әкесi Ақыт өлдi деп асын бермекшi болады. Дайындық жасап елдi шақырады. Ас беретiн күнi Ақыт үйге жетiп келдi. Сөйтiп Ақыт өзiнiң асының үстiне түстi. Сонда көз жасы төгiлiп қайғылы болған ас, Ақытқа қауышқан қуанышты тойға айналды. Халық аң-таң боп бұл жағдайға сенер сенбесiн бiле алмай қалды. Тiптi, өлген Ақыт тiрiлiп келген бе деп шошып кеткендер де болды. Кейiн мәселенiң анық-қанығына көзi жеткен көпшiлiк Ақыттың қажылығын тәберiк етiп қажылық сапарының әңгiмелерiне көңiл бөлдi. Ақыт, осы тұста, халықтың өзiнiң қажылық сапары туралы әңгiмелерiне ерекше ықылас танытқанын байқады. Оларды кейiн өлең тiлiмен кiтап қып жазып "Қажыбаян" деген ат қойды. Өте шебер тiлмен жазылған бұл кiтап оқыған адамның көңiлiн аударып қажылық сапарды онымен бiрге кешкендей әсерде қалдырады. Мысалы ол, Жиддеге барғаннан соң қа¬жылықты қалай орындағанын былай деп суреттейдi:
Жиддаға бiр күн қонып ерте жүрдiк,
Ақшаға кiре жалдап түйе мiндiк.
Отызыншы зұлкада сенбi күнi,
Меккеге осы күнi барып кiрдiк.
Айналып тауап етiп Байтолланы,
Кәдiрiн Iслам дiннiң кәмiл бiлдiк.
Жүз сүртiп Һак Расұл макамына,
Аллаға жүз мың қайта шүкiр қылдық.
Зәмзәм iшiп, жүгiрiп Сафа, Маруа,
Iһрам шешiп тынығып аз күн тұрдық.
Айналып күн-күн сайын Байтолланы,
Мұстаһап әдеплерге мойын бұрдық.
Байтолланың сыртында Масжидi Һарам,
Зираттың есiгi Бабұссалам.
Iбраһiмге жасатып Байтолланы,
"Құрметтi үйiм" деген Һак Тағалам. (Ақыт Қажы, “Қажыбаян”, Баспаға дайындаған Кәкей Жаңжұңұлы, Өлгий, 1991, б. 26).
Қажылық сапардан оралғаннан кейiн Ақыттың бет-беделi өстi. Өр Алтайдың төрт биi атап айтқанда, Тары, Жуанған, Бiтiмшi жане Бұратай ақылдасып Ақыт Қажыны қазылыққа сайлады. Сонымен Ақыт Қажы ел бiрлiгiн қамтамасыз еткен әдiл қазы болды. Оның ел берекесi мен тыныштығын жоғары ұстаған билiгiне мысал ретiнде мына оқиғаны атап өткен жөн. 1920-жылдарда Шәкүртi деген жерде ұрыс-жанжал болып Жәдiк руының жiгiттерi Шерушi Жiптелбай деген кiсiнi өлтiрдi. Мұның аяғы дауға айналып мәселе Ақыттың алдына келдi. Шерушiнiң жуандары "Бiз кiсiге кiсi аламыз, малға бiтiспеймiз" дедi. Ақыт Қажы бұл сөздi оғаш көрiп былай дедi: "Қазақ арасында ерегес пен айқаста қате тиiп оқыс болмаса, дәл өз қолымен кiсi өлтiрiп өлiм жазасы берiлген емес. Алдына келсе атаңның құнын кеш. Егер кiсi орнына кiсi аламын десеңдер, онда бiтiспес, түгемес лаң туылып сылайы раһiм мейiрбандық қатынас бұзылып шабыс пен жанжал көбейедi." Осы сөзден кейiн Шерушiлер райынан қайтты. Сонымен жәдiк жағы жүз жылқы құн төлеп дау аяқталды (Ғазез Ақытұлы, "Ақыт атаны еске алғанда", Ғахылия (Құрастырушы Шынай Рахметұлы), Баян-Өлгей, 1994, б. 13-14).
Ақыт Қажы ғылым мен әдебиетке қатты берiлген жан болғандықтан, кiтапты көп жиыпты. Ақыттың ұлы Ғазездiң айтуына қарағанда, Шың Шы Сай әскерi Ақыттың кiтабын тартып алғанда, оның 800-ден астам кiтабы бар екен. Бұл кiтаптардың iшiнде, Құран тәпсiрi, Күтiби сiтте, Фыкыһ, Қауайiд, Наһив, Сарих секiлдi дiни кiтаптарға қоса, Алжамғұ байна, Радiл һакемейн, Диуаны лұғат ат түрiк, Құтатғұ бiлiг, Тарихи рашиди, Тауарихи хамса, Тарихи Шыңғысхан, Шежерейi түрiк, Хиса сүл әнбия тәрiздi тарихи кiтаптар да болған (Ғазез Ақытұлы, "Ақыт атаны еске алғанда", Ғахылия (Құрастырушы Шынай Рахметұлы), Баян-Өлгей, 1994, б. 15).
Ақыт Үлiмжiұлы көптеген тiлдердi меңгерген ұлы ғалым едi. Ол араб, парсы, түрiк, татар, ұйғыр, моңғол және орыс тiлдерiн меңгерген едi. Осы тiлдердегi кiтап және газеттердi оқи алатын. Ақыт Қажының қазақ халқына дiни салада жасаған ең үлкен еңбектерiнiң бiрi – Құран Кәрiмнiң қазақша аудармасы едi. Өкiнiшке орай 1930 жылдардың аяғында жасалған бұл аударма, сол кездегi Шынжаңның Қытай губернаторы Шың Шы Сайдың әскерлерi Ақыт Қажыны тұтқынға алып дiни кiтап және қағаздарын өртегенде жоқ болып кеткен-дi. Сөйтiп Қазақ халқы өзiнiң ұлттық тiлiнде жасалған тұңғыш аудармадан көз жазып қалды. Дегенмен оның бұл қызметiн оның ұрпағы Ғазез Молла жалғастырды. Оның Мақаш Молламен бiрiгiп жасаған Құран аудармасы 1989 жылы Пекиндегi Ұлттар баспасынан жарық көрдi. Бiрақ бұл жарыққа шыққан Құранның қазақша екiншi аудармасы едi. Құранның қазақ тiлiндегi тұңғыш аудармасы 1988 жылы Ыстамбұлда Халифа Алтайдың қаламынан шыққан едi. Үшiншi аударманы 1991 жылы Уақап Қыдырханұлы мен Ратбек Нысанбаев жасап, "Жазушы" баспасынан жарыққа шығарды. Қасиеттi кiтаптың қазақ тiлiндегi төртiншi аудармасы Уақап Қыдырханұлының қаламынан 2002 жылы Алматыда жарық көрiп, Елбасы Н.Назарбаевтың сыйы ретiнде республика мешiттерiне тегiн таратылды. Құран Кәрiмнiң қазақ тiлiнде жасалған осы аударма тарихынан байқалғанындай, Ақыт Қажының тұңғыш аудармасы жойылып кетпей жарыққа шыққанда, бұл тарих кемiнде 50 жылдың алдында басталар едi және Құранның қазақша аудармаларына сүбелi үлесiн тигiзген болар едi.
Ақыт Қажы халықты елдiкке, береке-бiрлiкке, өнер-бiлiмге, әдеп пен адамгершiлiкке, дiндi және салт-дәстүрдi құрметтеуге шақырған көптеген өлеңдер жазды. Оның баспадан жарық көрген кiтаптары:
"Жиһаншаһ" (1897), "Хисаи Жиһаншаһ Тамыз Шах ұғлы" (1901), "Хисаи Ғабдұлмүлiк" (1902), "Ахуал қиямет" (1908), "Әдебият Ғахылия" (1909), "Керей ешенi Мұхамет Мұмiн" (1909), "Хисаи Сәйфiлмәлiк" (1909), "Тәржiмаи Ақыт Уәләд Ұлiмжi" (жылы белгiсiз). Қолжазба ретiнде тараған шығармалары: "Мұхамет Құнапия, Қажыбаян" (Ақыттың баспадан жарық көрмеген қолжазба күйiнде сақталған бұл еңбегi Баян Өлгейде баспадан жарық көрдi. Кiтапқа Ақыттың басқа еңбектерi де кiргiзiлген. Ақыт Қажы, "Қажыбаян". Баспаға дайындаған Кәкей Жаңжұңұлы, Өлгий, 1991, 124 б), "Самұрық құс", "Абақ керей шежiресi", "Ер Жәнiбек", "Смағұлдың хисасы", "Ал жараңдар, тыңдай бер". (Ғазез Ақытұлы, "Ақыт атаны еске алғанда", Ғахылия (Құрастырушы Шынай Рахметұлы), Баян-Өлгей, 1994, с. 5-18).
Ол өлең жазуда өзiне қазақтың ұлы ақыны Абайды үлгi етедi. Мұны былай деп тiлге келтiредi:
Ақындар бiзден бұрын өткен талай
Әсiресе Құнанбай баласы Абай,
Солардай өткiр сөздi таппасам да,
Ойымды жеткiзейiн құрай, жамай.
Ақыт өлеңдерiнде көбiнесе елдi бiлiм үйренуге шақырады. Былай дейдi:
Ғылым-сәуле нұр, жарық,
Оқымай болмас құр қалып.
Термелi ғылым оқысаң,
Жүрегiңе тоқысаң,
Көрерсiң сәуле бiр жарық.
Ата заңым деп қазақ,
Әр тараптан құр қалып.
Ай мен күндi ұға алмай,
Алысқа ұзап шыға алмай
Неге мәз боп жүр халық.
Басқа бiр өлеңiнде Ақыт Қажы Құдайдан қорыққан адамның iсiнiң оңға басатынын көрсетедi:
Рызықты құр қылар,
Өлiм махшар жиында,
Тәңiр алдында қор қылар,
Бiр Құдайдан қорыққанның,
Қатесiн Құдай оң қылар.
Осындай парасатты ғалым болған Ақыт Қажының өмiрiнiң соңғы күндерi қатты аянышты жағдайда өттi. Ол 1930-жылдарда Кытайда басталған лаңда, Шың Шы Сайдың әскерлерi көзi ашық адам болғаны үшiн Ақытты қамауға алды. 1940 жылы Шын Шы Сайдың тар есiк, тас босаға қараңғы түрмесiнде қинау мен аштық салдарынан 72 жаста шейiт болды.
Сонымен қорыта айтар болсақ, ғұлама Ақыт Үлiмжiұлының дiни саладағы шығармаларының қазақ халқының дәстүрлi Исламдық көзқарасының ортаға салатын туындылар болып табылады. Бұл шығармалардың зерттелiп көпшiлiктiң пайдасына ұсынылуы, халықтың дiни бостандық жағдайында бой көрсете бастаған кейбiр дiни әсiре ағымдарға қарсы шараларға оңды әсерiн тигiзедi. Қазақстандағы Исламтанушы ғалымдардың Моңғолия және Шыңжаңдағы Ақыттанушы ғалымдармен тiзе қоса отырып жұмыс iстеуi әрi қазақ тiлiндегi дiни терминологияның, әрi халықтың дiни саладағы, әсiресе Исламдық таным-түсiнiгiнiң дұрыс қалыптасуына септiгiн тигiзерi анық.
Әбдiуақап Қара, Тарих Ғылымдарының Докторы,
Ыстамбұл, Мимар Синан Көркем Өнер Университетi