ШЕТЕЛДIК БАУЫРЛАРДЫҢ АСТАНА ТОЙЫНА ТАРТУЫ
ШЕТЕЛДIК БАУЫРЛАРДЫҢ АСТАНА ТОЙЫНА ТАРТУЫ
Астананың онжылдығын қазақстандықтар ғана емес, шетелдiк бауырлар да зор ынта-ықыласпен қарсы алды. 30 маусымда қазақ рухын биiкке асқақтата көтерген Моңғолия мен Қытайдағы қандастарымыз көк туды желбiрете отырып, Астанаға ат басын тiредi. Отыз күн бойы ат үстiнде желдiрген 20 ағайын (Қытайдан 10 адам, Моңғолиядан 10 адам) Қазақстанға аман-есен жеттi. "Керуендi" зиялы қауым қарсы алды.
Моңғолиядан шыққан көш басын Мәскеу олимпиадасының жүлдегерi, әлемнiң екi дүркiн жеңiмпазы, түйе палуан Бақыт Одынайұлы, алтайлық қазақтарды Шығыс Түркiстан ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң көсемi Оспан батыр Исламұлының немересi Өркенбек Нәбиұлы бастап келдi. Қонақтарға зор қошемет көрсетiлдi. Астана қаласы әкiмiнiң орынбасары Ә.Рақымжанов, ақын Кәкiмбек Салықов, жазушы Ақселеу Сейдiмбек сөз сөйледi. Қазақ поэзиясының жезкиiгi атанған Кәкiмбек аға палуан денелi Бақыт Одынайұлын көрiп, оны қазақтың Қобыландысына теңедi. Бақыт Одынайұлы: "Астана Қазақстанның ғана емес, бүкiл әлемде шашырап жүрген қазақтың мақтанышы" деп, арқаның төрiнде бой көтерген ару Астананың онжылдығына құтты болсын айтты. Оспан батыр ауылынан келгендер Қытайдағы 1,5 млн қазақтың сәлемiн ала келiптi. Ресейдiң Таулы Алтайы мен қазақтың кең жазирасын басып өткен керуен Астананың 5994 қонағының қатарын толтырды. Той шымылдығын айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы арнаумен ашты. Жасы 68- ге келген Орымхан аға: "Ат үстi әулие ғой. Шаршадық. Астанаға жеткенде, шаршағанымды ұмыттым. Қуанышым қойныма сыймай отыр. Тiптi тiземнiң сырқырағаны есiмнен шығып кеттi. Астана керемет бой көтерiптi. Дүниеге танылғандай-ақ бар екен", – деп көңiл-күйiнiң хошын бiлдiрдi. "Түйе, бүркiтпен жолға шыққымыз келген, үнемi ат үстiнде жүретiн болғандықтан, оның еш мүмкiндiгi болмады, – дедi Б.Одынайұлы, — қазақтың ұлттық ойындарына қатысқалы келдiк".
Бауырларымыз Астана тойынан қазақтың иiсiн сезiне алды ма? Мәселе осында. Мерекелiк iс- шаралар бағдарламасында қазақша күрес қана бар екен. "Жамбы ату", "Қыз қуу", "Теңге алу", "Садақ тарту" секiлдi кiшiгiрiм ұлттық ойындарды ұмытса да, "Бәйге", "Көкпар", ақындар айтысын ұйымдастыруға әбден болатын едi ғой. Астана ұлттық ойындарды өткiзуден гөрi әр өңiрден сый-сияпат жинауды мақсат еткендей болды. Тойда күмбiрлетiп күй тартылмаса, арқаланып ақындар айтысқа шықпаса, бала-шаға көкпарды, үлкен-кiшi бәйгенi тамашаламаса, оның несi той? Бiткен iске мiн айтушылардың көп болатыны рас. Бұған дейiнгi тойлармен салыстырғанда, Астананың онжылдығы ұлттық нышандарға басым болғаны рас, әрине. Қала әкiмi И.Тасмағамбетов пен мәдениет департаментiнiң бастығы Қ.Болмановтың еңбегiн еш еткенiмiз жараспас. Дегенмен, мұндай олқылықтар келесi тойда орын алмаса екен.
Салтанат ҚАСЫМОВА