АFАЙЫНДАРДЫҢ "АМАНАТ" ҰСЫНЫСТАРЫ

АFАЙЫНДАРДЫҢ "АМАНАТ" ҰСЫНЫСТАРЫ

АFАЙЫНДАРДЫҢ "АМАНАТ" ҰСЫНЫСТАРЫ
ашық дереккөзі
477

Қазақстан Республикасы Парламентi депутаттарының назарына!

Сiздерге ағайындардың "Аманат" ұсыныстарын жолдаймын.

Әуелi, Елбасымыздың бұрындары журналистермен кездесiп айтқандарына тағы бiр рет назар аударуларыңызды сұраймын: "Демографтардың есептеуiнше алыс және жақын шетелдерде 4,5 млн.-нан астам қандастарымыздың жүруi кейде бiртүрлi мұңға батырады… Неге десеңiз, ұлттық сезiм — ең шетiн, нәзiк сезiм оған күш қолдану көзсiз соқырлық.

Мен туған халқымды сүйемiн. Сондықтан ел көшiн бастау маған сын, менi қостау елге сын.

Айналып келгенде көшi-қон iсi де халықаралық құқықтарға сәйкес өркениеттi заңға негiзделуi тиiс. Ықпалды, пәрмендi заңның жоқтығынан ағайынның шағым арызынан аяқ алып жүре алмайсың. Тек көшi-қон iсiмен айналысатын Үкiметке не Президентке тiкелей бағынатын құзырлы бiр орталықтың құрылуы заңды деп санаймыз. Түптеп келгенде, сырттағы және iштегi жас ұрпақтардың өмiрлiк мүдделерiнен аяп қаларымыз болмауға тиiс. Қолдан келгеннiң барлығын жасайтын боламыз".

Елбасымыз осыдан 7-8 жыл бұрын халықпен кездесуiнде, "оралман" деген баламаның өзiне де ұнамайтынын айтқан едi… 2005 жылғы дүниежүзi қазақтарының 3 құрылтайында сөйлеген сөзiнде Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығымен, Көшi-қон комитетiнiң құзырын көтерудi атап айтқаны, күнi бүгiнге дейiн белгiсiз себептермен орындалмады.

Қасымжомарт Кемелұлы мырза, Сiз өзiңiз де сыртқы iстер министрi болып жүрген кезiңiзде ҚХР барып келген iс сапарыңыздан кейiн Үкiметтiң назарына аса маңызды хат жолдағаныңызды бiлемiз.

Аслан Мусин мырза, өзiңiз де жуықта осыдан он жыл бұрын қабылданған "Халықтың көшi-қон туралы" Заңына содан берi 8 рет өзгерiстер енгiзiлсе де қазiргi саяси және әлеуметтiк-экономикалық жағдайларды ескере отырып, "Жаңа заң" әзiрлеу керек екендiгiне тоқталдыңыз. Шетелдегi 5 млн. қандастарымызбен қоян-қолтық араласып, еңбегiнiң жемiсiн көрiп жүрген Дүниежүзi қазақтар қауымдастығы төралқасы төрағасының бiрiншi орынбасары Т.Мамашев: "Бүгiнгi таңда көшi-қон мәселесiмен төрт-бес мекеме айналысады. Олардың бiр-бiрiмен байланысы жоқ. Соның салдарынан оралмандар көптеген бюрократиялық жолдарға тап болды" дей келе, Көшi-қон министрлiгiн құратын уақыт баяғыда жеткенiн атап айтты.

Ал, 4 рет ҚР Парламент Мәжiлiсi Депутатына сайланған өзiнiң депутаттық бағдарламасының бiр бөлiгiн әр кез көшi-қон саласына арнаған, отандас қандастарымызға етене жақын таныс, елiмiз егемендiк алғаннан берi ағайындардың мұң-мұқтажын, өтiнiш тiлектерiн қолдап, қамқоршы қолдаушы болып жүрген Уалихан Қалижан мырза Парламент Мәжiлiсiнiң жанынан көшi-қон мәселелерi және отандастармен байланыс жөнiндегi консультациялық кеңес құрып, алғашқы отырысын өткiздi. Өз сөзiнде, “Көшi-қон мәселесiмен 4 мекеме емес, 8 мекеме айналысып жатыр” дедi. Олар бiр-бiрiмен үйлесiп жұмыс iстей алмайды. Сондай-ақ "делдалдар оралмандардың мемлекеттен алатын жәрдемақысын жеп бiттi. Ол жасырын нәрсе емес" деп атап өттi. Көп мәселелер Елбасына жете бермейтiнiне тоқталып, осы айтылған жайттарды Елбасына жеткiзуге уәде еткенiн БАҚ оқырман қауымға жеткiзiп те үлгердi.

ҚР Парламентi Сенатының депутаты Қ.Сұлтанов өткен жыл соңында "Жас қазақ" газетiне берген сұхбатында: "Сырттағы қазақты отанына әкелу – бүгiнгi күннiң ең өзектi жүгi дер едiм. Атқарушы билiк мойындауы керек, көшi-қон саласында бюрократия күшейiп барады. Бюрократиялық пиғылды жою керек. Көшi-қон комитетiнiң жұмыс тәсiлiн түбiрiмен өзгерту қажет. Квотадан тыс өз бетiмен келiп жатқан қандастардың орналасуына жағдай жасау керек. Оған мүмкiндiк бар. Бұл алдағы күндерi жүзеге асуға тиiс мiндет деп есептеймiн" – деген едi. Көшi-қон жайында ел ағаларының айтқандарын тiзбелей берсек, бiрнеше томдық кiтап та болып қалар. Сөз түйiнiн айтсақ:

1. Жоғарыда айтылған барлық жайларға ерекше ынта-ықылас, түсiнушiлiкпен қарап, ҚР Парламентi Сенатының жанынан көшi-қон мәселесiмен айналысатын комиссия құрылса.

2. Елбасымыз өзi айтқанындай дербес құзырлы, тiкелей Президентке бағынатын "Халықтың көшi-қоны және демография жөнiндегi" министрлiк құруға ықпал етiп ат салыссаңыздар. Себебi, көшiп келген ағайындардың сыртында ҚР iшiнде көшiп-қонып жүрген 4 млн.-нан астам жергiлiктi халықтардың, босқындардың мәселелерiмен айналысатын 7 министрлiк, халықаралық ұйымдар және жергiлiктi атқарушы органдар қызмет етедi. Осынша ауқымды жұмыстарды ұйымдастырып, нәтижеге жетiп, Елбасына есеп беру көшi-қон министрлiгiне жүктеледi, сондықтан оның дәреже құзыры басқа министрлiктермен тең болуы қажет деп бiлемiз. "Қазақ тең теңiмен" деп бекер айтпаса керек.

3. Жаңа құрылған министрлiк жеделдетiп халықтың iшкi және сыртқы көшi-қонына, босқындарға, демографиялық жағдайымыз Елбасымыздың көтерiп отырған межелi санына жетуiн қамтамасыз ете алатын жаңа заң дайындап жыл соңына дейiн бекiттiре алады деп сенемiз.

4. Министрлiк құрылған сәттен бастап, жаңа заң жобасын әзiрлеуге әрбiр зиялы қауым өкiлдерi ат салысатынын сенiмдi айта аламыз. Өйткенi алып-ұшып алыстан жеткен қандас жекжаттарымызды "оралман" деп кемсiткендей баламаны өзгерту, көшiп келу квотасы нағыз қай облыстың қай елдi мекенiне қазақ жұрты қажет, қайда еңбек күшi бар, қай елдi-мекенге қандай мамандар қажет және сол жерге барғысы келетiнерге берiлсе, баспана сатып алуға бөлiнетiн қаржы көлемiн өсiру, өз еркiмен қалаған елдi-мекен қалаларға тұрғысы келетiндерге атаулы көмек көрсету, қолдау, келген отандас жекжаттарға жер телiмдерiн беру, ҚР азаматтығына дереу құжаттарын тапсыртып, азаматтықтары шыққанға дейiн уақытша "төлқұжат" беру, осы құжатпен еңбекпен қамтамасыз етiлулерiне, жәрдемақылар төленуiне, әлеуметтiк жеке код, салық комитетiне тiркелiлулерiне, шағын және орта бизнеспен шұғылдануларына, өздерi сатып алған баспанасын дереу жекешелендiрiп алуларына, банкiлерге есеп шот аштыруларына, жергiлiктi халықпен бiрдей құқылы деген кепiлдiк беру және де iшкi көшi-қон бойынша сандалып сабылып жүрген жергiлiктi халықтың көшi-қон саясатын бiр жүйеге келтiру сияқты өзектi мәселелер бүгiнгi күн тәртiбiнде екенiн ет жүрегiмiзбен сезiнемiз.

5. Әрбiр облысқа қазiрден бастап салына бастаған бейiмделу орталықтары жайында да Үкiмет арнайы пәрмендi iске асатындай "Ереже" қабылдаса .

6. Халықтың көшi-қоны қорын ұйымдастырып, игi iс болдыруға ат салыссаңыздар.

7. 2007 жылдың 29 қыркүйегiнде бекiтiлген "оралмандардың квотасына өлшемдер енгiзу туралы" Үкiметтiң қаулысының күшiн дереу жойғызу өте қажеттi. Бұл қаулы заң бұзушылыққа оралмандарды итермелеуi әбден мүмкiн.

8. Елбасымыз биылғы жолдауында "Өмiр бiздiң жоспарларымызға түзетулер енгiзiп тұратын болады. Бiз оған дайын тұруға тиiспiз" деп атап айтқанындай ендi көшi-қон заңына өмiр талабымен өзгерiстер енгiзуден бұрын сол заңмен қандай құзырлы мекеме жұмыс iстейтiнiн анықтап алуды мойындауымыз қажет.

Ұсынысымызды қолдап, пәрмендi шара қолдануларыңызды көптен-көп тiлеп өтiнемiз.

Мыңдаған қандас бауырларыңыздың атынан Құрметбек Сансызбайұлы, ақын, саясаттанушы

Серіктес жаңалықтары