КӨБЕЙМЕСЕК, КӨСЕГЕМIЗ КӨГЕРМЕЙДI
КӨБЕЙМЕСЕК, КӨСЕГЕМIЗ КӨГЕРМЕЙДI
Қоғамда бiраз резонанс тудырған Елбасының 30-мамырдағы қазақ газеттерi редакторларымен сұхбатында демография мәселелерiне қатты көңiл бөлiнгенi белгiлi. "Ата-бабамыздан қалған жерiмiз далиған дала. Халқымыз аз. Мына жақтағы Ресейге қарасақ та, мына жақтағы Қытайға қарасақ та бiз азбыз. Өзбек ағайындармен салыстырғанда да көп емеспiз. Сондықтан да бiз халықтың сапасына қатты назар аударуымыз керек.
Дегенмен көптiң аты көп. Мысалы, дүниежүзiнде қандай қобалжу, қандай қозғалыс болып жатса да Қытай былқ етпейдi, себебi өзiнiң базары өзiне жетiп жатыр, шығарған өнiмiнiң барлығын өзiнiң халқы сатып ала алады. Ресей де солай. Тiптi, 70 миллиондай халқы бар Түркия да солай. Айналамыздағы ағайындарды базарымызды бiрiктiруге шақырсам, 55 миллиондық нарқы бар кеңiстiк құрар едiк десем түсiнбейдi кейбiреулерi. Базарымыздың тарлығынан бiз сыртпен сауда-саттық жасауға мәжбүрмiз. Бес Франция сыйып кететiн осындай алып территорияда небәрi 15 миллион 700 мың адам өмiр сүрiп жатыр. Тәуелсiздiктен кейiн бiздегi талай адам өзiнiң тарихи отандарына қайтқанда ел халқының саны бiр жарым миллион адамға дейiн кемiп кеткенiн бiлесiздер. Онан берi едәуiр өсе алдық. Әйтсе де, әлi азбыз. Қазақстандай елдiң байлығын мұнша адам игере алмайтыны анық. Қазақстан алып құрылыс алаңына айналып келедi. Таяу жылдардың өзiнде елiмiзде iрi кен орындары игерiледi, жаңа кәсiпорындар бой көтередi, көптеген темiр және автомобиль жолдары салынады, жаңа магистральды құбырлар тартылады, қалада да, далада да тұрғын үй құрылысы өрiстейдi.
Сондықтан да бiз қалайда көбеюiмiз керек. Көбеймесек көсегемiз көгермейдi. Санның сапаға айналмай қоймайтынын ұғынуға тиiспiз. Не шықса да көптен шығады. "Көп қорқытады, терең батырады" деп қазақ бекер айтпаған" дедi Елбасы аталған сұхбатында.
Елдегi демография мәселелерi де бұған дейiн талай әңгiменiң өзегi болғаны рас. Бiрақ, көңiлдегi көп түйткiлдiң шешiлу жолдары әлi қарастырылған жоқ. Қазақстан халқын 2015 жылға дейiн 20 миллионға жеткiзу туралы 2003 жылғы Елбасының Жолдауынан кейiн қандай нақты шаралар қолданылды дегенге келсек, ең алдымен шетелден келетiн қазақтардың көшi-қон квотасы тағы 5 мың отбасыға көбейдi. Екiншiден, ана мен балаға төленуi тиiс жәрдемақылар мардымсыз болса да өстi. Жыл сайын Қазақстан халқы орта есеппен 300 мың сәби мен 100 мың шетелдiк қандастардың есебiмен көбейiп келедi. Ал, Қазақстанға ағылып келiп жатқан шетелдiк жұмыс күшi бұл цифрмен салыстырғанда, анағұрлым артық көрiнедi. ТМД мемлекеттерi арасында шетелдiк жұмыс күшiн тарту жағынан Қазақстан Ресей мен Украинадан кейiнгi үшiншi орында екен.
Қазiр Қазақстандағы шетелдiк жұмысшылардың ресми санын нақты ешкiм айта алмайды. Кейбiр ресми емес дерек көздерiне сүйенсек, Қазақстандағы өзбек жұмысшылары мен қытай мигранттарынан кейiнгi орынды әзiрбайжандар иеленедi екен. Елiмiзде 500 мың өзбек, 250 мың қытайлық жұмысшылар бар делiнедi. Ал, жақында Әзiрбайжанның көшi-қон орталығының директоры Аловсат Әлиев шетелдегi әзiрбайжандық жұмысшылар туралы мәлiметтi жария еттi. Оның айтуынша, жылына 200 мың әзiрбайжандық нәпақасын сырттан iздейтiн көрiнедi. Ресми емес дерек көздерi, Ресейде 2 миллион, Украинада 500, Қазақстанда 200, Батыс Еуропада 100, Түркияда 80 мың әзiрбайжан бар екендiгiн айтады. Сол секiлдi қытайлар мен өзбектердiң, түрiктердiң елiмiздегi нақты санын басып айту тағы қиын.
Жыл сайын шетте жүрген әзiрбайжандықтардан 2 млрд. доллар Әзiрбайжан қазынасының бүйiрiн қампайтады екен. Демек, шетелдiк жұмысшылар ұлттық қауiпсiздiгiмiзге ғана қауiп төндiрiп қоймайды, экономикамызға да әжептәуiр зардабын тигiзедi екен. Өйткенi, сарапшылардың айтуына қарағанда, Қазақстандағы шетелдiк жұмысшылар жылына 2 млрд.-тай доллардың қаржысын алып кететiн көрiнедi. Оның үстiне заңсыз мигранттардың саны жыл өткен сайын көбейiп келе жатқаны тағы жасырын емес. Демек, бiздiң қаржымыз шетке көлеңкелi жолмен кетiп жатыр. Жақында Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi шетелдiк жұмысшыларды әкелудiң жаңа Ережесiн бекiттi.
Онда жұмыс берушi шетелдiк жұмысшыны таңдауда оның бiлiмiн, жұмыс өтiлiн және ондай маманның елiмiзде бар-жоғын анықтайтын болады. Демек, қазiргi құрылыс компанияларын жағалап жүрген мамандығы жоқ, қара жұмысшылардың ағылуына тыйым салынады деген сөз. Бiрақ, бұның барлығы сөз жүзiндегi шаралар ғана. Ал, iс жүзiнде жасалынып жатқан ештеңе жоқ. Қазiр Қазақстандағы заңсыз мигранттардың есебiн алып, санын шығарып жатқан ешкiм жоқ. Ресей мен Украина қауiпсiздiк мәселелерiн күнi бұрын ойлап, алдын ала дабыл қағып, заңсыз мигранттармен күрестi мейлiнше жүргiзуде. Оған мысал ретiнде айтар болсақ, Ресей 2007 жылы 13 мыңға жуық әзiрбайжандарды Ресейден аластатуды жөн деп тапса, Украина жалпы 13 мың заңсыз мигранттарды отанынан қуған. Олардың 30%-ын әзiрбайжандар иеленген екен. Ал, бiзде дәл осындай мигрант операциясы жайында әңгiмелер аз айтылады.
Президент әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi Қайрат Келiмбетов 2015 жылы елiмiзге 1 миллион еңбек күшi қажет болатындығын айтқан едi. Демек, 2015 жылы халқымыздың санын 20 миллионға жеткiзу мәселесi шетке ысырылып, керiсiнше, шетелдiк жұмыс күшiне деген тәуелдiлiгiмiз арта түсетiндiгi белгiлi болып отыр. Бұның елдiң экономикасы мен ұлттық қауiпсiздiгiне келтiретiн зардабын айтудай-ақ айтып жатырмыз. Бiрақ, одан қорытынды шығарған жоқпыз.
Ендеше, елдiң ұлттық қауiпсiздiгiн бекемдеуiмiз үшiн не iстеуiмiз керек? Бiрiншiден, шетелдiк қандастарымызды арнайы қоныстандыру жайында жаңа бағдарлама жасап шығару қажет. Әсiресе, халқының саны да, қазағы да аз Солтүстiк облыстарға атамекенiне оралған қандастарымызды қоныстандыру идеясы әлi жүзеге асқан жоқ. Онда барған қазақтарға артықшылық пен басымдық берiлсе, ынталандырудың өз жемiсiн бермей қоймайтындығы анық. Экономист Тоқтар Есiркеповтiң деректерiне сүйенсек, Ақмола, Қостанай, Солтүстiк Қазақстан облыстарында құнарлы жерлер әр адам басына 12, тiптi, 14 гектарға дейiн жетедi екен. Алматы облысындағы құнарлы жер әр адамға шаққанда 1,5-2 гектардан келедi (бұл халықтың тығыздығына да байланысты), Шымкентте 0,9 гектар, Батыс Қазақстан аймағында 0,7 гектар болса, Маңғыстау облысында құнарлы жер әр адамға 0,003 гектардан келедi. Яғни, Солтүстiк облыстардағы халықтың санын, соның iшiнде қазақтың санын көбейтудiң айла-амалдарын жасайтын уақыт жеттi.
Есенгүл Кәпқызы