ТIЛ ЗАҢДЫЛЫҒЫ ҚАШАН САҚТАЛАДЫ?
ТIЛ ЗАҢДЫЛЫҒЫ ҚАШАН САҚТАЛАДЫ?
"Аллажар-қолдау" қоғамдық қоры Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық Экономикалық Сотына арыз түсiрдi. Жауапкер — Алматы қаласы Iшкi саясат департаментi басшылығы.
"Аллажар-қолдау" қоғамдық қоры 2006 жылы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткен. Негiзгi көздеген мақсаты — ұлттық өркениеттi, ұлттық мәдениеттi зерттеп, насихаттап жүрген елiмiздегi азаматтық қоғамды нығайтуға талпынған азаматтарға қолдау көрсету екенiн жұртшылыққа жеткiзiп, осы iстерге араласуға қарым-қабiлетi бар ұлттық мiндеттерiн түсiнген жандарды Қор жанынан құрылған "Халық үнi" мәдени-ағарту орталықтарына мүшелiкке тарту. Айта кету керек, күнi бүгiнге дейiн 30-дан аса мәдени-ағарту орталығы ашылып, халық игiлiгiне жұмыс iстеп келедi.
Қоғамдық қор Алматы қаласы Iшкi саясат департаментiнiң үкiметтiк емес ұйымдар (ҮЕҰ) арасында 28.03.08. күнi өткiзген әлеуметтiк маңызы бар жобалардың ашық байқауына қатысып, 10 лот бойынша өз жобаларын ұсынған. Алайда, аталмыш департаменттiң веб-сайтынан 04.04.08 күнi жобаның екiншi сатысына өтпей қалған қоғамдық қор "…Ваша заявка на конкурс составлена не по форме, отсутствуют копии дипломов…" деген жауапты оқыған.
Конкурс талаптарына сай емес деген уәжге келiспейтiндiгiн бiлдiрген "Аллажар-қолдау" қоғамдық қоры конкурсты ұйымдастырып отырған мекеменiң ҚР Заңдарының кейбiр баптарын бұзып, орындамай отырғандығын ескерiп сотқа шағымдануға бел буыпты.
Айталық, шағымданушының басты талаптары мынау:
1. ҚР Конституциясы 7-бабының "Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады" дейтiн 2-тармағын;
2. Тендерге тапсырыс беру формасын жиi өзгертiп, ҚР мемлекеттiк сатып алу Заңын;
3. Конкурстық құжаттамалар мемлекеттiк тiлде жазылмағандықтан кейбiр ұйымдар конкурсқа қатыса алмауда. ҚР Тiлдер туралы Заңының "…ҮЕҰ-дар өз жұмыстарын мемлекеттiк тiлде жүргiзедi, керек болған жағдайда басқа тiлдерде…" дейтiн 8-бабын;
4. Мемлекеттiк сатып алу жөнiндегi Заңның 9-бабын дұрыс пайдаланбағаны үшiн жауап беруi тиiс.
"Аллажар-қолдау" қоғамдық қорының атқарушы директоры Болат Бөтеев екi жыл бойы талап еткенiмiзге қарамастан бұл мекеменiң мемлекеттiк тiлдi ресми тiлмен тең дәрежеде қолданбайтындығын айтады. "Әрi былтыр да дәл осы конкурсқа қатысып, тапсырыс беру формасын осылай толтырып 2 лот бойынша жеңдiк. Ал, сорақысы сол, биыл конкурстық комиссияның хаттамасы жойылып, құжат жинау әбiгерiне қайта тап болдық. Бiр жылда бiр-ақ рет құжат жинаса болады ғой. Олай емес. Бәрiн қайта жасап, қайта жинақтауға мәжбүрлейдi. Оның бәрi айналып келгенде ақшаны далаға шашу ғана. Тендерге әрбiр 200 ҮЕҰ қатысып, әрқайсысы кемiнде 30 мың теңгеден шығындала берсе, не болмақ? Ал ең жанға бататыны — тiлдiк заңдылықтардың сақталмай отырғандығы" дейдi атқарушы директор сот процесiнде жауап берген сөзiнде.
Осындай талап-арыз түсiрген "Аллажар-қолдау" қоғамдық қоры жетекшiлерi елiмiздiң Заңдарын мүлтiксiз орындауға құлшыныс бiлдiрмей отырған мекемелердiң мемлекеттiк тiл — қазақ тiлiне менсiнбей қарауына қарсы арнайы шара қолдану керектiгiн ескертедi. Ал жауапкер тарапынан келген Күләш Сатыбайқызы бұл мәселеге аса қанықпағанын бiлдiрiп қойды. Тiптi, орыс тiлiн алдымен құрметтейтiн мекеменiң веб-сайтындағы ақпарат пен мәлiметтердiң қазақша баламасы жоқтың қасы әрi осыдан бiр-екi ай бұрынғы ақпарат қана қазақ тiлiнде берiлгендiгiн арнайы дәлелмен айтқан Болат Бөтеевтiң пiкiрiн iштей мойындап қайтқан сынды. Сот барысын қазақ тiлiнде жүргiзген Мейрамхан Ахметшиева да "Басқа басқа, бiз де кез келген отырысты қазақ тiлiнде өткiзуге тырысамыз" дей келе, Iшкi саясат департаментiнiң мемлекеттiк тiлдi мойындамай отырғандығына iштей налысын бiлдiрдi.
Аталған мекеме тарапынан толыққанды жауап берiлмедi. Есесiне, сот процесiне баспасөзден барған журналистер Iшкi саясат департаментi тiлдiк заңдылықтарды сақтамағандығы үшiн кешiрiм сұрайтын болса, бiрауыздан жариялауға дайын екендiктерiн жеткiздi.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ