АҚ ТIЛЕКПЕН, АСТАНА!

АҚ ТIЛЕКПЕН, АСТАНА!

АҚ ТIЛЕКПЕН, АСТАНА!
ашық дереккөзі
312

"Той десе, қу бас домалайды" демекшi, Астананың тойы болады дегеннен-ақ, тайлы-таяғы қалмай, бүкiл Республика жұртшылығы көшiп барған ба, әйтеуiр, Астанадағы демалыс орындарында ине-шаншар орын жоқ. "Отыз күн ойын, қырық күн тойын" өткiзбесе де, маусымның 30-да басталған мерекелiк шаралар, шiлденiң 6-на дейiн Астананы ән-думанға бөлеп жатты.

Есiлдiң арғы жағы мен бергi жағы ығы-жығы халық. Көпшiлiгiнiң көңiлi – шат, жүзi – жарқын. Елорданың тойы да асығып жеткен жұртшылыққа жақсы әсер етiптi. Барлығының да қазақ елiнiң ордасы — Астананың бүгiнгi келбетi көңiлдерiнен шыққандай. Мерекелiк думандар өтетiн орындардың бәрiнде де жүздерi бал-бұл жанған қауымды көресiң.

Расында да, Астананың бүгiнгi келбетi көп өзгерген. Соңғы бес жыл демей-ақ қояйық, соңғы бiрер жылдың көлемiнде Астанада көркi көз тойдыратын көрiктi құрылыс нысандары бой көтерiп, көпшiлiктiң игiлiгiне берiлген. Көк аспанмен таласқан әсем ғимараттар бiрiнен соң бiрi, "менi көрдiң бе?" дегендей, анадайдан-ақ, "мен-мұндалап" өзiне шақырады. Аяқ басқан сайын кездесетiн көркемдiктi көрген сайын, жүрегiңе бiр жылылық ұялайды. Астананың бүгiнгi түр-тұлғасын астаналықтар да мақтан тұтуда. "Астананың – Астана болуы, Елбасымыздың арқасы" дейдi тұрғындар. Аз ғана уақыттың iшiнде қыруар шаруа атқарған Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетовке ризашылығын бiлдiрiп жатқандар да көп. Қалай десек те, Астана көркейген, өзгерген, нұрлана түскен.

АЛАШТЫҢ ТОЙЫНА ТОҒЫЗ ЕЛДIҢ ПРЕЗИДЕНТI КЕЛДI

Ақорданың тойына ағайынның келгенi бiр бөлек, әлем жұртшылығының назары тiгiлiп, жер-жерлерден бiрнеше президенттердiң келуi қазақ халқы үшiн де мәртебе болғаны жасырын емес. Қазақтың тойына, қазақтың Елордасының тойына Ресей Федерациясының президентi Дмитрий Медведев, Түрiк Республикасының президентi Абдулла Гүл, Әзiрбайжан Республикасының президентi Ильхан Алиев, Армения Республикасының президентi Серж Саркисян, Тәжiкстан Республикасының президентi Эмомали Рахмонов, Қырғыз Республикасының президентi Құрманбек Бакиев, Түркiменстан Республикасының президентi Гурбангулы Бердымұхамедов, Грузия Президентi Михаил Саакашвили келдi.

Қазақстан Президентi шет ел президенттерiнiң басшыларына, Астана мерейтойына шақыруын қабыл алып, келгендерi үшiн де алғысын айтты.

"Астана — шын мәнiндегi жаңа дәуiрдiң қаласы, ақиқатқа айналған арманның қаласы" деп атап өтiптi Ресей президентi Дмитрий Медведов. Көршi елдiң басшысын Астананың ерекше келбетi, көркемдiгi мен сұлулығы таң қалдырса керек. Сондай-ақ, Медведов Елорданың Нұрсұлтан Назарбаевтың төл перзентi, оның жарқын жеңiсi екендiгiн де баса айта кеттi.

"ҚАЗАҚ ЕЛI" — АЛТЫ АЛАШҚА ЖАСАЛҒАН ҚҰРМЕТ!

Пирамидаға ("Бейбiтшiлiк және келiсiм" сарайы) қарама-қарсы орын тепкен "Қазақ елi" монументiнiң тұсауы тұп-тура 6-шiлдеде өттi. Биiктiгi көктi тiреген алып ескерткiш қазаққа, алты алашқа жасалған құрмет сияқты көрiндi бiзге.

"Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады", – деген атадан қалған ұлағатты сөз бар. Тарихын ұлықтамаған, барын бағаламаған жұрттың бағы жанып, жоғы түгенделмейдi. Бүгiнгiдей кең байтақ жерi бар, киелi төрi бар қазақ – шын мәнiнде, жұлдызы жанған бақытты халық. Алайда, бұл бақыт бiзге оңайлықпен, өздiгiнен келген жоқ. Қазақ өз тарихында ұлт ретiнде талай мәрте жойылып кете жаздады. Тағдырдың талай ащы зары мен тауқыметiн тартты. Бүгiнгi тәуелсiздiкке дейiнгi аралықта халқымыздың сан ғасырлық аумалы-төкпелi тағдыры, арманы мен аңсары арпалысқа толы күресiп жатыр. Iштей булыққан бұлқынысы мен өкiнiшi, жеңiстерi мен жеңiлiстерi де жатыр. Бүгiнде Алтай мен Атырау, Сыр мен Тобыл арасындағы байтақ өлкеде орын тепкен Қазақстан Республикасы ежелден қалған ұлы iстердiң, ұлағатты дәстүрлердiң, iргелi мемлекеттердiң заңды мұрагерi болып саналады", – дедi "Қазақ елi" монументiн ашу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Алаш жұртының басына нелер келiп, нелер өтпедi. Сондай ел басына күн туған сұрапыл күндерде бүкiл қазақ бiрiгiп тiзе қосып, елiн сақтады, жерiн сақтады. Сол қиын-қыстау замандарда алаш баласы 350-ге тарта ұлт-азаттық күрестердi басынан кешкенiн, дербес мемлекет құруды көздеп, азаттық жолында талай қазақ бастарын бәйгеге тiккенiн, отызыншы жылдардың ойранында да азып-тозбай, басын аман сақтап қалғандығын да баса айта кеттi Президент. "Мұның бәрi ұмытуға болмайтын төл тарихымыздың қастерлi беттерi, халқымыздың қасiреттi тағдыры. Бүгiнгi ұрпақ бұларды жақсы бiлуi тиiс. Сол себептi Астананың 10 жылдығын мерекелей отырып, "Қазақ елi" монументiнiң алдында өткенiмiзге – салауат, бүгiнiмiзге – тәубе дейiк, ағайын!", – дедi Елбасы.

Шындығында да, шынар басына самұрық қонақтаған алып ескерткiш, қазақ елiнiң өткенiне – салауат, келешегiне – үмiт жетелегендей әсер қалдырды. Алып монументтiң көкпен таласқан басына алыстан көз жүгiртiп қараудың өзi бiр ғанибет. Жалпы, Астанада көк аспанмен тiрескен әрбiр алып ғимараттардың көпшiлiгi дерлiк, Қазақ елi осындай дегендей мәнзелде қасқайып тұр. Астананың көрiктiлiгi осынысымен де ерекше, осынысымен құнды.

АСТАНАНЫҢ ТОЙЫНА ҚАЗАҚ АНАСЫНЫҢ ТАРТУЫ

Дүниеге келген әр сәби — перiште секiлдi. Әсiресе, Астананың туған күнiнде жарық дүние есiгiн ашқан сәбилердiң шырылдаған дауысы тойға тарту болып естiлдi. Елорда мерекесi күнi өмiрге 29 ұл, 21 қыз бала келiптi. Өмiрге келген елу сәбидiң құлағына қазақ астанасының думанды күнiнiң дүбiрi жеткендей, iңгәласып жатты.

50 сәбидi дүниеге әкелген аналарға да Қазақстан Республикасы Президентi мен Астана қаласының әкiмiнiң арнайы сыйлықтары тарту етiлдi. Салтанатты рәсiм нөмiрi үшiншi қалалық перзентханада, перинаталдық орталықта және балалар мен аналардың ұлттық ғылыми орталығында өттi. Қазақтың ұрпағының көбейгенi — қазақтың көбейгенi емес пе? Осындай айтулы күнi дүниеге келген әрбiр сәби өздерiнiң Астананың 10 жылдық мерекесiнде жарық дүние есiгiн ашқанын мақтан тұтатын болады келешекте!

САЯБАҚТАР ШЕРУI

Астананың он жылдығы қарсаңында Елордаға бүкiл облыстан тарту жасалғаны белгiлi. Көркi бiрiнен бiрi асатын саябақтарды, Қазақ елiнiң алыптары мен батырларын сыйға тартқан облыстардың әрбiр ескерткiштерi мен субұрқақтарын көрсең көз тоятындай.

Ең бастысы, облыстардың көбi сыйға тартқан ескерткiштердiң көпшiлiгi дерлiк, қазақтың бiртуар ұлдары мен қыздарына арналып қойылған. Облыстардың Астанаға тартуын Елбасының өзi аралап, бағасын бердi. Әуелi "Нұр Астана" орталық мешiтiне аяқ тiреген Президент маңғыстаулықтардың жасаған тартуымен танысты. Облыс әкiмi Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, маңғыстаулықтар мешiттiң 5,2 гектар аумағын абаттандырып, ол жерлерге гүлзарлар мен саябақтар орнатыпты.

Екi қабатты "Нұр Астана" мешiтiне бас сұққанымызда оған бiздiң де көзiмiз жеттi. Расында да Елордадағы мешiттiң өзге мешiттерге қарағанда ерекшелiгi бiрден байқалады. Тойға келген қонақтардың көпшiлiгi мешiтке арнайы келiп, құран бағыштап қана қоймай, мешiт айналасын аралап, қызықтап қайтып жатыр. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын мұсылман қауымды да мешiттiң екiншi қабатынан кездестiрдiк.

Он жастағы жас Астанаға Жамбыл облысының тартуы қазақтың батыр ұлы – Бауыржан Момышұлының ескерткiшi болды. Батыр бабаның ескерткiшi Бауыржан Момышұлы мен Асқар Тоқпанов көшелерiнiң қиылысында орын тептi. Батырдың қоладан құйылған мүсiнiнiң жалпы салмағы 2,5 тоннадан артық, биiктiгi 4,2 метрдi құрайды. Мүсiн орнатылған тұғыртас қызыл граниттен соғылған. Мүсiндi танымал жамбылдық мүсiншi Темiрхан Қолжiгiт пен архитектор Бақытжан Сыздықов дайындаған екен.

Қажымұқан Мұңайтпасов пен Манас көшелерiнiң қиылысындағы "Отан-Ана" монументiнiң жанынан жаңа гүлзар ашылыпты. Бұл гүлзар Астана тойына Қостанай облысының тартуы. Аталмыш гүлзардың аумағы 2,5 гектарды алып жатыр.

Алматы облысының тартуы Жамбыл бабамыздың ескерткiшi болды. Жыр алыбы Жамбылға арналған ескерткiш Ж. Тәшенов пен 77-көшенiң қиылысар тұсындағы "Алатау" спорт кешенiнiң жанына тұрғызылған. Арнайы орнатылған ескерткiштiң аумағы 2 жарым гектар алқапты алып жатыр. Тас тұғырдың үстiнде қоныс тепкен Жамбыл Жабаев ескерткiшiнiң биiктiгi 11 метрден асып жығылады. Ескерткiштiң аумағы көкпеңбек болып, көгалдандырылған. Гүлзар маңы жарықтандырылып, алуан түрлi гүлдер отырғызылған. Ақынның басында бөркi, үстiнде шапаны, қолында домбырасы. Қасында жыр алыбының аңызға айналған қызыл жолбарысы.

Бейбiтшiлiк және Есенберлин көшелерiнiң қиылысында "Атырау алаңы" ашылды. Атынан көрiнiп тұрғанындай, бұл сыйлық атыраулықтардың Астанаға тартуы екен. Ал, қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың ескерткiшiн ақтөбелiктер сыйға тартыпты. Қазақтың қайсар қызына арнап қойылған ескерткiштiң төңiрегi екi жартылай дөңгелек құрылымнан, қос субұрқақ, шамға арналған қызыл гранитпен қапталған алты тұғыр, скульптуралық тұғыр мен гүлзар бар.

Сарыарқа даңғылы мен Кенесары көшелерiнiң қиылысындағы Еуразия гүлзарында, Батыс Қазақстан облысы жөндеу және қалпына келтiру жұмыстарын өз мойнына алған "Еуразия" монументi қоныс тепкен. "Еуразия — бiздiң ортақ үйiмiз" деген мағынаны бiлдiретiн композициядан құралған монументтiң басты компонентi — бейбiтшiлiк пен дамудың символы болып табылатын екi жапырақ гүлзардан тұрады.

КӨШПЕЛI ӨРКЕНИЕТТЕР ЕЛIНДЕ

"Мыңжылдықтар тоғысында" атты көшпелi өркениет фестивалi Астана қалалық саябағында өттi. Қалалық саябаққа келiп жатқандарда шек жоқ. Мұнда келгендердiң барлығына дерлiк, ежелгi Бұзық қаласының тұрғындары қандай тұрмыс кешкенi жайлы сыр шертiп қана қоймай, өзге бiр дәуiрге сапар шеккендей күйде болды. Мәселен, қонақтардың жорық шатырларының арасымен сонау тарих қойнауына сапар шеге отырып, ұлттық дастарқаннан да ауыз тиiп, алтыбақанға тербетiлуге де мүмкiндiктерi болды. Көне ою-өрнектермен әшекейлендiрiлген киiздер мен сырмақтарды, әртүрлi ежелгi бұйымдарды көре алды. Тiптi бүркiттi аңға салу сәтiн көрiп, атты әбзелдеу өнерiмен де танысып қайтты. Ұлттық ойындарды да осы саябақта ойнауға мүмкiндiк алды. Ұлттық музыка өнерiн бағалаушылар суырып салма ақындардың айтыс өнерiн тамашалады.

Айтыс демекшi, Астананың он жылдығына арналған айтысты тамашалауға келгендерде де шек жоқ. Қаланың әрбiр көрiктi жерлерiнде өткiзiлiп жатқан думанды кештерге қарамастан, айтысты сүйетiн тыңдарман саябаққа көптеп жиналыпты. Айтыскер ақындардан мәуелi жыр, түйiмдi ой күтсе керек. Өкiнiшке қарай, жырдан маржан терген ақындардың көпшiлiгi қарапайым сөз қағыстырып, жеңiл әзiл-қалжыңнан аса алған жоқ. Арасында кейбiрi ғана Астананың көркемдiгiн тiлге тиек етiп қоймай, ұлт туралы, мемлекет туралы, халықтың басындағы бүгiнгi әл-ахуалы туралы жыр төктi. Екi күнге созылған айтыста жүзден жүйрiктер, мыңнан тұлпарлар ғана өнер көрсеттi. Ринат Зайытов, Балғынбек Имашев, Қарлығаш Әубәкiрова, Айбек Қалиев, Рүстем Қайыртайұлы, Күмiсай Сәрсенбаева қатысқан жыр додасында Айбек Қалиев бас жүлденi жеңiп алып, темiр тұлпарды қанжығасына байлады. Бiрiншi орынды Айбекпен сөз қағыстырып, әдемi әзiл мен сұлу сөзден өрнек құрған Күмiсай Сәрсенбаеваға 4 мың АҚШ долларын ұстатты. Екiншi орынды семейлiк Ринат Зайытов пен астаналық Серiкзат Дүйсенғазин теңдей бөлдi.

"АСТАНАНЫҢ ОН ЖЫЛДЫҒЫ" МЕДАЛIНЕ ӘКIМДЕР ДЕ ИЕ БОЛДЫ

Астананың тойына тарту ұсынған облыс басшылары да елеусiз қалмады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыс әкiмдерiнiң кеудесiне "Астананың он жылдығы" медалiн қадады. Кеуделерiне медаль таққан әкiмдердiң қатарында — Нұрғали Әшiмов, Серiк Бiләлов, Әбiлғазы Бергенов, Бөрiбай Жексембин, Қырымбек Көшербаев, Сергей Кулагин, Болатбек Қуандықов, Қайрат Нұрпейiсов, Нұрлан Нығметуллин, Альберт Рау, Бергей Рысқалиев, Елеусiн Сағындықов, Серiк Үмбетов, Бақтықожа Iзмұхамбетовтер бар.

Елбасы медальдi тапсырар алдында облыс басшыларына Елорданы көркейтуге қосқан үлестерi үшiн шынайы ризашылығын бiлдiрдi.

ХЬЮСТЕННЫҢ АҚОРДАДАҒЫ ШАШУЫ

Аяқ бассаңыз, Астана туралы, қазақ ұлты туралы патриоттық әндер естiледi. "Думан" ойын-сауық отауы кешенiнде, Астаналық саябақтағы әншашулар, Орталық стадиондағы Қазақстан эстрада жұлдыздарының тартуы, түнгi он бiрден кейiнгi от шашулар бiрiнен кейiн бiрi жалғасып жатты. Қалалық әкiмшiлiктiң алдындағы думан кештер үздiксiз Астананың тойына әннен шашу шашып, жырдан өрнек салды. Астана туралы әндердiң байқауы өтедi дегеннен кейiн бе, ақындар мен композиторлардың "Астана" туралы әндерi көбейiп кетiптi. Шындығын айтуымыз керек, байқауға қатысамын деп, шөптi де, шөңгенi де өлеңге айналдырғандар бұл жолы да өз мүмкiндiктерiн асыра пайдаланған сияқты. Әуенi де бiртүрлi, сөзi де бiртүрлi, Астана туралы бiртүрлi әндер көбейiп кетiптi. "Астана туралы әндер" байқауын дәстүрлi мерекеге айналдырамын деу бекершiлiк сияқты. Рас, жүз әннiң iшiнде бiрлi-жарымы көңiлге қонарлықтай болуы мүмкiн, бiрақ, Астана туралы ән осы екен деп, кез келген әндi тықпалай берудiң жөнi дұрыс па?! Жақсы ән онсызда су түбiнде жатпайды. Таза алтынның жарқырап шығатыны сияқты, Астана туралы жүрек қылын шертетiн сазы да, сөзi де үйлесiм тапқан ән бәрiбiр туатыны анық. Ол бес жылдықта ма, әлде он жылдықта, тiптi күнi ертең-ақ дүниеге келетiн шығар. Бiрақ, аяқастынан байқауға қатысу қажет деген мақсатпен асығыс-үсiгiс әндi тудыра сап, оны додаға шығарудың өзi артықтық. Алаштың астанасын ән мен жырға бөлеген дұрыс шығар, ең бастысы ол әннiң көңiл түкпiрiнен орын тепкендiгi.

Мәскеулiктердiң Астананың он жылдығына тартқан тартуы да астаналықтар үшiн ерекше болғандығы анық. Астана стадионында Мәскеу өнер шеберлерiнiң қатысуымен өткен мерекелiк кешке КСРО Халық әртiсi Иосиф Кабзон мен Лев Лещенко, Ресейдiң халық әртiсi Людмила Николаева, Турецкий хоры, Анита Цой, Дима Билан қатысып, әннен шашу шашты.

6-шiлде күнгi мерекелiк думандардың iшiндегi ерекшесi "Астана" атты Ақордада өткен думанды кеш болды. Көршi Ресейдiң өнер жұлдыздарымен қатар мұхит асып, Уитни Хьюстеннiң келуi қазақ көрерменiн таңдандырғаны рас. Әлем жұртшылығының сүйiктiсiне айналған Хьюстеннiң Астананың тойына келгендiгiне таңданбасқа да шараң жоқ.

Алты күнде астаналықтар мен қала қонақтары бастарынан талай ғажайыптарды кештi. "Миллиондар желге ұшып кеттi" дескен әңгiмелер де шығып жатты. Қалай десек те, Астана қазақтың Елордасы болып қалады. Елорданың көркеюi үшiн миллиондар шашылса, ол ертеңгi қазақ баласының келешегiне шашылған ысырап деп түсiнген де жөн болар. "Той — тәңiрдiң қазынасы" десек, көбiмiз мұның бәрiн қазақтың қуанышы, қазақтың игiлiгi деп қабылдадық.

Той өттi. Астананың дүбiрлi дауысы көптiң құлағында ұзақ уақыт сақталары хақ. Ең бастысы, Астананың көркеюiне күндiз-түнi тер төгiп, еңбек еткен құрылысшылардың жанкештi еңбегiн ұмытпауымыз қажет. Тiптi, той тойланып, мереке өтiп жатқан кездердiң өзiнде құрылысшылардың еңбек етiп жатқанын көзiмiз көрдi.

P.S. "Ресейлiк телеарналардың бiрiнен Медведевтiң Астанаға сапарын көрсетiп жатты. Сол кезде өз елiмнiң Астанасын телеарнадан көрiп, бойымды керемет сезiм биледi. Менiң елiмнiң Астанасының осыншама көркем, осыншама сұлу екендiгiн көрiп, қуандым", — деген едi Владимир есiмдi астаналық жүргiзушi. Расында да, Астана бүгiнде әсем шаһарға айналыпты…

Астананың тойы — Алаштың тойы екенi тағы рас. Әлем жұртшылығы үшiн қазақ даласында арман қала Астананың аз уақыттың iшiнде дүниеге келуi таңданарлық құбылыс болса керек. Айналдырған он жылдың iшiнде көркi мен сымбаты келiскен Елорданың әлемнiң ғажайыптарының қатарына кiретiндiгiн шет елден келген қонақтардың өздерi де мойындап кеттi. Ендеше, көкпен тiрескен Астана — қазақтың игiлiгiне айналсын деп тiлейiк!!!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары