401
ДЕМОГРАФИЯ БАЛАБАҚШАДАН БАСТАЛАДЫ
ДЕМОГРАФИЯ БАЛАБАҚШАДАН БАСТАЛАДЫ
Елiмiздiң кез келген қала орталығында балабақша жетiспеушiлiгi мәселесi туындағаны қашан. Әсiресе, Алматы қаласының тұрғындары үшiн баласын балабақшаға орналастыру үлкен мәселеге айналған. Мынандай аумалы-төкпелi заманда жұмыс iстеп, отбасының бiр жағына шығайын деген ана балабақшада орын жетiспегендiктен ұзақ уақыт үйде отыруға мәжбүр. Тұрғылықты жердiң аудан әкiмшiлiгiне барса, еститiнi бәз-баяғы "кезекке тұрыңыз, алдыңызда 300-400 бала тiзiмде тұр" деген жаттанды әңгiме. Ал ата-ананың аузынан естiген мәлiмет бойынша, балабақша меңгерушiсiне кемiнде 200 доллар берсеңiз, ертеңгi күнi сiздiң балаңыздың орны сақадай-сай көрiнедi.
Негiзi дерек көздерi бойынша, кезiнде 930 балабақша жекешелендiрiлiп кетiптi. Оның көбi жекелеген қалталылардың ақшасының "құрбанына" айналды. Соның нәтижесiнде қалада әсiресе, қазақ балалары тәрбиеленетiн мектепке дейiнгi мекеменiң саны күрт азайып, есесiне аралас және орыстiлдi балабақшаға сұраныс көбейiп кеттi. Әрине, басқа амалдың жоқтығынан да ата-ана баласын орыстiлдi балабақшаға берiп, өз ана тiлiн бiлмейтiн мәңгүрт етiп тәрбиеледi. Бұл жерде кiнәрат ата-анада да емес, билiктiң сол кездегi салқын саясатында жатқан сияқты. Ал қазiр Құдайға шүкiр, Алматыда осыдан 10-15 жыл бұрын жалға берiлген, тiптi, бәзбiреулерге болар-болмас ақшаға сатылып кеткен балабақша ғимараттары мемлекет қарамағына қайтарылып жатыр. Өйткенi, алып шаһарда ұлтарақтай жердiң тапшылығынан болар, жаңа балабақша салуға мүмкiндiк болмай отыр. Десек те, мектепке дейiнгi мекемеге баласын бергiсi келетiндердiң саны бүгiнде 10 мыңнан асып жығылады. Кезiнде жекеменшiкке өтiп кеткен балабақшаны босату шарасы шiлденiң бiрiне дейiн жоспарланды. Бiр айта кетерлiгi, ғимарат орнын жалға алған мекеменiң денi жекеменшiк мектептер мен бизнес орталықтары. Алматы қалалық бiлiм беру департаментiнiң бас маманы Людмила Сейiлованың айтуынша, биыл алты ғимарат босатылады. "Престиж" мектебi 58-шi, "Джаз Бенд" музыкалық мектебi 39-шы, Айнабұлақтағы "Сұлтан" спортклубы 104-шi, "Нұрмай" ЖШС 43-шi, студия орналасқан 75-шi, "Байланыс" емханасы иемденiп отырған 110-шы балабақшалар мемлекетке қайтарылмақ. Ал мектеп табалдырығын 8 мың балғын аттаса, олардың орны да босайтыны анық. Яғни, кезекте тұрған 10 мың баланың 8 мыңын қыркүйектен бастап орналастыруға болады екен. Дегенмен, қалған 2 мың баланың тағы да бiр жыл жарым сарылып күтуi тиiс пе? Бұрын-соңды Алматыда 369 балабақша жұмыс iстесе, бүгiнде оның 159-ы ғана мектепке дейiнгi балғындарды тәрбиелейдi. Бiр кездерi елiмiздi нарықтық экономика қыспаққа алғанда балабақшаның көбi жабылып, ғимараттары жекешеленiп кеттi. Әрине оларды қайта сатып алу қомақты қаржыны талап ететiнiн ескерген жергiлiктi билiктiң балабақша жетiспеушiлiгi тығырығынан шығу үшiн бұрын жалға берiлгендердi мемлекетке қайтаруға бiржола бел буып отырғандығы жұртты қуантуда. Яғни, сол жылдары жалға берiлген тағы 16 ғимарат келесi жылы мiндеттi түрде мемлекет меншiгiне өтуi тиiс. Ал Алматы қаласы әкiмшiлiгi балабақша тапшылығын шешу үшiн биыл 7 балалар мекемесiн салуды жоспарлап отыр. Егер, құрылыс жұмыстары тез арада бiтiп, жеткiншектерге есiгiн айқара ашатын болса, 1340 балғынды орналастыруға мүмкiндiк туады. Сондай-ақ, Алматы қалалық бiлiм беру департаментiнiң бас маманы Людмила Сейiлова биыл Алматыда 39 балабақшаның жөндеу жұмыстарынан өтетiндiгiн жеткiздi. Бұл мақсатқа 1 млрд. 108 млн. 636 мың теңге бөлiнiп қойған. Шыны керек, бiзде 1990 жылдан берi күрделi жөндеу жұмысын көрмеген балабақшалар көп. Толыққанды жөндеу жұмысын жүргiзудi тек 2005 жылдан бастап қолға алғанның өзiнде жылына 5-6 балабақша ғана жөндеуден өткiзiледi екен. Бiр қуантарлығы, биыл мұндай бақытқа қол жеткiзген балабақшаның саны— 39! Расында да, қуанышты жағдай! Алайда, балабақшаның жөндеу жұмыстары Бiлiм департаментi бөлген қаржыға жасалса, онда ата-анадан жылына екi рет жинап алынатын ақша қайда кетпек? Оқу жылы бастала салысымен "Жөндеу жұмыстарына 3 мың теңге, 1, 5 мың теңге" деп басталатын жыр жыл соңына дейiн түгесiлмейдi. Бiрiн берiп, құтылсаң, екiншi рет тағы да жөндеу жұмыстарына ақша жинау әңгiмесi басталады. Сонда бiр топта 30 бала болса, одан жиналған 90 мың теңге кiмнiң қалтасына түседi? Әрине, бұл бес жасқа дейiнгi баланың төлейтiн коммуналдық ақшасынан бөлек түсiм ғой. Балабақшадағы бес жасқа дейiнгi балалар тек ата-анасының есебiнен ғана тәрбиеленедi. Сол сияқты осы ақша азық-түлiк, коммуналдық қызметтер мен топ қызметкерлерiнiң жалақысын төлеуге жетедi. Қазiр қала бойынша балабақшаға бару құны орта есеппен 15-16 мың теңге. Күзден бастап 20 мың теңгеге қымбаттайтын болады. Ал 5 жастан бастап баланың ата-анасы тек азық-түлiк шығындарын ғана төлейдi, бұл шамамен 6-7 мың теңгенi құрайды. Бұрын азық-түлiк құны 3,5 — 4 мың теңге болса, қазiр бұл едәуiр өскен. Жалға өтiп кеткен балабақшалардың мемлекет меншiгiне қайтарылуы құптарлық жайт. Әрине, бұл балабақшада орын жетiспеушiлiгi мәселесiн бiржола шеше алмаса да, тiзiмде тұрған 10 мың баланың кезегiн аздап болса да iлгерi жылжытатыны сөзсiз. Бiрақ бiздiң демографиялық жағдайымыз жылдан-жылға өсiп келедi ғой. Осы жағын ойладық па?Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ