ӨНЕГЕ, БIЛIМ ҰЯСЫ
ӨНЕГЕ, БIЛIМ ҰЯСЫ
Тарих көшiнiң сан белесiнен абыроймен өтiп келе жатқан республикамыздағы жоғары оқу орнының iшiндегi бiрегейi — Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогика институты. Бұл — қазақтың қара шаңырағының берекесiне айналған қылықты қыз бен ұлағатты аналарға бiлiм мен тәрбие нәрiн егетiн, 60 жылдан астам тарихы бар киелi бiлiм ордасы. Ұлттың ар-ожданы, кемел келешегi, ұлтжанды арулар мен азаматтарға байланысты. Тектiлiк те тәрбиеге қарайлас қасиеттердiң бiрi, тегiнде адамдықтың бастауы — ананың мейiрi мен ыстық ықыласында.
Ұрпақ тәрбиесi ана ұлағатынан, әже әлдиiнен бастау алатыны ешкiмге жаңалық емес. Ертеңгi ұл мен қызды тәрбиелейтiн ана — бүгiнгi бойжеткен, аяулы аруларымыз. Тал бойына қайсарлық пен өжеттiк, нәзiктiк пен мейiрiмдiлiк қатар дарыған дала қыздарының тектiлiгiн ешкiм де жоққа шығара алмас. Ел басына күн туғанда, ерлермен бiрге қан кешкен Әлия мен Мәншүктiң, ел намысын өз намысы деп ұққан кешегi Ләззат пен Сәбираның ерлiгi сөзiмiздiң айқын дәлелiндей. Кең ойлап, тең кесетiн дала перзентiнiң даралығы дарыған Қыздар институты бүгiнгi күнi де бiлiм кеңiстiгiнде бiлiмдi де бiлiктi мамандарды даярлауымен ерекшеленiп отыр. Ауылда, әсiресе, шалғай ауылдардағы елдi мекендерде тұратын қазақ қыздарынан жоғары бiлiмдi педагог даярлауға арналған бiлiм отауының тұсауы Ұлы Отан соғысының шешушi кезеңiнде, 1944 жылы кесiлген.
ТМД елдерi арасында тек арулар оқитын жалғыз ғана осы жоғары оқу орнын 64 жыл iшiнде 55 мыңнан аса педагог мамандар бiтiрiп, республиканың әр өңiрiнде жемiстi еңбек етуде. Олардың арасында әр деңгейдегi жауапты қызметтер атқарып жүрген қазақ зиялы әйелдерiнiң үлкен тобы қалыптасқан.
Игiлiктi iстердiң басында жүретiн институт ректоры Шәмшә Көпбайқызы Беркiмбаеваның еңбегi айрықша. Елiне ұлт жанашыры ретiнде кеңiнен танымал Ш.К.Беркiмбаева институт басшысы қызметiне келгелi студенттер бiлiмiнiң сапасын арттырып, тәрбиесiне игi ықпал етуге бағытталған ауыз толтырып айтарлықтай бiраз iс атқарылды.
Филология факультетi — институттағы әдеби-тарихи-танымдық кештердiң алтын тұғыры. Мұнда жыл сайын тәлiмдiк-тәрбиелiк мәнi жоғары 20-дан астам әдеби-сазды кездесу кештерi өткiзiледi. Мәселен, ғалым-жазушы Немат Келiмбетовтың "Ежелгi дәуiр әдебиетi", "Үмiт үзгiм келмейдi" кiтаптарының тұсаукесерi, ақын Т.Молдағалиевтың "Ғашықтықтан туды менiң бар жырым", ақын А.Бақтыгереевамен "Жайықтың ақ шағаласы" туындыларына байланысты әдеби-сазды кеш өтсе, ҚР ҰҒА-ның академиктерi, қазақ тiлi ғылымының аса көрнектi өкiлдерi Р.Сыздық, Ә.Қайдармен "Қасиеттi тiлдiң қос қазынасы" атты ғылыми шығармашылығына арналған кездесу салтанаты өтiп, студенттер үлкен әсерде болды.
Қазақстан халықтары тiлдерi мерекесiн факультет ешқашан да ескерусiз қалдырған емес. Жыл сайын өтiп тұратын "Тiл апталығынан" бөлек "Тiл тағдыры — ел тағдыры" атты атпалықтың өтуi де осының айғағы. Мұндай iс-шаралардың жемiсiн "Хабар" агенттiгiнiң ұйымдастыруымен мемлекеттiк тiлде сөйлей алатын өзге ұлт өкiлдерiнен құралатын "Тiл тiрегi" атты бағдарламада факультетiмiздiң студенттерi жеңiске жетуiнен, Алмалы ауданындағы жоғары оқу орындары студент жастары арасында өткен "Мемлекеттiк тiл — достық дәнекерi" атты фестивальда озық алға шығуынан көремiз. "Бiз, Әйтеке би көшесiнiң тұрғындарымыз" атты танымдық-тарихи-сазды кештiң өтуi өткендi ұмытпай, келешекке жол салуды мақсат тұтқан. Сонымен қатар, жазушы Ә.Нұршайықовтың "Мәңгiлiк махаббат жыры" атты кiтабының тұсаукесерiне факультет студенттерiнiң куә болуын да үлкен мақтан тұтарлық iс деуге болады. Қазақ әдебиетi кафедрасының ұйымдастыруымен өткiзiлген "Мұқағали оқулары", "Мұқағали" журналының тұсаукесу рәсiмiне арналған кеш, Фариза Оңғарсыновамен өткен "Поэзия патшайымы", К.Ахметовамен "Рухыммен өрiп шыққан мұнарам" атты жыр кешi ойға – нұр, сезiмге – қиял ұялатты.
Биыл 9 қабатты жатақхананың құрылысы басталмақ.
Болашақ педагог кадрларды даярлауда педагогикалық оқу орындары алдында әлемдiк бiлiм стандарттарына сәйкес инновациялық технологияларды әрi бiлiм берудегi дәстүрлi, тұрақтанған ұлттық құндылықтарды арқау еткен үлгiдегi жаңашыл технологиялар жүйесiн жасап қолдану мiндетi тұр. “Бүгiнгi заман педагог кадрларын қалай дайындауымыз керек?” деген бiлiм беру саласында жүргiзiлетiн реформалардың басты сұрақтарының бiрiне арналған "Педагогикалық кадрларды даярлаудың сапасын арттырудағы инновациялық технология мәселелерi және даму ерекшелiктерi" тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды (21-22 ақпан 2008 ж.). Педагог кадрлар дайындаудың өзектi мәселесiн талқылауға алыс-жақын шетелдерден келген әдiскер ғалымдар қатынасты. Оқу-ағарту қызметi саласындағы туындап отырған бұл жаңа талаптар бiлiм беру жүйесiн модернизациялау керектiгiн күн тәртiбiне қойып отыр. Сөйтiп, бұдан бiлiм саласын әрi қарай дамытудың ең ұтымды жолы — инновациялық үрдiстер қалыптастыру қажеттiгi туындайды.
Елiмiздiң бiлiм беру жүйесiнiң барлық деңгейiн қамтитын қазақстандық тәрбие жүйесiнiң үлгiсiн жасау, оның мақсатын, стратегиялық бағдарын, тәрбиенiң ұлттық құндылықтарын айқындау — өзектi мәселе. Осы мәселелерге байланысты 2008 жылдың 28-29 ақпан күндерi Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi Тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментiнiң ұйымдастыруымен "Бiлiм беру ұйымдарындағы тәрбие жүйесiнiң қазақстандық үлгiсi: өзектi мәселелерi және болашағы" атты республикалық семинар-кеңестiң Қыздар институтында өтуiнiң өзi институт мәртебесiнiң биiктiгiн паш ете түскендей болды.
Семинар-кеңес жұмысы барысында Республиканың бiлiм беру ұйымдарындағы тәрбие жүйесiн одан әрi дамыту мен жетiлдiру, педагог тәрбиешiлердi, әлеуметтiк педагогтарды кәсiби дайындаудың өзектi мәселелерi қарастырылды. Оған қатысушылар, үлкен ризашылықпен: “Осы институт тәрбие мәселелерi бойынша ғылыми-практикалық орталық болсын” деген ұсыныс жасады.
Қазiргi тiл бiлiмiнде тiл мен ақиқат болмыстың ара қатынасын, тiл мен ойлаудың өзара байланысын, жалпы тiлдiң қызметi мен табиғатын ашу жолында тiлдi әлеуметтiк, психологиялық, когнитивтiк, гендерлiк тұрғыдан зерттеу — бүгiнгi күнгi өзектi мәселелердiң бiрi. Осы мәселелер аясында, үстiмiздегi жылғы наурыздың 14-де "Жаңа ғасырдағы Қазақстанның тiлдiк кеңiстiгi және әлемдiк лингвистиканың өзектi мәселелерi" атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өттi. Конференция белгiлi ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Хасанұлының 70 жасқа толу құрметiне арналды. Тәуелсiз мемлекетiмiз үшiн стратегиялық мәнi зор тiл мәртебесiн нығайту бағытындағы арқалы жиынға елiмiздiң белгiлi ғалымдары мен шетелдерден келген ғалымдар қатысты.
Үстiмiздегi жылдың 6 мамыр күнi М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Қыздар институты қазақ әдебиетi кафедрасының ұйымдастыруымен аса көрнектi әдебиеттанушы-ғалым, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, ҚР ҰҒА академигi, филология ғылымдарының докторы, профессор Зәки Ахметовтың туғанына 80 жыл толуына арналған "Академик Зәки Ахметов және бүгiнгi қазақ әдебиеттануының өзектi мәселелерi" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткiзiлдi. Атаулы жиында бас қосқан ғалымдар мен зерттеушiлер қауымы әлемдiк өркениет пен еларалық әдеби байланыстар мәселелерi қатарында түркi дүниесiнiң тарихи-мәдени мұраларын, қазақ әдебиеттануының өзектi мәселелерiн де кеңiнен сөз еттi.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетi мен Қыздар институты қазақ тiл бiлiмi кафедрасының бiрлесе ұйымдастыруымен 2008 жылдың 9-10 маусым күндерi өткiзiлген "Профессор С.М.Исаев: қазақ тiл бiлiмi мен әдебиеттанудың теориялық және әдiстемелiк мәселелерi" атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның басты мақсаты, бiрiншiден, ғалым рухына, оның өлмес мұрасына тағзым ету болса, екiншiден, халқымыздың баға жетпес асыл мұрасы — ана тiлiне жасалған құрмет деп бiлемiз.
Ғибратты ғалым ғұмыры мен шығармашылығы, ана тiлi мен әдебиетi, оны оқытудағы өткiр де өзектi мәселелерi жөнiнде тағылымы мол алқалы жиынға көптеген қазақ тiл бiлiмiнiң бiлгiр мамандары мен ғалымның шәкiрттерi қатынасты.
Қыздар институты тарихының бетiнен ерекше орын алатын, мәнi мен өткенге ой жүгiртiп, бүгiнiмен сабақтайтын, түйiн жасайтын студенттердiң кезектi 61-шi ғылыми-практикалық конференциясы өттi. Бұл "Студенттердiң кәсiби педагогикалық даярлығы — ХХI ғасыр бiлiм сапасының iргетасы" атты конференцияда екi жүздей баяндама қаралып, ғылым көкжиегiне бетбұрған бойжеткендерiмiздiң жаңалыққа қосқан үлестерi ғалымдарымыздың саралауына, саптауына түстi.
Институт студенттерi мен магистранттарының ғылыми-зерттеу жұмысына белсендiлiк қабiлетiн арттыру мақсатын көздейтiн бұл iс-шарада бүгiнгi таңдағы ғылым мен бiлiм салаларындағы жаңалықтардың жан-жақты терең бағытта қарқын алып келе жатқандығы сөз болды.
Сонымен қатар, сол ғылым жолында жастардың көздеген мақсаты, алар орны орасан зор екендiгi айтылды.
Қыздар институты халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытында бiраз жетiстiктерге қол жеткiздi. Мысалы, институт педагогикалық бiлiм берудiң Халықаралық ғылымдар академиясының мүшесi.
Жоғары кәсiби бiлiм беру iсiнде саналылық пен салауаттылықты, iзденiмпаздық пен iскерлiктi бағдар еткен осынау бiрегей оқу орнының басшысы мен ұжымының соңғы жылдардағы мақтанышпен айтарлықтай жетiстiктерi халықаралық деңгейдегi қоғамдық институттар мен сараптау орталықтарының назарына iлiгiп, жоғары бағаланып отыр. Өткен жылы Амстердам қаласындағы (Нидерланды) Бизнес және менеджмент жоғары институты Қыздар педагогика институты ұжымы мен оның басшысы Шәмшә Көпбайқызы Беркiмбаеваны "Тиiмдi дамушы кәсiпорын" номинациясы бойынша "Алтын құйма" халықаралық сыйлығына ұсынып, құрмет дипломымен марапаттаған болатын. Институт ректоры Ш.К.Беркiмбаева қазiргi қоғамның интеллектуалды дамуына қосқан жеке үлесi үшiн "SOКRATES INTERNATIONAL AWARD — Сократ" халықаралық марапатының иегерi.
Ұлттық рух пен ұлттық танымды пiр тұта отырып, әлемдегi бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң қатарына қосылу жолында қарымды да қабiлеттi, тегеурiнi мықты ұрпақ қалыптастыру мақсатымен еселi еңбек етiп жүрген Ұстаздар ұжымы еуропалық стандартқа сай жоғары сапалы қызмет көрсетуге жету жолындағы ұмтылысы үшiн "EUROPEAN QUALITY — Еуропалық сапа" халықаралық марапатына ие болды. Ортаазиялық, қазақстандық бiлiм – бiлiм кеңiстiгiнде бүгiнгi күнге дейiн ешкiмнiң қанжығасына байланбаған мерейлi мәртебе — ұлттық мектептiң ұлы мұратын әлдилеген Қыздар институтының тағы да бiр биiк белеске көтерiлгенiнiң көрiнiсi.
Аталған жайттар институттың iргесi жаңа қаланған тұста заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтың қазiргi және болашақтағы қазақ қыздары шамшырағының жарық сәулесi ешқашан сөнбейтiндiгiн тап басып тани бiлген көрегендiгiнiң дәлелi iспеттес.
Ертеңгi ел аналарының тұлғаларын мәдени құндылықтарды игеру дағдысында тәрбиелеп, этномәдениеттiк шығармашылыққа баулу арқылы ұлттық рухани биiктiкке көтерудi мақсат етiп отырған, ұлттық ұжданымыз бен халықтық қасиетiмiз дарыған Қыздар педагогика институты келешегiнiң кемел боларына сенiмiмiз мол.
А.Сатбекова, Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогика институты филология факультетiнiң деканы