ҚАЗАҚ ЕЛIНДЕ ӘЛЕМДIК ДӘРЕЖЕДЕГI ЖИЫН ӨТУДЕ
ҚАЗАҚ ЕЛIНДЕ ӘЛЕМДIК ДӘРЕЖЕДЕГI ЖИЫН ӨТУДЕ
Жексенбi күнi, Елордамыз Астанада, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ Парламентi ассамблеясының кезектi 17-шi сессиясына қатысып, әлемнiң 56 елiнен келген делегеттар алдында құттықтап, сөз сөйледi.
Өз сөзiнде мемлекет басшысы, Астанада осындай өкiлдi форумның өтуiн Қазақстандағы экономикалық және саяси реформалардың танылуы және ЕҚЫҰ мен Қазақстанның ынтымақтастығының нығаюына бағытталған аса маңызды қадам. Бұл әсiресе, қазiргi заман жағдайында, әсiресе халықаралық жағдайдың қиын да тұрақсыз қалыпқа ие болып тұрған уақытында ерекше маңызды болып отыр. Бiздiң елiмiздiң аймақтық және жаһандық экономикалық процестерге жауапты қатысушы ретiндегi рөлiн айқын сезiнемiз. Қазақстан – жаһандық энергетикалық инфрақұрылым жүйесiнiң маңызды бөлшегi, әрi көмiрсутек шикiзатын аса iрi экспорттаушы елдердiң қатарына кiредi. Қазақстанның артығымен жететiн энергетикалық және азық-түлiктiк қорға (бос егiс алқаптарын қоса есептегенде) ие бола отырып, бiздiң елiмiзге еуропалық елдердiң iрi инвестициясын тарту мен технологияларын енгiзу негiзiнде, оларды әлемдiк нарыққа шығару көлемiн ұлғайтуға мүмкiндiгi мол екенiн, дегенмен тәуелсiздiктi сақтау басты мақсатымыз екенiн айта кеттi. Сөзiнiң соңында елдi одан әрi демократияландыру, саясатымызда, экономикамызда тек iшкi тұрақтылыққа тәуелдi екенiн, адам құқығы механизмдерiн жетiлдiре отырып келешекте екi партиядан кем емес парламент құру, жарғылары Ата Заңымызға қайшы келмейтiн саяси партиялардың тiркелуiне ыңғайлы жағдай жасау, сайлау заңдарын жетiлдiру және ақпарат құралдарына қысым келтiретiн бюрократиялық кедергiлердi жою, ол үшiн БАҚ өкiлдерi де өз тарапынан адам құқықтарына, әлеуметтiк және ұлтаралық ынтымағына нұқсан келтiрмеуi тиiс екенiн атап өттi.
Иә, ЕҚЫҰ-ның парламенттiк ассамблеясының (ПА) құрылғанына (Мадридте 1991 жылы, сәуiр) 17 жыл ғана болса да әлемдегi БҰҰ мен иық тiресетiн де өте беделдi ұйымға айналды. Құрамындағы 56 елден 320 депутат кiредi. Сонымен қатар ЕҚЫҰ-на кiрмесе де Алжир, Египет, Израил, Иордания, Марокко, Ауғанстан, Оңтүстiк Корея, Моңғолия, Таиланд және Жапония елдерi бақылаушы ретiнде қатысып отырады. Әлемдiк дәрежедегi экономика, көшi-қон, ұйымдасқан қылмыс, мемлекетаралық жанжалдар, бiлiм және ғылым, саяси және қауiпсiздiк, экология тағы басқа бiрнеше комитеттерден тұрады. ПА делегаттығына Қазақстаннан тұрақты Сенат төрағасы Қ. Тоқаев, сенаторлар Қ, Сұлтанов, Б. Досманбетов пен Мәжiлiс депутаттары В. Бобров, С. Бычкова және Н. Рүстемов кiредi. Негiзiнен ассамблея парламентiнiң төрағалығына жылына әрбiр елдiң өкiлi сайланып отыруы тиiс болатын. Бiрақ 2006 жылы Брюсселде сайланған Швециялық Йоран Леннмаркер 2007 жылы Киевте өткен ПА-iнде көпшiлiк дауыспен қайта сайланды. 17-iншi сессияға төрағалық етiп отырған Йоран Леннмаркер сөз арасында: — Қазақстан 2007 жылы Мадридте берген уәделерiн 2010 жылы болатын төрағалығына дейiн орындайды деп үмiттенемiз. Өйткенi Қазақстан қазiр әлемдегi өз орны бар мемлекетке айналды — деп сенiм артты.
Сессияға қатысып отырған ҚР Парламентiнiң Сенат төрағасы Қ. Тоқаев, Мәжiлiс спикерi А. Мусиндер шығып сөйледi. Үзiлiс арасында сенатор Ә. Кекiлбайұлы: — Еуразия құрлығының ортасына орналасқан әдемi шаһар — Астана қаласы тек ғана Қазақ елiнiң астанасы емес, әлемдiк дәрежедегi жиындарды өткiзетiн жаһандық қала екенiн дәлелдеп отыр десе, Мәжiлiс вице-спикерi Ж. Кәрiбжанов: — Әлем елдерi өз жиналыстарын кез-келген жерде өткiзе бермейдi. Аллаға шүкiр, Қазақ елiн мойындап, әлемдiк мәселелерiн бiзде талқылап шешуi, бiздiң келешегiмiзге, әлуметтiк жағдайымызға, экономикамызға, үлкен пайдасы тиедi — деп қуаныштарын жасыра алмады.
Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ