ЛЕНИННIҢ ОРНЫНА БҰҚАР ЖЫРАУ
ЛЕНИННIҢ ОРНЫНА БҰҚАР ЖЫРАУ
Шiлденiң 1-iнде Қарағандыда жұмыс сапарымен болған Президент облыс орталығында Бұқар жыраудың еңселi ескерткiшiнiң тұсауын кестi. Ескерткiш Қарағандыдағы Бұқар жырау даңғылында, облыстық әкiмшiлiктiң алдында тұр. Бұл жерде бұрын Лениннiң ескерткiшi болған екен.
Қарағандыда қазақ мемлекетiнiң қалыптасуына ерекше үлес қосқан, Абылай ханның кеңесшiсi болған, мемлекетшiл тұлға, дана Бұқар жыраудың атын әспеттеу жағына келгенде, бiз әлi де енжарлық танытып келген едiк. Бұған дейiн Қарағандыда Бұқар жыраудың ескерткiшi вокзал маңында қойылған екен. Алайда, ол ескерткiш жұрт көңiлiнен шыға бермептi. Бұл жолы еңселi де ажарлы ескерткiш бұрынғы "күн көсемнiң" орнына орналасты.
Демек, бұрынғы кеңестiк ескерткiштердiң орнына ұлттық көсемдерiмiздiң бейнесi бой көтерсе, бұның өзi Кеңес одағынан қалған санадағы дақтарды тазартудан туған әрекеттер. Туынды авторы Қарағандыдағы "Мәңгiлiк алау", "Сүйiншi" монументтерiнiң авторы — Жеңiс Молдабеков.
Елбасы, сондай-ақ, Темiртауда "Қазақстанның 30 корпоративтi көшбасшысының бiрi" — сортты прокат өндiрiсiнiң салтанатты ашылуына қатысты. Бүгiнде iске қосылған бұл жобаның құны 150 миллион доллар. "Арселор Миттал Темiртау" АҚ-тың бұл жаңа өндiрiс орнынан жоспар бойынша, жылына 400 мың тонна сортты прокат өндiрiлмекшi. Бүгiнгi күнге дейiн сортты прокат өнiмдерi жөнiнен Украина мен Ресейге тәуелдi болып келемiз. Өз өнiмiмiздiң арзанға түсетiнi, айтпаса да түсiнiктi. Ондай жағдайда жылына тағы 500 мың тонна сортты прокат шығарылып отырады. Сонда өндiрiс орнынан жылына 900 мың тонна өнiм шығарылмақ.