“АЛЖИР” АЗАСЫ — САХНА ТӨРIНДЕ

“АЛЖИР” АЗАСЫ — САХНА ТӨРIНДЕ

“АЛЖИР” АЗАСЫ — САХНА ТӨРIНДЕ
ашық дереккөзі
2292

Жақында, Елорданың К. Бәйсейiтова атындағы опера және балет театрында Астананың онжылдық мерейтойына арнап, драматург-режиссер О. Ақжарқын-Сәрсенбек пен А. Кенебаеваның "Алжир" азасы қойылымы аншлагпен өттi.

Әлқисса, 1929 жылы 11 шiлдеде Сталиннiң нұсқауымен КСРО халық Комиссарлар Кеңесiнiң "Қылмыстық тұтқындардың еңбегiн пайдалану жайлы" қаулысынан кейiн қаптаған лагерьлер жүйесi құрылды. Лагерьлер жүйесi әмiршiл-әкiмшiл жүйенiң мүддесiне бағындырылып, саяси-экономикалық қажеттiлiгiн қамтамасыз еттi. 1937 жылдан бастап "халық жауларын" жаппай қамай бастаған соң "Отанын сатқандардың" отбасына арнаулы лагерь қажет болды. Соған орай, Ақмола қаласынан 35 км. жерде "Алжир" (Отанын сатқандардың әйелдерiнiң Ақмола лагерi) деп аталатын әйелдер лагерi ашылды. Бұл лагерьде Кеңес Одағы кезiнде 60 қаладан және Р. Меңдешова, Ә. Рысқұлова, К. Қожанова, Ш.Тәтiмова, Г. Майлина, М.Тоғжанова, Р. Асфандиярова, Д. Жүргенова, Е.Сәдуақасова, З. Нұрмақова, Ф. Диваева, т.б. қазақ әйелдерiмен қатар 18 мың әйел ұсталған. Қамалған әйелдердiң көрмеген қорлығы жоқ: мал бақты, құрылыс салды, тiгiн тiктi, қамыс орды, ауа райының қаталдығына қарамастан, таңсәрiден кеш батқанша еңбек еттi. Лагерь басшылары мен күзетшiлерi әйелдердi адам қатарына санамады. Ұрып-соқты, зорлады, кiшкентай балаларын атып тастады. Тарихтың осы қатпарлары қойылымда шынайы көрсетiлiп, көрермендер жүрегiне жол тауып жатты. Театрда екi сағат бойы тiк тұрған халық, ине шаншар орын болмады. Қойылымның бiр жерiнде қаршадай қыздың "Сталин ата" деп шырылдап, ақ перiште пәк жүрекпен араша сұрауы өзектi жанның сай-сүйегiн сырқыратып, көзiне жас алмаған көрермен болмады. Алаш ардақтыларының асыл жарларын коммунистiк жүйенiң жендеттерi мазақ етiп, қарсы келгендерiн ұрып-соғып, ата салуы қойылымның маңызын көрсете бiлдi. Әрине, "әттеген-айлары" да бар: ол заманға сай келмейтiн қазiргi заманның мұздай қаруланған "омондарының" жүруi ерсiлеу көрiндi. Қойылымның режиссерi: "Әрине, кемшiлiгiмiз де жоқ емес. Өз еңбегiңе сынмен қараған абзал. Бұл менiң тұңғыш төл туындым. Бұл көркем шығарма емес, бiз халыққа тарихи шындықты, әйелдердiң көрген қорлығын ашып көрсетуге тырыстық. Түрмеде дүниеге келген балалардың ана сүтiне жарымай, аштан өлiп жатқан тұстары, ауру-сырқаулы жағдайлары сипатталды. Тәулiгiне 10 сағат жұмысқа жегiлген нәзiк жандар сәбилерiне ақ сүтiн емiзе алмай, жұмыстан оралғанда олардың өлi денелерiн құшып қалғаны, осының бәрi — тек қана спектакльдiк көркем қойылым емес, өмiрден алынған, архивтен қазылған шындық деп қарау керек" деп түйiндедi сөзiн Оразәлi Ақжарқын-Сәрсенбек.  
Тоғайбай Нұрмұратұлы
 

Серіктес жаңалықтары