ЖЕР ДАУЫ ӘЗIР БIТПЕЙДI
ЖЕР ДАУЫ ӘЗIР БIТПЕЙДI
Осыдан тура бес жыл бұрын, яғни, 2003 жылдың 20 маусымында "Жер туралы кодекске" қол қойылып, ата-бабамыз қасық қанымен қорғап қалған ұлан-ғайыр жерiмiздi бiртiндеп сатып, жекеменшiкке бере бастадық. Соның салдарынан қазiр тiптi, үлкен қала маңайларында ұлтарақтай бос жер қалмай барады. Әсiресе, жердi сату туралы аталмыш кодекс заң күшiне енгелi берi қалтасы қалың байлар мүмкiндiктi уысынан шығарып алмау үшiн қаншама гектар жердi өз жекеменшiгiне сатып алуға тырысып бақты.
Алайда, "Жер кодексiн" қабылдаған уақыттан бергi бес жыл iшiнде кодекске бiрнеше күзеу жасалған. Соңғысы жақында Парламент мәжiлiсiндегi Үкiмет отырысында Жер ресурстарын басқару жөнiндегi агенттiктiң төрағасы Өмiрзақ Өзбековтiң "Жер учаскелерiн беру ережесi мен талаптарын, сондай-ақ, жердi пайдалану тәртiбiн қатайту керек" деген сөзiнен кейiнгi енгiзiлетiн өзгерiс. Жердi, әсiресе, ауыл шаруашылығы жерлерiн пайдалануда өрескел заң бұзушылықтар "Жер кодексiне" өзгерту енгiзуге мәжбүрлеуде. Сонымен, тағы бiр рет толықтырыла түсетiн кодекс Парламенттiң талқысына күзде тапсырылмақ. Егер осы талап "Жер кодексi" баптарын едәуiр қатаңдатса, ауыл шаруашылығы жерлерiнде аграрлық салаға қатысы жоқ нысандар, оның iшiнде тұрғын үйлер тұрғызуға тыйым салынбақ. Сондай-ақ, жер телiмдерiн тек аукционда немесе конкурстық негiзде сату жағы қарастырылу үстiнде. Тағы бiр айта кетерлiк жайт, жер телiмi жеке тұрғын үй салынып бiткен соң ғана рәсiмделуi керек. Себебi, жеке үй салуға 10 сотық жер алу құқығын пайдаланушылардың арасында қажеттi телiмiне қолы жеткесiн, үстiнен ақша қосып, қайта қымбат бағаға сатып жiберетiн пысықайлар көбейген. Жер ресурстарын басқару жөнiндегi агенттiктiң мәлiметтерiне сүйенсек, ағымдағы жылдың бiрiншi тоқсанында жерге қатысты заңдарды бұзғаны үшiн әкiмшiлiк жауапкершiлiкке 200 адам тартылса, 15 iс сотқа жiберiлген көрiнедi. Айтпақшы, биылғы жылдың бiрiншi жарты жылдығында елiмiз бойынша жер сұраған 900 мың тұрғынның өтiнiшi тiркелiп, бүгiнге дейiн оның 239 мыңы қанағаттандырылған. Бiрақ та олардың қатарында нағыз баспанаға зәру жандар бар ма, жоқ па, ол жағы беймәлiм әзiрге. Әйтеуiр, бiр бiлетiнiмiз, ауылдан қалаға ағылған қазақ отбасылары бiреудiң босағасында бiр күндiк нәпақа үшiн таңын атқызып жүргендiгi.
Демек, бәз баяғыдан "Жер дауы" деп айдар тағылып келген жанды мәселенiң айналасында ашына айтатын пiкiр түгесiлер емес. "Таным" пiкiрсайыс клубында "20 маусым — Қазақ үшiн қасiрет күнi" атты тақырыпта жерге қатысты ашық ойлар көкпарға түсiп, бұған дейiн де түрлi басқосудың өзектi талқысына арқау болған тақырып, 20 маусым қазақтың басына нәубет төндiрген заңға қол қойылған күнi қайта жалғасын тапты. Ауыл шаруашылығы секторы және бағымызға бiткен басты байлығымыз – жер туралы талайдан зерттеп келген экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есiркепов баяндама жасап, бiраз деректен хабардар еттi.
Баяндамашының айтуынша, "Жер кодексi" қабылданып, одан 2005 жылға дейiн, яғни соңғы мүмкiндiк – бұдан былай жер үлесi деген заңдардан алынады деп бiр жарым жыл уақыт бердi, яғни, аталған жылдың қаңтарында Үкiметтiң берген мәлiметi бойынша 20 пайыз жер үлесiн алған шаруа қожалығы құрылыпты. Ал қазiр жердiң 47 пайызы фермер шаруашылықтарының еншiсiнде. Бұл бiрақ жекеменшiк емес. 49 жылға арендаға алғандар осы 47 пайыз. Екiншi мүмкiндiк — жер, мүлiк үлесiңiздi алсаңыз да, жеке шаруашылық қожалығын құруға қабiлетiңiз жетпейдi. Негiзi жер үлесiн үш түрлi адамдар алды. Бiрiншi, колхоз, совхозда тiкелей еңбек ететiндер — шопандар, шопырлар, комбайншылар, т.б. Екiншiден, колхозда, совхозда жұмыс iстеп, зейнетке шығып, сол ауылда тұрып жатқандар, ал үшiншi топқа жататын әлеуметтiк саладағылар — мұғалiмдер, дәрiгерлер, мәдениет қызметкерлерiнiң бiрi алса, бiрi ала алмай қалды. Бұл заңның шикiлiгiнен болды" дей келе, "Бiрақ түбегейлi ауылшаруашылығына қатысты шара болмады. Мысалы, С.Терещенко үкiметiнiң саясаты – ауылшаруашылығына қажеттiнiң бәрiн қымбаттатып жiбердi де, ауылдың бағасын ұстап отырды. Ауыл қарап отырған жоқ. Жылда егiн салып, өнiм өндiрдi. Көрген түгi де жоқ, малы бартерге кеттi. Ал өнiмiн сатайын десе, Үкiмет "мынадай бағамен маған сатасың" дедi. Үкiмет неге осылай iстедi? Өйткенi, қалада баға қымбаттап кетсе, жұмысшылардың ереуiлге шығатынын бiлдi. Сонда қала халқының жағдайын ойлады да, ауыл халқын құрбандыққа шалды, ауыл халқы ешкiмге керек болмай қалды. Мұны Терещенконың өзi "Қала жұртының жағдайын ойладық" деп айтқан-ды. Соның салдарынан ауыл жұрты кеше ғана алған мүлкiнен айрылып қалды.
Ең үлкен ауылшаруашылығы кәсiпорындарының иелерi кiм? Қазақстанда ең үлкен 100 шақты ауылшаруашылық кәсiпорындары болса, оның иелерi бiр-екi-ақ адам. Оның әрқайсысы үлкен, алпауыт кәсiпорын. Бiр шаруа қожалығының кемiнде 100 мыңнан 112 мың гектар жерi бар. Әрине, бұған жол берiп отырған – Үкiмет. Басқа кiм?
Жер кодексiне Парламент мөр басқан кезде "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қоғамдық бiрлестiгi жекеменшiк жердi ауыл шаруашылығына арналған жерлер қатарына енгiзуге ойланбай, асығыс шешiм шығарғандарға қарсылық бiлдiрген. Бүгiнгi таңда ауыл тұрғындарының көпшiлiгi кеңшарлар мен ұжымшарлар ыдырғаннан кейiн тиесiлi жер үлестерiнен айрылып қалғаны белгiлi. Қарапайым шаруалардың еншiсiндегi жер iрi астық өндiрушi компаниялардың, бұрынғы шаруашылық жетекшiлерi мен шенеунiктер арасынан шыққан алпауыт жер иеленушiлердiң уысында кеткенi тағы да шындық. "Таным" пiкiрсайыс клубына жиналған қауым ауылшаруашылығына арналған жерлерге тексеру жүргiзу үшiн және ауыл тұрғындарының жерлерiнен айрылып қалмауына қарсы шара қолдану үшiн, бес жыл iшiнде жер сатуға байланысты жасалған келiсiм-шарттардың заңдылығын анықтау үшiн Жер кодексiнiң пәрменiн екi жылға тоқтата тұруды Парламенттен талап етiп отыр. "Сондай-ақ, жер телiмдерiн бөлу бойынша әкiмдердiң жұмысын қадағалау арқылы олардың шығарған шешiмдерiнiң заңдылығын тексеру қажет. "Жер кодексi" 170-бабының 3-бөлiгi бойынша жердi кiмнiң заңды, кiмнiң заңсыз иеленiп отырғандығы туралы мәлiметтi халықтың бiлiп отыруы керек" дейдi олар.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ