МЕМЛЕКЕТIМIЗ ГYЛДЕНСIН ДЕСЕҢ, ГYЛ ЕК
МЕМЛЕКЕТIМIЗ ГYЛДЕНСIН ДЕСЕҢ, ГYЛ ЕК
Жақында "Гүлзар" қоғамдық бiрлестiгi мен "Гүлстан" республикалық ғылыми-танымдық, көпшiлiк журналының ұйымдастыруымен "Туған табиғатты аялайық!" атты акция Алматы облысы Кербұлақ ауданының Басши ауылы, Нұрым елдi мекенiнде болып өттi.
Таң алакеуiмнен шыққан бiздер Нұрымға сағат 10.30-да жеттiк. Бүкiл ауыл жиналып Алматыдан келетiн қонақтарды күтiп, алаңдап отыр екен. Ауылдағы шағын мектептiң ауласына үлкен-кiшi демей бәрi жиналған. Барлығының күткенi "Туған табиғатты аялайық!" акциясының қорытындысы.
– Алтынемел табиғи ұлттық паркiне шетелден туристер көптеп ағылады. Бiрақ, жанындағы ауылдардың тiрлiгi көз сүйiндiрерлiк емес. Дәл осы әңгiменi мұнда келiп Айғайқұмның биiгiн сүйiп қайтқан бiр шетелдiк турист айтыпты. Маған қатты ой салды. Сол үшiн осы ауылды гүлдендiрiп, көгалдандыруды басты мақсатым деп санадым. Ауылдағы шағын мектептiң оқушылары мен оқытушылары, тiптi бүкiл ауыл бiздiң акциямызға атсалысты. Барлығы бұл iске бiр кiсiдей, аса бiр ықыласпен бас қойды, – дейдi "Гүлстан" журналының бас редакторы Гөзал Құлжабаева. Байқау бiрнеше сатыдан тұрады. Оған қатысқан әрбiр оқушы гүл мен өсiмдiкке қатысты аңыз, әңгiме, өздерiнiң жазған шығармаларынан оқып, қыш құмыраға сурет салудан жарысты. Бұл жас жеткiншектi туған табиғатын аялауға баулудың таптырмас жолы. Сондай-ақ, Гөзал Құлжабаева ханым осы ауылдан 2 гектар жер алып, оның ұлттық дендрарий бағына айналдыруды көздеп отырған көрiнедi. Әлемде атақты бағымен аты шыққан елдер қаншама. Гөзал Әлiпбекқызының да арманы – қазақтың қарасаң көз тоймас әсем бағын көгалдандыру. "Гүлзар" қоғамдық бiрлестiгiнiң директоры Батима Қабдолданова: – Жас жеткiншектiң талабын ұштау, үнемi жақсылықтарға баулу үшiн ең алдымен қоршаған ортаны аялауға үйретуiмiз керек. Ал, гүлпаздарды тәрбиелеу содан кейiнгi iс. Шетелде гүлпаз, бағбандарға деген сұраныс аса жоғары. Бiзде жекелеген байлар бағбан ұстауды жақсы көредi. Дегенмен, мемлекет тарапынан бұған аса көңiл бөлiнiп отырған жоқ, – дейдi. "Гүлстан" журналы мен "Гүлзар" қоғамдық бiрлестiгi былтырдан берi "Ауламыздың гүлденгенi – мемлекеттiң гүлденгенi!" деген ұран аясында мектеп пен балабақшалар арасында "Туған табиғатты аялайық!" атты акция ұйымдастыруды әдетке айналдырған. Алматыдағы "Гүлстан" гүлзарында болып, ондағы түрлi өсiмдiктермен танысып, "Гүлстан" журналындағы гүл жайындағы әңгiмелердi оқығанша, менi "гүл өсiру бизнес пе, өнер ме?" деген ой мазалап көрмеген екен. "Гүлстан" журналының бас редакторы, гүл өсiрудiң маманы, түрлi қайырымдылық шараларына мұрындық болып жүрген Гөзал Құлжабаевамен алғашқы әңгiмемiз гүл өсiрудiң мәдениетi мен пайдасы жайында болған едi. Қазақ сайын сахара, кең дала төсiн жайлап, емiн-еркiн жүргенiнде қаймағы бұзылмаған тұмса табиғаттан өзiне қажетiн ала бiлдi. Сол себептi де, гүл өсiруге құлық берiп, оның пайдасы мен зиянын екшеп, ежiктемеген болатын. Қала салып, отырықшылық мәдениетiне бойұсына бастаған кезден, қаланы көгалдандыру iсi алдымыздан шыққаны белгiлi. Дегенмен, сүйегiмiзге сiңiп қалған әдет пе, кiм бiлсiн, гүлдi баптап, оны жоғары мәдениеттiлiктiң белгiсi ретiнде, тiптi бизнес көзiне айналдыруға келгенде, тым белсендiлiк таныта қоймадық. Соның салдары шығар елiмiзде өсiмдiктануға арналған, гүл өсiрудiң қыры мен сырын баяндайтын жалғыз журнал бар екен. Ол – "Гүлстан" журналы. "Гүлстан" журналының өмiрге қалай келгендiгi жайында Гөзал Әлiпбекқызы былай сыр шертедi: – Жалпы, ауланы гүлдендiру iсi – бiзде жеке- меншiкте аздап дамып келедi. Ал, мемлекеттiк тұрғыдан барынша көңiл бөлiнiп, қаржы аударылғанымен, көгалдандырудың сауатты жүргiзiлмегендiгi салдарынан, аулаларымыз тым қарабайыр, жұтаңқы. Оның үстiне бәсекелестiк жоқ. Соның салдарынан, қала көшелерiндегi көгалдандыру дизайны да, гүл егудiң технологиясы да бiреу. Тұрғындардың көзi үйренiп кеткенi соншалықты, әдемi әсерге бөленiп, өзiне қажеттi ләззат ала алмайды. Қазақ гүлдi өсiруге тым ынталы да емес екен. Гүл өсiруге арналған арнайы кiтап немесе ақпарат құралын кездестiре алмадым. Мүлдем жоқ демеймiн, өйткенi, бiрлi-жарым ғылыми кiтаптар бар. Бiрақ, ол бүкiл халықтың сұранысына жауап бере алмайды. Сондай-ақ, кәсiби бағбандар да жоқтың қасы. Алыс-жақын шетелдердегi гүл өсiру мәдениетi мен бiздiң елдiң көгалдандыру мәдениетiн салыстырып көрсеңiз, арасы – жер мен көктей. Халықтың гүл туралы бiлiмiн арттырып, көкiрек көзiн ояту мақсатында газет-журналдарға мақала бере бастадым. Бiрақ, бұл жүйелi iс болмайды екен. Ақыры, бұның соңы "Гүлстан" журналының өмiрге келуiмен аяқталды. Әрине, журналдың өмiрге келуi оңай, алайда арықарай қаз тұрып кетуiнiң өзi бiрталай қиын шаруа екенi анық. Гөзал Құлжабаева алғашқы жылдары журналды таратуда бiраз қиыншылықтардың болғандығын жасырмайды. Алғашқы кезде Алматы қаласы мен Алматы облысындағы мектептерге журналдың 2,5 мың данасын тегiн таратып бергендiгiн айтады. Бұдан кейiн мектептермен арадағы қарым-қатынас, байланыс дұрыс жолға қойыла бастаған. – Гүл өсiруге өзгенi емес, мектеп баласын баулудың өзiндiк сыры бар, – дейдi Гөзал Құлжабаева. – бiрiншiден, гүлге деген ынтызарлықты бала-бақша немесе мектеп жасынан оята бiлгенiмiз абзал. Шетелдерде үш жасар бала 3 гүлдiң атын бiлуi тиiс деп есептелiнедi екен. Бiзде 3 жасар бала түгiлi 30-дағылардың өзi 3 гүлден арықарайғысын бiле бермейдi. Венгрияда арнайы гүлпаз маманы болмайды екен. Өйткенi, ол елдiң кез-келген адамы гүлдi баптап өсiрудiң маманы. Жапонияда да баланы туадан гүл өсiруге баулитын көрiнедi. Еуропаның кейбiр мемлекеттерiнде жылына бiр тал екпеген адамды азаматтықтан шығаратын да қызық тәжiрибе бар екен. Ал бiз ше? Гүлдiң не екенiн бiлмей өсiп келемiз. Екiншiден, гүл балаға қызмет етуi керек. Әсiресе, мектептегi аулалар баланың табиғатпен етене болуына септiгiн тигiзбейдi. Айталық, күзде қыркүйектiң басында бала мектеп табалдырығын аттайды. Бұл кезде өсiмдiктер қурап, жапырақтары сарғайып, ағаш-талдардың иiнi түсiп, бүрiсiп қарсы алады. Ал, көктем туып Жер-ана жасыл желекке айналып, ауламыз көктей бастағанда, сабақ бiтедi. Балалар демалысқа аттанады. Демек, бала ауласындағы өсiмдiктiң қызығын көрмейдi. Сол себептi де мектеп аулаларына күздiк, көпжылдық, қылқан жапырақты өсiмдiктер еккен дұрыс. "Туған табиғатты аялайық!" акциясы ең алдымен қала мектептерiнде басталып, кейiннен елiмiздiң өңiрлерiне қанат жая бастады. Бұл акцияның мiндетi белгiлi, мақсаты айқын. – Елiмiздiң гүлденуiне атсалысуы үшiн аз да болса жас ұрпақтың зердесiне оның пайдасы мен зиянын жеткiзе бiлу, болашақ бағбандар мен гүлпаздарды тәрбиелеу. Қызғалдықтың отаны – Қазақстанның байлығын бизнеске айналдыра бiлу. Жат- жұрттан, шетелден раушан тасып сабылғанша, өз елiмiзде өсетiн сан гүлдерден композиция жасай бiлу, оны сыйға тартуға машықтандыру, – дейдi Батима Қабдолданова. "Гүлзар" қоғамдық бiрлестiгi мен "Гүлстан" журналының редакциясы бiрлесiп қаладағы 50 мектеп пен бала-бақшаларда гүлпаздарға арналған арнайы дәрiстер ұйымдастырып, құны 36 мың доллар тұратын гүл түптерi мен ағаш көшеттерiн сыйға тартыпты. Бiрақ, оқушылар бұл сыйды тегiн алмайды, әуелi бау-бақшаны гүлдендiруге, ауланы көгалдандыруға атсалысып, байқауда қара үзiп шығу үшiн бiраз тер төгедi. Былтыр үш ай бойғы еңбектiң нәтижесiнде Бостандық ауданының екi мектебi мен 2 бала-бақшасы байқау жеңiмпазы атанып, 120 мың теңгенiң өсiмдiгiн сыйға алған. Сондай-ақ, мектеп ұстаздары мен оқушыларды жаз айларында "Гүлзар" қоғамдық бiрлестiгiнiң "Гүлстан" гүл алқабына шақырып, гүл өсiру төңiрегiнде тәжiрибе алмасып тұрады. Бұл өнегелi iс өз нәтижесiн бермей қойған жоқ. ЮНЕСКО ұйымы өткiзген халықаралық "Балалар әлемдi бейнелейдi" байқауында алматылық 4 мектеп оқушысы лауреат атанды. "Гүлстан" алқабында 600-ге жуық гүл түрлерi өседi. Оқушылар мұнда гүл өсiрудiң қыры мен сырына үйренiп қана қоймайды осы салаға қатысты қалаған тақырыпта ғылыми жобаларды да жүзеге асыруға мүмкiндiктерi бар. "Нұрым" ауылында балалар әртүрлi номинация бойынша, байқауға қатысып, барын алдыға жайып салған екен. Бiреулер өзi таңдаған өсiмдiгiнiң ерекшелiктерi туралы ой қозғаса, екiншiсi туған табиғатын қыш құмырада бейнелеп, өз фантазиясын көрсетуге күш салыпты. Ал, екiншiлерi осы өсiмдiк жайында өздерi өлең жазған. Қалай дегенмен де, шалғайдағы шағын ауылдың халқын бұл акцияның бiр шалқытып кеткенi рас. "Нұрым" ауылына Гөзал Әлiпбекқызы құны 1 миллион 440 мың теңге тұратын қылқан жапырақты ағаштың 80 түбi мен ерте көктемде және күзде гүлдейтiн көпжылдық гүлдердiң бiрнеше түбiн сыйға тартқан едi. Халықтың қуанышында шек болмады. Барлығы бiр кiсiдей жұмылып гүл егуге кiрiстi. Сонымен қатар, байқауға қатысып бағын сынаған мектеп оқушыларының үздiгiне дербес компьютерден бастап, сандық фотоаппарат, домбыра, футбол доптары да сыйға тартылды. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, бұл акция әлi де жалғасын табатын болады. Күзде мектеп табалдырығын аттайтын бүлдiршiндердi жаңа мереке, гүл мерекесi күтiп тұр.Басши ауылы Алматыдан 250 шақырым қашықтықта, әйгiлi Алтынемел ұлттық қорығында орналасқан. Бұнда әлемде табиғаттың өзiнiң дара сыйы – Айғайқұм бар. Айғайқұм жайында бұған дейiн талай естiгенiм болмаса, көргенiм осы. Ән салып тұратын мұндай құм бiздiң елден өзге Америкада ғана бар көрiнедi. Алтынемел ұлттық қорығы кезiнде Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға сапарында пана болған, Шоқанның өмiрiнiң соңғы жылдары өткен мекен. Алқабы жазы-қысы сап-сары болып жататын Сарыөзектен көп ұзамай Алтынемел асуы көрiнедi алдан. Алтынемелден аса бұл алқапта – Күреңбел дейдi екен жергiлiктi жұрт. Алтын емел сөзiн бiлетiндер қалмақтың "Алтын ер-тоқым" деген сөзi деседi. Кiм бiлсiн Жоңғар Алатауына иықтас бұл асуда Жоңғар мен Қазақ арасында талай қанды соғыс болды ғой. Сол кезде қалмақтардан қалған атау болуы бек кәмiл.
Айғайқұм Басши ауылының өзiнен 50 шақырымдай қашықта. Ұлттық қорық болғандықтан, мұнда тақтайдай тегiс асфальт жоқ. Жол күдiр, ойлы-шұңқыр, 50 шақырым жерге 2 сағаттай уақытта әзер жетесiң. Қорық аумағына енгеннен кейiн байқағанымыз – жер бедерiнiң қасындағы ауылдардан мүлдем өзгешелiгi. Жартылай шөлейт, құмды өлкенi елестетедi екен. Мұнда көбiнде шөлге төзiмдi өсiмдiктер мен бұта-бүрген, сексеуiл өсетiн көрiнедi. Жолай Шоқан Уәлихановтың паналап, су iшкен бұлағына тап болдық. Жолдан былай, көзден таса жер екен. Жан-жағы ағаш-теректермен көмкерiлген, әдейi келген немесе жердiң ой-шұңқырын бес саусағындай бiлетiн адам болмаса, бұнда бұлақ барын да, адамның тығылып жатқанын да аңғару қиын. Ал, маңдай алдымызда Айғайқұм. Айғайқұм десе Айғайқұм. Ұзыннан ұзақ созылған құм тауы. Биiктiгi – 150 метрге жетедi екен. Ал, ұзындығы – 1 шақырымға дейiн созылған. Сусыма құба құм, қиялай шықсаң, биiгiне оңай жетедi екенсiң. Дегенмен, 150 метр биiктiктiң өзi оңайға түспедi. Оның ең биiгiне жеткендер некен-саяқ болды. Бiз барғанда күн желемiк едi. Содан болар, қойны-қоншыңды үрлеп, аузы-басыңды тұмшалап тастады. Ызың-ызың, күбiр-күбiр, құм ән салады. Дала әнi, беймәлiм әуенi бар, сазы таныс. Менi бұл саз бала күнiмнен әлдилеп өсiрген сыңайлы. Айғайқұмның биiгiнде тұрып, толғанбау мүмкiн емес. Табанымда құба құм сусымалы, Жанарымда аунасын тылсым әлi. Құлағымда қанша күн жүрер екен, Айғайқұмның ызыңды, сусыл әнi. Сусыл әнi ызыңдап құлағымда, Айғай салғым келедi құба құмда. Туған жердiң елестеп ойы-қыры, Өксiк керiп, кеп кеттi жылағым да. Сырғып, сусып сынаптай құбылады, Жарға жетiп жан-тәнi тынығады. Айхай, дәурен! Бес күндiк өлшемi бар, Табиғаттың өзiндей құбылмалы, – деген шумақтар ерiксiз оралды. Өмiрлiк нәпақасын туризмнен айырып отырған елдер бар. Мәселен, Египет пен Сауд Аравиясы. Миллиондаған халықты туристер есебiнен асырап, бағып отыр. Ал, Қазақстанда туризм көзiне айналар әсем мекендерi жеткiлiктi. Бiрақ, неге екенiн қайдам бiзде туризм кластерi дамымаған. Тiптi, отандық туристердiң өзi шетел асып, бiреудiң қаңсығын таңсық етуге құмар тұрады. Өзiмiздiң қолымызда тұрған асылымызды бағалауға келгенде тым керқайырмыз. Америкадағы Айғайқұмның сыңарына ағылатын туристердi неге Алтынемел ұлттық қорығына тартпасқа?! Дегенмен, ұлттық табиғат саябағын тамашалап келушiлер аса көп болмаса да, жеткiлiктi көрiнедi. Алайда, жанында отырған Басши ауылына оның көп берерi жоқ секiлдi. Басши ауылдық округiнiң әкiмi Тоқтарбек Бекмырза ауылдың негiзгi күнкөрiс көзi – мал мен егiн екендiгiн айтады. Ауыл – Нұрым, Басши және Аралтөбе бөлiмшелерiнен құралған. Барлығы 3500 адам тұрады. Үш мектеп бар. Нұрым ауылындағы мектепте – 150, Басшиде – 300, Аралтөбеде 100 бала оқиды. – Туризмнен бiзге түсер ештеңе жоқ. Халық өз тiрлiгiн өзi көруге дағдыланған, 97 қожалық жұмыс iстейдi, – дейдi Тоқтарбек Елеусiзұлы.Есенгүл Кәпқызы