ӨРКЕНИЕТТI ЕРТЕГI

ӨРКЕНИЕТТI ЕРТЕГI

ӨРКЕНИЕТТI ЕРТЕГI
ашық дереккөзі

Әдетте ертегiнi балаға кiм айтып берушi едi? Әрине, атасы мен әжесi. Тiлi былдырлап шыға бастаған кезден-ақ, атасы мен әжесi немересiн алдына алып, қазақтың халық ертегiлерiн айтпаушы ма едi. "Ерте ерте ертеде, ешкi жүнi бөртеде" деп басталатын қиял-ғажайып ертегiлердi бiзде сан мәрте әжемiзден естiгенбiз.

Кейiнiрек, әрiп танитын жасқа жеткенде, қолымызға түрлi-түрлi суреттермен көмкерiлген қиял-ғажайып ертегiлердiң кiтапшалары тиетiн. Баданадай-баданадай әрiптермен жазылған ертегi кiтаптары үйде болмаса да, орталық кiтапханада толып тұрушы едi. Бiрiмiзден соң бiрiмiз жаздыртып алып, жапа-тармағай ертегi оқуға кiрiсетiн едiк. Ол жылдары ертегiнi бiлмейтiн бала болмайтын. Оқымағанның өзiнде естiгендерi жадында қалатын. "Ертөстiк" пен "Шойынқұлақ", "Жалмауыз кемпiр" мен "мыстандардың" оқиғасы әр балаға жете таныс. Тiптi, "Алдаркөсенiң шайтандарды қалай алдағаны" немесе "Шығайбайды қалай сазға отырғызғанын" бiлмейтiн бала болмаушы едi?!

Ал, қазiр бәрi мүлдем басқа. Бүгiнгi баланың санасында "Адам-өрмекшiден" бастап, "Гарри-Поттердiң" оқиғалары ғана жатталып қалуда. Бұрынғыдай ертегi айтып беретiн ата-әжелер институты деген мүлдем жоқтың қасы. Ертегi кiтаптары бұрынғыдай көп емес, болса да бiрен-саран. Оның өзiнде көмкерiлуi жағынан кемшiн тұстары көп. Есесiне, ресейлiк өнiмдердiң түр-түрi кiтап дүкендерiн жаулап бара жатқаны да бүгiнде жасырын емес.

Бүгiнгi қоғамда балалардың психологиясына әсер ететiн дүние қажет-ақ. Осы тұрғыда заманауи дүниенi ойлап тапқан дарынды азаматтар жуырда "Қазақ халық ертегiлерiнiң" аудио үлгiсiн жасап шығарыпты. Жетi ертегiден топтастырылған аудиокiтап балалардың қабылдауына да жеңiл, әрi жатық. Жеңiл болатын себебi, СD дискiге жазылған ертегiлердi кәсiби актерлер шебер орындап шыққан. Әрi музыкамен әрленген ертегiлер тыңдаған баланы жалықтырмайтыны да белгiлi.

Ертегiнi аудио нұсқада дайындауға себепкер болған "Тинкай" студиясының бастығы Шоқан Оразаев пен кәсiпкер Қазыбек Шайх мырза. Идеяны жүзеге асыру үшiн қомақты қаржы қажет ететiнi тағы белгiлi. Ал, қаржы табу да оңай шаруа емес. Тәуекелге бел буған жiгiттер өз идеяларын "Қазақмыс" компаниясына ұсынып көрiптi. Қай кезде де әлеуметтiк салаға көбiрек көңiл бөлiп жүрген "Қазақмыс" компаниясының балалардың игiлiгi үшiн жасалатын шаруаға қырын қарамайтыны белгiлi. Әрi 1-маусым — Халықаралық балалар күнi. Осы күнге орайластырып, балаларға базарлық ретiнде қазақтың халық ертегiсiн шығарып жатса, игiлiктi iс емес пе?

Жоба авторы Шоқан Оразаевтың пiкiрiнше, бүгiнде қазақтың халық ертегiлерiн бiлмейтiн балалар өсiп келедi. "Ертегiлердi жинаған менiң анам Флора Оразаева Хасенқызы. Анамның талай жыл Алматының, Мәскеудiң, Орынбордың архивтерiнде қазақ халық ертегiлерiн көз майын тамызып жүрiп жинаған дүниелерi едi. Сонау Кеңес заманында дайындаған дүниелерi. Студия ашып, бейне-аудио таспа өнiмдерiн шығарумен айналысып жүргенiмде, неге қазақ ертегiлерiн таспаға әзiрлеп шығармасқа деген ой келдi. Оның үстiне, қазағымыздың баласы шеттен келiп жатқан өзге тiлдегi ертегiлердi қашанғы орысша, ағылшынша оқуға тиiс. Неге олар өзге елдiң ертегiсiмен тәрбиеленуi қажет?!" — дейдi.

Жетi ертегiден тұратын аудио таспаның таралымы әзiрге 2000 дана. Оның көп бөлiгi "Қазақмыс" компаниясының жұмысшыларына таратылмақ. 2 минуттық "Тышқан және жылан" деген ертегiден бастап, 15 минуттық "Алдаркөсенiң Шығайбайға қонаққа баруына" дейiн енгiзiлген аудио ертегiнiң келешекте бейненұсқасы да жарық көруi мүмкiн. Жоба авторларының бiрi — Қазыбек Исаның айтуынша, қазақ ертегiлерiне мультфильмдер түсiру ойда бар көрiнедi.

2000 дананың бүкiл республика жұртшылығы үшiн аздық ететiнi рас. Оның таралымын көбейту де әзiрге жоспарда бар екен. Ол ең алдымен, аудио ертегiнiң өтiмiне байланысты. Қазақтың рухани дүниесi саналатын қиял-ғажайыптар әлемiнiң көптеп шығарылғаны қажет-ақ. Кiшкентай баланың санасына ана тiлiнiң сiңуiне, ұлттық намыстың, отансүйгiштiктiң қалыптасуына бесiк жыры мен халық ертегiсiнiң әсерi мол боларын жасырмауымыз керек!

Гүлзина Бектасова