СПОРТ АТАУЛАРЫ ДА ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДI

СПОРТ АТАУЛАРЫ ДА ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДI

СПОРТ АТАУЛАРЫ ДА ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДI
ашық дереккөзі
427

Тiл мәселесi жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаға сәйкес республикамызда сөздiктер мен оқулықтар көптеп шығып бұл құралдар әлеуметтiк-қоғамдық құрылыстың сан-саласында пайдаланып келедi. Солардың бiрi – жақында жарық көрген жазушы-журналист Өмiрзақ Жолымбетов пен педагогика ғылымының докторы, профессор А.Құлназаровтың "Спорт атауларының түсiндiрме сөздiгi" атты оқулығы. Көлемi 35 баспа табақ келетiн бұл оқулыққа 8 300 әр атаудың мағынасы қысқаша түсiндiрiлiп, қазақша-орысша, орысша-қазақша мәтiндегi сөздер қамтылған.

Кiтапқа енген спорт атаулары үш көзден нәр алады. Соның бiрiншiсi, топырағымызда өсiп қалыптасқан, әлiмсақтан белгiлi төл сөздерiмiз. Авторлар мұның бәрiн сөздiкке молынан енгiзiп, жоғын iздеп табуға тырысқан. Екiншiсi, аударуға сұранып, мән-мағынасын жоғалтпай, тiлдiк қорға сiңiп үлгерген сөздер. Авторлар бұл сөздердiң мазмұнға өзгерiс енгiзбейтiн дәл баламасын iздеген.

Үшiншiсi, әуелгi баста бiр тiлде айтылып, кейiн қазақтан басқа да көптеген халықтар сол күйiнде қабылдаған, әлем жұртшылығы түгел мойындап өз сөзi етiп, бауырына басып алып кеткен атаулар.

Мұның кейбiр оқырмандарға әдеттегiден гөрi басқашалау, тiптi кейбiр жағдайда оғаштау болып көрiнуi де заңды. Осындай көңiлде күдiк тудыратын бiрлi-жарым кейбiр сөздерге қай халықтың тiлiнен шыққандығын жазып, мән-мағынасын бiлдiретiн түсiндiрмелер берiп, өзге тiлдерден енген кiрме сөздер iркiлмей алынған. Демек оқырман қауымның кейбiр секем алған сөздерi бiрте-бiрте құлаққа сiңiсiп, қазақ тiлiнiң өз атауларындай болып, бiте қайнасып кететiндiгiне сенiм бар.

Осы арада тiлдiң өзiндiк сипаты жайлы пiкiрiмiздi де бiлдiре кетсек деген ойдамыз. Қай тiл болса да оның басқа тiлге ұқсамайтын өзiндiк сипаты аз уақытта қалыптаса салатын кездейсоқ құбылыс емес. Тiлдiк сипаттарды тудыратын халық болғандықтан, бәрiнiң де өз уақыты, қолданымға, айналымға түсетiн өз кезеңi бар. Тiлдiң негiзгi сүйегi, өрiсi мен арқауы қолданымдағы халық тiлiнiң көпшiлiкке ортақ сипаттарынан нәр алады, сол нәрмен өркендеп құлашын кеңге жаяды, халықтық сипаттарды өзiне таяныш етедi.

Мысалы, пайдалану аясы күн сайын кеңейiп отырған ағылшын, француз, жапон, немiс тiлдерiн алайықшы. Олар жаңа атауларды кеудеден итермейдi, тез қабылдап бойларына сiңiрiп әкетедi. Авторлар түсiндiрме сөздiктi құрастыру кезiнде осыны ескерген.

Қай тiлде жарияланса да түсiндiрме сөздiктiң негiзгi, әрi қиын мiндеттерiнiң бiрi, оның өзiне тән ерекшелiктерi мен сипатын танытатын — сөздердiң мағыналарын анықтау мәселесi.

Қандай атауға болмасын оның iшкi мазмұнын өзгертпейтiн, сыртқы кейпiне дәл балама сөз табу қиынның киыны екендiгi белгiлi. Сондықтан ұсынылып отырған түсiндiрме сөздiктi шегiне жеткен, тастай қатып қалған дүние деп есептеймiз. "Қалауын тапса қар жанады" дегендей, ретке келмейтiн зат жоқ. Тән тәрбиесi мен спорт мамандарының күнделiктi қызметiне, қалың оқырман қауымның қажетiне жарап жатса, бұл еңбек әлi де толықтырылып, талай рет қайтадан жарыққа шығады деген ойдамыз.

Айнұр БЕКТҰРҒАНОВА

Серіктес жаңалықтары