КIМ КIНӘЛI?

КIМ КIНӘЛI?

КIМ КIНӘЛI?
ашық дереккөзі
261

Марченко журналистердi айыптайды

Себептерi мен салдарлары ендi ашық айтыла бастаған әлемдiк қаржы дағдарысы азуы алты қарыс экономист мамандардың өзiн екiұдай күйде қалдырып отыр. Бiр қызығы, мамандардың басым көпшiлiгi "дағдарыстан қалай шығамыз?" деп жол iздесе, тағы бiр тобы "бiзге бұл қаржы дағдарысынан келетiн зиян жоқ" дегеннен танбай отыр. Қазақ мұндайда "көрмес түйенi де көрмес" дейдi.

Былтыр АҚШ-та ипотека нарығында дағдарыс басталғанда, Қазақстан Үкiметi бiздiң экономикаға оның салқыны тиедi дегендi бiрден мойындаған жоқ. Ал республикадағы жетекшi банктер шағын несие берудi тоқтатса да, журналистерге берген баспасөз мәслихаттарында "ешқандай қаржы дағдарысын көрiп отырған жоқпыз, бар болғаны қаржы саласында аз-маз түзету жүрiп жатыр" деп мәлiмдеумен болды. Тiптi, былтырғы жылды қорытындылаған баспасөз мәслихаттарында да, яғни үстiмiздегi жылдың қаңтар-ақпан айларына дейiн бұл банктер осы мәлiмдемелерiнен танбады.

Ресми мекемелердiң көзқарасы осындай болғанда, елдегi жетекшi ақпарат құралдары да жарты жыл бойы қаржы дағдарысы туралы емес, "қаржы рыногындағы уақытша өзгерсiтер" туралы жазуға мәжбүр болды. Яғни, әлемдi шарпыған дағдарыс туралы сараптамалық мақалалар жазып, оның қазақ экономикасына тигiзетiн салдары туралы халыққа жан-жақты түсiндiрудiң орнына, БАҚ-тар жалпақшешейлiкке салынып, "жауырды жаба тоқумен" айналысты. Соңғы жарты жылдықтағы газет тiгiндiлерiн ақтарсаңыз, "қаржы дағдарысы" деген тiркес баспасөз беттерiнде тек жыл басында ғана, яғни Үкiмет ресми түрде дағдарыстың 2007 жылдың күзiнде АҚШ-тан бастау алғанын мойындаған кезден бастап қана кездеседi. Бұл ненiң көрiнiсi? Үкiмет мемлекеттiк тапсырыс арқылы, ал банктер республикадағы белгiлi бiр топтардың мүддесi арқылы өз абыройын қорғап келдi деген сөз. Сондай-ақ, бұл — жас республикада әлi азуын айға бiлеген экономикалық сарапшы журналистиканың қалыптаспағандығын және болған күнде де олардың белгiлi бiр топтың ықпалында екендiгiн аңғартады.

Алматыда өткен жетiншi Еуразиялық медиа форумда әлемдегi қаржы дағдарысының салдарын талқылаған мамандардың көңiл-күйi де журналистердiң әлдекiмдердiң қолжаулығына айналғанын сынауға көбiрек ойысты. Жергiлiктi журналистердiң бiлiксiздiгiн сынауда, әсiресе, Григорий Марченко мырза алдына жан салмады. Басқа-басқа, тап осы мырзаның қалам ұстаған қауымға өкпесi болмауы тиiс едi. Республикада қаржы саласында ең көп танылған, әрi ол туралы ең көп жазылған маман екеу болса, соның бiрi — Марченко, бiреу болса — тап өзi едi.

Сонымен, тап осы қаржы дағдарысының туындау себебiн журналистерден көргендей, олардың кәсiби бiлiксiздiгiн жерден алып, жерге салған Марченко мырза қыза-қыза келе, "батыстағы БАҚ-тар демократияның қарғыбаулы төбетi болса, бiздiң БАҚ-тар кәнден иттер немесе аңшы иттер" деп айтып салды.

Сөйте тұра, Халық банкiнiң төрағасы дағдарыстың Қазақстан экономикасына елеулi әсерi болатындығын мойындамайды. "Бiз үшiн халықаралық рыноктың қызметi ендiгi жабық дегенге мен келiспеймiн" — дедi ол, — "Мемлекет банктерге қол ұшын беруге әзiр, бiз (Халық банкi — Г.О.) оның көмегiне мұқтаж емеспiз, бiрақ басқа банктер үшiн ол қажет" деп нығыздады тағы да Марченко. Бұдан кейiн "Бiздiң ықпалымызға ешқандай ақпарат құралы жатпайды, сондықтан да БАҚ-тарда бiз туралы жағымсыз сипаттағы субъективтi материалдар өте көп" деп мәлiмдедi.

Ал Марченкодан кейiн сөздi iлiп әкеткен мәжiлiс депутаты Гүлжан Қарағұсова "БАҚ — мемлекетке, халыққа қызмет көрсетудiң бiр құралы" деп қалды. Мемлекеттiк шенеунiктерге БАҚ-тар бiр ғана жағдайда, яғни оның дегенiнен шықпай, аузынан шыққан сөздi қағып алып жазып отырғанда ғана жағатыны белгiлi. Бiрақ ол жағдайда да, халықаралық демократиялық институттары жағадан алғанда, "бiздегi ақпарат құралдарының кәсiби дайындығы әлсiз" деп жала жабумен құтылатыны тағы бар.

Қаржы дағдарысын ақпарат құралдарының сараптау мүмкiндiктерi туралы ой бөлiскен мамандардың осылайша көсiлiп сөйлеуi — өз бастарын арашалағысы келгендей көрiндi. Өйткенi, Әлемнiң банктiң есебiнде қаржы дағдарысының нелiктен өршiп кеткенi айдан анық айтылды. Онда дағдарыстың дер кезiнде сарапқа салынбауы себебiнен өрши түскендiгi, оған ақпарат құралдарынан басқа, ең әуелi бұрыс мәлiмет таратқан рейтинг агенттiктерiнiң кiнәлi екендiгi айтылды. Экономикада бұрыс несиелердiң саны артуына қарамастан, белгiлi бiр рейтинг агенттiктерi ол компаниялар мен банктерге жоғары баға берiп, көзжұмбайшылыққа салынған.

Ендi Үкiмет мүшелерi ақпараттың дер кезiнде жария болмау себебiн БАҚ-тардың өздерiнен көрiп отыр. Жарты жыл бойы қаржы дағдарысын елемей келгенiн бүгiнде тiптi мойындағысы келмейдi.

Бiр сөзбен айтқанда, "қарғылы төбет" деп, "кәнден күшiк" деп бұқаралық ақпарат құралдарын жерден алып, жерге салған шенеунiктер мемлекеттiк жүйеге шаң жуытпауға тырысып бақты. Жауапкершiлiктi өз мойындарына алудың орнына журналистерге ысыра салуы — экономист мамандардың арына сын.

Десе де, азық-түлiк дағдарысы әлемдi шарпи бастағанда, алда тағы не күтiп тұр деген қорқыныш барын тәжiрибелi мамандар жасырмады.

Гүлжан ҚАРАҒҰСОВА, мәжiлiс депутаты:

— Егер қаржы дағдарысы ипотеканың салдарынын басталмаса, оны тудырушы басқаша бiр себебi болуы керек едi. Белгiлi бiр уақыттарда қайта айналып соғып отыратын заңдылық бар: сондықтан да бiз түбi осылай болуын күткенбiз. Қазiр мамандар бұл дағдарысты зерттей отырып, мынандай тұжырымға келдi: ол жүйелi түрде толқын-толқын болып келiп жатыр, бiр уақытта аяқталған сияқты көрiнгенiмен, алғашқысының соңынан тағы бiр толқын келiп, жағаға соғып жатыр. Мiне, ендi оған азық-түлiк дағдарысы қосылды, одан кейiн тағы бiрнеше фактор пайда болуы мүмкiн. Сондықтан мен үшiн бұл дағдарыс анау айтарлықтай таң қалатын жағдай болған жоқ. Мемлекет қаржы саласына көмек беруге дайын, көмектесiп те отыр. Сондықтан да бiр толқынды бастан өткердiк, ендiгi мақсат қалған толқындарын да үлкен шығынға ұшырамай өткiзiп жiберу.

Тақырыпқа орай

ВИКТОР ПЛЕСКАЧЕВСКИЙ: ДАҒДАРЫС — БIЗ ҮШIН ДЕНЕГЕ ШЫҚҚАН БЕЗЕУ ҒАНА СИЯҚТЫ

Қаржы дағдарысының салдарлары туралы мамандар пiкiрi әркелкi. Ресей Мемлекеттiк думасының меншiк комитетiнiң төрағасы Виктор Плескачевский "Бұл дағдарыс Ресейдiң де, Қазақстанның да экономикасына айтарлықтай ықпал етедi дей алмаймын" деген пiкiр бiлдiрдi. Бiз экономист маманға тақырыпқа орай бiрнеше сауал қойғанды жөн көрдiк.

— Қазақстан экономистерi "бiздегi банк жүйесi ТМД бойынша басқа елдермен салыстырғанда бiрнеше жылға алға озып кеттi" деп мақтанғаны жақсы көредi. Осы пiкiрге алып-қосарыңыз бар ма?

— Шындығын айтқанда, әңгiме банк жүйесi туралы емес, қаржы жүйесi туралы болса керек. Бiз Ресейде соңғы сегiз жыл бойы Үкiметке айтып, "өткiзе" алмай жүрген мәселелер Қазақстанда осыдан бiрнеше жыл бұрын жүзеге асырылып қойған. Бiрiншiден, қаржы рыногын бақылаудың ортақ жүйесiн қалыптастыру. Бiзде әлi Орталық банк басқа банктердiң iс-әрекетiн, ал Қаржы министрлiгi сақтандыру компаниялар жұмысын қадағалайды. Қор рыногын Федералдық қызмет бақылайды. Ал биржаны кiм бақылайтыны түсiнiксiз. Сондықтан осының бәрiнiң басын бiрiктiретiн ортақ реттеушi, бақылаушы жүйе керек. Бiзде бұл мәселе ұзақ талқылауларға арқау болса, сiздерде бiр ғана жолмен — директивтi шешiм қабылдау арқылы шешiле салған. Екiншiден, Қазақстанның сақтандыру туралы, салық туралы заңдары өте жақсы жасалған. Жақында ғана Биржаны қадағалауды әмбебабтандыру туралы құжат қабылданды. Бiз мұндай құжатты қабылдау керектiгi туралы мәселенi сегiз жыл бұрын көтергенбiз. Бұл менiң идеям болатын. Бiрақ бұл ойымыз әлi жүзеге асқан жоқ. Қазақстанда тұтынушының құқығын Ресеймен салыстырғанда жақсырақ қорғайтын қаржылық құралдар көбiрек сияқты. Әрине, сонда да бiз дамыған елдерден әлдеқайда көп артта қалғанымызды естен шығармауымыз керек. Дегенмен, бiздегi қаржы рыногының "жасы" бар болғаны — 15 жыл, ал олардағы қаржы саласының жүрiп өткен жолы — жүздеген жылдар ғой.

— Қаржы дағдарысының Ресей мен Қазақстан экономикасы үшiн қандай әсерi болуы мүмкiн?

— Ресейдегi де, Қазақстандағы да қаржы рыногы елдегi жалпы өнiмнiң азғана бөлiгiн қамтиды. Ал дамыған мемлекеттерде қаржы рыногының қуаты iшкi жалпы өнiм көрсеткiшiнен әлдеқайда үлкен. Сондықтан олар үшiн бұл дағдарыс бүкiл экономикаға әсер ететiн құбылыс болса, бiз үшiн денеге шыққан безеу ғана сияқты. Дағдарыс бiз үшiн болашақта пайдасы тиер сабақ алу үшiн тиiмдi де шығар…

— АҚШ-тағы дағдарыс созылыңқы сипат алғалы берi Ресейдiң әлемдiк экономикадағы ролi арта түседi деген пiкiр айтылып жүр.

— Қазiр экономикасы қарқынды өсiп келе жатқан төрт мемлекет бар: Бразилия, Ресей, Қытай және Үндiстан. Қазақстанның даму жылдамдығы бұл төрттiктен кем емес, бiрақ көлемi жағынан аздау. Дегенмен де, менiң ойымша тез дамып келе жатқан елдер тiзiмiне Қазақстанды да қосуға болады. Ресей де, Қазақстан да шетелдiк инвесторлар үшiн инвестиция салуға ең қолайлы жетi, әлде тiптi бес мемлекеттiң қатарына кiредi. Бұрын биполярлы әлем (Кеңес одағы мен АҚШ), сосын — монополярлы (АҚШ-тың өзi) әлем болса, қазiр плюралистiк әлем туралы айтыла бастады. Бiрақ оның себепкерi қаржы дағдарысы емес, оны эволюциялық дамудың жалпы тарихы қалыптастырады. Осы орайда, мысал үшiн қарастырсақ, Еуроодақ өте қызықты жолмен жүрiп өттi: композиттiк валютадан "экюға", сосын "еуроға" көштi. Ендi он — он бес жылдан соң Оңтүстiк Шығыс Азия да осындай жағдайға келуi мүмкiн. Корея, Жапония, Қытай қазiрдiң өзiнде ортақ валюта жасаудың мүмкiндiктерiн талқылап жатыр. Осыған ұқсас әңгiмелер Африка құрлығында да жүрiп жатыр. Оған дейiн әлi отыз жыл бар шығар, бiрақ дайындық қазiрден жасалып жатыр ғой? Ал ендi Ресейге де, Қазақстанға да жақсылап ойлану керек: бiз "еуроға" қосыламыз ба, әлде Тынықмұхиты валютасына қосыламыз ба, әлде ТМД-ға ортақ валютаны ойлып табамыз ба?

— Бiзде де ортақ валюта қалыптастыру туралы бiраз әңгiме айтылды ғой.

— Бiзде басқаша валюта туралы, мәселеңки, шартты рубль туралы айтылды. Бұл басқа әңгiме. Әңгiме бiр жүйеге кiретiн мемлекеттердiң ұлттық валютасына теңесетiн валюта туралы. Ал бiзде шартты түрде бәрiнде бiрдей аталатын валюта туралы айтылды: рубль Ресейде де рубль, Украинада да рубль деген сияқты. Бұл мүмкiн емес. Және оның қажетi де жоқ.

— Қазақтың кейбiр кәсiпкерлерi Ресей экономикасына инвестиция құйып жатқандығын бiлемiз. Екi елдегi кәсiпкерлерге жасалған жағдайды салыстыра кетсеңiз?

— Мен өз елiмде жүргенде осы мәселенi талай көтердiм: 1992 жылы бiздiң шенеунiктер ғимаратты астындағы жерiмен бiрге жекешелендiру туралы шешiм қабылдауы керек едi, бiрақ оны жасай алмады. Ал Қазақстанда демократияның бетiне, кешiрiңiз, бiр түкiрдi де, ғимараттарды жерiмен бiрге жекешелендiрiп жiбердi. Оның салдары: Қазақстанда банкке ғимаратты кепiлге қою үш күнде шешiлсе, Ресейде үш айда әрең шешiледi. Бiзде ғимаратты бiр мекемеде, ол орналасқан жердi екiншi бiр мекемеде заңдастыру керек. Қазақ кәсiпкерлерi осының механизмiн түсiне алмай дал. Мұндай мысалдар өте көп. Ресейде де Қазақстан экономикасына инвестиция құйғысы келетiн кәсiпкерлер бар. Менiңше, бiзге қазiр Еуропаға жалтақтағаннан гөрi, бiр-бiрiмiздiң және Оңтүстiк-Шығыс экономикасын зерттеуге ден қою керек сияқты.

Әңгiмелескен Гүлбиғаш ОМАРОВА

Серіктес жаңалықтары