БIТЕР IСТIҢ БАСЫНА...

БIТЕР IСТIҢ БАСЫНА...

БIТЕР IСТIҢ БАСЫНА...
ашық дереккөзі

Мұхтар Құл-Мұхаммед – ендi министр

Ел аузында жүрген соңғы жаңалықтардың бiрi – Мұхтар Құл-Мұхаммедтiң мәдениет және ақпарат министрi болып тағайындалуы. Құл-Мұхаммед үшiн бұл қызмет таңсық емес. 2001-2003 жылдар аралығында ол мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрi қызметiн атқарды. Екi жыл төрт ай уақыт iшiнде бұқаралық ақпарат құралдары, баспа iсi салаларында көптеген шаруалардың басын қайырып, тәп-тәуiр бастамаларға мұрындық болғаны есiмiзде.

Мұхтар Құл-Мұхаммедтiң бастамаларының бiрi – бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттiк тiлдегi хабарлардың жиынтық санын заңдық нормаға сай деңгейге көтеру болатын. Сол уақытқа дейiн кейбiр электронды ақпарат құралдарындағы қазақтiлдi хабарлар жоққа тән едi. Бiрақ мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтеруде мақсатымызға толық жеттiк деп айтуға әлi ерте. Құл-Мұхаммед бастаған игi бастама әлi де өзектi. Ендi жаңа министр бұл мәселенi қайта қолға алар деген ойдамыз.

"Биылдан бастап авторлардың қаламақысы өседi екен" деп, қаламгер қауымның жыл басынан берi құлағы түрiк жүрген. Бiрақ бiраздан берi министрлiк тарапынан құлаққа ұрғандай тыныштық қана естiлiп, көңiл күптi бола бастағандай едi. Ендi министрлiк басына кiтап шығарудың қыр-сырын меңгерген, шығармашылық интеллигенциямен қоян-қолтық жұмыс iстеп үйренген азамат келген соң, көңiл орнына түскендей.

Қызылорда облысына жаңа басшы болып Болатбек Қуандықов тағайындалды. Жұртшылыққа жаңа әкiмдi облысқа сапарлатып барған Президенттiң өзi таныстырды. Таныстырып қана қойған жоқ, бiрталай соны тапсырмалар бердi. Күрiштi аймақ атанған облыста экологиялық, экономикалық түйткiлдi мәселелер жетерлiк. Қуандықовқа Құл-Мұхаммедтен "мұраға" Байқоңыр кешенiндегi Президенттiң арнайы өкiлi қызметi де қалды.

Ал осы уақытқа дейiн мәдениет және ақпарат министрi қызметiн атқарған Ермұхамет Ертiсбаев бұрынғы қызметiне қайта барды, ендi Президент кеңесшiсi қызметiн атқарады. Ол осы уақытқа дейiн екi рет Президент кеңесшiсi болды.

Ертiсбаев та екi жылдан сәл астам уақытта ол мәдениет пен ақпарат саласында түйткiлдi мәселелердi шешуге бiраз талпыныс жасады. Құл-Мұхаммедтiң бастамасын жалғастырып, "Хабар", "КТК", "НТК" сияқты республикалық телеарналардағы мемлекеттiк тiлдегi хабарлар санының "БАҚ туралы" Заң нормасына сәйкес болуын талап етiп, ашық мәлiмдемелер жасады. Обалы нешiк, осы бағытта бiраз жетiстiктерге де жеттi. "Жаңылмайтын жақ жоқ…" демекшi, бұрынғы министрдiң сүрiнген жерi де аз болған жоқ. "Қазақстан" телеарнасындағы кадрлық өзгерiстерге, "Эра" телеарнасының журналисiмен соттасуға, "Хабар" телеарнасындағы құрылымдық өзгерiстерге байланысты оқиғаларды журналистер жуық арада ұмыта қоймас.

Әрбiр жаңалықтан жақсылық күтетiн халықпыз ғой. Маңызды саланың басына iс тетiгiн бiлетiн басшы отырса, одан екi есе жақсылық күтемiз. Үмiтiмiз оңынан ақталғай.

Гүлбиғаш Омарова