МЕДЕУДЕ ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫС САЛУ ЖАЛҒАСА БЕРЕ МЕ?

МЕДЕУДЕ ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫС САЛУ ЖАЛҒАСА БЕРЕ МЕ?

МЕДЕУДЕ ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫС САЛУ ЖАЛҒАСА БЕРЕ МЕ?
ашық дереккөзі

Жақында бiр топ шаруа "Нұр Отан" партиясының қалалық штабында болып, өздерiнiң мұң-мұқтажын сөз етiстi. Олар — Медеуге қарама-қарсы "Бутаковка" тау шатқалында алма өсiрушi 64 бағбан.

Алматы қаласы Жер комиссиясының 2007 жылдың 28 маусымдағы қорытындысы бойынша бұл шаруалар «Бутаковка тау шатқалында алма өсiрiп, бағбандық жүргiзу үшiн жер телiмiн күрделi құрылыс құқығынсыз, ұзақ мерзiмге уақытша пайдалануға болады» делiнген. Мұнда бағбандықпен айналысып, күнiн көрiп келе жатқан Райс Қыстаубаев ақсақал Алматы қаласы әкiмшiлiгiнiң бұл шешiмiн елемеген әлдебiреулердiң жерге көзi түсiп, алма бағын еш рұқсатсыз қопарып тастағанын айтады. "Алматыжер" бұл шаруаларға беруге тиiстi "Жер туралы мемлекеттiк актiнi" бермей отырған көрiнедi. Әуелi, алма бақтарының астаң-кестеңi шыққан шаруалар бұл қорлыққа шыдай алмай, қос ауыз мылтық ала жүгiрген де оқиға болыпты. Тiптi, тағы бiр адам жерiнiң заңсыз қолды болғанын естiген күнi жүрек талмасынан қайтыс болған. "Жер ашуы – жан ашуына" айналып, мәселе ушығудың аз алдында тұр.

64 шаруаның қолында Алматы қаласы әкiмдiгiнiң 2006 жылғы 19-маусымдағы №3/809 Қаулысы мен Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының 2007 жылдың 26-желтоқсандағы №К-18868 хаты бар екен. Онда: "Тауарлы бағбандық жүргiзу үшiн "Бутаковка" шатқалындағы жер учаскелерiн ресiмдеу мәселесi өңделiп, Алматы қаласының жер және жер учаскелерiн күрделi құрылыс құқығынсыз 49 жыл мерзiмге ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығымен беру туралы шешiм қабылданған. Бiрақ, Үкiметтiң 2007 жылғы мамыр-қыркүйек айларында жүргiзген тексерулер нәтижесiнде Қазақстан Республикасының заңнамалары бұзылғандығы, атап айтқанда, "Бутаковка" шатқалындағы жекешелеген жер пайдаланушылардың су қорғау белдеулерiнде күрделi құрылыс салынғандығы анықталды. Осыған байланысты жоғарыда аталған "Бутаковка" шатқалындағы жер учаскелерiне құқықтар ресiмдеу мәселесi тоқтатылды" делiнген. Алайда шаруалар бұл күрделi құрылыс нысандарын салған бөгде бiреулер екендiгiн айтады.

– Мен 1991 жылы Моңғолиядан қоныс аударған едiм. Көштiң алғашқы легiн бастап келген азаматтардың бiрiмiн. "Жер кодексiнде" жалға алған жерiн әрi қарай пайдалана беруiне болады деген арнайы бап бар. Бiз соған сүйене отырып, жерге тиесiлi мемлекеттiк актiнi талап етiп отырмыз. Бiр жағынан құзырлы органдардың бiзге бұл жерлердiң қажеттi құжатын бермейтiн жөнi де бар. Өйткенi, оның бiр шаршы метрi мыңдаған долларға бағаланып отыр. Сол себептi де, олар жердi қарапайым бағбаннан тартып алып, әлдебiр алпауытқа сатуға мүдделi, – дедi Аятхан Тұрысбекұлы.

Шаруалардың мұң-мұқтажына құлақ түрген "Нұр Отан" партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы, қалалық мәслихат хатшысы Төлеубек Мұқашев мырза мен қала прокурорының орынбасары Нұрғалым Әбдiровтер бұл мәселенiң егжей-тегжейiн қала әкiмi Ахметжан Есiмов мырзаға жеткiзiп, жауап алып беруге уәде бердi. Бiрақ, оның қашан жүзеге асатыны белгiсiз. Дегенмен, бұның өзi шаруалардың көңiлiне сенiм ұялатты.

Есенгүл Кәпқызы