КЕЛIМСЕКТЕР КӨГАЛДАНДЫРЫП ЖҮР

КЕЛIМСЕКТЕР КӨГАЛДАНДЫРЫП ЖҮР

КЕЛIМСЕКТЕР КӨГАЛДАНДЫРЫП ЖҮР
ашық дереккөзі

Жаз айы құрылыстың қызатын шағы. Жайдары жаз келсе болды, қазақтар жапа-тармағай үй салып, шаңырақ көтермесе де, үй iшiн сырлап-әктеп, жөндеу жұмыстарын жүргiзетiнi белгiлi. Бұрындары ондай жеңiл-желпi жұмыстардың көбiн үй иелерi өздерi атқарушы едi, ендi сырттан ағылып келiп жатқан келiмсектер мұндай жұмыстарға таптырмас жұмыс күшi болып шықты.

Расында да, екi үйдiң бiрiнде немесе кез келген құрылысыңызда таңның атысы, күннiң батысы жұмыс iстеп жатқан арзан жұмыс күшi саналған келiмсектер ғана. Олардың арасында кiмдер жоқ дейсiз, өзбегiңiз де, қырғызыңыз да, қарақалпағыңыз да бар. Әрi олар пәлен ақша деп саудаласып жатпайды, қалаған сомаңызға келiстiрiп, тiрлiгiңiздi жасата берiңiз. Жылдан жылға саны артып бара жатқан заңсыз мигранттар ендi құрылысты қойып, жартылай мемлекеттiк мекемелерге де орналаса бастапты. Өткен аптаның iшiнде қалалық прокуратура "Көгалдандыру" кәсiпорнының киiмiн киiп, жұмыс iстеп жүрген 17 өзбектi ұстапты. Тағы бiр қызығы, екi күн iшiнде "Тәртiп" операциясының негiзiнде 60 шетелдiк ұсталған екен. Бұлар қолға түскендерi ғана, ал белгiсiз, қолдарында құжаты жоқ, қаншама заңсыз мигранттар қаламызда жұмыс iстеп жатқанын кiм анықтап бере алады?!

Ең қызығы, арзан ақшаға келiсе кететiн шетелдiктердi, яғни келiмсектердi мемлекеттiк мекемелер де жек көрмейдi екен. Оның жарқын мысалы, жоғарыда ұсталған 17 өзбек. Тiптi, олардың бiреуi — кәмелетке толмаған жасөспiрiм көрiнедi. Кейбiр мәлiметтерге қарағанда, аталмыш мекеме елiмiзден жұмысшы таппай, делдал компанияларға жүгiнiптi. Соның салдарынан 17 өзбектiң құжаттарынан еш кiнәрат байқамаған соң, қызметке алыпты-мыс. Әзiрге прокуратура "Көгалдандыру" мекемесiн де, жұмысшы тауып берген делдалдарды да тексермек.

Күн санап, шекара сызығын еркiн аттап жүрген мигранттар алғаш рет қолға түскенде әкiмшiлiк жауапқа тартылып, Қазақстан ақшасымен елiне керi қайтарылса, екiншi рет құжаттарына Қазақстанға кiруге тыйым салынатын мөр басылады екен. Бiрақ, өкiнiшке қарай, бұлардың өз елiнде жаңа құжат жасатып алып, қайтадан келмесiне кiм кепiлдiк бередi?! Осы орайда заңсыз мигранттарды жұмысқа алғаны үшiн жұмыс берушiнi жауапқа тартатын Ресейдiң тәжiрибесiн қолданған жөн болмас па едi?

Гүлзина Бектасова