ШАЛА ПIСКЕН БЮДЖЕТ

ШАЛА ПIСКЕН БЮДЖЕТ

ШАЛА ПIСКЕН БЮДЖЕТ
ашық дереккөзі
304

84 миллиард 96 миллион теңгеге қысқармақ

Мемлекеттiк бюджет 84 миллиард 96 миллион теңгеге қысқармақ. Аспаннан жай түссе де, қымбатшылық екi бүйiрден қысып тұрған қазiргi шақта дәл осы суыт хабардай әсер ете қоймас. Соңғы екi-үш жылдан Елбасының халыққа Жолдауларында көп қошеметке ие болған, Үкiметтiң әлеуметтiк бағыттағы саясатының айқын көрiнiсi болған бюджеттен әлеуметтiк жобаларға бөлiнетiн қомақты қаржы қысқартылмақ. Бұл — қаржы министрi Болат Жәмiшевтiң депутаттардан "сүйiншi сұрағандай" етiп хабарлаған жаңалығы.

Министрдiң айтуынша, мемлекеттiк жобалардың шарт жасасып үлгiрген бөлiгiн қаржыландыру жылдың екiншi жарты жылдығына қалдырылып, қалғандары мүлдем тiзiмнен сызылады. Осы себептi, Парламент мемлекеттiк бюджеттi қайта қарауы керек. Осынау қаржылық құжаттың қабылданғанына алты-ақ ай болыпты. Басқаша айтқанда, өткен жылы қарашада Үкiмет Парламентте бюджет жобасын бекiткенде, өзiнiң шама-шарқын аңдай алмаса керек.

Бұған таң қалатын ештеңе де жоқ. Кәрiм Мәсiмовтың Кабинетi өткен жылы күзде әлемдiк қаржы дағдарысы басталғанда, Қазақстан ғаламдық экономикалық ахуалдан тыс өмiр сүрiп жатқандай, жарты жыл бойы бейқам отырды. Тiптi, "қаржы дағдарысы" деген атаудан қашып, қаржы саласында белгiлi бiр "түзетулер, уақытша өзгерiс жүрiп жатыр" деп халықты алдарқатумен болды. Тек тықыр таянғанда ғана, яғни үстiмiздегi жылдың ақпан айында ғана "қаржы дағдарысы" деген сөз Президенттiң аузынан шығысымен-ақ, Үкiмет "әлемдiк қаржы дағдарысының Қазақстан экономикасы үшiн қандай салдары болуы мүмкiн екендiгiн" сараптауға көштi. Тiптi, Үкiметтiң кейбiр мүшелерi: "Бiз бұл дағдарыстың болатынын бiлгенбiз, бiрақ дауылдың дәл қашан және қай бағытта соғатынын бiлмедiк" деп соқты.

Жә, мұның бәрiн тiзбелеп қайтемiз. Ендiгi сұрақ – бюджет қаржысын қысқарту қандай мұқтаждықтан туындады және оның қарапайым халық үшiн қандай салдары болуы мүмкiн?

Ресми дерек көзi Үкiметтi бұған итермелеп отырған жағдай – салық түсiмiнiң азаюы дейдi.

Естерiңiзде болса, алдыңғы жылы 2007 жылдың бюджетiн талқылау кезiнде депутаттар Үкiмет қоржынының қуыс-қуысында жатқан 100 миллиард теңге туралы мәселе көтерген болатын. Сол кездiң өзiнде осы жүз миллиардты әлеуметтiк жобаларға жұмсау туралы талап айтылып едi. Ендi "мүйiз сұраймын деп жүрiп, сақалынан айрылған" текенiң кебiн киген депутаттар әлеуметтiк шығындарды екi еселемек түгiлi, барынан айрылғалы отыр.

2007 жылдың бюджетiн қорытындылау кезiнде 84,7 миллиард теңгенiң (700 млн. доллар) дефицитке айналғаны есiмiзде. Бұл туралы сол кездегi қаржы министрi Наталья Коржова мәлiмдеген едi. Сөзбе-сөз келтiрсек: "Мемлекеттiк бюджетке түсiм 613,1 млрд. теңге болса, шығын 692,7 млрд. теңгенi құрады, ал дефицит 84,7 млрд. теңге".

Президент былтырғы халыққа Жолдауында Мәсiмов Кабинетiнiң алдына елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуын тездету туралы мiндеттеме қойған едi. Ол үшiн экономиканы тұрақтандыруға бағытталған арнайы қор құру туралы да айтылған. Бiр жылға толар-толмас уақытта осыншама сөздiң желге ұшқаны өкiнiштi-ақ.

Ал, жылда Үкiметтiң қалтасында жұмсалмаған қаржының қалатынын қалай түсiнуге болады? Былтырғы жылы қараша айындағы бюджеттiк талқылаулар кезiнде депутат Гүлжан Қарағұсова он тоғыз министрлiк пен агенттiктiң шығындарын қысқартып, 17,3 миллиард теңгенiң үнемделгелi отырғанын айтып едi. Бұл қаржы да экономиканы дамытуға жұмсалуы тиiс болатын. 2007 жылдың бюджетiн игеру кезiнде 155,7 миллиард теңге артылып қалған.

Ал экономика және бюджеттi жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов былай деген: "Республикалық бюджеттi пысықтау барысында бiз 155,7 миллиард теңгенi қарастырдық. Одан бөлек, республикалық бюджеттi қайта қарау кезiнде 205 миллиард теңгенi қайта бағытталды. Бiз мұны қалай жасадық – 2008 жылы басталуы тиiс инвестициялық жобаларды қысқарттық. Бұл 69 миллиардқа жуық ақша. Әзiрше iрi қаржылық жобаларды қоя тұруға шешiм қабылдадық".

Яғни, қаржы саласын, банктердi қолдауға бақытталған арнайы қор осылай жасақталды. Қазiр Үкiметтен бөлiнген 4 миллиардтың қалай бөлiнiп, қалай жұмсалып жатқаны өз алдына бөлек әңгiме. Бiрақ құрылыс компанияларын қолдауға қауқары бар Үкiмет қарапайым халықты қара су мен қара нанға телмiртiп қоюға қалайша мүдделi?

Биылғы жылдың бекiтiлген бюджетiне сәйкес, мемлекеттiң түсiмi 2 трлн.694 млрд. 732,3 млн. теңгеге бағаланып, шығыны 2 трлн. 905 млрд. 236,2 млн. теңгеге жоспарланған болатын. Яғни, дефицит – 210 млрд. 503 млн. теңге көлемiнде бекiтiлiп, IЖӨ-нiң 1,4%-ын құраған едi.

Жарты жыл бұрын Парламент бiрауыздан қабылдаған бюджет ендi iске татымай қалды ма? Сол кезде кейбiр мамандар 2008 жылдың бюджетiн отандық экономиканы тұрақтырандыратын құжатқа айналып келедi деп мақтап едi. Ендi не дер екен?

Былтырғы жоба бойынша, бюджеттiң әлеуметтiк шығындары, яғни денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қолдау бағдарламаларына жұмсалатын қаржы жалпы алғанда 932,2 миллиард теңгеге жоспарланған болатын. Яғни, зейнетақының ең төменгi мөлшерi 7 888 теңгеге, ал жалақаның ең төменгi мөлшерi 10 435 теңге болып бекiтiлген. Әрине, қазiргi қымбатшылық тұсында қарын тоймаса да, көңiл жұбатарлық бiрдеңе. Алайда, қара халық осындай көрсеткiшке де зар болып қалуы мүмкiн-ау.

2008 жылдың бюджетiнде аймақтарды таза ауызсумен қамтамасыз етуге жалпы шамасы 28,4 миллиард теңге қарастырылған болатын. Ендi бұл бағдарламаның да басына күн туды.

Бiр қызығы, егер Үкiмет осы райынан қайтпаса, "Нұр Отанды" тiрiдей жерге көмгенi болмақ. Өйткенi, билiк партиясы ретiнде Парламенттi жасақтап, Үкiмет құрамын анықтап отырған партияның сайлауалды бағдарламасы негiзiнен әлеуметтiк бағытта құрылған болатын. Үкiмет мүшелерiнiң басым көпшiлiгi "Нұр Отанның" да мүшесi екендiгiн ескерсек, бұл партия "өзi отырған бұтақты өзi кесiп отыр". Былтыр ғана сайлау бiте салысымен, елде нан бағасының күрт қымбаттауын ел не нәрсеге жорырын бiлмей дал болған. Ендi өзi бастамашы болған игiлiктi iстен өзi бас тартқан партияға халық көңiлiнде қандай сенiм қалуы мүмкiн?

P.S. Бюджеттi қайта пысықтау бiр айдың iшiнде жүзеге асуы тиiс. Болат Жәмiшев: "Әзiрше қысқарған ештеңе жоқ, тек уақытша қаржыландыру тоқтатылды" деп шыр-пыры шыққанымен, қаржыландыруы басталған жобалар үшiн бұл тоқыраудың басталғанын бiлдiредi. Өйткенi, биылға жоспарланған жұмыстар атқарылып үлгiрiлмейтiндiгi белгiлi болып қалды. Ал бұл 2008 жылдың бюджетi алдына қойған мақсаттарын орындап, оған артылған үмiт үдесiнен шыға алмайды деген сөз.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары