Владимир ПУТИН: ДЖОРДЖ, УКРАИНА ТIПТI МЕМЛЕКЕТ ТЕ ЕМЕС ҚОЙ!

Владимир ПУТИН: ДЖОРДЖ, УКРАИНА ТIПТI МЕМЛЕКЕТ ТЕ ЕМЕС ҚОЙ!

Владимир ПУТИН: ДЖОРДЖ, УКРАИНА ТIПТI МЕМЛЕКЕТ ТЕ ЕМЕС ҚОЙ!
ашық дереккөзі
251

Ресей бұрынғы империясын көксейдi

Украинаның мемлекеттiгiне күмән келтiрген Путин Ресей президенттiгiнен жайдан жай кетпеуi мүмкiн. Украинаның Ұлтшылдар конгресi қауiпсiздiк қызметiнен оның аталған мемлекетке келуiне тиым салуын, елдiң әуе кеңiстiгiн пайдалануына жол бермеуiн сұрады. Ұлтшылдардың бұл қадамына қолдау бiлдiрген Украина Жоғары Радасының басқарушы "Наша Украина — Народная самооборона" блогының фракциясы Рада төрағасы Арсений Яценюктi Ресей президентi Путиннiң Украинаның аумақтық тұтастығына күмән келтiргендiгiнiң рас-өтiрiктiгiн анықтауға шақырды.

4-сәуiрде Бухаресте өткен "Ресей-НАТО" саммитiндегi жасырын отырыста Путин Украина мен Грузияның Солтүстiк альянсқа мүше болу әрекетiне қатты күйзелiс танытып, ренiш бiлдiрген болатын. Бұл жиында Ресей НАТО-мен бұдан былайғы қарым-қатынастың қалай өрбитiндiгi "Грузия мен Украинаға НАТО мүшелерiнiң қандай пейiл танытатындығына байланысты" деген болатын. Ресей өзiнiң ықпал ету аймағына қауiп төнгенi үшiн шыр-пыры шығып, шырылдап жүр. Ресей президентiнiң пiкiрiне сүйенсек, ТМД аумағына басқа саяси күштер ауыз салмауы керек. Ол тек Ресейдiң ықпалында болуы тиiс. Алайда, Украинаның да, Грузияның да алға қойған мақсаты – НАТО мен Еуроодақ. Бухарестегi саммитте Киев пен Тбилиси Солтүстiк альянсқа мүше болатындықтарына нық сенiммен барған едi. Бiрақ, Франция мен Германия оған үзiлдi-кесiлдi қарсы болды. Мәселе, алдағы желтоқсанда қаралатын болып, жылы жабылды. Дегенмен, Буш Германия канцлерi Ангела Меркель мен Франция президентi Никола Саркозидi үгiттеп, НАТО-ға мүше елдер басшылары саммитiнiң қорытынды декларациясында "Украина мен Грузия НАТО-ға енетiн болады" деген сөйлемдi енгiзуге көндiрдi. Демек, Украина мен Грузияның НАТО-ға мүше болуы таяу арада iске асатын iс. Бұл В. Путиннiң қолайына жақпағаны соншалық, ол қызды-қыздымен Украинаның мемлекеттiгiне күмән келтiрсе, Грузияны Оңтүстiк Осетия мен Абхазияны қару ете отырып, территориялық тұрғыдан бөлшектейтiндiгiн айтып, қоқан-лоқы көрсетуге дейiн барды. "КоммерсантЪ" газетiндегi "Блок НАТО разошелся на блокпакеты" (№57, 07.04.08) атты мақалада "Впрочем, о Грузии российский президент говорил совершенно спокойно и как бы мимоходом,– рассказывает источник "Ъ" в делегации одной из стран НАТО.– Когда же речь зашла об Украине, Путин вспылил. Обращаясь к Бушу, он сказал: "Ты же понимаешь, Джордж, что Украина – это даже не государство! Что такое Украина? Часть ее территорий – это Восточная Европа, а часть, и значительная, подарена нами!" И тут он очень прозрачно намекнул, что если Украину все же примут в НАТО, это государство просто прекратит существование. То есть фактически он пригрозил, что Россия может начать отторжение Крыма и Восточной Украины" (Грузия жайында Ресей президентi тым қатты кеткен жоқ, салиқалы сарабдал түрде сөз қозғады, – дейдi "Ъ" газетiнiң НАТО-ға мүше бiр мемлекеттiң делегаты бiзге берген мәлiметiнде. – Ал, Украинаға қатысты әңгiме өрбiгенде, Путин қызып кеттi. Бушқа: "Сен түсiнесiң бе, Джордж, Украина – тiптi мемлекет емес қой! Украина дегенiмiз не? Оның территориясының бiр бөлiгi – Шығыс Еуропа, ал қалғанын бiз сыйға бергенбiз!" дегендi айтып салды. Бұл сөзi арқылы ол егер Украинаны НАТО-ға қабылдайтын болса, ол мемлекет ретiнде өмiр сүруiн тоқтататын болады дегендi анық меңзеп тұр. Демек, ол Ресей Қырым мен Шығыс Украинаны бөлiп әкету әрекетiн жасайтын боламыз деп доқ көрсетiп отыр) делiнген.

Дәл осы сөз Украинаның саяси билiгi мен ұлтшылдарын бiраз әбiгерге салып, Путинге нон-грата жариялаймыз деп сес көрсетуге дейiн жеткiздi. Дегенмен, "КоммерсантЪ" газетiнен өзге бұл ақпаратты таратқан ешқандай ақпарат құралының аты аталмайды. Барлық газет-журналдар да, Украинаның билiк өкiлдерi мен ұлтшылдары да "КоммерсантЪ"-тағы осы мақалаға сiлтеме жасап отыр. Ал, Саммитке қатысқан Украина президентiнiң өзi бұндай әңгiмеден бейхабар. Сол себептi де олар Путиннiң бұндай әңгiме айтқанына сенбей, алдымен iс барысын анықтап алғысы келдi. Дейтұрғанмен, Украина ұлтшылдарының конгресi төрағасының орынбасары Борейчук "Бiз Путинге тарихты Мәскеу Киев Русiнен бұрын орнады деп жазылған коммунистiк оқулықтардан емес, Компартия мүшесi болмаған авторлардың еңбегiнен оқуды ұсынамыз" деген ойын да бiлдiрдi.

Мәселенiң анық-қанығын бiлiп, екi еларалық қарым-қатынасты анықтау мiндетi Украинаның Сыртқы iстер министрi Владимир Огрызкоға жүктелдi. 15-сәуiрде Украинада болып, Ресей Федерациясының Сыртқы iстер министрi Сергей Лавровпен кездескен олар өз деңгейiнде көптеген мәселелердi күн тәртiбiне қойғаны белгiлi. Бiрақ, ақпарат көздерiне қарағанда, екi ел сыртқы iстер министрлерi бұған дейiн қордаланып қалған мәселелердiң ұшығына шыға алмаған көрiнедi. "Независимая газетаның" жазуына қарағанда, бұл кездесу екi ай бойы жоспарланып, екi рет кейiнге шегерiлiптi. Украина-Ресей саяси шиеленiсiне сыртқы iстер министрлерiнiң нүкте қоя алмайтыны айдан анық. Себебi, олар президенттерiнiң саяси курсын өзгерте алмайтыны белгiлi. Ал, Путин Ющенконың қазiргi саясатын мүлдем өзгертуiн қалайды. Оның ең бастысы – НАТО-ға мүше болудан бас тарту, Сергей Лавров оған себеп ретiнде "Киев билiгi украин халқының пiкiрiмен санаспады" дегендi көлденең тартады. Ал, Огрызко украиндықтардың НАТО мен Солтүстiк альянстың бiр одақ екенiн әлi түсiне алмай отырғандығын, ең алдымен бұл одаққа енудiң артықшылықтары жайында түсiндiру жұмыстарын жүргiзiп, соңында бүкiлхалықтық референдум өткiзетiндiктерiн айтты. Сондай-ақ, Ресейдiң Украинаның қазiргi саяси курсына көңiлi толмайтын мәселесi өте көп екен. Олар: "орыс тiлiне қысым көрсету, нацистермен қарым-қатынаста болған әскери қызметкерлерден батыр жасау, 30-шы жылдардағы аштықты украин халқына жасалған геноцид ретiнде бағалау, кеңестiк азат етушi жауынгерлердiң тарихи ескерткiштерi мен мазарларына шабуыл жасау, т.т."

"КоммерсантЪ" газетiнiң №64 санындағы Геннадий Сысоевтiң "Российско-украинские переговоры вышли блоком" атты мақаласында С. Лавров Путиннiң жоғарыдағы сөздi айтпағандығын айтып, ант-су iшкендiгi жазылыпты. Демек, ресми Мәскеу "КоммерсантЪ" газетiнiң жазғанын жоққа шығарып отыр.

Дегенмен, Ресейдiң билiк өкiлдерi Украинаның НАТО-ға мүше болуының соңы, оның аумақтық тұтастығына қауiп төндiретiндiгiн бiрнеше рет мәлiмдеп үлгерген. Ресей мемлекеттiк Думасының ТМД iстерi жөнiндегi комитетiнiң төрағасы Алексей Островский "Русская служба новостей" радиостанциясына берген сұхбатында "Егер, Украина НАТО-ға мүше болу мүмкiндiгiне қол жеткiзсе, Ресей Қырымның кiмге тиесiлi екендiгi жайында мәселенi көтере алады. Ресей Федерациясының Хрущев кезiндегi қол жеткiзген келiсiмдердi қайта қарауға құқықтық негiзi бар" дегендi айтқан.

Сондай-ақ, Украина Севастопольдағы Ресей Федерациясының Черномор флотының шығу тәртiбiн белгiлеген меморандумды Ресей Сыртқы iстер министрiне тапсырды. Ол меморандум бойынша Ресей бiтiмгершiлiк күштерi 2017 жылға дейiн Украина территориясынан шығып кетуi керек. Ресейдi бұл талап та қуантып отырған жоқ. Алайда, Солтүстiк Альянсқа мүше болу үшiн ол елдiң аумағында басқа бiр саяси күштердiң әскери базасы болуға тиiстi емес екен.

Кучма билiгi кезiнде жүзеге асуға 5-ақ қадам қалған БЭК (бiртұтас экономикалық кеңiстiк) те, ЕурАзЭҚ та қазiр Украинаның кейiн тартуы салдарынан тоқтап тұр. Украина Ресеймен қандай да бiр экономикалық одақ құрудан бас тартып, батысшыл, америкашыл саясатынан танар емес.

Егер, Украина бұйдасын үзсе, Грузия сырт айналса, Молдова мен Армения өз даму жолын таңдаса, Ресейдiң ықпал ету аймағы тарыла түсетiнi сөзсiз. Балқан түбегiндегi мемлекеттер Ресейдiң уысынан шығып кеттi. Демек, қырғиқабақ соғысы бұдан ары қалай өрбитiнi белгiлi. Белгiлi саясаттанушы Збигнев Бже¬зинский кезiнде "Ресей империясы — соңғы империя. Ол 2010 жылы құлап тынады" деген сәуегейлiк танытқан едi. Дегенмен, Ресей өзге елдiң субъектiлерiне қол сұғамын деп жүрiп, өз елiндегi жатқан жыландардың құйрығын басып жүрмесе жарар едi.

Ресей Абхазия мен Оңтүстiк Осетия халқына қолдау көрсетуге кiрiстi

Ресей президентi Путин 16-сәуiрде Абхазия және Оңтүстiк Осетиямен арадағы қарым-қатынасты өзге субъектiлерi деңгейiнде жүргiзуге тапсырма бердi. Путин Ресей мемлекеттiк Думасының алдымен бұл мемлекеттердi тәуелсiз ел ретiнде тану туралы ұсынысына құлақ аспады. Керiсiнше, оларды Ресей құрамына кiргiзудiң жолдарын қарастыра бастады.

Ал, 18-сәуiрде Грузияға қатысты 2006 жылы енгiзген саяси-экономикалық санкцияның барлығын алып тастап, "Грузиямен арадағы қарым-қатынасты жөндеу жөнiндегi практикалық шараларды" iске асыруды тапсырды. 2006 жылы Ресей мен Грузия арасының шиеленiскенi соншалық грузин азаматтары үшiн Ресей мен арада визалық шектеулер жасалып, грузин тауарларын Ресей рыногына жiбермеу жөнiнде бұйрық берiлген болатын. Сондай-ақ, Жоғары Ларс шекара бекетiн қайта жөндеуден өткiзу iсi де тоқтап тұрған едi. Егер, дипломатиялық қарым-қатынастар қайта жанданып, екi ел сауда айналымы қайта жолға қойылатын болса, грузин шарабы мен "Боржоми" минералды суының Ресей рыногына жiберiлмеуi салдарынан жылына 250 миллион доллардың шығынын кешiп отырған Грузия экономикасы әжептәуiр сақайып қалары анық едi. Алайда, Грузия билiгi Ресейдiң бұл қадамына сене қоймай отыр. Өйткенi, бұдан бiр күн бұрын Путин оның бөлiнбес бөлшегi болып табылатын Абхазия мен Оңтүстiк Осетияға көз алартып, ондағы халықтың басым көпшiлiгi Ресей азаматтары деген сылтаумен, өз субъектiсi ретiнде көмек қолын созуға кiрiседi де, екiншi күнi дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеудi қолға алады.

Грузия БҰҰ-ның қауiпсiздiк кеңесiнен шұғыл жиналыс өткiзiп, Ресейдiң бұл елдегi субъектiлерi үшiн жасап отырған қадамын сынауды өтiндi. Ресейдiң бұл қадамын қатты сынға алған Вашингтон Путиннен алдымен Абхазия мен Оңтүстiк Осетияға қатысты ұстанып қабылдаған шешiмiн өзгертудi талап етiп отыр. БҰҰ-ның Қауiпсiздiк кеңесi әзiрге Грузияның шұғыл жиналыс өткiзу туралы өтiнiшiне ешқандай реакция болған жоқ. Бұл мәселе осы аптада қаралуы тиiс.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары