Дариға Назарбаева: ЖАРЫТЫМДЫ ЗАҢҒА ЗӘРУМIЗ

Дариға Назарбаева: ЖАРЫТЫМДЫ ЗАҢҒА ЗӘРУМIЗ

Дариға Назарбаева: ЖАРЫТЫМДЫ ЗАҢҒА ЗӘРУМIЗ
ашық дереккөзі

Бүгiн Еуразиялық медиа форум (ЕАМФ) түндiгi Алматыда жетiншi рет түрiлмек. Халықаралық деңгейде өткiзiлетiн шара басталмас бұрын ЕАМФ Ұйымдастыру комитетiнiң жетекшiсi Дариға Назарбаева ханымды әңгiмеге тартқан едiк. "Түркiстан" газетi үшiн арнайы ұйымдастырылған жедел сұхбатта елдегi саяси реформалар, жемқорлықпен күрес, сондай-ақ, қоғамдық, мәдени, журналистика және жеке шығармашылық өмiрiне қатысты жайттармен ой бөлiскен едiк. Әрине, төңiрегi пiкiр қайшылығына толы медиа форум мен оқырмандарды қызықтыратын басты сауалдарды келесi сүбелi сұхбаттың еншiсiне қалдырдық.

— Дариға Нұрсұлтанқызы, сiз танымал әрi белсендi саясаткерсiз. Алайда, кейiнгi кездерi саяси сахнада сирек көрiнетiн боп кеттiңiз. Нелiктен?

— Демалып жатырмын…

— Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентiнiң қорын басқарасыз. Қордың жұмысына қысқаша тоқталып өтсеңiз?

— Қазiргi кезде қызметiмiздiң басым бағыты — бiлiм, мәдениет және ғылым саласындағы дарынды жастарды анықтап, оларды ынталандыру. Бұл үшiн Қор жас ғалымдар мен шығармашылық жастар ұсынатын жобалардың жүзеге асуы үшiн грант бөлудi көздейдi. Қор жанында байқауларды ұйымдастыру және жобаларды iрiктеумен айналысатын Жас ғалымдар мен дарынды жастар кеңестерi құрылған. Қор қайырымдылық қызметпен де айналысады. Әлеуметтiк жобалар мен идеялардың 4-шi жәрмеңкесiнiң нәтижесi бойынша 16 бейресми ұйым мен оқу орындарының жобалары қаржыландырылды. Өзге iлкiмдi де қызықты идеялар бар. Қордың қызметi туралы толыққанды мағлұматты оның сайтынан алуға болады.

— Кезiнде Демократияландыру жөнiндегi комиссияда атқарған жұмыстарыңыздан ел хабардар. Бүгiнгi таңда елiмiздегi саяси реформаларға берер бағаңыз қандай? Олар қажеттi деңгейде жүргiзiлiп жатыр ма?

— Жүргiзiлiп жатқан реформалардың сапасы мен сипаты қалыптасқан тарихи шарттар мен азаматтық қоғамның даму деңгейiмен сәйкес. Тарихшы әрi саясаттанушы ретiнде қояр сауалым да жоқ, қандай да бiр кiнәратты көлденең тартудан да аулақпын.

— Қазақ қоғамында сыбайлас жемқорлықпен жаппай күрес мемлекеттiк деңгейде жүргiзiлуде. Бiрақ кейде жемқорлықпен күрес көзбояушылыққа ұрынғандай, науқанға айналғандай әсер қалдырып жүр. Билiк жемқорларды жуық арада тұсаулайды деп ойлайсыз ба? Сiздiңше, жемқорлықпен күрес қалай жүргiзiлуi керек?

— Жемқорлықтың тамырына қайта бас көтерместей балта шабудың амалын тапқан адамға әлдеқашан-ақ Нобель сыйлығын берер едi. Көптеген зерттеушiлердiң пiкiрi көппартиялық жүйе, сөз еркiндiгi, яғни, партиялар өз көзқарасын бiлдiре алатын баспасөз, сондай-ақ, саясаткерлердiң өз мiндетiн қалай орындайтынын қалт жiбермей қадағалайтын азаматтық қоғам болғанда ғана парақорлық тұншығады дегенге кеп тiреледi. Қоғамның өзi де жемқорлықты жоюға бейiмдiгiн көрсетуi тиiс. Жұрттың көбi жол ережесiн бұзғанда, МАИ қызметкерiмен "келiсе салудан" кет әрi емес. Бiрақ жол полицейлерiнiң сұғанақтығын айтқанда ауыз жаппайды. Түсiнiксiз! Пара беру, көпшiлiктiң түйсiгiнде үйреншiктi әдет, тiптi, мақтаныш. Мұндай мысалдар таусылмайды. Жемқорлықпен күресте науқаншылдықты алғашқы адым деп есептеу сондайлық тиiмсiз де емес. Әйтеуiр, үркiтуге бiр сеп…Ал игi iстi жеке есеп айырысуға, бақталастарының көзiн құртуға пайдаланып жатса, сорақысы сол.

— Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық ету үшiн 2008 жылдың соңына дейiн сайлау, БАҚ және саяси партияларға қатысты заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгiзуi тиiс. Бiздiң билiк былтыр Мадридте әлем алдында берген уәдесiн жыл соңына дейiн орындап үлгере ме?

— Сауалды билiкке жолдаған жөн.

— Республикамыздың журналистерi бiрқатар салаларда, әсiресе, экономика, жаңа технология, ғылыми сияқты басқа да салаларда мамандар тапшылығына қарамастан, шамалары жеткенше қоғамға қызмет етуде. Бiрақ сарапшылар мен мамандар Қазақстандық журналистиканы жиi сынайды. Журналистика саласында бiрнеше жылдық тәжiрибеңiз бар. Сiздiңше, журналистиканы дамытуға кедергi келтiретiн басты қиындық не?

— Сарапшы мен маман дегендер кiмдер? "Төрелiгiн кiм айтып жүр?" Бiздегi сарапшылар қауымында күңгiрт мүйiстер жетерлiк. Отандық журналистика даму жолында. Бұл ұзаққа созылар үрдiс, сондықтан әп-сәттiк нәтиже күту де әбестiк. Қазақстандық журналистика қалыптасудың қилы сатысында түрлi кедергiге кезiктi. 80-жылдардың соңында компьютер түсiмiзге кiрмейтiн, оны түсiнбейтiнбiз де. 90-жылдардың басында оның бар екенiн бiлгенiмiзбен, сатып алуға қол қысқа едi. Бүгiнде редакцияларда компьютер мен өзге асай-мүсей сiресiп тұр. Онсыз күнделiктi кәсiптi елестету мүмкiн емес. Ендiгi жерде бесаспап маманға, салықсыз жүйеге, жарытымды заңға зәрумiз. Тегеурiндi бәсеке де күштi кедергi…

— Қазақстанда балаларға арналған, әсiресе, мектеп жасына дейiнгi бүлдiршiндерге арналған теле және радиохабарлар неге аз?

— Бизнестiң мүддесiнен келгенде, мұндай хабарлар, өкiнiшке қарай, пайдасыз. Әйтпесе, әлемдiк балалар теле және кино индустриясында асығын алшысынан тұрғызғандар қаптап жүр. Қасаң қағида өткеннiң еншiсiнде кетер деп үмiттенейiк.

— Жуырда Мәскеуге жеке концертiңiздi беруге дайындалып жүргенiңiзден көпшiлiк хабардар. Мәскеуден кейiнгi тағы қай жерлерде концерт қою жоспарыңызда бар?

— Бұл жөнiнде бiрдеңе деуге әлi ерте. Кезiнде көрермiз.

— Сiзбен өткiзiлген он-лайн сұхбатта кiтап жазып жатқаныңызды айттыңыз. Шығармаңыз қандай тақырып төңiрегiнде өрбуде?

— Шыдай тұрыңыздар. Кiтап жазылып жатыр, алдын ала сөз қозғауға асықпайық.

— Онлайн сұхбатыңызда Сiз "Көшпендiлер" мен "Моңғолды" салыстыра келiп, жеке адамдардың қаражатына түсiрiлген "Моңғолдың" жемiстi болғанын айттыңыз. Жақында Қазақстан, Ресей мен АҚШ Марк Декаскас, Каспер Ван Дьен, Арманд Ассанте сияқты голливудтық жұлдыздардың қатысуымен "Шығыстық транзит" фильмiн түсiргелi жатыр.

— Өкiнiшке қарай, аталған жобаның бүге-шiгесiн бiлмеймiн. Фильмнiң сәттi шығуы қаржы мен шығармашылық әлеует секiлдi көптеген жәйттерге байланысты. Егер фильмге жеке инвесторлардың қаржысы жұмсалса, алаңдамай-ақ қойыңыз — олар ақшасын желге шашпайды. Алайда, мұның өзi жобаның жұлдызы сөзсiз жанады деуге кепiлдiк бермейдi. Киноның құдайы — талант қой. Туындыны түсiрушiлердiң бойындағы дарын шолақ яки мүлдем жоқ болса, онда жеке кiсiнiң де, мемлекеттiң де тиын-тебенi жобаның бағын аша алмайды.

— Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ