ОЛ ОСАЛ АҚЫН ЕМЕС НЕМЕСЕ АҚЫН ТОЙЫ НЕГЕ ӨТПЕЙ ҚАЛДЫ?

ОЛ ОСАЛ АҚЫН ЕМЕС НЕМЕСЕ АҚЫН ТОЙЫ НЕГЕ ӨТПЕЙ ҚАЛДЫ?

ОЛ ОСАЛ АҚЫН ЕМЕС НЕМЕСЕ АҚЫН ТОЙЫ НЕГЕ ӨТПЕЙ ҚАЛДЫ?
ашық дереккөзі
309

Көптеген ақындар сияқты Әбдiкәрiм Оңалбаев та туған, өскен жерiн ыстық ықылас, ынтық жүрекпен жырлап өткен ақын.

Сондықтан да болар, ақынның туып-өскен ортасы, Сыр халқы арқалы ақын Әбекеңнiң шабытты жырын, көркем сөзiн аңсайды.

Туған ауылындағы мектеп ақын атында, онда ақынның музейi бар, ал Жалағашта Ә.Оңалбаев атындағы әдеби бiрлестiк жұмыс iстейдi.

Шығыс дүлдүлi, атақты Сыр сүлейi — Тұрмағамбет Iзтiлеуов Әбдiкәрiмге арнауында:

«…Бiлгiрдiң байтаққа бас баласысың,

Өзiң де қатарыңның данасысың»,

– деп ақын iнiсiн жоғары бағалаған. Осы өлеңiнде Түрекең Әбдiкәрiмнiң атасы Әзiлкеш сияқты арқалы ақындарды меңзеп, шәкiртiнен көп үмiт күтетiнiн аңғарта жазады.

Ақынның өз әкесi Оңалбай жарлы да болса арлы бола бiлген, дiни жолды ұстаған алымды молда, ишан аталса, атасы бүкiл қазақ жерiне, әсiресе Арқа мен Сырға кеңiнен таныс. Әзiлкеш Шымырұлы (1830-1895) атақты Арқадағы Жағалбайлы елiнiң ақын қызы Болықпен айтысы Шығыс зерттеушiлерiнiң назарына iлiнiп, 1883 жылы Ташкент қаласында жарық көрген Я.Лютшьтiң "Түркiстан өлкесi қырғыздары халық әдебиетiнiң жинақтары" кiтабына енiп, қазақтың зиялы оқырмандарына ертеден-ақ таныс болған. Мiне, осындай Сыр сүлейлерiнiң iрi өкiлдерiнiң бiрiнен тараған Әбдiкәрiм ағамыз да осал болмасқа керек-тi. Шынында солай болды да.

Әбдiкәрiм Оңалбаев 1901 жылдың сәуiр айында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы №16 ауылда туылған. Көптеген деректер осы мерзiмдi айғақтайды.

Әбекеңнiң өзi жазып қалдырған өмiрбаянында: "1917 жылы Қостанай өңiрiне ауып барып, 1919 жылы ол жақта да ашаршылыққа ұшырап, Сыр елiне жаяу шұбырып жеттiк", – дейдi. Ақын "Тiлек" атты өлеңiнде:

«Жас келген ылғи пақыр жетiм едiк,

Елден тез кедейлiкпен кетiп едiк»

– деп өзiнiң ауыр балалық шағын өлеңге қосқан. 1960 жылы жазған "Шiркiн, Нұра!" атты толғау-очеркiнде автор:

"…Шешем менiң қолымнан жетелеп келе жатыр едi. Осы бiр қараған бiткен адырдың тұсына келгенде "Қара түзгендi қабақ – Т.Д.) жан-жағына көз салып, ауыр күрсiндi, сөйттi де менiң қолымнан сәл қысып, өзiне тартып:

– Кәрiмжан, – дедi (ол менi ылғи осылай атайтын), – осы жер сенi туған жерiм едi. Жазғытұра көшiп келе жатқанда, қар жауып тұр едi, қоршауда толғатып тудым, көштi тоқтатпай белiмдi будым да жүре бердiм". Ақынның өзi жазып қалдырған осы сөздерi оның туған айынан нақты дерек бередi.

Ә.Оңалбаев 1916 жылдан өлең жаза бастаған. Ақынның алғашқы өлеңдерiнiң басым көпшiлiгi қайғыру, налу, тiлек, көңiлiн қалдырған кiсiнi әжуалау секiлдi болып келген-дi. Осы тұста оның қаламынан "Насуха", "Мылқау бала" атты поэмалармен қатар "Тоқпанға" , Б.Қасқырбаев пен құрдастары Құлтуұлы Жидебай мен Әбжәлел Қожабаевтарға арнаған әзiл-сықақ өлеңдер де туған. Бұл туындылары сақталмапты.

Әбекеңнiң өлең-өнердiң жолына түсуiне екi себеп (өзiнiң айтуынша) болыпты. Бiрiншiден, ұқсауға тырысса, екiншiден, азарға, тұрмыс қиындығына шыдамай өлең жазуды бастаған. Себебi, болашақ ақын 1916 жылдан 1928 жылдың аяғына дейiн үйсiз-күйсiз, кiсi қызметiнде жалшы боп жүрген. Осы кезеңдерде "Сараң байға", "Бiр қойшыға", "Жесiр дауы", "Қуаныш хабары", "Сөздi қай болыс" т.б. өлеңдерiн жазған

Ә.Оңалбаев бiлiм алуды ойлап, 1929 жылы Қызылордада ашылған екi жарым айлық есепшiлер курсында оқып, кейiн түрлi шаруашылық жұмыстарына араласады. Алғашқы өлеңдерiнiң бiрi 1931 жылы Қармақшы аудандық газетiнде жарияланады.

Оның ақындық жолға бет бұруы 1933 жылдан басталған. 1934 жылы Әбекең Алматыдағы журналистер институтына оқуға түседi, бiлiм нәрiмен сусындайды, бiрақ бұл институтты бiтiрмептi. 1937 жылы "Қазақ әдебиетi" газетiнде қызмет атқарады, ал 1938 жылдан 1941 жылға дейiн "Әдебиет және искусство" журналында жауапты хатшы болып жұмыс iстеген. 1937 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi. Әбекеңнiң шабыты шалқыған, өлеңдерi дария суындай тасыған шығармашылық жемiстi кезеңi осы шақ. Сол кезеңнiң шындығын жырлаған шығармалары болған.Оны Әбекең өз өмiрбаянында: "Менi өлеңге мықтап ұмтылдырған осы кез" деп жазады.

1942 жылдан 1961 жылдар аралығында ақын Әбдiкәрiм Оңалбаев Сыр елiнде талай жас таланттарды баулыды. Ол Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкiлi, облыстық "Ленин жолы" газетiнде бас редактордың орынбасары, бөлiм меңгерушiсi қызметтерiн атқарды.

Әбекеңнiң шығармашылығы, адамдық ерекшелiгi жайлы онымен қанаттасып қызмет атқарған құрдасы, көрнектi жазушы Ғабиден Мұстафин өз естелiгiнде:

"Маған Әбдiкәрiмнiң бүкiл болмысы ұнады. "Тарыдай тал бойында бiр мiнi жоқ" деп халық өлеңiнде айтылатындай, Әбдiкәрiм мiнсiз әсем мiнездi, Құдайдың тап-таза күйiнде бұзылмай сақталған адамы, аузы ауыр, сөзге сараң, құлағы жеңiл сөздердi қабылдамайтын, ұнамсыздарды көре бермейтiн жан", – деп мiнездесе, Әбдiлда Тәжiбаев: "Ән мен жырды қанша сүйсе де, палуандығы мен кетпеншiлiгiн де олардан кем санамаған", деп өнерпаздығы мен палуандығы, еңбекқорлығы секiлдi бiрнеше қасиеттерiн атап берген.

Сыр бойының "Қырғи тiлдi Асқарымен" (М.Әуезов) – Асқар Тоқмағанбетов сынды ақынымен бiрге Ә.Оңалбаев облыстың көптеген талантты жастарына қамқорлық жасап, өнер аспанында қанат қағуларына көмегiн бердi. Солардың бiрi танымал балалар жазушысы Нәсiреддин Сералиев өз естелiгiнде: "Ол қарапайымдылықты керемет дәрiптейтiн. Өнер саласында озғанға қуанатын, бiреуге жақсылық жасаса бұлдамайтын, қайта онысын сездiрмеуге тырысатын. Республикамызға аса мәлiм болған талантты жазушы Зейнолла Шүкiровтiң дарынын алғаш таныған да, әдебиет әлемiнде қанат байлап ұшуында кезiнде демеу болған да Әбекең едi", – дейдi.

Әбекеңе деген сүйiспеншiлiгiн өлеңге арқау еткен талантты ақын, қазақ "Мересьевi" атанған Зейнолла Шүкiров "Шипалы қол" атты өлеңiнде:

"…Кеудемде қашан осы түледi өлең,

Ақын деп онда менi кiм елеген.

Сол атты қасиеттi өзiң берiп,

Жырыма құтты сапар тiлегең ең", – деп ағынан жарылады.

Жоғарыда айтқанымыздай Әбекеңнiң өз өмiр жолы, ел танымы, ел бiрлiгi, елдi қорғау сияқты отаншылдыққа шақырған өлеңдерi өте көп. Соның бiрi "Сыр бойы" атты толғауында

"…О, Сыр бойы, сүйiктi атамекен,

Анамдай ардақтаймын, құрмет етем.

Жан-тәнiм тебiрене жайып құшақ,

Жүзiңнен қысқа күнде қырық тәу етем",

деуi тегiннен-тегiн емес. Бұл ақынның туған жерге деген шын ойы, шын тiлегi.

Әбекең жайлы ғалым М.Дүйсенов, Ә.Қоңыратбаев, ақын Қомшабай Сүйенiш, журналистер Қ.Әбенов, Қ.Ажаров т.б. әр жылдарда сөз қозғады.

Әбекең өлең мен қара сөздi қатар ұстаған азамат болатын. Оның алғашқы өлеңдерi жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарында жарық көрсе, кiтаптары 1950 жылдың басында "Сыр бойы" атты өлеңдер жинағы шықты. Ә.Оңалбаевтың А.Тоқмағамбетовпен (1956ж.) бiрiгiп жазған "Сыр диқаны" кiтабын даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың өмiр жолына арнады. 1960 жылы баспа бетiн көрген "Қырман тойы", "Таң алдында" (1963) атты өлеңдер жинағы ақынның көзi тiрiсiнде жарық көрiп, көз қуанышы болған қымбат кiтаптары.

Әдебиет жанашыры, ғалым М.Байдiлдаев ақынның өлеңдерiнiң басын бiрiктiрiп "Өсиет" (1969), ғылым докторы С.Саржанов "Атамекен", "Туған жер" жинақтарына құрастырып шығарды.

Әбдiкәрiм Оңалбаевтың туған жерi Мақпалкөл ауылының азаматтары мен Алматыдағы ынталы топ ақынның туғанына жүз жыл толуын атап өтуге қадамдар жасап, алғы шаралар жасаған-ды. Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облысының басшылығы атына ұсыныс хат жазып, көрнектi ақын, қарымды қаламгердiң туғанына 100 жыл толу мерекесiне орай арнайы шаралар ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткiзуге ықпал етуiн сұраған-ды. Осыдан кейiн ауыл, аудан көлемiнде бiрсыпыра шаралардың жобасы жасалып едi, арты аяқсыз қалды. Шамасы облыстық басшылықтан нақты қолдау болмаған сияқты.

Бар өмiрiн Сырға арнаған белгiлi ақынның әдеби мұраларын бүгiнгi ұрпаққа жеткiзуде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттiк университетiнiң ұстазы, филология ғылымдарының кандидаты Сара Тайманованың ерекше еңбегiнiң барлығын атап өткен жөн. "Әбдiкәрiм Оңалбаевтың әдеби мұрасы", (Қызылорда, 2007 жылы шыққан) атты зерттеуi бағалы еңбектер қатарына жатуға лайық.

Әбдiкәрiм Оңалбаевтың қаламынан назым-жыр, толғау арнаулар, поэма дастандары мен айтысы, әңгiме, очерктерi, сын-сықақтары дүниеге келген. "Ештен – кеш жақсы" дегендей Сыр елiне ұлттық мұраны ұлықтайтын Оңалбаевтай көрнектi ақынның алдағы жылдарда болатын 110 жылдық тойына осы бастан даярлық жүргiзiледi деген тiлектемiз.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеушi, ғалым

Серіктес жаңалықтары