204 ШЕНЕУНIКТIҢ ОРНЫ НЕГЕ БОС?

204 ШЕНЕУНIКТIҢ ОРНЫ НЕГЕ БОС?

204 ШЕНЕУНIКТIҢ ОРНЫ НЕГЕ БОС?
ашық дереккөзі

Жақында болып өткен ҚР Парламент мәжiлiсiнде "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясы фракциясы жанындағы Әлеуметтiк кеңестiң кеңейтiлген мәжiлiсiнде Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаевтың баяндамасын тыңдауға шақырылған қоғамдық ұйымдардың басшылары, әлеуметтiк саламен айналысатын мемлекеттiк органдардың өкiлдерiнен бұрын Мәжiлiс депутаттары асыға күткен едi.

Өкiнiшке қарай, бұл жолы да министр бiраз жылдан берi халықпен кездескенде, Мәжiлiс, Үкiмет отырыстарында айтыла-айтыла әбден жауыр болған жәрдемақы, зейнетақы жөнiндегi iстеген, болашақта iстейтiн "жақсылықтарын" тағы бiр қайталап шықты. Жаттанды баяндамадан тағы да жалыққан бiраз депутаттар отырысты тастап шығып кеттi. Оның бiр себебi, министрге сөз берiлерде депутат Н. Сабильяновтың: "Министр мырзаның баяндамасына жарты сағат емес, он-он бес минут уақыт берейiк. Оның не айтатынын бәрiмiз бiлемiз, оның орнына, осында республикамызға белгiлi көптеген қоғамдық ұйым басшылары, әртүрлi әлеуметтiк сала органдарында iстейтiн кiсiлердiң ұсынысын, тiлектерiн бiлейiк, күрделi мәселенiң түйiнiн шешу үшiн ақылдасайық", – деген ұсынысы кеңестi басқарып отырған А. Самақова ханым тарапынан қаперге алынбаған едi. Министрдiң "сөзiн" қырық минут тыңдап, шыдамы таусылған сенатор Ғ. Қасымовтың берген өткiр сауалдарына жаттанды жауаптар қайтарылды. Бұдан соң, депутаттар Сапарбаевқа сұрақты жаудырды да, сенатор С. Жалмағамбетова ортаға түсiп, сұрақ бермеу жөнiнде ұсынысын өткiзiп, министрдi депутаттардың сан-салалы сұрақтарынан арашалап алды.

Қазақстан ғана емес, дамыған, алпауыт елдерде, АҚШ, Еуропада дәл осы әлеуметтiк саланың басшыларының басынан таяқ кетпейдi. Сауал бере алмай, көңiлсiз кетiп бара жатқан бiрқатар депутаттарды сөзге тартқан едiк.

Үкiмет басшысы К. Мәсiмовтың атына депутаттық сауал жолдасам да, ол әлi жауап қайтармай отыр, – деп сөзiн бастаған депутат Гүлнәр Сейiтмағанбетова өзiнiң алаңдаушылығын ашық бiлдiрдi: – Маңғыстаудың табиғат жағдайының қолайсыздығы, судың тапшылығы, өңiрдiң республиканың басқа аймақтарынан қашықтығы, тасымалмен әкелiнетiн күнделiктi азық-түлiктiң қымбатшылығы және облыстың әлеуметтiк-экономикалық дамуы қарапайым халық күн көрiсiнiң ең төменгi деңгейiнiң артуына әкелiп соқты. Өйткенi, күн көрiстiң ең төменгi деңгейi 2007 жылы республика бойынша 10768 теңге болса, Маңғыстау облысында 13423 теңге болып, басқа өңiрлерге қарағанда 25 пайызға артты. Маңғыстауда мұнай саласында iстейтiндердiң орташа жалақысы 79262 теңге, мемлекеттiк қызметшiлер 49983 теңге, бюджет сласының қызметкерлерi 33649 теңге алады. Яғни, мұнай саласында iстейтiндермен салыстырғанда бюджеттегiлер 2,4 есе, ал, мемлекеттiк қызметшiлерден 59 пайыз аз ақша алады екен. Басқа облыстарға қарағанда Маңғыстауда азық-түлiк екi есе қымбат екенiн ескерсек, бюджет саласында iстейтiн кiсiлер мен зейнеткерлердiң, әлеуметтiк тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың дастарқанында не бар екенiн айтуға ұяласың. Халықтың жағдайын мұнай саласында iстейтiн аз ғана адамдарың жалақысымен өлшеуге болмайды. Халықтың бәрi мұнайшы емес. Мәртебелi деп саналатын мелекеттiк қызметтердiң де жалақысы аз болғандықтан 204-шенеунiктiң орны бос тұр.

Сондықтан "ҚР-дағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы" Заңының:

"Облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкiмиятының құзiретi" деп аталатын 27-бабы мынадай мазмұндағы 17-1-тармақшамен толықтырылсын:

"Бюджет саласының қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң тарифтiк бөлiгiне өңiрдегi күнкөрiстiң ең төменгi деңгейiн өткен жылғы орташа республикалық көрсеткiшке қатысты көлемiнде арттыру коэффицентiн белгiлейдi," – деген өзгерiс енгiзiлсе жалғыз Маңғыстау емес Атырау, Алматы, Астана сияқты тұрмысы қымбат өңiрлердiң де мәселелерi шешiлер едi. Бұл ойлы ұсынысты депутат Н. Сабильянов қызу қолдап өз тарапынан: "Министр өз сөзiнде зейнетақыны жаңа методикамен жаңадан тағайындау үшiн жұмыс тобын құратынын айтып отыр. Бұл дұрыс, бiрақ жұмыс тобында депутаттар мiндеттi түрде болу керек. Бiрлесiп жұмыс iстесек, қазiргi таңда қалыптасқан зейнетақы дағдарысы қалыптаспаған болар едi. Бұл жолы Үкiмет қателiк жiбермес деген үмiттемiз", — дедi. Бiрақ депутаттың әлi де екi ойлы болып тұрғаны бiлiнiп тұрды.

Тоғайбай Нұрмұратұлы