Мақпал ЖҮНIСОВА: ҚЫЗЫМНЫҢ КӨЗIНДЕ ҮНЕМI МҰҢ ТҰРАДЫ

Мақпал ЖҮНIСОВА: ҚЫЗЫМНЫҢ КӨЗIНДЕ ҮНЕМI МҰҢ ТҰРАДЫ

Мақпал ЖҮНIСОВА: ҚЫЗЫМНЫҢ КӨЗIНДЕ ҮНЕМI МҰҢ ТҰРАДЫ
ашық дереккөзі

Қазақстанның Халық әртiсi Мақпал Жүнiсованың үйiне алғаш келуiм. Теледидардан талай мәрте көргенiм болмаса, жүзбе-жүз сөйлесiп, әңгiмелескен емеспiн. Бiрақ, қазақтың талантты әншi қызы орындап жүрген әндердiң көпшiлiгi дерлiк жаныма жақын, жүрегiме жылы. Негiзгi мақсат — әншiнiң концертiнiң алдында көңiл күйiн бiлу, сырласу.

Тау бөктерiне жақын орналасқан еңселi үйдiң табалдырығын аттағанымызда қарсы жолыққан тәтей мұражайға қарай өте беруiмiздi өтiндi. Жуырда газеттердiң бiрiнен Заманбек Нұрқадiлов тұрған үйдiң мұражайға айналғанынан хабардар болғанбыз. Мұражайдың есiгiн ашып тұрып, Мақпал тәте бiзден: "Мұнда бұрын болып па едiңдер?!" — деп сұрады. "Жоқ, алғаш келуiмiз" дегендi естiген соң, әр бөлменiң есiгiн ашып, мұражайды бiзге таныстырып шықты. Екi қабатты үйдiң iшiнiң бәрiне дерлiк қазақтың бiртуар ұлы Заманбек Нұрқадiловтiң дүниелерi қойылған. Тiптi, жазу үстөлiне дерлiк сол күйiнде. Киiмдерi, халаттары, тiптi аяқ киiмiне дейiн қаз-қатар тiзiлiп тұр. Бiр қабырғаны тұтасымен алып тұрған шыны сөреге сурет, кiтап, құжаттары қойылыпты. Әрбiр сурет әрбiр күннен хабар бергендей. Тек иесi ғана жоқ. Иесi бiр сәтке сыртқа шығып кеткендей, қазiр қайта келетiндей әсер қалдырды. Мұражайға жұма сайын жан-жақтан қонақтар келiп, құран оқып кетедi екен. Республиканың түкпiр-түкпiрiнен арнайы келетiндер де бар көрiнедi. Әншiмен әңгiмемiз де мұражайдың iшiнде өрбiдi.

— Мақпал тәте, әр концерттiң өзiндiк ерекшелiктерi болады. Бұл концертiңiздiң ерекшелiгi қандай болмақ?

— Жаңа әндер, әрине көп. Тек қана жаңа әндерiммен концерт өткiзуге болар едi. Бiрақ, жанашыр апайларым: "Бәрiн жаңалауға болмайды, ел бұрынғы әндерiңдi де естiгiсi келедi" – деп айтып жатыр. Егер жаңа әндерiммен бұрынғы әндерiмдi қосып орындайтын болсам, концерттiң бес сағатқа созылып кететiн түрi бар. Жалпы, концертте жаңа әндер де болады. Естай Әлекейдiң, Дүйсенхан Сыздықовтың, Арман Дүйсеновтың әндерi орындалады. Амангелдi Сәндiбаев деген композитор жiгiт бар. Ол жiгiт концерттiң ашылуына арнайы ән жазып бердi. Сол әнмен концертiмдi ашамын. Жамбылдық Сәбит Жанбаев деген жас жiгiттiң әнi мүлдем ерекше. Бастапқы өлең жолдарының бәрi "Мақпал, Заманбек" деген сөздерден алынып отыр. Бұл әнге клип түсiрiлiп жатыр. Клиптiң тұсаукесерiн "Қайырлы таңнан" концерттен бұрын көрсетемiз деп отырмыз. Залда экран қойылатын болса, концертте де көрсетемiн бе деген ойым бар. Оның бәрiн ұйымдастырып жатқан Қалдыбек Құрманәлиев. Бұрын барлығын Зәкең өзi ұйымдастыратын. Соған үйренiп қалғам. Ешқайда барған жоқпын. Өзiм бұрыннан ешқайда бармайтын қазақ едiм. Сөйтiп Зәкең үйретiп тастаған. "Әйел басыңмен ешқашан бiреудiң есiгiн қағушы болма, мен өмiрден кетсем де, ешкiмнiң есiгiн қақпа!" дейтiн. Демеушi iздеп, "Маған ақша берiңдер" деген сөз болған жоқ. Жуырда: "Әттең, қолдың қысқа болып тұрғаны-ай, Зәкең болса, болар ма едi" деп айтып қалып едiм. Содан кейiн бiр-екi адам: "Демеушi болайық" деп хабарласты. Танымайтын адамды қалай демеушi жасаймын деп тағы қорықтым. "Көмектескiңiз келiп жатса, Қалдыбекке шығыңыз" деп, бәрiн Қалдыбекке ысыра салдым. "Ханшайым" деген журналдың тұсаукесерi болайын деп жатыр екен. Соның редакторы хабарласып, менен сұхбат алған. Ол кiсi: "Концертте Мақпалдардың бәрiне бiр-бiр DVD алып берейiк" деп ұсыныс жасады. Әрi журналдың да тұсауын концертте кесемiз деген ойлары бар екен. Мен ол ойларын "құп" көрдiм. Жалғыз демеушi осы кiсi болып отыр. Қалғаны, менiң өнерiмдi сүйетiн көпшiлiк. Билеттен түскен ақшаға сарайдың арендасын төлеймiз. Одан қалғаны телевидениеге төленедi. Бiрге-бiр болса да, соған "тәубе" деп отырмыз. Қарыз боп қалмасақ болды.

— Мақпалдардың қатысайын деп жатқанын естiп жатырмыз. Әзiрге қаншасы хабарласты?

— Кеше тағы бiр Мақпал Жүнiсованың әкесi хабарласты. Жамбылда тұрады екен. "Қызым әндi жақсы айтады" деп жатыр. "Әндi жақсы айтса да, айтпаса да келе берсiн" дедiм. Он сегiз жаста екен. Таразда тағы бiр Мақпал Жүнiсова бар. Ол — ақын Мақпал. Өзiнiң өлеңдерiн оқиды. Қызылордадан бишi Мақпал Жүнiсова келе жатыр. Торғайдан 11 жастағы Мақпал Жүнiсова келедi. Алматыдан Қыздар институтынан Мақпал Жүнiсова қатысып, ән айтады. Жетi-сегiз Мақпалдар өз өнерлерiн көрсеткiсi келедi. Одан да бөлек, тiгiншi, журналист Мақпалдардың барлығы жиналады. Жиырмасы-отызы келсе де, арнайы бiр қатарға билет саттырмай, дайындап отырмын. Елдiң алдына бәрiн таныстырып, өзiмнiң жоралғымды жасармын. Ары-берi жолдарын өтеуге тырысамын. Солардың iшiнде бiр бай Мақпал Жүнiсова жоқ. Барлығы өзiм сияқты қарапайым. Мен де қарапайым отбасынан шыққам. Әкем – шопыр, шешем бала-бақшада тәрбиешi боп iстеген.

— Мерей сiздiң концертiңiзге не сый дайындап жатыр?

— Өнер адамдарының балалары өнерлi болып шыққаны дұрыс нәрсе. Өнерге баулу деген жақсылық қой. Өнер деген таза нәрсе. Ол бала өнердi алып кете алмаса да, одан жаман болмайды. Қызыма "өлең айт" десем, "Мама, сен сияқты жақсы ән айта алмаймын" дейдi. "Баланың тiлi бал" дейдi ғой, бәрiбiр сол баланың талабына сүйсiне қараймыз. Дарын деген кейiн ысыла келетiн нәрсе. Бiрден сахнаға шыққан адамды бала болсын, үлкен болсын, бiрден "жұлдыз" деп айтуға болмайды. Қазақта бiр жаман әдет бар. "Мынау болашақ жұлдызымыз" деп жатады, кейiн әлгi "жұлдыз" жоқ боп кетедi. Жұлдыз бола ма, жоқ па, оны келешек көрсетедi. Сондықтан мен де қызыма: "Сахнаға шыққың келмей ме?" десем, Мерей: "Мама, мен одан да өлең оқып берейiн" дейдi. "Қандай өлең оқисың?" десем, "Абай атамыздың, ананың-мынаның" дейдi. Оған: "Сен одан да әкеңнiң кiтабынан бiр өлең оқы" дедiм. Зәкеңнiң рухы әрдайым бiзбен бiрге. Түсiмiзден де, ойымыздан да шықпайды. Зәкеңнiң Мерей екеумiзге берiп кеткен ақ тiлегi бар едi. Мерейге соны оқытайын деп отырмын. Сол үшiн арнайы "Ерке-Нұрға" барып, қазақша костюм тiккiздiм. Сәндi көйлек кигiсi келiп едi, "Жоқ, сен қазақша шығасың" дедiм. Кiшкентай балаға қазақша костюм әдемi сән берiп тұрады.

— Бiрде Мерейдiң Абай атасының өлеңiн жатқа оқығанын естiп, тәнтi болған едiм. Абай атасының өлеңiн кiм үйретiп жүр?

— Өзiм үйреттiм. Үйде Абайдың кiшкентай өлең кiтапшалары өте көп. "Абай атаңнан бастасаң, жаман болмассың" деп, бастапқыда өзiм ырымдап, жаттатқам. Концертiме қызымнан бөлек, Ерлан Рысқали деген жас әншi қатысайын деп отыр. Көп концерт қойып жүрген жiгiт емес. Үлкен концертке жиi шықса деген ойым бар. Әрi менiң концертiм DVD-ге жазылады. Соған Ерлан Рысқалидың да даусы жазылып қалсын деген ой. Ерланның домбыраны тартуы да, айту мәнерi де ерекше. Тыңдаған адамның да ықыласы жоғары болады деген ойым бар. Жұбаныш Жексенұлы екеумiз "Екi жұлдыз" әнiн жаңартып, жаңаша шығардық. Қалғанының бәрi Мақпал Жүнiсовалар.

— Жолдастары, достары хабарласып тұра ма?

— Зәкеңде дос болмаған, менде де дос болған жоқ.

— Ол кiсiнiң шарапатын көрген жандар ше?

— Жақсылық жасаған адамдардың кейiн бiреуiн де көрмедiм.

— Бiреуi де есiгiңiздi қақпады ма?

— Жоқ, қаққан емес. Зәкең: "Бәрiн түсiнем. Ешкiмге ренiшiм жоқ" деп кеттi ғой. Қазақтың бiртуар азаматтары ғой деп көбiне көмектестi. Тiптi, кейбiрiне заңды бұзып тұрып жасады ғой. Сол үшiн талай сөгiс естiдi. Соларды еске алсам, күйiнiп кетем. Ең құрығанда беттерiне пәренжi киiп келiп, сәлем беруге болар едi ғой. Керек кезiнде түн iшiнде де келген жоқ па? Түнгi сағат үште келiп, талайлардың үйден дәм татқандарын көзiм көрген. Қазiр солардың бiреуi де жоқ. "Зәкең өлдi. Мақпал өз күнiн өзi көре алмайды" деп ойлаған шығар. Халық аман болса, талай жасқа жетермiз. Қиындық көрiп жатқан мен жоқ. Құдайға шүкiр, даусым аман болсын. Дос деген бiзде болған емес. Дос деген ол сенiң қайғыңмен бiрге қайғыратын, сенiң мұңыңды бiрге мұңдасатын жан болуы керек. Халықты мен досым деп айтуыма болады. Олар менiмен қайғырды, менiмен бiрге жүрдi. Жалғыз менiң рахмет айтатын бiр ғана адамым бар. Ол — Серiк Үмбетов. Ол кiсiден басқа жылы сөз айтатын адамды көрген жоқпын. Ол кiсi маған: "Айналайын, Мақпал, Алматы облысының қай жерiне барып, концерт беремiн десең де, есiгi ашық. Көмек берем" дедi. Ол кiсiнiң жолдасы да сондай қарапайым жан. Ол кiсiлермен араласып-құраласып, жақын болған емеспiз. Қай кезде де хабарласып: "Мақпалжан, айналайын, жағдайың қалай болып жатыр? Көмек керек бо¬лып жатыр ма?" деп, телефон соғып жатады. Әрдайым жылы сөзiн аямайды. Сөйтiп, телефон соғып қоюға болады ғой.

Зәкеңнiң мұражайын ашып отырмын. Бiр адам келiп көрген жоқ.

— Бiрақ, естiдi…

— Естiмегенде. Бүкiл халық бiлiп жатқанда, естидi ғой. Бiреуiнiң келуiне болады ғой. Өмiр болғаннан кейiн бәрiн көредi екенсiң. Қайта халық деген ренiшiмiздi, назымызды орнына келтiрiп қояды. Қазiр де бiреуге ренжiп, кек ұстап отырған жоқпын.

— Сiз Зәкеңнiң жары ғана емес, өнер адамысыз ғой. Бүгiнгi бiздiң қоғамға өнер адамының да қажетi болмай қалған ба?

— Сахнаға шығармай, кедергi келтiрiп жатқан жоқ. Бiрақ, iздемейдi де. "Сен тимесең, мен тимен" деп отыр. Зәкең көзiнiң тiрiсiнде: "Сен саясаттан аулақ бол" деп жиi айтатын. Саясатқа кiрейiн деп, не болмаса бiреуге кiнә артайын деп отырғам жоқ. Кiмге кiнә артарымды да бiлмеймiн. Жауабы жоқ неше түрлi сұрақтар бар. Тек бiр Алла Тағалаға сыйынып отырған жайым бар.

— Бiр сұхбатыңызда "Мерей әлi бiлмейдi" деген екенсiз. Мерей қазiр бiлдi ме?

— Мерейге балабақшада балалар: "Сенiң әкеңдi атып кеткен" деп айтыпты. Қызым үйге жылап келдi. "Папамды аспанға ұшып кеттi деп едiң, папамды атып кетiптi ғой" дедi. "Жоқ, папаң аспанда ұшып жүр" деп жұбатқан болдым. Қазiр қызыма түсiндiре алмаймын. Әкесiн жақсы көредi, суретке қарап сөйлесiп отырады, қиялдайды. Бақытты өмiр сүрiп жатқан балалар сияқты емес, бәрiбiр қызымның көзiнде бiр мұң тұрады. Сағыныш болар. Қызымның әкесi бар балаларға қарағанда, өзгешелiгiн өзiм сезiп отырам. Әкесi келiп, баласының маңдайынан сүйiп жатса, жылап қалады. Кейде өлеңдердi қойып, тыңдап отырсам: "Мама, мына өлеңдi тыңдамай-ақ қойшы, сен қазiр папамды сағынып, жылап қаласың" дейдi. Ержетiп қалды. Түсiнейiн деп келе жатыр. Әкесiнiң басына әлi апарғам жоқ. Апаруға жүрегiм дауаламайды. Үлкен кiсi сияқты қабылдасын, сол кезде апарып, бәрiн айтам ба деп ойлаймын. Өзiм айтуға да жүрегiм дауаламайтын шығар. Мүмкiн шешелерiмнiң бiрi айтар.

— "Түсiме жиi кiредi" дейсiз. Түсiңiзде қалай көресiз, ап-анық көрiне ме?

— Әңгiме айтады, ақылын айтып жатады. Бiрақ, өмiрi тамақ iшпейдi. "Тамақ iшсеңшi" десем, "Жо-жоқ, мен алысқа кетiп барам. Жиналысым бар" деп, өмiрi асығып жүредi.

— Ол кiсiнiң жас кездегi жазған дүниелерi қалды ма, сiзде?

— Ол кiсiнiң жас кезiндегi өлеңдерi бiрiншi әйелiнiң үйiнде жоғалып кеткен ғой. Ол кiсiнiң үлкен кiтапханасы болған екен. Маған кездескеннен кейiнгi өлеңдерi, қандай жұмыстары болмасын, бәрiн жинап отырдым. Суреттерiн, құжаттарын сақтап отыратынмын. Тиянақты жинадым десем де болады. Мына мұражайдың iшiне бәрiн бiрдей қою мүмкiн емес. Алмастырып отыру керек. Луганский көшесi сносқа кетедi деп жатыр. Онда Зәкеңнiң үйi де кетейiн деп жатыр. Жүрегiмдi ауыртып жүргенi де осы. Қалай болады, қай жерден алуға болады. Келешекте Зәкеңнiң өлiмiн ашатын болса, Үкiметтiң өзi халықтың бiртуар азаматы ретiнде мұражайды ашып беретiн шығар деген ойдамын. Ол да халықтың бiр азаматы болды. Халық үшiн тiрлiк еттi.

— Заманбек ағаның: "Мен қызғанбаған күнi, шамаданыңды жина да, үйден кете беруiңе болады" деп айтқанын оқығанымыз бар. Сiздi қатты қызғанатын ба едi?

— Қатты қызғанатын. Кейде шегiнен шығып кететiн. Шектен шыққан қызғаныш жақсы нәрсе емес. Сондай кездерде жылап алатынмын.

— Ренжiсiп қалған кездерiңiзде бiрден анаңыздың үйiне баратын ба едiңiз?

— Қайдағы?! Анама бара алмаймын ғой. Ол кiсi Зәкеңдi жақсы көрдi. Зәкең ол кiсiнiң балаларына әкесiндей қамқорлық жасады. Қарағанды жақтан үй алып бердi, тойларын жасауға көмектестi. Ол кiсiге "Зәкең бiрдеңе дедi" десең, өзiңе ұрсатын. "Осыдан Заманбектi ренжiтiп көр, үйге жолаушы болма!" дейтiн. Бiздiң шешемiз өте қатал адам. Зәкеңнiң мазасын алып, менiң үйiме келiп, жатып алған емес. Бiр шәйнек шәйiн iшiп алады да, екi бөлмелi Маралдың үйiне барып жататын. "Ойпырмай, кең үй тұр ғой. Осында жата берсеңiзшi" десең, "Қой, Заманбектен ұят болады. Ол – елдiң азаматы. Ол жұмыстан шаршап келгенде, абыр-дабыр болып жатсақ, ұят болмай ма? Мен көп шай iшем, айғайлап сөйлеймiн, мазасы кетедi ғой" дейтiн.

Зәкең қос дауыспен ән айтқаным үшiн қызғанатын. Баяғы ескi 83-84 жылғы таспалар жүрiп жатса, содан қызғанатын. Мен болсам, жас кезiме сүйсiнiп қараймын ғой. Зәкеңе: "Ой, Алла Тағала қызғанышты қоятын кезiңiз жеттi ғой" дегенiмде, айтқаны ғой: "Мен қызғанбаған күнi шамаданыңды жина да, үйден кете беруiңе болады" деп. Арамызда айтылатын әңгiме қалмады, осымен бәрi бiттi деген күн ғой ол. Зәкеңде қонаққа бару, туысқанды аралату деген жоқ-тұғын. Туған шешемнiң үйiне екi-ақ күнге жiберетiн. "Ауылға бiр апта демалып келсем қалай болады?" десем, "Менсiз ешқайда бармайсың" дейтiн. Ол кiсiнiң айтқаны заң. Қазiр сонысы жетпей жатады маған. Басында маған ерсi боп көрiнетiн. Кейiн етiм үйренiп кеттi.

Зәкеңнiң жанында өзiмдi бала көретiнмiн. Кәдiмгi Зәкеңнiң баласы сияқты. Еркелеймiн. Менiң еркелiгiмдi Зәкең ғана көтердi. Кереметтей жақсы көрдi. Ренжiп қалған кезде, ұрысып, жаман сөз айтып, балағаттап, қол көтерiп жатпайды. Үндемей қоятын. "Зәке, сен маған айғайлап бершi" дейтiнмiн. Үндемей қойғаны тiптен жаман.

— Өкпесi қанша күнге созылушы едi?

— Екi күнге. Содан кейiн ұмытып кететiн. Шынайы жақсы көрдi. Ер азамат ретiнде, тұлға ретiнде мықты адам болды. Бiр нәрсенi айтса, соны орындайтын. Ол кiсi барда, мен ешнәрседен қорықпайтын едiм. Қазiр қорқам. Оның орнын ешкiм баса алмайды, баспайды да. Зәкеңнен кейiн күйеуге тию мүмкiн емес. Зәкеңде бар қасиеттердi мен қазiргi еркектерден кездестiре алмаймын. Ұшақтармен көп жүрем. Шамаданымды мықшыңдап, көтерiп келе жатқаныңда, бiрге ұшып келе жатқан он шақты ер азаматтың бiреуi, "көтерейiн" демейдi. Бедiрейiп, қолындағы портфелiн ұстап кетiп бара жатады. Бiз халықтың алдында жүрген қыздармыз ғой. Күнi кеше Атыраудан ұшып келе жатырмын. Шамаданым толы. Ауыр. Автобусқа бара жатырмыз. Бес-алты жiгiт отыр. Кәрi емес. Шамадан көтеру былай тұрсын, сәлем беруге жарамайды. Бәрi кiрген кезде бизнес класқа барып отырды. Солардың арасынан әйтеуiр бiр кәрiс табылды ғой. Жалғыз кәрiс менiң шамаданымды көтерейiн дегенде, жылағым келiп кеттi. Шамаданымды берiп жатып, "Бiздiң мемлекетте де еркектер бар екен ғой. Еркек атаулы қалмаған екен десем", — дедiм. Кәрiс "жо-жоқ" деп басын шайқап жатыр.

— Ана қазақтар естiп тұрды ма?

— Естiдi. Шалбар кигеннiң бәрi еркек емес. Қыздарды шалбар киедi деп сөгiп жатады. Шалбар киiп, еркектiң орнына еркек боп жүрген қыздардың кiнәсi не? Еркектiң орнына еркек болғаны ма? Тым құрығанда, қолдарынан дым келмесе де, сондай адамгершiлiктi жасауға болады ғой. Құдайға шүкiр, менде бәрi бар. Осындай нәрселердi көрген кезде жүрегiм ауырады. Маған көбiне басқа ұлттың өкiлдерi көбiрек көмектеседi. Сосын Қазақстан бойынша, Алматының еркектерi қорқақ. Жанына жолап кетсе, бiрдеңе болады деп қорқады ғой деймiн.

— "Зәкеңдей азамат табылса, тұрмысқа шығар едiм" деген ақпаратты бiр журнал таратып жiбергенi есiмiзде. Кейiн, оны жоққа шығарып, жауабын да бердi.

— Журналдың редакторы атын солай қойыпты ғой. Кейiн халықтың алдына шығып, күйеуге шықпаймын деп айттым. Елдiң арасына шығып жүргенiмде, үлкен апалардың көбi батасын берiп, шариғат бойынша, "шыға беруге" болады деп жатады. Шын айтайын, күйеуге шығамын деген ой менде болған емес. Қайда жүрсем де Зәкең ойымда жүредi. Бұрыннан Зәкең барда қалыптасып қалған әдет, бiреудiң бетiне тiке қарап көрмеппiн. Қазiр кейбiр жерлерге барсам, "Мәке, есiңiзде ме, Зәкең екеуiңiз келiп едiңiздер ғой" деп жатады. Бiреуiн танымаймын. Көрмеген сияқтымын. Зәкеңнiң ылғи алдымда жүргенiн ұнататынмын. Кейбiр еркектер әйелiнiң соңында сөлпеңдеп жүредi ғой. Соларды көрсем, жыным келедi. Сондықтан, ер азаматтың алдында жүргенiн қалағандықтан, қай жерде жүрсем де, Зәкеңнен кейiн жүретiн едiм. Бәрiне бiрдей иiлiп сәлем бередi екем де, бiреуiнiң бетiне қарамаппын. Ол кiсiлерге "танымаймын" деп айтуға ұялам да, "ия, есiме түстi" деп айта салам. Қазiр ер азаматым жоқ болғаннан кейiн, бiреудiң бетiне қарауға тiптi ұят екен.

— Бүгiнгi қазақ өнерiне қандай баға бересiз?

— Бiреуге сын айтып, бiреудi жамандаған ыңғайсыз. Жақсы әншiлер бар. Барын бар деп айтайық. Барлық салада да арада шикi адамдар жүредi емес пе?! Ортанқол деген сияқты. Ондай-ондай әншiлерде де кездеседi. Кiмнiң қандай екенiн халықтың өзi сараптап жатады. Кiмдi жақсы көредi, соның әнiн тыңдайды. Кiмдi ұнатпайды, соған шақырса да бармайды. Жақсы ән, жақсы композитор болмаса, ол әншiге ешкiм де бармайды. Мысалы, менiң бағымды асырып келе жатқан әрдайым жақсы әндер.

— Жақсы әндер сiздi таба ма, әлде жақсы әндi сiз iздейсiз бе?

— Жақсы әндер көбiне менi табады. Зәкең кеткеннен кейiн, жүрегiмде айта алмай жүрген сөздердi әнмен жеткiзiп отырдым. Оны да өздерi келiп ұсынып жатыр. Дүйсенхан Сыздықовтың "Мұңайма" деген әнi ерлi-зайыптылардың айтатын әнi. "Мен ауырсам, сенi ауырмашы, мен күрсiнсем, сен күрсiнбешi" деген сөздерден құралған. Ойнақы ән. Бұл әннiң мәтiнiн өзiм тауып бердiм. Кiтаптарды көп оқимын. Серiк Тұрғынбеков деген ақын ағамыз Зәкең қайтыс болған кезде: "Жасыма, Мақпал" деген өлең жазып, "Жас Алаш" газетiне бергенi бар. Сол кiсiнiң өлең кiтабын оқып отырып, осы өлең жолдарын кездестiрдiм. Сөзi маған қатты ұнады. Бұрын Зәкең де үнемi: "Мен ауырсам да, сен ауырмашы. Сен аман болшы! Ал, тарихта өнер адамдары, сендер қаласыңдар. Әкiм деген көп қой" деп айтып отыратын. Жүрегiме жылы қабылдадым. Концертте ауыр өлеңдер көп болып кетейiн деп тұр. Сондықтан, жағдайымыз келгенше орындайтын шығармыз.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА