БИЖАМАЛ РАМАЗАНОВА

БИЖАМАЛ РАМАЗАНОВА

БИЖАМАЛ РАМАЗАНОВА
ашық дереккөзі

Газетiмiздiң жаңа жылдық жаңалықтарының бiрi – "Ардагер" атты жаңа айдардың ашылуы. Аты айтып тұрғандай-ақ, қоғамдағы өзiндiк орны бар, елiмiздiң экономикалық және әлеуметтiк өмiрiнде есiмдерi ерекше аталатын еңбегi сiңген қайраткер ер азаматтар мен қазақ қыздарының өмiр жолдары, қызмет еткен жылдары, жалпы қоғамдағы алар орнын сөз етпекпiз. Ал, қазақтың қайраткер ұлдарымен бiрдей еңбек етiп, елiне елеулi қазақ қыздары да аз еместiгiн өздерiңiз де жақсы бiлесiздер, оқырман.

Олай болса, осындай бiртуар асыл қыздарымыздың бiрi – Бижамал Рамазанова жайлы айдардың алғашқы сыр-сұхбатын ұсынғанды жөн көрдiк.

Бижамал Рамазанова! Осы бiр есiм бала кезiмiзден жадымызда жатталып қалған, сонау жылдары Қазақ CСР Жоғарғы Советi президиумының республикалық басылымдарда жарияланып жататын қаулы-қарарлары арқылы етене таныс. Үкiметтiң құнды қағаздарының бәрiнде осы бiр қазақтың қайраткер қызының қолтаңбасы мәңгiлiк тарих беттерiнде қалды. Сонау алпысыншы жылдардың басы мен жетпiсiншi жылдардың ортасына дейiнгi уақыт аралығында тыпжылмай қызмет еткен Жоғарғы Советi президиумының хатшысы талай ел ағаларымен қызметтес болған, ел тағдырына, жер тағдырына байланысты көкейтестi мәселелер төңiрегiнде қаншама тер төгiп, аса қажеттi құжаттардың өз қолынан өткенi жайлы бiр сәт ой жүгiртiп алды да, әңгiменi өз отбасы, ата-анасы жөнiнде бастап кеттi…

"Әкем марқұм ең аяғы шеге қақса да, ат ерттесе де қасынан қалдырмаушы едi. Соның бәрi еңбекке ерте араласса, жалғыз тұяғының бiр қажеттiлiкке жараса деген ниетiнен туған болар,сiрә. Бiрақ одан мен жаман болған жоқ сияқтымын". Өзi туралы аса мақтау сөздi жақтыра бермейтiн сабырлы да салмақты кешегi Жоғарғы Советтiң хатшысы қызметiн атқарған қайраткер қазақ қызының бойында қызметпен бiрге қалыптасқан байсалдылықты көру онша қиын емес тәрiздi. Адам бойында туа бiттi қасиеттермен қатар, бертiн келе қоғам, қызмет бабымен бiрге қалыптасатын өсу, есею жылдарындағы санаға таралатын жақсы жоралғы, қасиеттер болады дегенге бәлкiм, бiреу сенер, бiреу сенбес.

Бижамал апайдың бойында осындай бiр бекзаттық, тәкаппарлықты байқасақ та, осындай тектiлiк бар жерде аса мейiрбан, қайырымдылықтың да қатар сiңгенiн көру де қиынға соқпас едi. Бiз оны көпшiлiкпен тығыз жұмыс iстеген талай жылғы озық тәжiрибесiнен, әйел-аналық мейiрiмiнен, кез келген шаруаны қайырымды шешуге тырысатын бiрбеткейлiгiнен деп түйсiндiк.

ҚАЙДА БАРСАМ ДА АТА-АНАМ БIРГЕ КӨШТI

– Балалық шақ дейтiндей, бiзде бақытты, алаңсыз балалық шақ болған жоқ, – деп бастады ол кiсi әңгiмесiн. Бiздер – әрине, ХХ ғасырдың бастапқы кезiндегi ұрпақтардың бiрiмiз. Сондықтан да басымыздан кешкен қиыншылықтар да аз болмады. Ең бiрiншi көзiмiздi ашқаннан ашаршылық жылдарын көрдiк. Есiмiздi емiс-емiс бiле бiр жерден бiр жерге көшiп-қонып, босып жүрген елдiң нәпақа соңында жүргенiн де ептеп iшiмiз сезетiн. Бала болсақ та таудың жабайы жуасын тамақ еткен, содан жан сақтаған талай жұртты көз көрдi, құлақ естiдi. Одан кейiнгi менiң тұстастарым отыз жетiнiң нәубәтiн көрген ұрпақпыз. Өз отбасымызға түлен тиген жоқ, бiрақ " бүгiн анадай болып жатыр, ертең мынадай болады екен", "бiр түнде алып кетiптi" дегенге де құлағымыз үйрендi. Ол да өтiп ендi ес жиып,бас көтере бастағанда Ұлы Отан соғысы бұрқ ете қалды. Онда мен небәрi он төрт жаста едiм. Сонда балалық шақ, жастық шақ дегеннiң бәрi бiз үшiн қайнаған өмiр, тынымсыз еңбек деген сөз.

Әкем Есiркепұлы Рамазан орысша, арабша сауатты, көзi ашық кiсi болды. Көп балалы отбасында дүниеге келсе де, ақ пен қызылдың соғысында 1922-26 жылдары Ақсу ауданының Қызылағаш өңiрiнде бауырларынан айырылып, тұл болып қалады. Өзiнiң айтуынша, Қапалда қызметте жүрiп, аман қалса керек.

Өзi ата-анадан жалғыз болды, мен де оның жалғыз тұяғы едiм. Қасынан бiр елi қалдырмайтын-ды. Шалғы да шалдым, орақ та ордым, шеге де қағып, ат та ерттедiм. Аттың құлағында ойнайтын-ды марқұм, мен де ат жалында өстiм десем артық емес. Өздерi жасы ұлғайған кездерiнде өмiрге келсем керек, содан да болар, өмiрбақи елiм-жұртым, ата-бабам қалды демедi, мен қайда барсам да бiрге көшiп жүрдi.

1942 жылы Түрген педучилещесiнiң қысқа мерзiмдi мұғалiмдiк курсын оқып,бiтiрдiм де, қызметтi Шанқанай орта мектебiнен бастадым. Он бес, он алтыдағы кезiм, жолдамамен Қоғалы аудандық оқу бөлiмi Қаракемерге жiбердi. Сонда мен аттылы, әке-шешем жаяу-жалпылай, жүктерiн көк есекке тиеп алып алғаш менiмен бiрге көшiп келдiк. Өзi жалғыз, оның үстiне ер балада емес, нәзiк қыз болған соң ба, аса мейiрiмдi, балажан едi. Екеуi де тоқсанға жетер-жетпес шағында қолымнан мәңгiлiк сапарға жол тартты ғой. Өмiрбақи ата-анамнан, әсiресе әкемнен дарыған еңбексүйгiштiк, табандылық, қолға алған iстi дегенiне жеткiзбей қоймайтын қайсарлылық мiнезiме өзiм де iштей сүйсiнемiн. Бетiне қарап отырған жалғызым деп ештеңе iстетпей, бейiмдемей барын аузыма тығып отырса не болар едiм. Осы өмiрiмде нендей жақсылық қолымнан келдi, кiмге қандай көмегiм тидi, не болмаса тiлiм тидi дегенде, жерге қарайтын жағдай кездеспептi. Соған шүкiршiлiк жасаймын да, әкем алдында мәңгi перзенттiк борышымды ақтағандай жеңiлдеп қаламын.

ҚЫЗМЕТКЕ КЕЛЕР ЖОЛДАР…

Содан Қаракемер мектебiнде мұғалiм болып жүрiп, қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Комсомолға өттiм. Газет шығарамыз, үгiт-насихат жұмыстарымен ел-елдi аралаймыз. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейiн тек қана бiр қиял, бiр арман, ол – Жеңiс. Электр желiсi жоқ, шамға құяр майдың өзi тапшы, ондайда адамнан қулық артылған ба, қойдың құйрық майын пайдаланамыз. Қыста қар тоқтатамыз, көктемде әр соқаның соңында бiр-бiр баладан, олардың соңынан бiр-бiр мұғалiм жүргенiмiз тырбаңдап. Әжелер жүн түтiп, жiп иiредi, бiз оқушылармен бiрге шұлық, көбiне соғыстағы майдангерлерге қолғап тоқимыз. Оның арасында еңсесi түскен елдiң көңiл-күйiн, демалысын бақылап, түрлi концерттер мен көркемөнерпаздар үйiрмелерiмен жұмыс тағы бар.

Сөйтiп жүрiп комсомол ұйымының хатшысы болдым, тек мектеп оқушылары ғана емес, колхоз және оқытушылары бар, 70-80 мүшесi бар үлкен ұйымды басқардым. Аудандық комсомол комитетiнiң мүшесiмiн. Сөйтiп жүргенде 1945 жылы облыстық оқу бөлiмi мен облыстық комсомол комитетiнен телеграмма келдi. Содан баяғы көк есекке жүктi артып алып, «Талдықорған қайдасың» деп тартып отырдық. Ол кезде тәртiп өте күштi, сосын шақырған қызметтен бас тарту деген тiптi өлiммен тең. Обком комсомолға ревкомиссияның мүшесi етiп сайлады да, мектеп бөлiмiне нұсқаушы етiп қабылдады. Ол кез алыс аудандармен телеграмма-хаттармен жұмыс жүргiзiлетiн кез ғой, маған осындай бiр құжат дайындау тапсырылды. Өзiмше орысша да бiлетiн сияқты едiм, әлгi жерде абдырадым да қалдым. Сол кезден бастап, менiң өмiрлiк тәжiрибеме республикамыздың екi ата газетi "Казправда" мен "Социалистiк Қазақстанды" салыстырып отырып оқу айнымайтын әдiсiме айналды. Алғаш қолыма алған кiтабым "Похождение Нассредина" болды. Түсiнiп оқуға тырыстым, аудармашыдан сұрайтынмын. Әйтпесе, жаттап алатынмын. Бiрер жылдан кейiн Қаратал аудандық комсомол комитетiнiң хатшысы етiп сайлады. Ат басын, көш басын солай қарай бұрдық. Сонда жүргенде мен алғаш рет үкiмет наградасын алдым. Небәрi жиырма бiр жаста кеудеме "Еңбек Қызыл Ту" орденiн тақтым. Бұл Ленин орденiнен кейiнгi аса үлкен орден саналатын. Тағуға ұялып жүрдiм. Партия мен комсомол егiз, бiртұтас сала ғой. Аудандық партия комитетiмен тығыз байланыстамыз, секретары тәжiрибесi мол, мейiрiмдi Сейтiм Қаскеев деген кiсi болды, өзi депутат. Сол кiсiден үйренгенiм көп болды.

Өмiр мектебi деген осы. Жалғыз өскен, кәрi ата-анасы бар, ақыл-кеңес сұрайтын не әпке, не аға-бауыры жоқ менiң өмiр мектебiм осылай қалыптасты. Өмiр менi сондықтан да екi қарап, бiр шұқуға, аса сақ болуға, тиянақты болуға үйреттi. Оған ата-анамнан дарыған қабiлеттiлiгiм мол болса да, менiң тағы бiр сүйенерiм, ол – АБАЙ болды. Қай сәтте де, қандай көңiл-күй әуенiнен де үнемi менi АБАЙ құтқарып келедi. Сонау 1948 жылдағы алғашқы кiтабынан бастап, күнiне болмаса да, аптасына парақтап, өзiме күш-қуат аламын, есеп беремiн.

Соғыстан кейiн халықтың әл-ауқаты, тұрмысы жақсара бастады. Әйелдердi де көпшiлiк-қоғамдық қызметке тарта бастады. Жер-жерлерде әйелдер кеңестерi құрылды. Талдықорған облыстық атқару комитетi мен қалалық кеңесте жұмыс атқарып жүрдiм де, Алматы облысына обком хатшы болып сайландым. Партия мен комсомол комитеттерiнде, жергiлiктi атқару органдарында жүрiп жинақтаған тәжiрибем менi ҚССР-нiң Жоғарғы Советтен бiр-ақ шығарды. Бiр ғана аудан, қала, облыс емес, республика деңгейiнде жұмыс жауапкершiлiгi де күшейе түстi, әрине.

Жоғарғы Советте хатшы болып ұзақ жылдар қызмет атқардым. Ол жердiң бiр ерекшелiгi – қағаздардың бәрi екi тiлде жүрдi де, менiң қазақ тiлiн таза бiлетiнiм көп пайдасын тигiздi.

Әңгiменi үзгiмiз келмесе де, тiл мәселесi аузы бiтпеген жараға айналғаны сонша, осы жерде бiр сұрақтың ыңғайы келiп қалды.

– Қазақ тiлiн бе, жоқ әлде орыс тiлiн бiлгенiңiз көп пайда болды ма? Өйткенi, ол тұс қазақ тiлiне аса мұқтаж болмаған сияқты ма,қалай?

– Шыны керек, обком партияда жүргенде орыс тiлiне қажеттiлiк басым болды. Баяндамалар түгелiмен орыс тiлiнде ғана жасалынатын. Ал, Жоғарғы Советте қабылданып жатқан заңдардан бастап, бұйрыққа дейiн екi тiлде. Аудармашылар бар, бiрақ тек олардың қолынан өттi екен деп, қол қоя беруге болмайды ғой. Өйткенi, сен жауап бересiң. Ең бiрiншi жауапты хатшының қолы, сондықтан қанша парақ, қанша баспа табақ болса да, оқуың, тексеруiң қажет. Қадағалап оқисың, әсiресе заң терминдерi өте ауыр, қиын. Бiр сөздiң өзiнде бiрнеше синоним бар. Ондай сәттерде Кеңесбаев ағамыз бен Рәбиға апай сияқты тiл мамандарымен ақылдасып, кеңесiп отыратынмын.

Жоғарғы советтiң ұжымында жетпiс-сексен адам ғана болды, бiрақ 350 депутаты бар, республика бойынша көпбалалы аналардың наградалары сол жерден тарайтын болғандықтан, осыған қатысты мекемелердiң бәрi Жоғарғы Советтiң құзырында. Дайындалған құжаттар Мәскеуден сүзгiден өтетiн. Қазақтың менталитетiне қатысты кейбiр құжаттар тiптi өтпей қалып та жататын-ды. Мәселен, бүкiл Советтер одағы бойынша кәмелетке толғаннан кейiн ғана тұрмыс құру керек дегенге, шығыстың халқына аса келiңкiремейтiнi айтылды, бiрақ өтпедi. Айтыс-тартыс тудырып жататын осындай тiрлiктерге келгенде де, елдiң мүддесi, болашағы үшiн ақылдасып, келiсiп қызмет атқаруға тура келдi.

Ал, тiл саясатына келетiн болсақ, бұл жерде мынаған аса мұқият болғанымыз жөн. Ол – ұрпақтар ауысуымен тығыз байланысты құбылыс дер едiм. Мәселен, бiз тұстастардың барлығы дерлiк таза қазақи тәлiм-тәрбиенiң шекпенiнен шыққандар. Ал, бiздiң балаларымыз орыс мектебiн бiтiргендер, яғни тiлдерi орысша шыққандар. Неге дейсiз ғой, менiң замандастарым өз ана тiлiн таза бiлсе де, орысшаға шорқақ болды да, қызмет барысында, жоғары оқу орындарында көп кедергiлерге кезiктi. Сондықтан өз балаларымызды осы саясатты ұстанып, орыс мектебiнде оқыттық. Ол жасырын емес, кез келген қазақ отбасында құрығанда бiр бала орыс тiлдi болып өстi. Сол бiздiң ұрпақтан тараған ата-аналардың қазiр өз ұлтына, өз тiлiне жат болып, өгейсiп қалуы, мiне,осы ұрпақтар ауысуында жатыр. Бәрi намысшыл, елiн-жерiн сүйедi-ақ, бiрақ сезiмдерiн жеткiзуге дүрдәмал тiл жетпей жатады. Ал одан кейiнгi немере ұрпақ қайтадан ана тiлiндегi мектептерге бара бастады. Бiрақ, бiр өкiнiштiсi, үйiнде ата-анасы оқу-сызуына жәрдемдесе алмайды. Өйткенi ойлау орысша, тiл жоқ, әдеби-көркем тiл жоқ. Сөйтiп, балаларының жағдайына, ата-анасының жағдайларына қарап көптеген азаматтар немерелерiн қайтадан орыс мектебiне беруге мәжбүр.

Қазақ тiлi ешқашан өлмейдi. Өсiп келе жатқан жаңа толқын тiлдi өлтiрмейдi, өшiрмейдi. Оның үстiне сырттан келiп жатқан қандастарымыз да ұлттық сана-сезiмi, бояуы, салт-дәстүрiн жоғалтпай шоғыр-шоғыр болып көшiп келiп жатыр. Қытай, Монғолияны айтпағанның өзiнде, Ресейдегi отандастарымыз ұлттық менталитетiн қатаң ұстанғанын көзiмiз көрiп отыр. Сондықтан да уақыт бiр орында тоқтап қалмайтыны сияқты, өте келе бәрi орнын толтырады. Ұрпақ алмасу, жалғасу деген, мiне, осы.

Бұл мәселеде менiң келiспейтiн бiр ғана жайым бар. Бiзден әлдеқайда мәдениеттi деп айтамыз ғой, бiрақ бiздiң мәдениетiмiз басқалардан кем емес, дегенмен өркениетке ұмтылу деген жалпы ұғымға келiсе қоймаймын. Жапонияны алыңыз, неге олар 12 жасқа дейiн балаларын тек өз тiлiнде оқытады. Неге, өз тiлiнде, мiне, барлық гәп осында. Сондықтан қазiр үш тiл деп жатырмыз, орыс тiлiн көшеде онсыз да үйренедi, үйдегi тiл де орысша, өйткенi, олардың ата-анасының өзi әлi толық үйренiп болған жоқ. Осы жағын қатаңдау ойласса, шығыс халықтарынан үлгi-өнеге алсақ артық болмас едi.

Өз басым ағылшын тiлiне де талпыныс жасадым. Өйткенi, он үш жыл Қазақтың Азия-Африка елдерiмен ынтымақтастық комитетiн басқардым. Менiң алдымда бұл қоғамды Мұхтар Әуезов, ол кiсiден кейiн Төлеген Тәжiбаев деген азаматтар басқарған. Он бес республика iшiндегi жалғыз әйел мен болдым.

– Сондықтан қажеттiлiк болған жерде адам бәрiне де үйренедi дейсiз ғой?..

– Әлбетте.

– Қазақ әйелдерi қызметтен гөрi үйдегi тiрлiктi бiрiншi орынға қояды ғой. Бұл ретте не айтар едiңiз?

– Ол бiздiң өзiмiздi Жаратушы алдындағы мiндет, парызымыз iспеттi. Жолдасым Шапағат Отан соғысының майдангерi, бұрынғы комсомол, партия қызметкерi. Екеумiзге тағдыр өмiрбақи бiр есiктен кiрiп, бiр есiктен шығуды жазыпты. Өмiр жолымыз, еңбек жолымыз бiрге қалыптасты, сондықтан бiр-бiрiмiздi түсiну қиын емес. Ал, түсiнiстiк, сыйластық, адалдық бар жерде, тiрлiк кешу де аса қиын болмас. Екiншi жағынан, ата-анам қолымызда болды дедiм ғой, ас-су әзiрлеу, балалардың тәрбиесi де шешем марқұмның мойнында болды.

Жалпы өз басым әйелге тән тiрлiкке де бейiммiн. Қонақ та шақырып, қонаққа да барып, жас болдық бәрiне де үлгерiп жататынмын. Әсiресе, киiм-кешек тiгуге әуес болдым. Сенсеңiз, осы күнге дейiн төсек жабдықтарын сатып алмаймын. Метрлеп алып қоямын да, шетiнен жаңалап тiгiп отырамын. Ал әйел тiгiншi болса, киiм-кешек те кiр болмайды. Қарны тоқ, киiмдерi таза еркек те тыныш қой.

– Қызметшi, бала тәрбиелеушi ұстайтындарға көзқарасыңыз…

– Қолдамаймын. Бала күтушi, үй шаруасындағы қызметкер, ас дайындаушы дегенге мүлдем қарсымын. Бала қашанда ата-ананың сөйлеу мәнерi түгiлi, жүрiс-тұрысымен де тәрбиеленедi. Қарап өседi, көрiп өседi. Ал, бiреу тәрбиелеген бала – бөтен бала. Ол әке-шешенiң ықыласын, тiптi ренiш-күйiнiшiн, қуанышын көрмеген бала мүлдем көргенсiз, қатыгез болып өседi. Ол бiр. Екiншiден, анасының тамақ әзiрлеп үлгере алмай жатқанын көрген бала қолғабыс етуге ниеттенiп тұрады емес пе?! Сондықтан, баланың өз ата-анасының тәрбиесiнде болғаны абзал.

Өз басым Салиқа Оңғарбаева деген озат сауыншы болды, сол кiсiнi пiр тұттым. Сол кiсiнiң сөйлеу мәнерi, жүрген жүрiсi, маңайындағыларға қарым-қатынасы, отағасына деген iлтипаты – бәрi-бәрi күнi бүгiнге дейiн көз алдымда. Анамнан кейiнгi жақсы қасиеттерiм сол кiсiнiң көлбеңдеген көлеңкесiнен дарыған тәрiздi.

– Бұрымды қыз болған сияқтысыз…

– Иә, бұрымды қыз болғаным рас. Шашымды екi өрiм етiп қатты өрiп тастайтынмын. Табиғатынан бұйралау болды да, ол жағынан қиындық тудырған жоқ. Ал, айнаға қарамайтын әйел болмас. Бiрақ әйел болып сырға тағып, сақина салуға да әуестенбеппiн ғой. Бiр қызық жағдай болды, Индияға делегация басқарып баратын болдым да, сонда "мұныңыз қалай Шығысқа бара жатырсыз, сiздi де Шығыс әйелi деп қарайды ғой, не қолыңызда, не мойныңызда жоқ" деген соң, тiптi бiр таныс әйелден сұрап жүзiктерiн тағып кеткенiм бар.

Ол бiр ендi жоқтықтан емес, табиғатымнан сырттың шаруасына бейiм болып өскендiктен, тiптi мән бермегендiктен де болар. Ал, жалпы сұлулықты, тазалықты жаным жақсы көредi. Өзiмдi-өзiм күтуге шама бар. Қазiр, өзiң көрiп отырғандай, қалалық Ардагерлер кеңесiнде қызметтемiн. Өзiмiз қатарлылардың мұң-мұқтажын, бар-жоғын түгендеуге тырысып, қолымыздан келгенше әлi де қоғамға пайдамыз тисе екен деп жүрген жай бар.

Бижамал апайдың "бiз қатарластар көп емес, тегiн демалыс орындары мен санаторийлерге жолдамалар ұйымдастырылса, өйткенi жастары егде тартқанда қай жолсапарға шыға қояды дейсiң, бармайды да ғой, бiрақ көңiлдерi өсiп қалар едi" деген пiкiрi көкейде сайрап бiз кеттiк. Есiктен шықпай жатып шырылдап қоя берген қара телефонның ар жағындағы қарлығыңқы дауыс бiздiң де санамызда жаңғырып қалған қарт ата-аналарымызды есiмiзге бiр түсiрiп өткендей. Қайран, ардақты елдiң ардагер ұлдары! Бiр кездерi сылаңдаған бойжеткен, серi көңiлдi бозбала болды дегенге бiр түрлi сенгiң келмейдi-ақ. Бiрақ, өмiр өз дегенiн, тағдыр өз аларын алған соң, бейшара күй кешiп қаларымызды, қолда барда жақсылықты соларға жасасақ өзiмiз де ертең сондай сыйды талап етер едiк деген бiр жымысқы ой санамызды орап, көктемнiң алғашқы жаңбырына бетiмiздi тосып жүрiп кеттiк.

Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ