Қыдырәлi БОЛМАНОВ: "ҰЛЫТАУДЫҢ" МАҚСАТЫ – ӘЛЕМГЕ ЭТНОМУЗЫКАНЫ ТАНЫТУ

Қыдырәлi БОЛМАНОВ: "ҰЛЫТАУДЫҢ" МАҚСАТЫ – ӘЛЕМГЕ ЭТНОМУЗЫКАНЫ ТАНЫТУ

Қыдырәлi БОЛМАНОВ: "ҰЛЫТАУДЫҢ" МАҚСАТЫ – ӘЛЕМГЕ ЭТНОМУЗЫКАНЫ ТАНЫТУ
ашық дереккөзі

4-5 сәуiрде Республика сарайында Қыдырәлi Болмановтың жеке шығармашылық кешi өтедi. Бұл кеш Қыдырәлi Болмановтың он жылдық продюсерлiк еңбегiнiң жемiсiн көрсетпек. Әншi – продюсердiң де басты мақсаты – осы он жыл iшiнде "Не iстей алдым, бұл жобалар қазақ эстрадасына, ұлт мәдениетiне не бердi, қандай үлес қосты?" деген сауалдарға жауап iздеу. Екi күнге созылатын кеште көрермен қауым "Ұлытау" тобымен, "АБК", Қарақат, Нұржан Қалжан, Рахат Тұрлыханов, "Қызық радиосы" жiгiттерiмен қауышып, сонымен қатар, "Ұлытау" тобында бұрын өнер көрсеткен скрипкашы қыздардың өнерiн тамашалай алады. Тұңғыш рет өткiзiлгелi отырған думанды кештiң алдында кештiң басты кейiпкерi Қыдырәлi Болмановқа жолығып, сұхбаттасудың сәтi түскен едi.

– Сiз шығармашылығыңызды АБК тобымен бастағаныңыз белгiлi. Биыл сiздiң шығармашылық жұмыстарыңызды бастағандарыңызға 10 жыл толыпты. Бұл кеш сiздiң есеп беру, он жылдық еңбегiңiздi қорытындылау кешiңiз сияқты… – Оның рас. Жалпы, менiң вокалды топ құру бұрыннан ойымда жүрген едi. Өйткенi, Жезқазғанда ондай тобым да болған. Оны құрудың сәтi 1997 жылы ғана түстi. Биыл "АБК" тобының құрылғанына он жыл толып отыр. "АБК" елдiң арасында бүгiнгi топтардың көшбастаушысы болды десем де, артық емес. Нарық әкелген қиыншылықтарға қарамастан, "АБК" дүниеге келдi. Қиындықтардың бәрiн жеңiп, көпшiлiктiң ықыласына бөлендi. Өйткенi, сол уақытта "бiзде эстрада бар ма, жоқ па?" деген мәселелер көтерiле бастаған. Кеңестiк дәуiр құлағаннан кейiн, халықтың бәрi дағдарысқа ұшырап, әншiлердiң де не iстерiн бiлмей қалған кезiнде, "АБК" өмiрге келдi. Сондай уақытта, елдiң құрметiне бөленген "АБК" – стадион толтыратын топ болды. – Сiз соңғы кезде әншiлiктен гөрi, продюсерлiкке көбiрек көңiл бөлiп кеткен сияқтысыз. Әншiлiгiңiз екiншi кезекке ысырылып қалған жоқ па? – Әншi болу үшiн сен әнге көп көңiл бөлуiң керек. Жаңа әндер, әдемi әндер iздеуiң қажет, оны сiңiруiң, айтуың керек. Оған жақсы аранжировка жасайсың. Ал, ол үшiн ең бастысы – уақыт керек. Өйткенi, ән өнерi үлкен жауапкершiлiктi қажет етедi. Оған мөлшерлi уақытың болмағандықтан, ақырын-ақырын екiншi кезекке ауысып бара жатыр. Қарақатпен бiрге шыққаным болмаса, сахнаға сирек шығып жүргенiм рас. Тағы қайталап айтам, оның бiр себебi – сол уақыттың тапшылығы. – Бiрақ сiздi елге танытқан әншiлiгiңiз емес пе? – Осы концертiмде бұрынғы хит болған әндерiмнiң бәрiн қосып, он шақты ән шырқайын деп отырмын. Бұл менiң адресiме республиканың түкпiр-түкпiрiнен қайта-қайта келiп жатқан хаттарға әрi жауап ретiнде көрерменмен қайта қауышпақпын. – Сiз продюсерлiк ететiн "Ұлытау" тобын бүгiнде әлем таниды десек те болады. Бiрақ, "Ұлытаудың" скрипкашы қыздары неге жиi ауысып отырады? – Жалпы, "Ұлытаудың" бағындырған биiгiне, жеткен маңызына қарап емес, қыздарының ауысқанын сөз ететiндерге күлкiм келедi. Оның бiр ғана себебi бар, ол – табиғи құбылыс. Яғни қыз бала болғаннан кейiн, ол тұрмыс құрады, ана болады. Ешкiмге де "тұрмыс құрма, бала сүйме" деп айта алмайсың ғой. Және ол басты мәселе емес. – Сiздер қанша уақытқа келiсiмшартқа отырасыздар? – Ең кемi 4 жылға келiсiмшартқа отырамын. Осы жылдың барлығына шыдап, әр қашан жауапкершiлiкпен қараған, шақырған жерiңе уақытында келiп, көңiлiмнен шыққаны – Нұрғайша ғана. Мен бiрақ "Ұлытау" тобының қыздарын ауыстырмаймын, солай бiр қызбен қаламыз" деп уәде бергем жоқ. Бiрақ, топтың құрамының ауысып отырғаны, бiзге де тиiмсiз. Ол – өте күрделi процесс. Жаңадан ауысып келген қыз қайта үйренуi керек. Ұлытаудың бүкiл болмысын жетiк меңгеруi тиiс. – Топ құрамы ауысқан кезде репертуарды қайта жазатын шығарсыздар… – Әрине, оны қайта жазамыз, қайта жаттаймыз. – Алғашында "Ұлытауда" үш ғана аспап болды. Домбыра, скрипка, гитара… "Қазiр аспаптардың саны көбейiп кеткен соң, кейбiр күйлердiң әуенi бұзылып кеттi" деп сын айтып жатқандар да бар… – Сын айтқандары дұрыс, сынсыз жұмыс бiтпейдi ғой. Менiң "Ұлытау" тобын құрғандағы бiрiншi мақсатым – қазақ жұртшылығының көңiлiн этноаспаптарға бұру едi. Қолданыстан шығып бара жатқан, елдiң арасында ұмытылып қалған көне аспаптарға жан беру, тiрiлту болды. Осы тұрғыдан келгенде, ойлаған мақсатыма жеткен сияқтымын. Қазiр этномузыкаға қызықпайтын тыңдарман жоқ шығар. Сондықтан, әуендi бұзып жатыр дегендi жай сөз деп қабылдауымыз керек. Егер олар бұл топтан да артық, керемет бiр топты дүниеге әкелiп, маған соның керемет үлгiсiн көрсетiп жатса, өз қателiктерiмдi онда мен де мойындаймын. Қазiр көзiмiздi ашып қарасақ, қаптаған дәстүрлi аспаптардан құрылған топтарды көретiн болдық. Демек, бұл "Ұлытаудың" арқасы деп қабылдау керек. – Ұлттық аспаптарды насихаттауда қобызды да өз жобаңызға неге қатыстырмадыңыз? – Менiң мақсатым – белгiлi бiр топты өмiрге әкеле отырып, әлемге этномузыканың мықтылығын дәлелдеу болды. Егер "Ұлытау" көздеген межеден шықпаса, онда көрермен этномузыкаға соншалықты қызығушылық танытпас едi. Басқа елдердi айтпағанның өзiнде… Сондықтан, әрбiр адам жоба жасаған кезде, топтың алды, үлгiлiсi болу қажеттiгiн ескеру керек. Соған қарап, өзгелер бой түзейтiн болсын. Мiне, "Ұлытау" да осы мақсатта құрылған. Ал, Қарақат әдемi, инабатты қазақ қызының образын көрсетiп жүр. Қайда барсақ та, қайда ән салсақ та, Қарақатты инабаттылығы үшiн бе, сүйкiмдiлiгi үшiн бе, ел құрметтеп жатады. Тiптi, перзенттерiне Қарақаттың есiмiн берiп жатқандар көп. Қазiр елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде 100-ден астам Қарақат өсiп келедi. Ал, бiз бiлмейтiнi қаншама. Бұны елдiң зор құрметi мен сүйiспеншiлiгi деп есептеуге болады. – Жуырда Қарақат екеуiңiздiң Араб елiне барып келгендерiңiздi естiдiк. Ұсыныс Араб әмiрлiгiнен түстi ме? – Араб әмiрлiктерiндегi елшiмiз Қайрат Лама-шариф мырза елiмiзден бiр әншiнi шақыртуды жоспарлаған екен. Сөйтiп, ол кiсiлер ханшайымның алдында ән айтуға Қарақатты таңдапты. – Қарақат Ханшайымның алдында жетiгенмен де ән орындаған шығар… – Жетiген – өте сирек кездесетiн аспап. Осы аспапта ән айтуды Қарақат өзi таңдады. Қарақаттың бұл идеясын мен де қолдадым. Ханшайым да Қарақаттың жетiгенмен орындаған әндерiн өте жақсы қабылдады. Қазiр оның жетiгенмен айтатын жетi-сегiз әнi бар. Осы жоспарымыз бойынша, жақында екi бейнеклип түсiру ойымызда. – "АБК"-ны көпшiлiк жылы қабылдады. "Ұлытау" әлемге танылды, Қарақатты да көрермен сүйiп тыңдайды. Жобаларыңыздың iшiнде сәтсiздiк әкелген, жүзеге аспай қалғандары болды ма? – Шын мәнiнде менiң жобаларымның iшiнде жүзеге аспай қалғаны некен-саяқ. "АБК"-дан бастап, Рахат Тұрлыхановқа дейiн көрерменнiң сүйiктiсiне айналғанын жасыра алмаймын. Тек, "Бангор" тобының ғана ғұмыры ұзақ болмады. Талантты жiгiттерден-ақ құрылған едi, бiрақ олардың өтiрiк айтатынына, сұйықтығына көзiм жеткеннен кейiн таратып жiбердiм. Мен мұндайлармен алысқа бара алмайтынымды жақсы бiлем. Сондықтан, оларды таратуға мәжбүр болдым. Ал, олар тарамағанда, қазiргi таңда елге танымал топтардың бiрi болар едi… – Продюсер ретiнде бүгiнгi қазақ шоу-бизнесiне қандай баға берер едiңiз? – Қазақстанда шоу-бизнес болу үшiн көп нәрсенi заңдастыруымыз керек. Шоу-бизнес шоу-бизнес болу үшiн Үкiметтен көңiл бөлiнбесе болмайды. Эстраданы дамыту – күрделi процесс. Мен мұның егжей-тегжейiн зерттеп, бағдарламасын дайындап та қойғам. Оның бәрiн айтып беруге қазiр уақыт тығыз. Ол – келешектiң әңгiмесi. – Продюсерлiгiңiзден бөлек, Алматы қалалық Мәдениет департаментiн басқарғаныңыз есiмiзде. Мемлекеттiк қызметке қайта бару ойыңызда жоқ па? – Мен барлық жұмысты аяғына дейiн жеткiзуге әуестенгенмiн. "Ұлытауды" жарты жолда тастап, карьера қуып кеткенiм болмас деп, продюсерлiкке қайта келдiм. Жалпы, мемлекеттiк қызметте жүргенде де, ойға алған жұмыстарымның бәрiн атқара алдым деп ойлаймын. Өзiмнiң Иманғали Тасмағамбетов мектебiнен шыққанымды қуана айта алам. – Концертiңiзде көпшiлiктi немен қуантқалы отырсыз? – Қазақта "арық айтып, семiз шық" деген сөз бар ғой. Алдын-ала, "өйтем, бүйтем" деп айтуға болмас. Концертте қандай қызықты жайттар болады, оған концертке келген көрермен өзi көз жеткiзедi.  
Cұхбаттасқан Едiге БЕКТАС