ОТЫН ҮШIН КҮРЕС

ОТЫН ҮШIН КҮРЕС

ОТЫН ҮШIН КҮРЕС
ашық дереккөзі

Әлемдiк экономика неғұрлым тез дамыған сайын көмiрсутегiлерге деген сұраныс деңгейi де соғұрлым өсе бермек. Табиғи ресурстарға бай посткеңестiк елдер қатарындағы Қазақстан баға саясатында өзiнiң талаптарын қоя бастады. Бұл бiреулерге ұнайды, бiреулерге керiсiнше, ұнамайды. Оның себебi әртүрлi.

Мұнайы мен газы мол орталықазиялық аймақ өзгелер үшiн "күлшелi бала" сияқты. Алыс және жақын шет ел сүюге ұмтылып жүр. Қолындағы "күлшесiне" бола, әрине. Халықаралық деңгейдегi шенеунiктердiң ат iзiн жиi сала бастауы да көмiрсутегiлерге байланысты. Жуырда Орталық Азияға арнайы iссапармен келген АҚШ Мемлекеттiк хатшысының орынбасары, елшi Стивен Манн, АҚШ Мемлекеттiк хатшысының Оңтүстiк және Орталық Азия iстерi жөнiндегi көмекшiсi Ричард Баучер энергетикалық қорларды тасымалдау мәселесiне және серiктестiк пен ынтымақтастық ауқымын кеңейтуге қатысты мәселелерге баса назар аударған. Ал Украина президентi В.Ющенко Астанадағы кездесуде ҚР Президентiне мұнай тасымалын қамтитын жобаларды ұсынды. Жыл сайын Орталық Азияға тиесiлi газдың 55 млрд. текше метрiн тасымалдайтын украиндар орыстарды айналып өтетiн жобаларды жүзеге асырғысы келедi. "Бiрде — көл, бiрде — шөл" Ресейдiң ауа райындай мың құбылуынан запы болған Украинаның өз бетiнше әрекет етуге ұмтылуы — заңдылық. 2007 жыл Қазақстанның Украинадағы жылы деп жарияланғаны белгiлi. Осы орайда, Н.Назарбаевтың Киевке жасаған сапары барысында Ющенко Одесса-Броды-Плоцк мұнай құбырының жобасына қатысуға шақырды. Бiрақ мемлекеттiк мүдделерге онша тиiмдi емес жобалардың қағаз жүзiнде қалатыны белгiлi. Ющенконың ұсынысы да солардың қатарында едi. 2007 жылы әлемдiк нарықтың жүйкесiн жұқартқан қаржылық дағдарыстан кейiн инвесторлар ақшаларын желге ұшырып алмаудың қамын жасауға көштi. Қалталылар үшiн ең бастысы қазiр мұнай мен газ саласы өте тиiмдi. Оңтүстiккореялық инвесторлардың Қазақстанның каспийлiк жағалауындағы кен орындарын зерттеуге құлшыныс бiлдiруi сол себептi. Ал әлемдiк нарықтағы ықпалын күшейтуге тырысатын Газпром қырғыздармен газ кен орындарын игеруге қатысты келiсiм жасады. Орыстар қазақтарды еуропалықтардың Транскаспийлiк газ құбырына бәсекелес — Каспийлiк газ құбырымен бiрге "Бұрғас-Александруполис" жобасына да белсендi түрде қатысуға үгiттедi. Шыны керек, әзiрге тиiмдi де нақты ұсыныстар орыстар тарапынан келуде. Сондықтан сарапшылар украиндардың премьерi Тимошенконың Орталық Азияның газын Украинаға тiкелей тартуға қатысты жасаған ұсынысын қиял ретiнде қабылдайды. Қаржылық және қауiпсiздiк тұрғысында тиiмсiз жобалардың тез ұмытылатыны белгiлi. Бүгiнде Батыстың қазақ, түркiмен, әзiрбайжанның "көгiлдiр отынын" еуропалық нарыққа жеткiзуге мүмкiндiк беретiн Транскаспийлiк құбыр жобасының келешегi бұлыңғыр. Оның үстiне, Набукко жобасына Франция қатыспайтын болды. Өйткенi, ЕО-ға бастар жолда кедергi жасап баққан француздарға тiсiн қайрап жүрген түрiктер олардың газ құбыры құрылысына қатысуына үзiлдi-кесiлдi қарсы шықты. Ал ЕО құрамындағы Венгрия орыстардың "Оңтүстiк ағын" газ құбыры жобасына үлес қосуға қуана келiстi. Энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiн күн тәртiбiне шығарған еуропалықтарға әзiрге бiрлiк жетiспей жатыр. ЕО мүддесiне сәйкестелген ортақ саясатты ұстану керектiгiн Одаққа мүше елдердiң барлығы жақсы бiледi. Бiрақ мұнай мен газға деген тұтынушылық сұраныс еуропалық мүддеден әлдеқайда маңызды сияқты.

Ресей бiресе украиндармен, бiресе беларустармен дауласып жүргенде, қазақ, түркiмен, әзiрбайжан "көгiлдiр отын" бағасын қымбататынын ескерттi. Бастапқыда бiраз тулағанмен, Газпром көнуге мәжбүр болды. Өйткенi, орталықазиялық көмiрсутегiлер қанша қымбаттаса да, еуропалық нарыққа бағыттайтын газ мен мұнай бағасынан орыстар бәрiбiр ұтылмайтын едi.

Орталық Азиядағы табиғи ресурстарға бай елдер көмiрсутегiн тасымалдауда Ресейден басқа жолды табуға мүдделi. ҚР Президентi Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында "Еуропаға бастар жолға" баса назар аударуы тегiн емес. Қазақстан өзге елдер секiлдi көпвекторлық саясатты қолдайды. Яғни, мемлекетке тиiмдi кез келген жобаны зерделеудi көздейдi. Тағы бiр жайт, қазiргi кезде орыстардың өзiмшiлдiгi мен украиндардың ынтымақтастыққа деген ықыласы қытайлардың көлеңкесiнде қалып қойды. Өзгелер "алыстан арбалауға" әлектенiп жүрсе, қытайлар "жақыннан дорбалауға" көштi. Орталық Азиядағы көршiлес елдермен мұнай, газ саласында, темiр жол құрылысы мен сауда-саттықта белсендiлiк таныта бастаған аспанасты елi уақыт өткен сайын артып келе жатқан тұтынушылық сұранысты қанағаттандыру үшiн барлық мүмкiндiктi сарқа пайдалануға мәжбүр. Посткеңестiк елдер Батыстың Ресейдi айналып өтетiн Набукко газ құбырының жобасын қолдаған сыңай танытқанмен, бәрiбiр Ресейге иек артудан аспайды. Ал орыстар болса, нарығына дендеп енгiзбеген еуропалықтарға тоң-терiс. Осыдан екi жыл бұрын Еуроодақта батыстық нарықты жаулап алуға ұмтылған Газпромды тұсаулау туралы арнайы мәселе көтерiлген. Әлемдiк экономикадағы "энергетикалық қауiпсiздiк" ұғымының пайда болуы да орыстарға қатысты. 2006 жылдың қысында Кремль украиндарды жарықсыз және жылусыз қалдырған болатын. Баға дауына байланысты Ресей Белоруссиямен де қырқысқан. Кремльдiң "көгiлдiр отын" мен "қара алтынды" тасымалдауда бiр емес, бiрнеше рет келiсiмге қайшы келуi Еуропаның орыстарға деген сенiмiне селкеу түсiрдi. АҚШ пен Батыстың Қазақстан, Әзiрбайжан, Өзбекстан мен Түркiменстанды жағалай бастауы сондықтан.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ