«ҚАРА АЛТЫННЫҢ» ӘЛЕГI

«ҚАРА АЛТЫННЫҢ» ӘЛЕГI

«ҚАРА АЛТЫННЫҢ» ӘЛЕГI
ашық дереккөзі
297

Экономиканың күретамыры саналатын "қара алтынның" әлегi бiтер емес. Нарықтағы баға саясатының сан құбылуы экономикалары қаржылық дағдарыстан онсыз да орасан зор зиян шеккен алпауыт елдердiң жүрек соғысы iспеттi.

Апта басында әлемдiк нарықтағы "қара алтын" бағасы сәл төмендеген едi. Бұл көпке созылмады. Келесi күнi америкалық валютаның құнсыздануы, АҚШ Федералдық қор жүйесiнiң пайыздық көрсеткiштi 2,25%-ға төмендетуге шешiм қабылдауы, габондық мұнайшылардың наразылық шеруiне шығуы қор нарығындағы мұнай бағасының қайта қымбаттауына ықпал еттi. Лондондық IСE (InterContinental Exchange Futures) биржасында Brent Crude Oil маркалы мұнайдың бiр баррелi 100,6 долларға сатылса, Нью-Йорктағы NYMEХ (New York Merchantile Exchange) биржасындағы Light Sweet Crude Oil 101,22 долларға бағаланды.

Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ОРЕС құрамындағы Габонда мұнайшылардың наразылық шараларын өткiзуi Shell кен орнындағы мұнай өндiру жұмыстарын бiр күнге тоқтатып тастауының кесiрiнен қор нарығы сейсенбiде қымбатшылыққа ұшыраған.

ОРЕС президентi Шакиб Халил 2008 жылдың аяғына дейiн мұнайдың бiр баррелi 80-110 доллар аралығында сатылуы мүмкiн деген жорамал айтты. Алжирлiк телеарнаға сұхбат берген Ш.Халил мұнайды тұтынушы елдер тарапынан ОРЕС-ке қысым жасалынып жатқанын, олардың "қара алтынға" деген сұраныстың артуы себептi мұнай шикiзатын көптеп өндiрудi талап ететiнiн, көмiрсутегi тапшылығы мен баға саясатының тұрақтанбауына өзi басшылық ететiн халықаралық ұйымды кiнәлi еткiсi келетiндiктерiн айтты. Ресми деректерге сүйенсек, ОРЕС үстiмiздегi жылы мұнай өндiру көлемiн өзгерiссiз қалдырды. Шакиб Халил әлемдiк нарықтағы энергетикалық қорлардың құны артуына экономикалық қиындықтар мен америкалық доллар бағамының төмендеуi басты себеп деген сенiмде. Сондықтан мұнайды барынша көп өндiруге емес, керiсiнше, шикiзатты өңдеуге ден қойылуы тиiс.

2008 жылдың ақпан айында ОРЕС өндiрген мұнай шикiзатының тәулiктiк көлемi — 32,1 млн. баррель. Үш айдың iшiнде мұнай мен басқа да шикiзат түрлерiнiң бағалары тым қымбаттап кеткен. Әлемдiк қаржылық дағдарыс әбiгерге салған iрi инвесторлар жыл басында қолдарындағы қорларын аман сақтап қалу мақсатында нарықты тастай қашуы мұнай нарығына да керi әсер еттi. Алайда, дүйсенбi күнi бұған дейiн рекордтық көрсеткiш — 111,80 долларға жеткен "қара алтынның" экономикалық өсiмдердiң бәсеңдеуiнен сәл де болса арзандауы шикiзатқа деген әлемдiк сұраныстың қысқаруына әкеп соғуы мүмкiн.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары