“ХАБАР” АГЕНТТIГI МЕМЛЕКЕТ МЕНШIГIНЕ ӨТТI

“ХАБАР” АГЕНТТIГI МЕМЛЕКЕТ МЕНШIГIНЕ ӨТТI

“ХАБАР” АГЕНТТIГI  МЕМЛЕКЕТ МЕНШIГIНЕ ӨТТI
ашық дереккөзі

Ертiсбаев уәдесiнде тұрды. Осыдан тура екi жыл бұрын, 2006 жылдың мамыр айында Мәжiлiстiң жалпы отырысында депутаттарға "Хабар" агенттiгiн мемлекет меншiгiне екi-үш айда қайтаруға болады" деген болатын. Тек министр бұл уәдесiн орындауға екi ай емес, екi жыл жұмсады.

"Мен министр ретiнде, азамат ретiнде Ресей мен Қытайдың, мұсылман әлемiнiң ортасында отырған Қазақстанның ақпарат кеңiстiгiнiң қауiпсiздiгiнiң өте маңыздылығын сезiнемiн және бұл мәселеде мемлекет қожайын болуы керек деп есептеймiн" деген сол кезде Е.Ертiсбаев.

Мәдениет және ақпарат министрi Ермұхаммет Ертiсбев жаңа лауазымға ие бола салысымен-ақ, "Хабар" агенттiгiнiң 100 пайыз мемлекет бақылауына өтуiн талап еттi. Әрине, мұндай мәлiмдеме жауапсыз қалған жоқ. Қазақстан Журналистер конгресi атқарушы комитетi отставкаға жiберудi талап етiп мәлiмдеме жасады.

Ертiсбаевтан бұрын "Хабар" агенттiгiн мемлекет иелiгiне қайтару қажеттiлiгi туралы ашық айта бiлген саясаткер, бұрынғы ақпарат министрi, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы едi…

"ҚОЙ ДА АМАН, ҚАСҚЫР ДА ТОҚ"

Өткен аптада "Хабар" агенттiгiнiң акциялар пакетiнiң тең жартысы сатылды. Сатылғанда, Алматы қаласындағы Аймақтық қаржы орталығының құнды қағаздар алаңқайында сатылды. Саудаға агенттiктiң 570 848 жай акциясы шығарылған, ол айналымдағы акциялардың 49,99 пайызы.

Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралының акцияларының қор нарығында ашық саудалануы бұрын-соңды болмаған оқиға. Бұған дейiн БАҚ-тардың қожайын ауыстыруы екiжақты (кейде үшжақты) келiсiмдер арқылы шешiле беретiн. Ал "Хабар" акцияларының саудаға түсетiнi наурыздың басында-ақ айтылып, бiр рет 14-iнен 21 наурызға шегерiлдi.

Сонымен, бiр ғана лотпен сатылған 49,99 пайыз акцияға "Самғау" Ұлтық ғылыми-технологиялық холдингi ие болды. "Хабар" АҚ агенттiгiне "Хабар", "Еларна" телеарналары, "Caspionet" ұлттық спутниктiң телеарнасы мен "Хабар Радиосы" кiредi. Ендi "Самғау" осы аталған ақпарат құралдарының барлығына да басшылық жасайды деген сөз.

"Хабар" агенттiгi 1995 жылы Қазақ телевидениесiнiң ақпараттық қызметi жанынан құрылған болатын. Бұған дейiн "Хабардың" акцияларының бақылау пакетi (50 пайызы және 1 акция) мемлекеттiң меншiгiнде болатын. Ендi "Хабар" агенттiгi толығымен мемлекет меншiгiне өттi деуге болады.

Акционерлiк компания акцияларының отандық қор биржасында сатылуы Аймақтық қаржы орталығына жасалған жарнама болуы да мүмкiн. Бұл жерде билiк "екi жеп, биге шықты". "Хабарды" жеке қолдан мемлекетке қайтарды және елiмiздегi iрi компания басшыларына акцияларды шетелдiк қор нарығына шығармай-ақ, өзiмiзде саудалаудың мүмкiндiгi бар екенiн көрсеттi.

Бiрақ "Хабардың" бұрынғы қожайындары да ай қарап қалған жоқ. Бұған дейiн де мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырылып келген агенттiктегi үлесiн сату арқылы заңдастырылған қомақты қаржыға ие болды.

Сатып алушы сауда жасалғанға дейiн 2 млрд. теңгенi кепiлдiк жарна ретiнде KASE-нiң корреспонденттiк есеп-шотына аударуға мiндеттi болды. Сарапшылардың айтуынша, бұл сатуға шығарылған акциялар құнының шамамен 5 пайызы. "Хабардың" 49,99 пайыз акциясы 100 млн. долларға немесе 12,08 млрд. теңгеге сатылған. Ал медиахолдингтiң жалпы құны 200 млн. долларға жуық.

Бұл оқиға осыдан үш жыл бұрынғы жағдайды еске түсiрдi. "Хабар" агенттiгiне байланысты марқұм Алтынбек Сәрсенбаев пен Дариға Назарбаева арасында кикiлжiң туындаған едi. Сәрсенбаев Д.Назарбаеваны "Қазақстандағы ақпарат кеңiстiгiне монополизация жасап алды" деп айыптаған болатын. Оған жауап ретiнде "Хабар" агенттiгiнiң төрайымы емес, оның қызметкерлерi бұрынғы ақпарат министрiн сотқа берген. Бұл iс Сәрсенбаевтың пайдасына шешiлген жоқ, бiрақ осы сот процесi кезiнде жасалған кейбiр мәлiмдемелер БАҚ арқылы елге тарап, бiрталай мәселенiң басын ашып бердi. Саясаткердiң: "Мен кейбiр БАҚ-тардың Қашан, Қалай және Кiмдердiң қолына өткендiгiн айтып бере алам" дегенi талай адамды елең еткiздi. Бiрақ марқұм саясаткер бұл мәселенi ақыры толық айтпай кеттi. Оның өзiндiк себебi болған шығар.

Бұдан кейiн де "Хабар" агенттiгiн мемлекет меншiгiне қайтару туралы бұдан кейiн де бiрталай мәлiмдеме жасалғанын бiлемiз. Бұл жерде саясаткердiң ақпарат министрi болып тұрған кезiнде көзi көрген iс-әрекеттер мазасын алған болар. Немесе министр ретiнде кейбiр қағаздарға қол қоюға мәжбүр болған да шығар.

Бұған дейiн "Түркiстан" газетiнiң бетiнде "Қоғамдық телеарна — қоғамның қажеттiлiгi" деген мақала жарық көрген болатын. Онда қоғамдық телеарна келешекте "Хабар" немесе "Қазақстан" телеарналарының бiрiнiң негiзiнде құрылуы мүмкiн деген ой айтылып едi. "Хабардың" қожайыны ауысуы тағы да қоғамдық телеарна туралы талқылауларды еске түсiрдi. Министр Ертiсбаевтың осыдан екi жыл бұрын "қоғамдық телеарнаны "Хабардың" негiзiнде құруға болар едi" дегенi есiмiзде. Мүмкiн кешегi сауда-саттық "Хабарды" қоғамдық телеарнаға айналдыру талпынысының басы болар. Оны уақыт көрсетедi. Әлiптiң артын бағайық.

Гүлбиғаш Омарова