КӨМIРСУТЕГIЛЕР МЕН ҰЛТТЫҚ МYДДЕЛЕР

КӨМIРСУТЕГIЛЕР МЕН ҰЛТТЫҚ МYДДЕЛЕР

КӨМIРСУТЕГIЛЕР МЕН ҰЛТТЫҚ МYДДЕЛЕР
ашық дереккөзі

Өткен аптаның соңында қазақтар үшiн жағымды жаңалық болды. Орыстар Орталық Азияның көмiрсутегiлерiн еуропалық нарықтағы бағаға сәйкес сатып алуға келiстi. Әзiрге 30 долларға қымбаттаған табиғи газ келесi жылы 60 –70 пайызға дейiн өсiуi мүмкiн. Бұл туралы баспасөз мәслихатын өткiзген "ҚазМұнайГаз" ҰК компаниясының басшысы Ұ.Қарабалин жеткiздi. Қазақтың "қара алтынынан" талайдың дәмесi бар.

АҚШ, Батыс, Азия елдерiнiң бiздiң елге жиi келгiштей бастауының негiзгi себебi Қазақстанның мұнай мен газына деген қызығушылықтан. Егер еуропалық нарыққа шығар жол көп болса, ұлттық және коммерциялық тұрғыда мол пайдаға кенелерiмiз хақ.

Орталықазиялық аймаққа тиесiлi "көгiлдiр отын" 2009 жылдан бастап еуропалық нарықтағы бағамен сатылатын болады. Қазақстанның "ҚазМұнайГаз" ҰК басшысы Ұзақбай Қарабалинмен, Өзбекстанның "ӨзбекМұнайГаз" басшысы ҰК Нұрмухамад Ахмедовпен және Түркi¬менстанның "ТүркiменГаз" МК басшысы Ягшигелди Какаевпен кездескен Газпромның жетекшiсi Алексей Миллер осындай мәлемдеме жасады. Ұлттық экономикалық мүдделердi және халықаралық мiндеттердi ескеру керектiгiн айтқан энергетикалық қорды тасымалдаушы елдер еуропалық бағаға көшетiндiктерiн хабарлаған. Әрине, мұндай мәлiмдеменiң орыстарға жақпағаны анық. Бiрақ көнбеске амал жоқ. Қазақ, түркiмен, өзбектер мұнайы мен газын еуропалық нарыққа шығаратын балама жолдарды табуға мүдделi. Қазiргi кезде орыстар мың текше метр газды 130 долларға сатып алуда. Үстiмiздегi жылдың ортасына қарай бұл баға 150 долларға жоғарыламақ. Ниязовтың кезiнде жiберiлген қателiктердi жөндеуге кiрiскен түркiмендердiң бүгiнгi басшысы баға саясатындағы өзгертулерге былтырғы желтоқсанда қол жеткiзген болатын. 130 долларға алған энергоқорды батыстықтарға 260 долларға қайта сататын орыстар ештеңеден ұтылып отырған жоқ. Миллердiң айтуынша, биыл жыл соңына қарай ұзақмерзiмдiк келiссөздерде газ бағасы 260-тан 350-400 долларға дейiн қымбаттатылады. Есесiне, iшкi тұтынудағы ахуал өзгермейдi: "Ресейдегi газ бағасы еуропалық нарыққа қарағанда, 40 пайызға төмен болады. Себебi, өзiндiк құнымен салыстырғанда, қашанда экспортқа шығарылатын баға жоғары болатыны анық. Сондықтан бiздiң тұтынушыларымыз зиян шекпейдi". Қымбатшылық алдымен украиндардың қалтасына салмақ салады. Өйткенi, Орталық Азияның арзан газы украиндардың iшкi нарығындағы сұранысты толық қанағаттандырып келген едi.

2008 жылы Газпром шет мемлекеттерге 157 млрд.текше метр газ тасымалдауды жоспарлап отыр (былтыр бұл көрсеткiш 151 млрд.-пен шектелген). Орыстар ендiгi келiссөздердi бастап кеттi. Көмiрсутегiлердi тасымалдауда "бiрде – бие, бiрде – түйе" Кремльден әбден мезi болған Киев пен Еуроодақ мұнай мен газды жеткiзудiң балама жолдарын барынша көбейтуге мүдделi. Энергетикалық ынтымақтастық мәселесiнде Құрама Штаттар да белсендiлiк танытуда. Осыдан екi апта бұрын елiмiзге энергоқорлар мәселесiне жауап беретiн америкалық шенеунiк Стивен Манн келiп кеткен. Ал, өткен аптада ҚР энергетика және минералды ресурстар министрi Сауат Мыңбаев бастаған делегация Вашингтонда өткiзiлген Бiрiккен қазақстандық-америкалық комиссияның 5-отырысына қатысып қайтты. Мыңбаев АҚШ энергетика министрi Сэмуэл Бодман мен Chevron, General Electric, Baker Hughes, Halliburton сияқты әлемге ықпалды компаниялардың өкiлдерiмен бiрге энергетикалық серiктестiк аясын кеңейтуге байланысты мәселелердi талқыға салды.

Ал өткен аптада Ақордаға ат басын бұрған украиндық президент Ющенко Н.Назарбаевпен кездесiп, энергетикалық қауiпсiздiк, мұнай мен газ тасымалы секiлдi мәселелер төңiрегiнде ой бөлiстi. Президент Назарбаев Қазақстанның Украинамен серiктестiк орнатуға мүдделi екендiгiн жеткiздi. Демек, көмiрсутегiлердi халықаралық нарыққа шығаруда Газпромға жалтақтау жойылады. Украина премьерi Тимошенко "Ақ ағын" деп аталатын украиндық-грузиндiк-әзiрбайжандық газ құбырының жобасын жүзеге асыруға ұсыныс айтты.

АҚШ пен Батыс қолдап отырған Түркия – Болгария – Румыния – Венгрия – Австрия маршруты арқылы жүргiзiлетiн Nabucco жобасының төңiрегiндегi дау-дамай әлi бiткен жоқ. Тасымалдаушы елдер өзара келiсiмге келе алмай жатқаны аздай, коммерциялық мүддесiне қауiп төнген Ресей жобаға күйе жағып әлек. Еуропалық Комиссия Nabucco үшiн Каспий теңiзiнде өндiрiлетiн газ көлемi жеткiлiктi десе, Ресей керiсiнше, каспийлiк "көгiлдiр отынның" аздық ететiнiн айтады: "Nabucco жобасын iске асыруда Түркiменстан, Әзiрбайжан мен Иранға баса назар аударылуда. Әзiрбайжанда көмiрсутегiлер қоры мол болса да, жыл сайын 20-30 млрд. текше метр газбен қамтамасыз етуге жетпейдi. Иран Ресейден кейiнгi екiншi орында тұр. Бiрақ газды өндiрiп, өңдейтiн инфрақұрылымды қалыптастыру үшiн ондаған миллиард доллар қаржы керек" (РФ сыртқы iстер министрiнiң орынбасары А.Денисов). Орыстар орталық¬азиялық және таяушығыстық энергоқорды тасымалдау жолдарын уысында ұстағысы келедi. Сондықтан Ресейдi айналып өтетiн Nabucco, "Ақ ағын", Каспий бойы сияқты газ құбырлары оларға тиiмдi емес. Ал еуропалық нарықты бетке алған Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан мен Өзбекстан бұрынғыдай Мәскеуге жалтақтаудан арыла бастаған. Батыс пен АҚШ қос бүйiрден қысқан Ресейдiң Орталық Азия аймағынан келетiн "көгiлдiр отынды" қымбат бағаға алуға амалсыз көнуi осы себептi. Әрине, егер тасымалдаудағы балама жолдардың көптiгi көмiрсутегi қожайындарына тиiмдi болары анық. Бiрақ техникалық мүмкiндiктер әзiр шектеулi. 2007 жылы 30 қарашада Қазақстан, Әзiрбайжан, Грузия мен Түркiменстан мемлекеттерiнiң өкiлдерi каспийлiк газ құбырын салу туралы келiсiмге қол қойған едi. Каспий теңiзiнiң түбi арқылы жүргiзiлетiн құбыр Әзiрбайжанға, одан ары Грузия мен Түркияға, сосын Еуропалық Одаққа мүше елдерге дейiн созылмақ. Сонымен қатар Орталық Азияның энергоқоры әзiрбайжандардың "Шах-Дениз" кен орнынан Баку – Тбилиси – Ерзұрым арқылы түрiктер жерiн басып өтiп, Грекияға, одан ары Италияға, яғни, Еуропаға тасымалданады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ