«ЖАЙНАМАЗҒА ЖҮРЕГІМДІ ЖАЙДЫМ ДА...»
«ЖАЙНАМАЗҒА ЖҮРЕГІМДІ ЖАЙДЫМ ДА...»
Ақын Өтеген Оралбай «Қағба қарлығаштарында» не деп жырлайды?
Қаршадайымыздан әдебиет әлеміне құмар боп өскендіктен шығар, әйтеуір, ақын аға-апаларымыздың: «Өмірдегі негізгі жырымды жаза алмай келемін…»,-деген тектес арманға толы, жүрекжарды сырларын көбірек оқып, естіп жүрдік. Алғашында, «бұл “негізгі жыр” деген не болды екен, өзі?» деп ойға қалушы едім.
Жылдар өте келе білдім. Ақындардың негізгі жыры дегеніңіз өздерінің шынайы бақытты шақтарын оқырманына сәтіменен жеткізе алуы екен. «Ау, сонда шынайы бақыттылық дегеннің өлшем-өлшеуішін қайдан табамыз?», – деймін ғой баяғы өз-өзіме сауал тастай. Сөйтсек, жұмыр басты пенденің нағыз бақыты, терең мән-мағынаға толы шынайы өмірі, оның бір Алламен арасындағы байланысын мейлінше нығайтудағы ұмтылыстары екен. Мұның бәрі, әрине, Хақ дінімізбен қауыша бастағаннан кейін ғана санамызға сыналай енген болатын. Өзім ақын болмасам да сондай бақытқа қол жеткізе алған замандастарымыз үшін үлкен ілтипатпен қуанатыным бар. Мені сондай сезімдерге бөлеген еңбектің бірі ақын Өтеген Оралбайұлының «Қағбаның қарлығаштары» атты «Қазақпарат» баспасынан 2012 жылы жарық көрген жинағы еді.
Атынан белгілі болып тұрғанындай, жинақ мұсылманның бес парызының бірі Қажылық сапарына арналған екен. Бір Аллаға иман келтірген, әл-ауқаты жетіп, денсаулығы шыдас беретін кез-келген жан үшін қажылық парызын өтеу міндет боп саналатыны – белгілі жайт.
Кейбір деректерге қарағанда, Құрбан айттың қарсаңында болатын үлкен қажылыққа жылына жеті миллионнан аса мұсылман жиналады екен. Осыншама халықтың бір мезгілде бір қалада, оның ішінде әл-Харам мешітінде, қасиетті Қағбаның айналасында тоғысуы дегеніңіздің өзі Алладан жеткен сансыз нығметтердің бірі екені түсінікті болса керек. Өтеген ақын осынау нығметке өзінің алғаш бөленген шағын:
Әппақ алаң. Ақ ниетін ұсынған,
Адам-теңіз ағып жатыр тұсымнан.
Ақ ниетпен кірдім мен де алаңға,
Армысыңдар, күллі әлемдік мұсылман!– деп жырға қосқан екен.
Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 196 аятында: «Қажылық пен умраны (кіші қажылық) Алла ризасы үшін атқарыңдар»,– делінген. Осынау ұлы нұсқауды басшылыққа алып, Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетін ұстануға ұмтылған ақын:
Такбир айтып, табынып бір Аллаға,
Ұйыдық кеп намазға – ұран дауа.
Айтатының бұл жерде – жалғыз Алла,
Оқитының бір кітап – Құран ғана, – дейді терең тебіреніспен.
Расында, бүкіл қажылық сапарыңыздың өзі сыйынуға лайық жалғыз құдыретті Күш бір Алла екендігіне куәлік беруден және бір ғана Оған мақтау-мадақ айтудан тұрады. Қажылықты атқармақ ниетпен ихрам халіне (ихрамға түсінік беру керек) енгеннен бастап тәлбия айту– парыз. Осынау ұлы Жариялауды (тәлбияны) үздіксіз қайталаған Өтеген ақын көптеген жырларын тәлбия айтудың ғажайып сырларына арнаған. Ал, тәлбия дегеніңіздің өзі – қажылықтың ең басты шарты, әрі парыз, әрі сауап.
Осы екен ғой еркіндік, шын азаттық,
Жүр екенбіз көр-жерді мұрағат қып.
Аспанына Алланың арман жолдап,
Қағба, сенде жыр жаздым мінәжаттық.
Оралбайұлының «еркіндік, шын азаттық» дегендегі айтпағы – жұмыр басты пенденің өз нәпсісін тиып және шайтан малғұнның жетегінде жүре бермей, Хақты қапысыз тану арқылы әлгіндей бұғауларды бұзып-жарып шыға білуі. Адам баласы өмір бойы: «Шындық қайда, шындық қайда?», – деп шырылдаумен болады. Шындық деген осы, міне! Яғни, өз нәпсі қалауларыңыз бен шайтан лағнетулланың құрсауынан босап шығып, жалғыз Жаратушыңызбен байланысыңызды нығайтуға барынша тырысуыңыз. Шынайы шындыққа көз жеткізген ақын, сондықтан да: «Жүр екенбіз көр-жерді мұрағат қып»,–дейді. Бұл– қазақ топырағында ғұмыр кешкен, имандылық жолында жырлар жазған барша ақын-шайырлардың өлмес дүниелеріне өзек болған тұжырым. Ақын осынау ақиқатты бүгінгі күн тұрғысында жаңаша болмыспен жырлайды.
Қажылық сапардың өзіне тән нығметтері жетерлік. Мысалы, мұсылман баласы дәл осы сапарда, қаласа, өзіне жүктелген бес парыздың бәрін де қатар атқара алады. Солардың бірі – намаз. «Намазын Жәннаттың кілті және тозақтан қалқан әрі Қияметте мұсылман баласынан ең алғаш сұралатын парыз ретінде түсініп, яғни ықлас қойып, сондай-ақ сүннетке сай, тиісті дәрежесінде оқи білген жан есепсіз нығметтерге бөленеді», – дейді шариғат бұлақтары. Ондай намаз өз иесінің күнәлардан арылып, жамандықтардан тиылып, иманының күшейіп, жан әлемінің жақсаруына да алып келеді. Мынау жалған дүние түйткілдерін жүрегі мен санасынан алып тастап, тек бір Алламен арадағы рухани-имани байланысын ғана ойлап намаз оқыған кезінде мұсылман баласы ғажайып жағдайға жетеді екен. Мұндай дәрежеге жету кез-келген иманды жан үшін тұрақты арман. Ал, Оралбайұлының жыр жолдарынан біз сондай бір бақыттылықты, жан жұпарын сезгендей болдық.
Жайнамазға жайдым да жүрегімді,
Қайталадым ғаламат сүре-cырды.
Тәуелсіздік болсын деп мәңгілікке,
Еліме айттым еміреніп, тілегімді.
Жүрегімізді жайнамаздың шетіне де жақындата алмаған кездерде, сол күйімізге қапаланып, қаншама рет өкініштен бармағымызды шайнадық, десеңізші! Өзінен кешірім сұраған құлдарының күнәларын жойып,сауапты істерін қалдыратын (әл-Афуу) Кешірімді Иеміздің мейіріміне үміт артып, тәкпір айтып, қайтадан сәждеге бас қойып жатамыз. «Хушу дәрежесінде намаз оқуымызға нәсіп ете гөр, иә Раббым!» – деп жалбарынып жатамыз. Сондықтан болар, Өтеген ақынның «Жайнамазға жайдым да жүрегімді» деген жолдары бізді ерекше сезім толқындарына салып, жанарларымызға жас үйірді. Алла разы болсын ақынға! Ал, осы бір теңеу сөздің әдеби көркемдігі – өз алдына терең бір әңгіме.
Елемейсің, тоңдың әлде қыздың ба,
Жақсы, жаман, осы екеуін сыздың ба?
Дамуллалар дәріс оқып жатады,
Екі рәкәт намаз тең деп жүз мыңға.
Әсіресе, бір намазыңыздың өзі жүз мыңға бағаланатын әл-Харам мешітінде жүрегіңіз жайнамазға жайылып түсетіндей-ау. Ең бастысы, «әрбір мінәжатымыздың кемшіліктерін Жаратқан Иеміз кеңдігімен кешіріп, Алла тағалам Өзінің мейірімімен қабыл еткей», – деп тілейміз.
Мұнарада алтын сағат соғып тұр,
Таулар мүлгіп, саптағыдай болып тұр.
Қажылық – тек өтеу емес парызды,
Пенделіктен адамдыққа жорық – бұл.
Расында, қажылық дегеніңіз пенделік күнәларыңыздан қашып, имани, толық қанды адамдыққа, демек бір Жаратушының панасына қарай жалбарына ұмтылу болса керек. «Толық мұсылман – толық адам, жартылай мұсылман-жарты адам», – деп, Абай бабамыз айтқандай, «толық адам» болмаққа құлшынысымыз ғой бұл біздің! Осы жайтты ақын қалай дөп айта білген, десеңізші. Жинақта қажылық сапарға қатысты Қағба, Сафа-Мәруа таулары, Арафат тауы, Мұздалифа жазығы, үш Жамарат сияқты қасиетті орындардың әрқайсысына дерлік бірнеше жырлар арналған екен. «Хаж» сүресінің 30 аятында: «Міне, солай! Кім Алла қастерлеген мекендерді құрметтесе, ол Раббысы алдында өзіне пайдалы, сауапты істер тындырғаны», – делінген. Ылайым, солай болғай!
Сондай-ақ, қасиетті Құран мен көптеген хадистерде айтылғанындай, көктердегі және жердегі барлық жанды және біз білместікпен жансыз деп жүрген жаратылыс иелерінің барлығы да аса Қамқор, ерекше Мейірімді Жаратушымызға ұдайы құлшылық жасаудан жалықпайтын көрінеді. Демек, ақынмен бірге сәждеге барған Қағбаның қарлығаштарының қылықтары, мынау жалған дүниенің, өтпелі бес күндік өмірдің құлақ кесті құлына айналып, Хақ тағалаға бас игісі келмейтін талай «бөрене» мойындарға үлгі болғандай-ау! Осынау ғажайып үйлесімге толы құлшылықтар Оралбайұлының өлеңдерінде одан әрі қалай өрнектелді екен?
Ай да сәждеге құлап келеді,
Ақ бұлттар соңында шұбап келеді.
Құранның мақамы жаныңды байытып,
Ғарыштан ғажайып нұр ап келеді.
Айтса айтқандай, сонау түпсіз ғарыштағы, санасаң санына жетіп болмастай алып аспан денелерінен бастап, мынау жұмыр жер бетіндегі құмырсқаға дейін – бәрінің де бір Алла тағалаға үздіксіз мінәжат етіп жатуы адамдар үшін айтып жеткізгісіз үлгі, нағыз насихат емес пе!
Мың мінәжат, Жасаған!
Шүкір дедім, тәубе дедім, қанағат.
Қанағатқа жұқпайды екен жаман ат.
Халқымменен қатар болсам жарайды,
Мен Алладан сұрамаймын дара бақ.
«Отанды сүю-иманнан!», – дейді Ислам ғұламалары. Ойлап қарасаңыз, елін, жерін сүюдің ең биік шыңы сол туған халқына иманды да тұрлаулы, бейбіт өмір тілеу емес пе!
Оң жағыма сәлем берсем – нұр көрем,
Сол жағыма сәлем берсем – нұр көрем.
Жұтамын кеп әл-Харамның ауасын,
Шыққан жандай ұзақ жылғы түрмеден.
Бәлкім, солай, шыққан жанмын бұғаудан.
Босап шыққан коммунистік тұмаудан.
Жаңылмаймын енді, Алла, антымнан,
Шаршамаймын елге медет сұраудан.
Елім аман, жұртым тыныш болсын деп,
Несібесі, ырыздығы толсын деп.
Қолды жайып, «Аттахият» оқимын,
Бақыт құсы басымызға қонсын деп.
Осылайша, пенденің жүрек түкпірінен қопарыла шыққан тілек – нағыз дұға. Шынайы иман иесі өз қарақан басы мен отбасына ғана жақсылық тілеумен шектеліп қалмай, осылайша дүйім жұртына, тұтас еліне, бүкіл Мұсылман әлеміне жақсылықтар тілеуден шаршамайды екен. Себебі, сіздің өзгелерге жақсылық тілеп айтқан әрбір бата-дұғаңызға айналаңыздағы періштелер: «Өзіңе де, өзіңе де солай болсын!», – деп жауап қатып тұрады екен.
Иә, Алла… Жеткіз деп жалынамын тілегіме,
Батырма қайғы-мұңның түнегіне.
Ұлы елім, ұлың саған шын тілеуқор,
Жарықшақ түспесе екен тірегіңе.
Жамағат жасын жұтып, жыламасын,
Заманның алыс етші құламасын.
Сипашы қазағымның маңдайынан,
Біреуден бостандығын сұрамасын.
«Әмин!» – деген тілек-лебіз, осы бір тұста, аузыңыздан өз-өзінен шығып кететін сияқты. «Тәуелсіздік» атты Алла берген ғаламат сыйды ұстап тұрмақ үшін, қай халыққа болмасын, қайыспас бел, талмас жүрек, қарулы білек керек. Қайдағы бір шеттен келген тиын-тебен үшін елінің дербестігін дүрбелеңге салғысы кеп тұратын «жұлқынған иықтардың» иелеріне Оралбайұлының осынау елжандылыққа толы жырларын көкейлеріне құйып алып, сабырға келулеріне кеңес берер едік. Осындай өлеңдерді оқитын, оқи алатын жандар күн сайын көбейе түссе екен деп тілек тілеудеміз.
Дей тұрғанмен, Шариғат шарттарына орай, қайта қарау ләзім боларлық жыр жолдары да жинақта ұшырасады.
Құдайға құла, Құдайдан сұра, сұрасаң.
Әліптен баста, Алла деп сөзді құрасаң.
Адамға ұнау қиын ғой мына заманда,
Аллаға ұна – ұнасаң, Аллаға ұна – ұнасаң!
Бұл жолдар – осы жинақтың резюмесі. Екі дүниенің қызығы мен бақытын іздеу жолында әрбір адам өз өміріндегі әрбір обал мен сауапты жүрегінен өткізіп, үнемі жақсылық пен ізгілікке ұмтылып отырса деген ой- ақынның азаматтық кредосы. Ақын Өтеген Оралбайұлы осы биіктен табылған екен.
Түйіндей айтқанда, «Қағбаның қарлығаштары» – сонау ықылым заманалардан бері Ислам тақырыбына қалам тербеген жыраулар үдерісінің қазақ әдебиетіндегі заңды жалғасы. Абай, Ыбырай, Шәкәрім бабаларымыздан бастап жазба поэзиямызда имандылықтың мәңгілік өрнектерін қалдырған, қазақтың ұлттық ділінің (менталитет) үзілместен жалғасуына өзіндік үнін қосқан имани шығармалардың бірі. Бұйыртса, жалғасты болғай!