Әскерде жаңа мамандық игерген алғашқы сарбаздар оқуын аяқтады

/
Әскерде жаңа мамандық игерген алғашқы сарбаздар оқуын аяқтады
Қорғаныс министрлігі

Жөндеуші кіші мамандар даярлайтын оқу орталығының алғашқы түлектері оқуын аяқтады. Мерзімді әскери қызметкерлер 4,5 ай ішінде тек армияда ғана емес, азаматтық экономика секторында да сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өткен жылы Қорғаныс министрінің шешімімен құрылған мекемеде оқыту тоғыз бағыт бойынша ұйымдастырылған. Мұнда зымыран-артиллериялық қару-жарақты, сауытты автокөлік техникасын, сондай-ақ металл, ағаш өңдеуші, дәнекерлеушілерді, мотористерді және аккумулятор электриктерін жөндеу бойынша мамандар даярлайды.

– Оқу қорытындысы бойынша курсанттар емтихандарды сәтті тапсырып, өз мамандықтары бойынша сертификаттар алды. Сонымен қатар әскери қызметшілердің 30%-ы келісімшарт бойынша қызметін жалғастыру туралы шешім қабылдап отыр. Бұл олардың ынтасының жоғарылығын және алған білімдерінің сұранысқа ие екенін көрсетеді. Қалған мамандар әрі қарай қызмет өткеру үшін әскери бөлімдерге жіберіледі, – деді оқу орталығының бастығы подполковник Нұркен Орынбасаров.

Курсанттар жас жауынгер курсы мен мамандандырылған оқытуды қамтитын қарқынды дайындық бағдарламасынан өтті. Іс жүзіндегі дайындыққа, әсіресе, техниканы жөндеуге, диагностикалауға және қызмет көрсету дағдыларын игеруге, оның ішінде далалы жердегі іске ерекше назар аударылды.

– Армияға дейін автоэлектрик ретінде орта арнайы білім алғанмын. Мұнда сауытты машиналарды жөндеу мамандығын игеріп, өзіме ұнайтынын түсіндім. Келісімшарт бойынша қызмет етіп, осы бағытта дамуды ұйғарып отырмын, – деді мерзімді қызмет түлектерінің бірі қатардағы жауынгер Нұрдос Жұмабеков.

Оқу орталығын құру және дамыту Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерді даярлау сапасын арттыру және оларда практикалық дағдыларды қалыптастыру жөніндегі жүйелі жұмысының бөлігі болып табылады. Осында алған мамандықтары әскери қызметшілерге борышын аяқтағаннан кейін де өнеркәсіптік секторда, көлік және техникалық қызмет көрсету саласында жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

Биылғы жылы ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелерді, тренажерлер мен полигондық жабдықтарды жөндеу бағыттарымен қоса, білім алушылар санын ұлғайту және мамандықтар тізбесін кеңейту көзделіп отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар